e-Конференция

e-КОНФРЕНЦИЯ: ТАЛҒАТ ЖАҚИЯНОВ (ТОЛЫҚ ЖАУАП)

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Abai.kz ақпараттық порталында дәстүрге айналған интернет-конференцияның қонағы Талғат Жақиянов мырза оқырмандардың сауалдарына толықтай жауап берді. 

Талғат Жәрдемқұлұлы сауал қойып, ой бөліскен оқырмандарға алғысын айта келіп: "Құрметті оқырман қауым! Баршаңызға интернет-конференция барысына назар салып, белсенді сұрақ қойғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Себебі әр сұрақтың астарында еліміздің келешек тағдыры үшін алаңдаған шынайы жанашырлық пен елжандылық қасиеттер байқалады.

Кейбір сұрақтар мазмұны жағынан ұқсас болғандықтан, жинақтап жауап беруге тырыстым. Жауаптарым толық болмай жатса, кешірім өтінемін. Себебі сұрақтар реті аз болмады және әр сұрақ кең ауқымды мәселені қамтыды.

Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ елі Мәңгілік Елге айналсын!", - деген тілегін білдіреді.

Abai.kz порталы редакциясы Талғат мырзаға уақытын бөліп, оқырмандармен ой алысып, сұхбаттасқаны үшін алғыс айтады.      

 

Талғат Жәрдемқұлұлы Жақиянов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты.

Ол – жастардың әлеуметтік дамуы, көші-қон, этносаралық қатынастар, конфессияаралық қатынастар, Орталық Азиядағы этноәлеуметтік үдерістер, т.б. тақырыбында жазылған 30-ға жуық ғылыми мақалалар мен баяндамалардың авторы.

Abai.kz

20 пікір 5696 рет оқылды Қосылған: 01.02.16

Задать вопрос

  • 4 + 5 =
    • #1
    • Ауыт Мұқибек
    • сс, 05/01/2016 - 17:14

    Ол – жастардың әлеуметтік дамуы, КӨШІ-ҚОН, этносаралық қатынастар, конфессияаралық қатынастар, Орталық Азиядағы этноәлеуметтік үдерістер, т.б. тақырыбында жазылған 30-ға жуық ғылыми мақалалар мен баяндамалардың авторы.
    ------------------
    Талғат Жәрдемқұлұлы, Сіз туралы мәліметті оқып отырғанда, "КӨШІ-ҚОН" деген сөз көзіме оттай басылды.

    Сұрақ:
    1. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Көші-қон саясатының ара қатынасы туралы, Ассамблеяның бұл саясаттағы атқаратын рөлі мен ықпалы туралы не айтар едіңіз?

    2. Алла қаласа, Елбасымыздың Көші-қон саясаты жолға қойылғалы 25 жыл болды. Ұлт Көшбасшысы бұл саясаттың өзгермейтінін шегелеп айтты. Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекші ғылми қызметкері ретінде айтыңызшы, шеттен келген ағайындар Қазақстанға не берді және не береді?

    3. Осыған жалғас, шеттен келген қандастарымызды ең алдымен алаңтататын фақтор не деп білесіз?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:17

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Бірінші сұраққа: Баршамыз білетіндей, көші-қонның бірнеше түрі бар. Соның ішінде еліміз үшін ерекше маңызды деген екі түріне тоқтала кетсек. Оның бірі – ішкі миграция, яғни, еліміздің оңтүстік өңірлері тұрғындарын солтүстік өңірлерге мақсатты көшіру мәселесі.

    Бұл орайда, басты мақсаты елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін мынадай міндеттерді жүзеге асыру маңызды:

    1) Оңтүстік өңірдегі халық тығыздығын азайту мәселесін шешу; тығыздық есебінен орын алатын жер-су, еңбек нарығы, т.б. әлеуметтік-экономикалық нысандар үшін бәсекенің қарқынды артуы салдарынан туындайтын түрлі әлеуметтік шиеленістердің алдын алу; әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді реттеу; т.б.

    Оңтүстік өңірлерде орын алған шиеленістердің басты себебі осы әлеуметтік-тұрмыстық салалардағы бәсекенің артуымен тығыз байланысты. Кейбір топтар тарапынан оны саясиландырғысы келетін, болмаса оған «этносаралық» деген реңк бергісі келетін әрекеттер бар.  

    2) Солтүстікке қоныстандыру арқылы оңтүстік өңірлерде шоғырланып қоныстанған бірқатар этностардың (өзбек, ұйғыр, тәжік, дүнген, күрд) қазақстандық қоғамға тиімді интеграциялануына жағдай жасау.

    Бұл орайда солтүстік өңірлерде славяндық этностардың шоғырланып қоныстануы есебінен, негізінен, моноэтносты болып отырған бірқатар елді мекендердің этнодемографиялық құрылымына да өзгеріс еніп, мәдени жақындасуына жағдай жасалмақ.

    3) Аталған шара әртүрлі өңірлерде тұрып жатқан қазақ халқының да ішкі бірлігін арттырып, этномәдени жақындаса түсуіне негіз болмақ.

    Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – Елдің бірлігі. Осы Ел бірлігі формуласының басты өзегі – қазақ халқының ішкі бірлігі. Қазақ халқы – мемлекетқұрушы ұлт, ұйыстырушы фактор. Қазақ өзінің тарихи атақонысында түрлі этнос өкілдерін маңына топтастыра отырып, мемлекет құрып отыр. Ассамблея – түрлі этнос өкілдерін қазақтың маңына топтастыра отырып, бірлігі жарасқан қоғам құрудың таптырмас құралы екендігін ұғыну қажет. Сол себепті Ассамблея бүгінде қазақ халқының ішкі бірлігін бекіту мәселесін бірінші кезекке қойып отыр.

    Ендеше, ішкі көші-қондағы оңтүстіктен солтүстікке бағытталған көш өңіраралық байланысты арттырып, қазақтың ішкі бірлігін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

    4) Оңтүстіктен солтүстікке бағытталған көш өңірлердің экономикалық-шаруашылық жағдайына да тың серпіліс береді. Өңірдегі еңбек бөлінісі әртараптанады. Шаруашылықтың, еңбектің әртараптануы есебінен дәстүрлі кәсіптерімен ғана шектеліп (соның негізінде мәдени де оқшауланып қалған) келген әртүрлі этностардың жаңа мамандықтарды иеленіп, түрлі салаларға бейімделуіне де жол ашылады (мәселен, оңтүстікте шоғырланып қоныстанған тәжік, дүнген, ұйғыр, өзбек, т.б. этностар, негізінен, диқаншылық пен бақшашылық салаларындағы кәсіппен шектелген). Бұл да этносаралық қашықтықты жақындатып, қоғамға интеграциялаудың жақсы мүмкіндігі.

    5) Украинадағы шиеленіс баршамызға ел бірлігін нығайтып, шекарамыздың тығыздығын арттыру керектігін түсіндірді. Осы орайда ішкі көші-қон солтүстік өңірлердің тығыздығын арттырып, шекарамыздың қауіпсіздігін нығайтатын, этнодемографиялық құрылымға өзгеріс енгізіп, қазақстандық идеологияны күшейтетін стратегиялық маңызды тетік болмақ.

    Қазақстан халқы Ассамблеясы осы міндеттерді жүзеге асыруда белсенді қызмет атқаруда:

    – Ел өңірлерінде тұрғындарға түсіндірме-насихат жұмыстары жүргізілуде. Яғни, оңтүстік тұрғындарына аталған көші-қонның шарт-амалдары, солтүстіктегі қабылдаушы өңір тұрғындарына оның маңыздылығы түсіндірілуде. Бұл шараларға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚХА-ның өңірлік хатшылықтарының, ҚХА депутаттық тобының өкілдері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен топтарының ғалымдары мен сарапшылары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері қатысып келеді.                    

    – ҚХА мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азиядағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының бірлескен семинар-тренингтерінде көші-қон саясатын, оның басымдықтары мен жүзеге асыру тетіктерін жан-жақты түсіндіретін дәрістер мен тренингтер, дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, БАҚ-ның, қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сарапшылық ортаның өкілдері қатысып, осы салаларда өзара іс-әрекет жасау жолдарын жетілдіру мәселелерін қарастырады.

    – ҚХА жанындағы зерттеу құрылымдары (ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі, өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтар, «Қоғамдық келісім» мекемелері, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы, т.б.) көші-қон үдерістерінің жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Соның негізінде орталық және жергілікті ақтарушы органдарға ұсынымдар әзірленеді. Олардың орындалу барысы ҚХА-ның жұмыс органы болып табылатын Хатшылық (ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімі) тарапынан бақыланады.

    – ҚХА-ның қолдауымен жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеу жұмыстары да осы мәселені назарға алған. Өңірлерді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген зерттеу топтары тікелей араласу негізінде шараның жүзеге асу барысы, проблемалары туралы ақпарат жинақтап, шешу жолдарын қарастырады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі және практикалық ұсынымдар ҚХА Хатшылығына жолданады.

    Ұлттық көші-қон саясатының тағы бір ерекше маңызды саласы – шетелдегі этникалық қазақтарды елімізге көшіру мәселесі.

    Бұл репатриациялық үдерістің стратегиялық маңызы жоғарыда атап өткен ішкі миграциялық шаралардан да жоғары мәнге ие десек болады. Сол себепті Ассамблея бұл мәселеге де басымдық беріп, жоғарыда аталған шаралар шеңберінде үнемі назарда ұстап келеді.

    Жуықта көші-қон туралы Заңға, соның ішінде оралмандарға қатысты баптарға бірқатар игі толықтырулар мен өзгерістер енді. Заң жобасын әзірлеу барысында ҚХА үздіксіз ғылыми-сарапшылық қолдау көрсетті. Ассамблея қызметі аясында жүзеге асып жатқан ғылыми-талдау, ғылыми-зерттеу жұмыстарының шеңберінде еліміздің өңірлерінде тұрып жатқан оралмандар арасында бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ақпарат жинақталды. Үкімет тарапынан ұйымдастырылған түрлі жиындар мен дөңгелек үстелдерде оралмандардың өзекті мәселелері талданып, шешу жолдары ұсынылды. Көптеген ұсынымдар билік тарапынан назарға алынып, қабылданған заңда көрініс беріп отыр.

    Осы сұрақтар ретін қойып отырған Ауыт Мұқибек ағамыз қабылданған жаңа заңды әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобының құрамында болып, игілікті еңбек еткен азаматтардың бірі. Ол кісімен аталған заң жобасының оралмандарға қатысты тұстарын талқылауға арналған министрлікте (денсаулық сақтау және әлеуметтік даму) өткен селекторлық жиында танысқанбыз. Сол отырыста жасалған баяндама Ассамблеяның оралмандар мәселесіне қатысты жүргізген жұмыстарының нәтижесінің бір бөлігін ғана таныстырады.

    Жалпы, қазіргі таңда ҚХА оралмандардың мәселесін ерекше назарда ұстап отыр десек те, одан да жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қарым-қатынас екі жақты болуы керек. Сол себепті шеттен келген қандастарымыздың мәселесі жеткілікті түрде шешілуі үшін оралмандардың құқықтарын қорғайтын ұйымдарды, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығын Ассамблеямен тығыз ынтымақтастық жасауға шақырамын.

    Ауыт Мұқибек ағамыздың төмендегі қойған сұрақтары да осы мәселемен сабақтасып жатыр.

     

    Екінші сұраққа: Шеттен келген қандастарымыз елімізге үлкен жетістіктер әкелді:

    1) Халқымыздың санын арттырды, қоғамға этнодемографиялық өзгеріс енгізді. Репродуктивтілігі жоғары отбасыларының есебінен халық санын жыл сайын еселей түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі саны 50 пайыздан аспайтын қазақ ұлтының сандық басымдығын қамтамасыз етіп, сапалық қасиетін арттырды. Мемлекетқұрушы ұлт ретіндегі рухын көтеріп, егемен еліміздің келешегін сенімді етті.

    2) Мәдениетімізге тың серпіліс әкелді. Түрлі саяси кезеңдерде ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, кем-кетігін толықтырды. Рухани және материалдық мәдени мұрамызды байытты. Жалпыұлттық тұғырына шыға алмай жатқан қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Ұлттық болмысымызды, халықтық менталитетімізді терең түйсінуге жол ашты. Төл тарихымызды тәуелсіздік тұрғысынан таразылауға негіз болды.

    3) Әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізді арттырды. Мыңдаған кәсіби мамандар мен білікті ғалымдар, өнер қайраткерлері келіп, еңбекке араласты. Ел байлығын еселеді. Ұлтымыздың зияткерлік, жасампаздық әлеуеті көтерілді. Сондай-ақ шетелдік қандастарымыз қазақстандық ортаға тез бейімделгіштік, мобилділік, жаңашылдық, еңбексүйгіштік қасиеттерімен еніп, нарықтық қатынастар жағдайында халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырды.

    «Келешекте не береді?» дегенге келер болсақ, осы бағыттардағы ел әлеуетін одан бетер арттырады деген сенімді жауап беруге болады. 

     

    Үшінші сұраққа: Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, шеттен келген ағайындарды алаңдататын мәселелердің ішінде әлеуметтік мәселелердің өзектілігі алға шығады: оларды әлеуметтік жәрдемақымен, сапалы баспанамен, жұмыспен қамту, оңтайлы қоныстандыру, әлеуметтік бейімдеу, т.б. 

    Қандастар көшін қабылдаушы өңірлердің әлеуметтік-мәдени, шаруашылық-экономикалық, табиғи-климаттық ерекшеліктері олардың келген аймақтарының жағдайына жақын болуы маңызды. Оралмандардың шоғырланып қоныстануы да олардың қоғамға оңтайлы интеграциялануына жеткілікті мүмкіндік бермейді.

    Қазіргі жағдайда республика аумағында оралмандарды бейімдеу орталықтары үш өңірде ғана бар (Ақтау, Қарағанды, Шымкент қалаларында және Сайрам ауданында). Ал қандастарымыз барлық өңірлерде қоныстанған. Арнайы орталықтар құру мүмкін болмаса, бейімдеу қызметін көрсететін қоғамдық ұйымдарды (соның ішінде орламандардың құқықтарын қорғайтын ұйымдарды) әріптестікке тарта отырып, жүйе қалыптастыру қажет.

    Көшіп келген қандастарымызды жұмыспен қамту саласын да жетілдіру қажет. Бұл мәселе қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында қиындай түседі. Себебі қандастарымызды өңірлерге қоныстандыру мәселесі, ең алдымен, жұмыспен қамту мәселесіне тікелей тәуелді.

    Қазіргі жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық ортасының өкілдері де ішкі көші-қон өкілдерін және шеттен көшіп келетін қандастарымызды жұмыспен қамтудың жолдарын қарастыратын ғылыми жобаларды қолға алуда.

    • #2
    • Бекнұр
    • сс, 05/01/2016 - 18:16

    Талғат мырза, Орта Азия болуы ықтимал этносаралық қайшылықтардың орталығына айналып кетіп жүрмей ме? Сондай қауіпті алдын алу үшін аймақта қандай шаралар қолға алынуда? Не істеліп жатыр?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:18

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Орталық Азия өңірінде қатерлі, тегеурінді дейтін құбылыстар мен үдерістер жетерлік. Аталған өңірдегі кез-келген қайшылыққа «этникалық» немесе «діни» деген бояу бере отырып, деструктивті күштер оларды жалпылық сипатқа ауыстыруға да күш салатындығы анық. Ал ондай қайшылықтар бүгінде басталып та кеткен. Олар мыналар:

    – өңір елдері арасындағы этнотерриториялық даулар, шекараны белгілеумен байланысты келіспеушіліктер (өңірде саяси мәртебесі шешілмеген бірнеше анклавтар бар);

    – су-энергетикалық саладағы шиеленістер (трансшекаралық өзен-сулар, олардың бойында СЭС салу жобаларымен байланысты келіспеушіліктер).

    Діни экстремизм, терроризм де өңірге үлкен қатер төндіріп отыр. Әсіресе, өңірдің Азиядағы соғыс ошақтарына жақын отыруы, өңірге ықпал ету үшін алпауыт елдер арасында қарқынды жүріп жатқан бәсеке, өңір елдеріндегі әлеуметтік ауыр ахуал, т.б. жағдайлар діни экстремизм мәселесін одан бетер асқындыруы мүмкін.

    Жаһанданудың бір қыры алпауыт елдердің әлемдік байлықты бөліске салу бәсекесін таныстырады. Ең алдымен экономикалық ресурстар үшін талас әлемдік гегемондардың басты мақсаты болса, әскери-саяси әрекеттер – мақсатқа жету құралы болып отыр. Экономикалық экспансия, дипломатиялар дағдарысқа келгенде, әскери шаралар іске қосылады. Бүгінде алпауыттардың Орталық Азия үшін (әлемнің басқа да өңірлері үшін таласқаны сияқты) қатты бәсекеге түсіп жатқанын байқаймыз. Батыс алпауыттарының негізгі бәсекелесі, біздің екі ірі көршіміз десек, оларды саяси-экономикалық әлсірету үшін пайдаланылатын бірден бір алаң – Орталық Азия екендігі даусыз.

    Өкінішке орай, Орта Азия елдері саяси, экономикалық, әскери-қорғаныс мәселелерінде ортақ ұстанымға келе алмай отыр. Әзірше, өңірдегі жағдай жекелеген мемлекеттердің ішкі тәртібі, сондай-ақ өңір елдері арасындағы екіжақты келісімдер негізінде реттеліп келеді. Алайда бұл мәселеледе де қиындықтар көп. Ең бастысы, өңір елдерінің халықаралық ынтымақтасуына күш салу қажеттілігі айқындалып отыр.        

    • #3
    • Мұрат
    • сс, 05/01/2016 - 18:21

    Осы Абай.кз сайтында жазылып еді, қазір есіме түспей тұр. Қазақ-Өзбек шекарасында бірнеше мәрте оқ атылыпты. Ол оқ және өзбек шекарашыларының шебінен бізге қарай атылған. Осының себеп-салдарын таратып айтқан ешкім болған жоқ. Шекаралық аймақтың тұрғындары болса, бұндай келеңсіздіктің әредік болып тұратынын айтады. Неге бұлай? Өзбекстанмен арада шекара белгіленіп, шекара бағаны тартылып қойды емес пе?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:16

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Бұл құбылыс та жоғарыда атап өткен Орталық Азия елдері арасында жасалған келісімшарттардың орындалуына кепілдік беретін тиімді халықаралық тетіктің жоқтығынан болып отыр.

    • #4
    • Алау
    • сс, 05/01/2016 - 18:27

    Қазақ мелекеттік тілінің дамуы үшін латын қарпыне көшудың қажеты бар ма немесе Қазақстан латын жазуына көше ала ма ? Қазақ тілінің мемлекеттік тіл атына ие болсада, әлі де затына толықтай жете алмауына Латын жазуына көшу, үш түғырлы тіл сынды үндеулер мен саясаттар көмескы де Қазақ тілінің дамуына түсау болып тұрған жоқ па?

    Осы сұрақтарыма сіздің ой-пікіріңізді білгім келеді.

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:13

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін ел тағдыры үшін стратегиялық маңызды міндеттердің бірі ретінде атар едім:

    1) Латын әліпбиіне көшу қазақ қоғамының экономикалық-өндірістік, ғылыми-зияткерлік өрісін кеңітеді. Дамыған қоғамдардың өркениетті кеңістіктеріне жол ашады. Батыстық білім-ғылым жаңалықтарын ресейлік ақпараттық кеңістік арқылы алып отырған перифериялық жағдайымыздан шығарады.

    2) Қазіргі жағдайда түркітілдес елдердің басым бөлігі (Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, т.б.) латын әліпбиіне көшкен. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің түркілік тарихи-мәдени түп-тамырына терең бойлауына мүмкіндік кеңейеді. Түбі бір түркі елдерінің мәдени-рухани интеграциясы тереңдейді. Тарихымызға, мәдениетімізге тың көзқарас, жаңа серпін береді.

    3) Мәдени-саяси экспансиядан қорғануға мүмкіндік артады. Кез-келген әліпбидің артында белгілі бір мемлекет немесе мемлекеттер тобы тұр. Ал латын әліпбиінің артында (өлі тіл болғандықтан) ешқандай мемлекет жоқ, демек астыртын саяси мүдде жоқ.

    4) Ақпараттық-идеологиялық кеңістікті сараптауға мүмкіндік артады. Кей адамдар латын әліпбиіне көшсек, қаншама жылдар бойында жазылған мәдени-әдеби, тарихи, ғылыми мұрамызды аударуға қаражат жетпейді, оларды жоғалтып аламыз деп қорқады. Алайда оның артықшылығы да бар. Біз аудармаға ең қажетті, заманауи деген мұраларды, жәдігерлерді ұсынуымыз қажет. Сол арқылы ақпараттық кеңістікті тозығы жеткен, керексіз деген дүниелерден тазартып аламыз.

    Бұл жаңа қонысқа көшкен кездегі жағдайды еске салады. Жылдар бойы әр жерде сақталып келген керексіз заттардан сол кезде ғана арылуға мүмкіндік туады ғой. Мәселен, кеңестік, большевиктік идеология тұнып тұрған немесе халқымызды екінші сортты етіп көрсеткен шовинистік дүниелердің қажеттілігі қанша?! Міне, осындай дүниелерге тың көзқарас пен ұстаным тұрғысынан ревизия жасап алуға мүмкіндік туады. Бұл санасы тәуелсіз ұрпақ тәрбиелеу үшін маңызды шара.

    Ғылымның басқа салаларында да тозығы жеткен деген жазбалар көп. Асыл тас су түбінде жатпайды. Керек дүниені іздеген адам тауып алады. Оның барлығы мұрағатта сақталатын болады.

    • #5
    • Жанболат
    • сс, 05/01/2016 - 19:02

    Талғат мырза қазіргі таңда не себептен жастар идеологиясы жоқтың қасы? Жастар кімді идеал тұту керек?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:12

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Жастар идеологиясы жоқ дегенмен келіспеймін. Бұл тақырыпты ашпас бұрын, ең алдымен, «идея» және «идеология» ұғымдарының мәнін ашып алған дұрыс.

    Жалпы, идеясыз (мақсатсыз) адам болмайтыны сияқты, идеясыз қоғам да болмайды. Кез-келген қоғам – әлеуметтік тірі организм сияқты: пайда болады, дамиды, өзгереді, белгілі бір мақсат қойып, соған қарай ұмтылады. Біздің қоғамның алдына қойған мақсаты – қазақ елінің ғұмыры ұзақ болсын, әлем кеңістігінен жойылып кетпесін деген «Мәңгілік Ел» болу идеясы.

    Американдық үндістердің тамаша даналық сөзі бар: «Жеріңді сүй. Ол – сенің ата-бабаңнан қалған мұра емес, ол – сенің келешек ұрпағыңнан қарызға алынған аманат». «Мәңгілік Ел» идеясы ертеңгі ұрпақтарымыздың келешегі ғұмырлы, тұрмыстары бақуатты болсын деген аманат арқалаған асыл арман.

    Бұл идея ресми жарияланбай тұрған кезде ұлттық идеямызды – Тәуелсіздік идеясы деп таныстыратынбыз. Дегенмен, екеуі бірін-бірі толықтыратын егіз құндылықтар. Тәуелсіздік болмаса, ел ғұмыры ұзақ болмайды, яғни «Мәңгілік Ел» болу мұраты өледі.

    Сонымен, «Мәңгілік Ел» идеясы – базистік құндылық, ең жоғарғы ұжымдық мақсат. Ал идеология – осы мақсатқа жеткізетін тетіктердің жиынтығы: индустриялық-инновациялық экономика құру, зияткер ұрпақ тәрбиелеу, еңбексүйгіш әрі жоғары адамгершілікті әлеумет қалыптастыру, жоғары руханият пен зайырлылықты қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, т.б.

    Жастар идеологиясы осы ұлттық идеологияның шеңберінде дамып келеді. Білім-ғылым саласындағы жетістіктеріміз, спорт пен өнердегі табыстарымыз, әлеуметтік-экономикалық саладағы игіліктеріміз, ең алдымен, жастардың әлеуеті арқылы жүзеге асып жатыр. Оның барлығы жастар саясатын қолдауға бағытталған шаралардың жемісі. Салынған бала бақшалар мен мектептер, арнайы және жоғарғы оқу орындары, спорт кешендері мен шығармашылық сарайлары, өнер мекемелері, аула клубтары мен жастар ұйымдары, барлық өңірлерде қызмет етіп жатқан жастар ресурс орталықтары, жас ұрпақты дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар – осының барлығы жастар идеологиясын іске асырудың инфрақұрылымдары. Бұлардың барлығы өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай жатыр деп айта алмаймыз.

    Әрине, кемшілік аз емес. Алдымызда үлкен қиындықтар, жауапты міндеттер тұр. Дегенмен, жақсы мен жаманды бірдей байқап, әр кез объективті талдау жасаған жөн.

    Бұл мәселе төңірегінде ұзақ әңгіме айтуға болады. Ал «жастар кімді идеал тұту керек?» деген сұраққа келер болсақ, ондай тұлғалар ел тарихында өте көп: ел қорғаған батырларымыз, білікті хандарымыз, аузы дуалы билеріміз, дана апа-әжелеріміз, т.б. Алашорда қайраткерлерінің өзі үлгі тұтарлық биік тұлғалар. Ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлері қаншама. Спорт пен өнер саласының майталмандары да жетерлік.

    Алайда әр отбасындағы баланың басты идеалы – оның ата-анасы екенін ұмытпауымыз керек. Бала үшін олардан биік тұлға жоқ. Жас ұрпақ (әсіресе, балалар мен жасөспірімдер) ересектердің айтқан ақылды сөздерін қабылдамайды, олардың мінез-құлқын көшіріп қайталайды (иммитация). Ендеше, жас ұрпақ үшін идеалды алыстан немесе тарих беттерінен көп іздеудің де қажеті жоқ шығар. Ең алдымен, әр ересек адам өзінің мінез-құлқын тәрбиелеуі керек деп ойлаймын. Осылайша, әр отбасындағы ересек адамдар, сол арқылы бүтін қоғам бой түзеп, рухани деңгейіміз көтерілмек. Жастарды тәрбиелеу үшін ересектер ең алдымен өздерін тәрбиелеуі керек.  

    • #6
    • Жұмабай
    • сс, 05/01/2016 - 19:27

    Елімізде Ұлтаралық татулықтың болғаны өте керек! Ұлтаралық таулық біздің басты құндылығымызға есеп. Алайда, кей-кейде ұлтарасында түсінбеушілік, керек десеңіз бір-бірне қол жұмсау, қылымыс жасау әрекеттері көрініс беріп қалады. Сондай кезде Ассамблеяның адамдары төбе көрсетпейді. Неге? Неге олар Маятастағы, Шелектегі, Маловодныедегі, т.б. оқиағалардың ортасынан табылып араағайындық жасамады? Әлде біз Ассамбеляаға мүше болып табылатын адамдардың еңбегін көрмей жүрміз бе? Осы сауалдарыма таратып әңгіменің ашығын айтып берңізші? Рахмет.

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:11

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Жалпы, менің пікірімше, «этносаралық» деген шиеленіс жоқ. Тұрмыстық деңгейдегі қандай да бір шиеленісті бояп, оған «этносаралық» немесе саяси реңк бергісі келетін қасақана әрекеттер бар. Сондай-ақ қарабайыр сана деңгейіндегі субъективті пайымдау да бар.

    Жекелеген адамдардың өзіндік мүдделері де қайшылыққа түсіп қалып жатса, екінші тараптың ұлтына назар аудартып, соның астын сызып, көпшілікке «этносаралық» ретінде таныстыруға тырысатын келеңсіздіктерді де байқап қаламыз. Себебі дау мұраты – жеңу. Қандай әдіспен болса да, қарсыласын жеңуге тырысатын пенделіктің де зияны тиіп жатады.

    Маятастағы, Маловодноедегі, т.б. шиеленістердің себебі – тұрмыстық деңгейдегі қақтығыс қана. Алайда оның топтық сипат алуына бірқатар факторлар ықпал еткен: ресми емес ақпараттың тез таралуы, кейбір біліксіз тілшілердің ақпаратты «этносаралық» реңкпен жеткізуі, жергілікті билік тарапынан жедел алдын алу шараларының болмауы, т.б.

    Өмір шындығында «бұзақы», «қылмыскер» немесе «жаман» этнос болмайды. Жаман адам ғана болады. Ал кез-келген қақтығыс – ол заң бұзушылық әрекет.

    Қазіргі жағдайда, жаһандық тұрғыдан алғанда, «соғыс» ұғымының мазмұны мен әдіс-тәсілдері өзгерген. Бүгінгі соғыс – қарусыз соғыс, ақпараттық соғыс. Бүгінгі соғыс – елдің ішіне іріткі салып, ішкі топтарды бір-біріне айдап салып, қоғамды өз ішінен ыдырату. «Бөлшекте де, билей бер» деген қағидаға негізделген тәсілдер. Әлем сахнасында оның жүздеген мысалдарын көруге болады.

    Осы тұрғыда, Қазақстан қоғамының ең әлсіз нүктелері – этносаралық және конфессияаралық қатынастар: жүзден аса этностар мен жиырмаға жуық конфессиялар (тіркелмеген бейресмилері тағы бар). Тәуелсіздігімізді енді алған кезеңде батыстық ғалымдар (мәселен, З. Бжезинский) полиэтносты әрі поликонфессиялы Қазақстанды Азиядағы соғыс өртіне оранатын өңір болады деген болжам айтқан болатын.

    Әрине, болжаушылардың күткені болмады. Жүргізілген оңтайлы саясат негізінде Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің орталығына, ал полиэтностылық – байлығымызға айналды.

    Сұрақ қоюшы мысалға келтірген шиеленістерді шешуде басты рөлді Ассамблея атқарған болатын. ҚХА мүшелері, ҚХА депутаттық тобы, этномәдени бірлестік жетекшілері, облыстық ассамблея хатшылықтарының қызметшілері, медиаторлары жауапты үйлестіруші, реттеуші міндетті арқаланды. Алайда Ассамблея мұндай жұмыстарын қалың көпшілікке жариялағанды жөн көрмейді. Бұл мақтанатын да жағдай емес.

    Ассамблея этносаралық қатынастарды тиімді реттеу тетіктерін барынша жетілдіріп келеді. Бүгінде республиканың барлық өңірлерінде, қалалары мен аудан-ауылдарында Қоғамдық келісім кеңестері құрылған. Олардың саны – 1722 бірлік. Басты міндеттерінің бірі – этносаралық қатынастарды тиімді реттеу, оңтайлы дамыту. Барлық ауылдарда жағдайды үздіксіз бақылауда ұстайтын «әкім – этонмәдени бірлестік жетекшісі – учаскелік полиция» үштігі құрылып, қызмет атқаруда. Ақсақалдар кеңестері, аналар кеңестері, жастар кеңестері де осы бағыттардағы жұмысқа жұмылдырылған.

    «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі жанында Медиация орталығы құрылып, түрлі шиеленістердің алдын алудың теориялық-әдістемелік, ғылыми-практикалық негіздерін қалыптастырып, кәсіби медиаторлар дайындауға кірісті. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ассамблея шиеленістердің алдын алуда түрлі әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешумен де айналысып жатыр.

    Қазіргі таңда Ассамблея маңына топтасқан 900-ден астам этномәдени бірлестіктер де этносаралық қатынастарды жетілдіру саласындағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырылған. Тізе берсек, атқарылып жатқан шаралар жетерлік. 

    • #7
    • Макс
    • сс, 05/01/2016 - 19:32

    Еліміздегі өзге ұлт диаспораларының ата-аналары бір кезде қазақ жеріне арып-ашып жеткен адамдар еді. Оларды ондай тағдыр кешкені үшін кінәламаймыз. Олардың ондай тағдырға тап болғанына біз және кінәлі емеспіз. Бірақ, сол адамдардың бүгінгі ұрпағы бір замандардағы өз тағдырларын мүлде ұмытып кеткен сияқты. Қазақ билігі қанша жұмсақ әрі қолайлы саясат ұстанса да олар әлікүнге қазақты ел қатарына қосқылары келмейді. Соның нақты көрінісі қазақтың тілін білгісі, мәдениеті мен тарихын танығысы келмейді. Ал, бұған не себеп? Әлде біз тым солқылдақ саясат ұстанып отырмыз ба? Мұның ақыры қауіпті емес пе?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:10

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Іс-сапарлармен еліміздің өңірлерін жиі аралаймыз. Барлық өңірлерде жылына кем дегенде бір рет міндетті түрде боламыз. Өзге этнос өкілдерінің арасында көзіне жас ала отырып, қазақ халқына шексіз алғыс айтатындарды өте көп кездестіреміз. Және мұның барлығы шынайы эмоциялар (https://www.youtube.com/watch?v=2v6mO25RoUc – мына бейнематериалдан да көруге болады).

    Еліміздегі этностардың көпшілігі депортация негізінде келгендер. Оған дейін немесе кейін келген отбасылар да жақсы өмірден келген жоқ. Барлығының тағдыры ауыр. Міне, осындай өмір мен өлімнің ортасында болған қиын-қыстау кезеңде олардың жанын сақтап қалған фактор – қазақ халқының мейірімділігі, қонақжайлығы, жомарттығы, ашықтығы, өзі мекен еткен кең даласындай дархан мінезі.

    Мұндай ауыртпашылықты кезеңдер этностардың тарихи жадысында терең сақталған. Қазаққа деген олардың үлкен сый-құрметін, шексіз алғысын таныстыратын бірқатар шаралар да жүзеге асты, әлі де жүзеге асып жатыр.

    Мәселен, Орал және Үштөбе қалаларында қазақстандық кәрістер «Қазақ халқына мың алғыс» деген монументтер (2012 жылы) орнатты. Аналогиялық ескерткіш түрік этномәдени бірлестігінің бастамасымен енді Оңтүстік Қазақстанда тұрғызылмақ. «АЛЖИР» музейінде таныстырылған Раиса Голубеваның «Курт – драгоценный камень» деген шығармасы да қазақтарға шексіз алғыс білдіретін құнды жәдігер (http://www.proza.ru/diary/oxumoron66/2015-12-08 – шығармамен осы жерден танысуға болады).

    Осы сияқты қазақ халқына ыстық ықылас білдіретін дүниелер жетерлік. Солардың барлығының жиынтық нәтижесі – Ассамблеяның соңғы сессиясында қабылданған «Қазақстандағы барлық этностардың бір-біріне және қазақ халқына алғыс айтып, ризашылығын білдіретін «Ризашылық» мерекесін енгізу жөніндегі» шешімі десек болады. Аталған мереке 1-наурыз күніне белгіленеді деген болжам бар. Бұл идея бір күндік көңілден немесе жағынудан пайда болған шешім емес. Ол – барша этностардың жылдар бойында көңілдерінде сақтап келе жатқан қазаққа деген ыстық әрі таза ықыласының түйінді жемісі.

    Әрине, бес саусақ бірдей емес. Кейбір жекелеген адамдар тарапынан еліміздегі этностардың өміртіршілігінде қазақ халқының шешуші рөл атқарғанын, атқарып келе жатқанын мойындағысы келмейтіндері де кездеседі. Алайда оның да бірқатар себептері бар. Оның бірі – мәдениетінің төмендігі, екіншісі – тарихты (Қазақстанның тарихын, соның ішінде өз этносына қатысты мәліметтерді) білмеуі болса, үшіншісін – сыртқы күштердің ықпалы деуге болады.

    Жастардың тарихи санасын қалыптастыру керектігін жиі қайталайтындардың қатарында этномәдени бірлестік өкілдері де өте көп. Себебі түрлі келеңсіздіктер кей кезде тарихи сананың төмендігінен де шығып жатады. Еліміздегі барлық этностар өз ұрпақтарының келешегі жарқын болғанын қалайды.

    Этномәдени бірлестіктер тарапынан да этносаралық қашықтықты жақындату, мәдени-рухани жақындасу, қазақ халқының маңында топтасу мақсатында бірқатар игі шаралар атқарылып келеді. Мәселен, қазақстандық күрдтерді алайық.

    Күрдтер 7 депортацияны бастан кешкен халық. Қазақстанға 30-жылдардың ортасында депортацияланған күрд ақсақалдарының бір тобы қоныстанудың алғашқы жылдарында күрдтер мен жергілікті қазақтарды жақындастыру үшін өздерінің салт-дәстүріне мынадай жаңалық енгізген. Әрбір күрд отбасы дүниеге келген баласы үшін «крива», яғни, кіндік әке-шеше ретінде бір қазақ отбасын таңдауы қажет. Күрдтерде «кривалардың» саны шексіз болады.

    Күрд этносының дәстүрі бойынша «крива» мәртебесіне ие болған адам өз кіндік баласымен қандасқан туыс болып есептеледі. Күрдтер криваны өз шаңырақтарында төрге шығарып, ақсақалдардан да жоғары отырғызып, ең жоғары мәртебелі мейман ретінде құрметтейді. Қандасқан туыс есебінде болғандықтан, онымен және оның туыстарымен жауласуға, шиеленіске түсуге, оларды өлтіруге тыйым салынады. Крива болған адам немесе отбасы, өз кезегінде, кіндік балаларының тағдыры үшін жауапкершілік артынып, оның өмірінің барлық кезеңінде қолдау көрсетуге аманатты болады. Қазіргі жағдайда осы дәстүр сақталып, күрд отбасыларына крива болған қазақтардың саны артып келеді. Этносаралық жақындасудың осыған ұқсас тұрмыстық тәжірибесі басқа да этностардың салт-дәстүрлерінде кездеседі. 

    Бүгінде «Халық тарих толқынында» ғылыми жобасының аясында Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық ортасы полиэтносты Қазақстанның тарихын жазуда. Оның негізінде қазақ халқының атақонысына барлық этностардың сырттан келгендігі, олардың қиын тағдыры, қазақтың кең пейілі арқасында аман қалуы және дамуы, қазақ халқына деген ризашылығы, қазақтың айналасына топтасып, тарих пен тағдыр ортақтығын бөлісіп отырғандығы, сол үшін Қазақстан Республикасының патриоты болу керектігі, этносаралық татулық құндылығын бағалау және сақтау маңыздылығы, т.б. мәселелер қамтылатын болады.

    Полиэтностылық тарихының қазақстандық мазмұн тұрғысынан жазылуы, ол тарихты жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Соның негізінде ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге, тәуелсіздігімізді тұғырландыруға, қазақ жерінің бүтіндігі мен ел бірлігін сақтауға, елімізге қадалған сұқ көздер мен сұқ саусақтардан қорғануға негіз артпақ.

    Зерттеу жобасы нәтижесінде ресми ақпарат қалыптасып, білім мекемелерінің, ақпарат құралдарының, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың пайдалануына беріледі. Сол арқылы ел бірлігін бұзатын деструктивті, сепаратистік, басқыншылық идеяларды тарататын ресми емес (еліміздегі немесе шетелдік) түрлі ақпаратты шектеуге жол ашылады.   

    Сондай-ақ «Жерұйық» көркем фильмін барлығы тамашалаған болар. Міне, осы мазмұндас көркем, деректі, муьтипликациялық фильмдер көптеп түсірілетін болады. Себебі осындай форматтағы дүниелер жастар тарапынан жақсы қабылданады.

    Әрине, этностардың бүгінгі жақсы тұрмысы, мәдени-рухани дамуы қазақ халқының дана болмысының негізінде болып отырғандығы даусыз. Бірақ ата-бабамыздың «Жаман бергенін айтады, жақсы көргенін айтады» деген даналық сөзі бар. Айта берсе, жақсы сөздің қасиеті, жақсы істің қадірі кетеді.

    Әр әңгімені астарлап сөйлеп, соның астарын айтқызбай, жарты сөзден ұғатын ата-бабамыздың асыл қасиетін жоғалтпауымыз керек. Дана болмысымыз – ірі болуымыздың, жаһандық бәсекеде тірі (ұзақ ғұмырлы ел) болуымыздың алғышарты. 

    • #8
    • Серік
    • сс, 05/01/2016 - 19:35

    Сириядағы соғыс қашан, қандай жағдайда тоқтайды? Сирияда жүрген қазақтар туралы не айтасыз? Олар от құшағына оранған елге не үшін барды?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:06

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Сириядағы соғыс қашан тоқтайтынын нақты айту қиын. Алайда ол тоқтаса да, әлем картасында басқа соғыс нүктесі пайда болатыны даусыз. Оның басты себебі жаһандық деңгейдегі даму заңдылықтарымен түсіндіріледі.

    1) Жер бетінде адам саны тұрақты артып келеді. Әлемде жылына орта есеппен 130 млн-нан астам сәби дүниеге келсе, 60 млн-ға жуық адам өмірден өтіп жатады. Осылайша, жер бетіндегі адам саны жыл сайын 70 млн-нан астам адамға тұрақты түрде өсіп отырады. Ғалымдардың мәліметінше, туу санын шектеу немесе табиғи өлімге қарамастан, әрбір 11-12 жылда жер бетіндегі адам саны 1 млрд-қа жуық мөлшерде тұрақты артып отырады. Онымен бірге тығыздық та, тұтынушылық әлеует те артады. Адам санының артуы, ал шикізаттық ресурстың азаюы жағдайында көптеген қоғамдар, ең алдымен, «Келешекте өз қоғамымызды азық-түлікпен, жылумен, жарықпен қалай қамтамасыз етеміз?» деген сұрақтармен мазаланады.

    Адам өміртіршілігіне қажетті ресурстар бір елде бар, бірінде аз мөлшерде, енді бірінде мүлде жоқ. Әр мемлекет өзінде жоқты басқадан сатып алып, өзінде барды басқаға сатып, дипломатия негізінде өзара тиімді қарым-қатынас орнатқан. Жаһандық тепе-теңдік пен тұрақтылықты сақтап тұрған жалғыз заңдылық – қоғамдардың, аймақтардың осындай бір-біріне өзара тәуелділік жағдайы. Дегенмен, осындай үдерістердің аясында жаһандық байлық үшін талас-бәсеке де қарқынды жүріп жатыр. Батыстық ғалым                   И. Кастельс алпауыт елдердің 4 ресурс үшін таласатынын айтады: жер, табиғи байлық, капитал, адами капитал.

    Бүгінде Сириядағы, Украинадағы тартыстардың негізгі себебі – экономикалық себеп: жер, мұнай-газ, капитал, т.б. Дін, этникалық факторлар – соғыс жүргізудің құралы ғана. Сыртқы күштердің бірде-біреуі қақтығыс ошағына айналған мемлекеттердің ішкі мәселесіне гуманистік пиғылмен араласып отырған жоқ. Ол тек сылтау ғана. Ішкі берекесі кеткен ел сыртқы ортаның жемтігіне айналады.

    Біздің елдің кейбір азаматтарының бөтен елдегі мағынасыз соғысқа араласып жатқаны өкінішті жағдай. Өкініштің ең өзектісі – әлі де кетуге дайын топтардың бар екендігінде. Олардың мұндай әрекетке баруының себептері өте көп. Себептерді «ішкі» және «сыртқы» деп топтастырып, ұзақ әңгіме айтуға болады. Атқарылып жатқан шаралар мен белгіленген міндеттердің де қатары кең. Меніңше, ол жеке талдауды қажет ететін тақырып.

    2) Адамзат баласының айрықша прагматик топтарын қатты алаңдататын сұрақтың бірі – «Жер ресурстары ұзақ (немесе мәңгілік) тіршілік ету үшін қанша адамға және қанша уақытқа жетеді?» немесе «Жер қанша адамды асырай алады?» деген мәселе.

    Бұл орайда адам саны қарқынды артып келе жатқан өңірлер бар. Олар – Азия мен Африка аймақтары. Мәселен, дүниеге келген сәбилердің басым бөлігі Азия (57 %) мен Африка (26 %) елдерінің үлесінде (Латын Америкасы – 9, Еуропа – 5, Солтүстік Америка – 3, Австралия мен Океания елдері – 1 пайыз). Жоғары популяциясының негізгі себептері – даму деңгейінің артта қалуы, кедейшілік деңгейінің өсімі, дәстүрлі тұрмыстың сақталуы, діншілдік деңгейінің жоғарылығы, т.б. факторлар.

    Қақтығыстардың Азия мен Африка аймақтарында, соның ішінде мұсылман елдерінде болуы да тегін емес. Аталған өңірлердің жоғары популяциясына негіз болып отырған фактордың бірі – илсам діні. Ислам дінінде бала санын шектеуге тыйым салынған, отбасы институтының құндылықтары жақсы сақталған.

    Бүгінде БҰҰ тарапынан жер бетіндегі адам санын реттеуге, шектеуге бағытталған бірқатар құжаттар да қабылданған (мәселен, Каир декларациясы). Алайда мұндай шаралар адам санының арту үрдісін тоқтата алмайды. Сол себепті Азия мен Африка елдері халқының өсімі әлемнің басқа бөлігіндегі елдерді, ықпалды топтарды қатты алаңдатады. Ал соғыс, шиеленістер – адамзат санын азайтушы тетіктердің бірі деуге болады.

    3) Соғыстың тағы бір себебі – қару-жарақ өндіретін алпауыттар үшін пайда түсіру амалы. Яғни, қару-жарақ индустриясының қазаны қайнап, саудасы жүретін кезең. Қару-жарақ – адамзат баласын қырып-жоюға бағытталған құрал. Ендеше оны модернизациялау үшін үздіксіз сынақтар керек және ол сынақтар адамдар ортасында жүргізілуі керек. Міне, осындай шиеленістерде қару-жарақ өндірушілер жаңа қаруларын сынап, оны жетілдіру мүмкіндіктерін қарастырады. Ал жаңартылған, барынша жетілген қару-жарақ бәсекеге қабілетті өнімге айналады.

    Соғыстар «домино» қағидасы (тізілген доминоның бірін құлатсаң, ол қалғандарын құлатады) негізінде де жүзеге асады: бір елде ғана соғыс өртін тұтандыру сол соғыстың «авторлары» үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз, сондықтан сол елдің айналасындағы бірнеше елдер бірге қамтылады. Соғыс ошақтарының азаймайтындығының басқа да себептері бар. Ол да ұзақ әңгімені қажет етеді.

    Ең бастысы, біз сыртта болып жатқан шиеленістерден сабақ алуымыз қажет: елдің бірлігін сақтау, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру, бейтарап әрі көпвекторлы халықаралық саясатты сақтау маңызды.

    • #9
    • Бекжан Асанқұлов
    • сс, 05/01/2016 - 20:17

    Ассаламуалейкум Талғат бауырым!
    Жоғары лауазымды атқамінер қазақтар арасында сонау алғаш егемендік алған заманда сырттан енгізілген пікір бар екен. Ол европалық әлдебір ғалымның тұжырымы көрсетілген кітап ретінде таратылған деседі. Онда "кез келген ұлт шамамен жүз жылда өзгеріп басқа ұлтқа айналады. Ол ұлттың тілі өзгеруімен байланысты іске асады және бұл үрдіс сөзсіз болатын табиғи заңдылық" деп тұжырым жасалған екен. Оның дәлелді ретінде кәзіргі европалық көптеген ұлттардың (орыс, ағылшын, неміс тілдері) өздерінің ескі тілдерімен жазылған кітаптарын түсіне алмайтыны көрсетілген болар. Олжас Сүлейменов ағамыз және құмық ғалымы Мұрад Аджиде түркі тілдерінің европалық тілдерден өзгешелігі олардың еш өзгермей сақтала алатындығында екенін жазып көрсетті. Алайда біздің көптеген атқамінерлер мен кей зиялыларымыз жоғарыдағы арнайы таратылған арамза пікірге бой алдырып "қазақ тілі жоғалуы заңдылық" деп қабылдап қойған тәрізді. Өйткені сол азаматтарымыздың балалары мен қыздары өз ана тілін қажет қылмай өсіп жетілді. Яғни оларды ата аналары "орыс тіліне жетік болмаса қоғамда өз орнын таба алмайды, қазақ тілі бәрібір болашақта қажет болмайды" деген түсінікпен тәрбиелегені ғой. Осы жайтқа сіз қалай қарайсыз, өзіңіз қандай пікірдесіз қазақ тілінің болашағы жайлы. Жалпы осы жаңсақ тұжырым сыртқы күштер тарапынан әдейі енгізілген деп ойлайсызба? Қазақ зиялыларының ұлттың тіліне және тарихына деген кәзіргі немқұрайлығы осы тұжырымның залалы емеспе? Кешегі Шерхан ағамыздай қазақ тілі үшін отқа түсуге дайын еш депудат немесе зиялы көрінбейтіні анық ғой. Тіпті Елбасы арнайы тапсырма беріп қазақ тарихын қайта зерттеңдер дегенде нәтиже болмады. Өйткені тарихшылрымыз "имитация" жасап бюджет ақшасын "игергеннен" басқа ештеме тындырған жоқ, олардың тындырғандары кешегі империя тарихшылары орнықтырған тұжырымдарды пайдаланып солардың жазғандарына өз жағынан бірдеме қосып еңбек етіп ұсынды. Барлығы тек күнім өтіп жалақымды уақытылы алып отырсам болды, менен кейін күл болмаса бүл болсын деген принциппен отырғандай. Тек бір батырдың немесе бір белгілі адамның ескерткішін ашып "жаңалық ашқандай" күй танытып жүре береді. Қазақтың "Бартольді мен Гумилеві" шығар емес, қаншама жастар тарихшы мамандығын алып шығып жатыр. Алайда не пайда олардан! Тура бір өлімге айдалып бара жатқан адамдардай біздің зиялыларымыз. Еш серпіліс жоқ!

    • #10
    • Арын
    • сс, 05/01/2016 - 21:37

    Қазақтарда өзге ұлт өкілдерін өзіне сіңіріп алатын қабілет бар ма бүгінде? Өзге ұлтты өзіне тартып, сіңіріп алатын ұлттар қандай болады? Оған қандай мысалдар келтірер едіңіз?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:05

    Талғат ЖАҚИЯНОВ: 

    Әлем кеңістігінде полиэтносты қоғамдарды басқарудың бірнеше үлгілері қалыптасқан. Олар:

    – ассимиляциялық үлгі (саны көп және мәдениеті басым этностың әлсіз этносты өзіне бейімдеп, жұтып қоюы);

    – «қайнама қазан» немесе «салат» үлгісі (бірнеше этностардың араласуы нәтижесінде ешбір этностың мәдениетінің басымдығы болмай, бастапқы мазмұндарын жоғалтып, жаңа қауымдастықтың пайда болуы);

    – «орталық – периферия» үлгісі (басымдық алушы этностың саяси және экономикалық әлеуетінің жоғары, ал аз этностардың артта қалған периферия болуы);

    – мәдени плюрализм үлгісі (бірнеше этностардың мемлекет үшін құнды топтар ретінде қаралып, тең жағдайда тіршілік етуі; бұл үлгі, негізінен, демократиялық үрдістер дәстүрлі орныққан европалық қоғамдарда кездеседі).

    Қазақстан қоғамының этнодемографиялық, геоаумақтық, мәдени-тарихи ерекшеліктеріне байланысты шетелдік тәжірибені көшіріп қолдану мүмкін емес. Сондай-ақ аталған үлгілердің қайсысы болса да дағдарысты жағдайда.

    Сұрақ қоюшы айтып отырған үлгі – ол ассимиляция. Оған негізделген саясат қоғамдағы саны аз этностардың этномәдени болмысын жоюды мақсат етеді. Осылайша, ассимиляция объектісіне екі таңдау бар: ар-намысын жоғалту немесе этностың өлуі.

    Ғалымдар (мәселен, Л.Н. Гумилев) мұндай жағдайда мемлекеттің де ұтылатындығын жеткізеді: өз этномәдени болмысын жоғалтқан топтар негізінде екіжүзді, мемлекетті шынайы қолдамайтын, жасанды азаматтық ұстанымдағы топ пайда болады. Олардың сыртқы іс-әрекеті ғана қадағаланса, ішкі көңіл-күйлерін реттеу мүмкіндігі жоғалып, ұлт қалыптастыру міндеті әлсірейді. Қоғамда ашық наразылықтар да орын алып, тұрақтылыққа зиян келеді. Мәселен, ҚХР-ғы тибеттіктер мен ұйғырларды, т.б. аз этностарды ассимиляциялау үрдісі тек наразылықтар тудырып, ел тыныштығын бұзып отыр. Осы сияқты мысалдар тарихта да, қазіргі кезеңде де өте көп.

    Этностық және діни негіздегі кемсітушілікті, қазіргі жағдайда, өркениетті деген еуропалық елдердің тәжірибесінен де көріп отырмыз. Еуропалық елдер адам құқықтарын кеңейтіп отырса да, бірқатар объективті факторларды назардан тыс қалдырып келеді. Соның бірі – Африка мен Азия елдерінен қарқынды жүріп жатқан көші-қон қозғалысының және келуші мигранттардың жоғары деңгейлі популяциялық үрдісі есебінен Еуропа елдерінде болып жатқан этнодемографиялық құрылымның өзгерісі. Жергілікті тұрғындардың табиғи өсімінің төмендеуі жағдайында қоғамға тілдік, діни, этникалық, нәсілдік өзгеріс әкелген және саны жыл сайын (туу және көші-қон есебінен) артып келе жатқан мигранттардың сандық өзгерісі этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы басқару қағидалары мен тәсілдерінің өзгерісін қажет етеді. Билік автохтон еместердің құқықтарына көз жұмып қарап отыр. Оның салдары – «Шарли Эбдо», исламофобия, арабофобия, т.б.

    Сондықтан кемсітушіліктің, қысымның қандай түрі болса да, қоғамның тұрақтылығын бұзады. Ол – полиэтносты мемлекеттерді жоятын қопарғыш материал. Жаһандану жағдайында моноэтносты қоғам жасау немесе моноэтностылықты сақтап қалу мүмкін емес.

    Қазақстан жоғарыда аталған үлгілердің артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп, елдің мәдени-тарихи орныққан құндылықтарын жаңғырта отырып, өзіндік үлгі қалыптастырды. Ол – саналуандылық сипатындағы бірлікті таныстыратын қазақстандық үлгі.

    Біз бүгінде этностарды жұтып қою, сіңіру, жоқ қылдыру емес, бірегейлендіру (сәйкестендіру) саясатын жүргізудеміз. Және де бұл бірегейлену азаматтық категория негізінде жүзеге аспақ. Мемлекеттік тіл маңында топтасу да нәтижелі жүзеге асуда. Дәстүрлі дініміздің айналасында да бас қосудамыз. Әрине, проблема жоқ емес. Проблема қашан да болады. Еліміз үшін өзекті деген мәселелерді шешуде барлығымыз күш біріктіруіміз қажет. Ел тағдыры үшін емінген ортақ мүдде де бізді бірегейлендіруші фактор.      

    Бүгінде қазақтардың үлес салмағы да, қазақи болмыс сапасы да қарқынды артып келеді. Елбасы айтқандай, уақыт қазақтың мүддесіне жұмыс істеуде.

    • #11
    • Мақсұт
    • сн, 06/01/2016 - 1:06

    Кеңес заманында еңбек адамының культі болды, Арқадан қағып алдаса да ,барлық ақпарат беттерінде де, қоғамдық өмірде де әр саладағы қарапайым еңбек адамдарын назардан еш тыс қалдырмай, тіпті бұл бағытты мемілекеттік идеяға дейін көтерді. Жыл сайынғы марапаттау, орден медальдар, теле канал, газет беттеріндегі көл -көсір очерктер қаншама қара жұмысшы, қойшы-шопан, егіншілерді бір ғана республика емес -күллі Одаққа әйгілі етті. Бүгінгі күні сол адамдардың аттары әр аудан, ауылдардың көшелеріне берілген. Осындай саясатты 17 млн-дық бір Қазақстанда жасау оңай, ал 230 млн -дық алып империяда жүзеге асыру қиын емес пе еді? Соңғы 25 жылда жұртты жетелейтін неге осындай бір ойлы. парасатты бағыт жоқ? Қазіргі күні "өлі туылған "Мәңгілік ел" қиялына кім сенеді? Кім үшін ол? Кезінде алып державаны алға сүйреген, болашағына күмәнсіз сеніп азшылыққа, таршылыққа көнген сол еңбек адамдарының орынында қазіргі күні "Құрметтілер" болып шыршаға ілген жылтырақтардай жылтылдаған "жұлдызша" әншілер, теле жүргізушілер...Экранда қайындап келген күйеулердей немесе тәрбие көрмеген тәйтік қыздардай арзан күлкі, жарымес әңгімелерімен сол "жұлдызшалар" қалың көпшілікке "ақыл-өсиет" айтып, жұртты үйретіп отырады. Кеңес кезінің қадір қасиеті -адал еңбектің адамдарында еді. Олар Қазақстанды да Қазақстан етті. Тәуелсіздікті де тілеген солар шығар, бірақ біздің бүгінгі бетке ұстарларымыз -ашық омырау, жалаңаш етек, жарау бөкселер болмақ па? Елімізді ертеңге солар сүйреп, ұлтымыздың болмысын сондайлар белгілемек пе? Солай болып бара жатқаны да байқалады -мың сан сайқымазақтың музыкасы басталар-басталмас сол ию-қиюға кәдімгі қарияларымыздыңда қисалаңдап елтіп, еріп бара жатқаны жасырын емес. Осындай ой-толғамдардан туатын сұрақ- бүгінгі билік барша халықты біріктіре алатын не мақсат ұсына алмақ? Мақсатсыз өмір осы көріп жүргендеріміздей -ертеңі жоқ елес болып кетпей ме?

    • #12
    • графен
    • бн, 07/01/2016 - 0:46

    Талғат мырза, қазіргі таңда не себепті жастар идеологиясы жоқтың қасы? Жастар кімді идеал тұту керек?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 16:50

    Талғат Жақиянов:

    - Жастар идеологиясы жоқ дегенмен келіспеймін. Бұл тақырыпты ашпас бұрын, ең алдымен, «идея» және «идеология» ұғымдарының мәнін ашып алған дұрыс.

    Жалпы, идеясыз (мақсатсыз) адам болмайтыны сияқты, идеясыз қоғам да болмайды. Кез-келген қоғам – әлеуметтік тірі организм сияқты: пайда болады, дамиды, өзгереді, белгілі бір мақсат қойып, соған қарай ұмтылады. Біздің қоғамның алдына қойған мақсаты – қазақ елінің ғұмыры ұзақ болсын, әлем кеңістігінен жойылып кетпесін деген «Мәңгілік Ел» болу идеясы.

    Американдық үндістердің тамаша даналық сөзі бар: «Жеріңді сүй. Ол – сенің ата-бабаңнан қалған мұра емес, ол – сенің келешек ұрпағыңнан қарызға алынған аманат». «Мәңгілік Ел» идеясы ертеңгі ұрпақтарымыздың келешегі ғұмырлы, тұрмыстары бақуатты болсын деген аманат арқалаған асыл арман.

    Бұл идея ресми жарияланбай тұрған кезде ұлттық идеямызды – Тәуелсіздік идеясы деп таныстыратынбыз. Дегенмен, екеуі бірін-бірі толықтыратын егіз құндылықтар. Тәуелсіздік болмаса, ел ғұмыры ұзақ болмайды, яғни «Мәңгілік Ел» болу мұраты өледі.

    Сонымен, «Мәңгілік Ел» идеясы – базистік құндылық, ең жоғарғы ұжымдық мақсат. Ал идеология – осы мақсатқа жеткізетін тетіктердің жиынтығы: индустриялық-инновациялық экономика құру, зияткер ұрпақ тәрбиелеу, еңбексүйгіш әрі жоғары адамгершілікті әлеумет қалыптастыру, жоғары руханият пен зайырлылықты қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, т.б.

    Жастар идеологиясы осы ұлттық идеологияның шеңберінде дамып келеді. Білім-ғылым саласындағы жетістіктеріміз, спорт пен өнердегі табыстарымыз, әлеуметтік-экономикалық саладағы игіліктеріміз, ең алдымен, жастардың әлеуеті арқылы жүзеге асып жатыр. Оның барлығы жастар саясатын қолдауға бағытталған шаралардың жемісі. Салынған бала бақшалар мен мектептер, арнайы және жоғарғы оқу орындары, спорт кешендері мен шығармашылық сарайлары, өнер мекемелері, аула клубтары мен жастар ұйымдары, барлық өңірлерде қызмет етіп жатқан жастар ресурс орталықтары, жас ұрпақты дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар – осының барлығы жастар идеологиясын іске асырудың инфрақұрылымдары. Бұлардың барлығы өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай жатыр деп айта алмаймыз.

    Әрине, кемшілік аз емес. Алдымызда үлкен қиындықтар, жауапты міндеттер тұр. Дегенмен, жақсы мен жаманды бірдей байқап, әр кез объективті талдау жасаған жөн.

    Бұл мәселе төңірегінде ұзақ әңгіме айтуға болады. Ал «жастар кімді идеал тұту керек?» деген сұраққа келер болсақ, ондай тұлғалар ел тарихында өте көп: ел қорғаған батырларымыз, білікті хандарымыз, аузы дуалы билеріміз, дана апа-әжелеріміз, т.б. Алашорда қайраткерлерінің өзі үлгі тұтарлық биік тұлғалар. Ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлері қаншама. Спорт пен өнер саласының майталмандары да жетерлік.

    Алайда әр отбасындағы баланың басты идеалы – оның ата-анасы екенін ұмытпауымыз керек. Бала үшін олардан биік тұлға жоқ. Жас ұрпақ (әсіресе, балалар мен жасөспірімдер) ересектердің айтқан ақылды сөздерін қабылдамайды, олардың мінез-құлқын көшіріп қайталайды (иммитация). Ендеше, жас ұрпақ үшін идеалды алыстан немесе тарих беттерінен көп іздеудің де қажеті жоқ шығар. Ең алдымен, әр ересек адам өзінің мінез-құлқын тәрбиелеуі керек деп ойлаймын. Осылайша, әр отбасындағы ересек адамдар, сол арқылы бүтін қоғам бой түзеп, рухани деңгейіміз көтерілмек. Жастарды тәрбиелеу үшін ересектер ең алдымен өздерін тәрбиелеуі керек.  

    - Жастар идеологиясы жоқ дегенмен келіспеймін. Бұл тақырыпты ашпас бұрын, ең алдымен, «идея» және «идеология» ұғымдарының мәнін ашып алған дұрыс.

    Жалпы, идеясыз (мақсатсыз) адам болмайтыны сияқты, идеясыз қоғам да болмайды. Кез-келген қоғам – әлеуметтік тірі организм сияқты: пайда болады, дамиды, өзгереді, белгілі бір мақсат қойып, соған қарай ұмтылады. Біздің қоғамның алдына қойған мақсаты – қазақ елінің ғұмыры ұзақ болсын, әлем кеңістігінен жойылып кетпесін деген «Мәңгілік Ел» болу идеясы.

    Американдық үндістердің тамаша даналық сөзі бар: «Жеріңді сүй. Ол – сенің ата-бабаңнан қалған мұра емес, ол – сенің келешек ұрпағыңнан қарызға алынған аманат». «Мәңгілік Ел» идеясы ертеңгі ұрпақтарымыздың келешегі ғұмырлы, тұрмыстары бақуатты болсын деген аманат арқалаған асыл арман.

    Бұл идея ресми жарияланбай тұрған кезде ұлттық идеямызды – Тәуелсіздік идеясы деп таныстыратынбыз. Дегенмен, екеуі бірін-бірі толықтыратын егіз құндылықтар. Тәуелсіздік болмаса, ел ғұмыры ұзақ болмайды, яғни «Мәңгілік Ел» болу мұраты өледі.

    Сонымен, «Мәңгілік Ел» идеясы – базистік құндылық, ең жоғарғы ұжымдық мақсат. Ал идеология – осы мақсатқа жеткізетін тетіктердің жиынтығы: индустриялық-инновациялық экономика құру, зияткер ұрпақ тәрбиелеу, еңбексүйгіш әрі жоғары адамгершілікті әлеумет қалыптастыру, жоғары руханият пен зайырлылықты қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, т.б.

    Жастар идеологиясы осы ұлттық идеологияның шеңберінде дамып келеді. Білім-ғылым саласындағы жетістіктеріміз, спорт пен өнердегі табыстарымыз, әлеуметтік-экономикалық саладағы игіліктеріміз, ең алдымен, жастардың әлеуеті арқылы жүзеге асып жатыр. Оның барлығы жастар саясатын қолдауға бағытталған шаралардың жемісі. Салынған бала бақшалар мен мектептер, арнайы және жоғарғы оқу орындары, спорт кешендері мен шығармашылық сарайлары, өнер мекемелері, аула клубтары мен жастар ұйымдары, барлық өңірлерде қызмет етіп жатқан жастар ресурс орталықтары, жас ұрпақты дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар – осының барлығы жастар идеологиясын іске асырудың инфрақұрылымдары. Бұлардың барлығы өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай жатыр деп айта алмаймыз.

    Әрине, кемшілік аз емес. Алдымызда үлкен қиындықтар, жауапты міндеттер тұр. Дегенмен, жақсы мен жаманды бірдей байқап, әр кез объективті талдау жасаған жөн.

    Бұл мәселе төңірегінде ұзақ әңгіме айтуға болады. Ал «жастар кімді идеал тұту керек?» деген сұраққа келер болсақ, ондай тұлғалар ел тарихында өте көп: ел қорғаған батырларымыз, білікті хандарымыз, аузы дуалы билеріміз, дана апа-әжелеріміз, т.б. Алашорда қайраткерлерінің өзі үлгі тұтарлық биік тұлғалар. Ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлері қаншама. Спорт пен өнер саласының майталмандары да жетерлік.

    Алайда әр отбасындағы баланың басты идеалы – оның ата-анасы екенін ұмытпауымыз керек. Бала үшін олардан биік тұлға жоқ. Жас ұрпақ (әсіресе, балалар мен жасөспірімдер) ересектердің айтқан ақылды сөздерін қабылдамайды, олардың мінез-құлқын көшіріп қайталайды (иммитация). Ендеше, жас ұрпақ үшін идеалды алыстан немесе тарих беттерінен көп іздеудің де қажеті жоқ шығар. Ең алдымен, әр ересек адам өзінің мінез-құлқын тәрбиелеуі керек деп ойлаймын. Осылайша, әр отбасындағы ересек адамдар, сол арқылы бүтін қоғам бой түзеп, рухани деңгейіміз көтерілмек. Жастарды тәрбиелеу үшін ересектер ең алдымен өздерін тәрбиелеуі керек.  

    • #13
    • Асхат
    • жм, 08/01/2016 - 18:00

    Елімізде қолдан жасалған зерттеу орталықтары көп. Олардың ғылымилығына да күмән жеткілікті. Сіз басқарып отырған этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығынында қандай беделді ғалымдар жұмыс істейді? Журналдарыңыз бар ма? Бізде тәуелсіз ғылыми орталықтар ма? Бар болса атап беріңізші?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:03

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Кез-келген қоғамда мемлекет тарапынан құрылған зерттеу құрылымдары да, тәуелсіз құрылымдар да болуы керек. Ондай мемлекеттік те, жеке меншік те зерттеу ұйымдарының мақсаты ортақ – ол қоғамды игі дамыту.

    Өкінішке орай, сырттан келген мол қаражатқа сатылып, жеке бас игілігін ғана ойлаған, өзінің құлқынына ғана бағдарланған зерттеу құрылымдары да жоқ емес. Зерттеу құрылымдары мемлекеттік нысанда болсын, я жеке меншік болсын, ең бастысы, ел игілігіне қызмет ету деген қасиетті парызды ұмытпауы керек. Ал меншіктік нысанына байланысты құрылымдардың пікір алшақтығының болуы, үнемі бірін-бірі бақылап отыруы – дамудың заңдылығы, қажеттілігі деп білемін. Онсыз алға жылжу болмайды. Сондай пікірталастар мен бәсекенің негізінде ғана ақиқатқа жетуге, бірін-бірі толықтыруға болады. Тек, жоғарыда айтқанымдай, ел мүддесін естен шығармаған жөн.

    Біздің Орталық 2011 жылы құрылған. Басты мақсаты – тұрақтылық пен қоғамдық келісім мәселесін ғылыми-практикалық сүйемелдеу болып табылады. Үш бағыт бойынша қызмет атқарамыз:

    1) Этносаралық қатынастар мәселелері бойынша білім беру. Біздің ұйымдастыратын семинар-тренингтер, негізінен, мемлекеттік қызметшілерге арналған. Алайда олармен бірге қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдерін, этномәдени бірлестіктердің, діни бірлестіктердің, жастар ұйымдарының, ғылыми-сарапшылық ортаның өкілдерін де жинап, бірге оқытамыз. Мұндағы мақсат: билік пен азаматтық қоғамды өзара жақындату, олардың өзара іс-әрекетін ұйымдастыру, бірін-бірі тыңдауға, бірлесе жұмыс жасауға үйрету.

    2) Мониторинг және талдау. Елдегі және оның өңірлеріндегі этносаралық жағдайға, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі үдерістерге үздіксіз бақылау жасау, ҚХА Хатшылығына арнайы ұсынымдар әзірлеу;

    3) Қоғамдық келісім мен тұрақтылық саласы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу.   

    Орталықтың ғылыми-зерттеушілік әлеуетін көтеріп отырған тағы бір ресурс бар. Ол – Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесі мен топтары. Олардың қызметін үйлестіруші құрылым біздің Орталық болып отыр. Сол себепті Орталық маңында белсенді ғылыми орта қалыптасқан. Олар – әртүрлі ғылым салалары мен мемлекеттік және жеке меншік нысандағы түрлі мекемелерді (зерттеу құрылымдары мен ЖОО-ын), еліміздің барлық өңірлерін таныстыратын 200-ге тарта ғылым кандидаттары мен докторлары.    

    • #14
    • Арыс
    • жм, 08/01/2016 - 19:03

    "Оралман" сөзі айналасында көп пікірлер айтылып жатыр.Сіздің жеке пікіріңіз қандай?Меніңше,оралман деп бөле-жару ауызбірлікке нұқсан келтіреді.Қаны қазақ болса,бөлектеп не ұтамыз? "Өзіңді жаттай сыйла" деген даналық сөз бар.Осы мәселені көтеру керек сияқты.

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:03

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Сізбен келісемін. «Оралман» сөзінің екі келеңсіз қыры бар:

    1) «Оралман» ұғымы шеттен көшіп келген қазақтардың болмысын нақты ашатын жалпылық сипатқа ие емес. Себебі көшіп келушілердің бірқатары өткен тарихта қазаққа тиесілі болған жерлерден қоныс аударғандар. Олар өздерін ата-бабалары мекен еткен тарихи атамекендерінен келдік деп есептейді, осылайша өздерін «оралман» деп атауды әділ санамайды. Бұл жерде оларды «ирридента» (саяси себептерден шекара анықталған кезде тұрып жатқан елді мекені басқа елдің аумағында қалған адам) ұғымымен атауды ұсынатындар да бар. Оны да саналы пікір деп айтуға болмайды. Себебі ол саяси ұғым. Ал қандастарымыздың көші-қонын саясиландыру халықаралық қатынастар тұрғысынан үлкен қателік болар еді.

    2) «Оралман» ұғымы қандастарымыздың өздері тарапынан жағымды қабылданбайды. Енді бір адамдар оны қазақтың ішкі бірлігіне зиян келтіретін жіктеуші фактор ретінде қарастырады. Бұл пікірмен де келісуге болады.

    Аталған ұғым қандастарымыздың құқықтық жағдайын анықтайды. Оларға мемлекет тарапынан құқықтық артықшылықтар беру үшін анықталған заңдық категория екендігі белгілі. Мүмкін ол ұғымның орнына «репатриант» ұғымын қолдануға болатын шығар. Мүмкін басқа жақсы балама табуға болар.  Қалай десек те, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін бұл ұғымдар заңдық тұрғыдан өзінің күшін жояды. Солай бола тұра, бұқаралық санада тұрмыстық деңгейде қандастарымызды «оралман» деген қосалқы анықтауышпен атау құбылысы сақталып отыр. Ендеше, ең алдымен, өз ұлтына жаны ашыған, қазақтың этномәдени бірлігі мүддесі үшін жүрегі ауырған әр қазақ күнделікті осы келеңсіздікті тұрмыстық жағдайда болдырмас үшін өзі ойлануы керек және өзінің айналасындағыларға ой салуы қажет деп ойлаймын.  

    • #15
    • Төкен
    • жм, 08/01/2016 - 20:20

    Еліміз көп ұлтты деп баса, тіпті 130 дан аса деп назар аударта айтуға әуеспіз. Сонда басқа елдерде халықтар құрамы бізден әлдеқайда кем бе? Бізге жетеқабыл басқа елдер болса, оларда осындай ассамблея бар ма, жоқ болса сонша ұлттардың басын қандай саясатпен біріктіріп отыр.

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:02

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Полиэтносты қоғамды басқарудың түрлеріне жоғарыда тоқталып кеттім. Ал ассамблеяларға келер болсақ, ондай құрылымдар көптеген елдерде бар. Алайда олар қоғамдық ұйым мәртебесімен ғана шектелген. Қазақстан халқы Ассамблеясы – азаматтық қоғам мен биліктік институттардың симбиозы негізінде қалыптасқан әлемде аналогы жоқ құрылым. Оған Елбасының төрағалық етуі оның мәртебесін көтеріп, қоғамдық ресурстармен қатар биліктік тетіктерге де қол жеткізу мүмкіндігін арттырады, қызметін оңтайлы ұйымдастыруға жол ашады.

    Бұл да кең тақырып. Арнайы жеке талдауды қажет етеді.  

    • #16
    • қарны ашқан қазақ
    • жм, 08/01/2016 - 21:41

    Талғат мырза (фамилияңыз құлаққа жағымды естіледі екен), кезінде егемендігімізді алғанда Қазақстан халықаралық көпвекторлық саясатты ұстанған болатын. Қазір неге одан ауытқып векторымыздың ұшы түгелдей солтүстікке бұрылып кетті? Осы кезге дейін Ресеймен одақтас болған бір елдің тасының өрге домалағанын көре алмай отырмыз ғой. Және бір сұрайын дегенім, мүмкін анекдот шығар, Путин қазақ хандығының 550 жылдығына басында үзілді-кесілді қарсы болыпты-мыс. Осыдан бұл датаны тойлататын болсаңдар, теңгеңнің құнын 550-ге жеткіземін деп айтқан дейді (қарап отырсаң, бәрі соған келе жатқан сияқты). Халық қалжыңдап айтса да қалт айтпайды ғой... Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 17:01

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Қасақана немесе білместіктен айтылған дақпырт сөз.

    • #17
    • Абдулла Мазибек
    • жм, 08/01/2016 - 22:01

    Оказывается, зарубежные казахи, желающие переехать в Казахстан вне квоты, обязаны внести в банк 2000000 тенге. Жакиянов мырза, не считаете ли Вы это явление - позорним для нашей страны, когда Европа. без всяких условий, принимает миллионы людей чужой национальности, религии. В Казахстан, где 40 лет взрывали атомные бомбы. где каждый месяц взлетают "Протоны" отравлая природу: казахи переезжают рады исторической Родины, рады сохранения себя как нация.

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 16:59

    Талғат Жақиянов:

    - Согласно Закону РК «О миграции населения» от 22 июля 2011 года (в соответствии с последними дополнениями и изменениями от 24.11.2015 г.) этнические казахи и члены их семей при получении разрешения на постоянное проживание в Республике Казахстан освобождаются от подтверждения своей платежеспособности (статья 23, п.1).

    Иммигранту запрещается въезд в Республику Казахстан .....если он не представил подтверждение о наличии средств, необходимых для пребывания и выезда из Республики Казахстан, в порядке, определяемом Правительством Республики Казахстан, за исключением этнических казахов... (статья 48, пп.9);

    • #18
    • графен
    • сб, 09/01/2016 - 23:34

    Біз тілден, енді діннен айырылып барамыз. Болашақ бұлдыр сияқты... Сіз не дейсіз?
    **

    қандай дінді ұстанып едіңіз? Кім сізді ол дініңізден мәжбүрлеп айырып жатқан? Конституциялық құқығымды таптап жатыр деп шағымданып көрдіңіз ба?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 16:57

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Тілден де, діннен де айырылып қаламыз деп ойламаймын. Әрине, бұл салаларда өзекті мәселелер көп. Әсіресе, қоғамымыздың жаһандануы, индустриялануы, урбандалуы жағдайында ол мәселелер қашан да өзекті бола түседі. Сондықтан барлығымыз ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетін, тіпті, оның әрбір ұсақ бөлшегін сақтап қалу, дамыту жолында үздіксіз еңбектенуіміз керек.  

    • #19
    • батпан
    • сс, 12/01/2016 - 13:42

    "ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады" деген бар ғой, мына дағдарыстың ( "дағдарыс" дегеннен гөрі "тоқырау" деген дәлірек сыяқты) арты өте ұзаққа созылып кетпей ме?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 16:56

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Жоғарыда атап өткенімдей, адам өміртіршілігіне қажет ресурстар азайып, адам санының артуымен тұтынушы әлеует артып келеді. Демек, тапшылық, қымбатшылық, дағдарыс құбылыстарының өзектілігі жыл сайын құбылып, артатындығы анық. Сұрақ ауқымды. Бұл мәселе бойынша да пайымдауларым аз емес. Дегенмен, сұрақты экономист мамандардың еншісіне қалдырған жөн деп ойлаймын.

    • #20
    • Еркебай
    • бн, 14/01/2016 - 10:35

    Ассаламуалейкум Талғат бауырым!

    Сізге бір сұрақ: Міне Мәжіліс таратылып, кезектен тыс сайлау өткелі жатыр. Сіздерде шеттен келген ағайындардан Мәжіліске депутат ұсыну жоспарларыңыз бар ма?

    • Жауап
    • дн, 01/02/2016 - 16:56

    Талғат ЖАҚИЯНОВ:

    - Сұрақ қазіргі сайлау кампаниясының қарсаңында өте өзекті мәселелердің бірін көтеріп отыр. Мен оған мынадай көзқарас білдіргім келеді.

    БАҚ беттерінде «оралмандардан депутат сайлау» деген сөйлемдер көп кездеседі. Бұл орайда «оралмандар» деген ұғым орынды қолданылмаған. Қоғам тарапынан дұрыс қабылданбайды және құқықтық тұрғыдан да қате. Себебі «оралман» ұғымы – Қазақстан азаматтығын әлі алмаған этникалық қазақтың құқықтық мәртебесі. Сәйкесінше, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ адамдар сайлауға түсе алмайды.

    Ал шеттен келген әрі ел азаматтығын алған қандастарымыздың арасынан Мәжіліс пен маслихаттарға депутаттар сайланғанын құптаймын. Отандық сайлау жүйесі пропорционалдық негізде партиялық тізімнен депутат сайлауды таныстырады. Ендеше, саяси партиялар үміткерлер тізімін жасау барысында Қазақстан азаматы болып табылатын қандастарымызды партиялық тізімдеріне қосса, олардың сайлауалды тұғырнамалары күшейетіндігі, сайлаушыларының саны артатындығы анық.  

    Бұны «қазақты іштей жіктеу» деп айтуға да негіз жоқ. Себебі партиялық тізімнен ұсыну барысында қандастарымызға арнайы квота белгіленбейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерін таныстыратын үміткерлер ретінде қарастырылады. Сондай-ақ депутаттық тізімнен орын алып жатқан жағдайда, олар қазақты жіктеуші емес, біріктіруші қызмет атқарады: шеттен келген қандастарымыздың қазақстандық ортаға сәтті интеграциялануына қажетті заңнаманы жетілдіреді; көші-қон саласындағы бағдарламалардың дұрыс орындалуына бақылау жасап, сапасын арттырады; соның негізінде түрлі әлеуметтік келеңсіздіктер мен наразылықтардың алдын алып, қоғамның келісімі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өкілдікті органдардың қызметі мазмұндық тұрғыдан жаңарып, әлеуметтік бағдары кеңейеді.

Кіру