e-Конференция

е-конференция: Асылы Османова (толық жауап)

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Ертең, 1-наурыз Қазақстанда Алғыс айту күні мерекеленеді. Осы мерекеге орай ғалым, тіл жанашыры, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Асылы Османова интернет-конференцияға қонағы болып, оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беріп отыр.

Abai.kz


22 пікір 4689 рет оқылды Қосылған: 29.02.16
    • #1
    • Текжан
    • жм, 19/02/2016 - 12:09

    Асылы апай, қош көрдік. Бурылда болған оқиға туралы естіген шығарсыз. Не дейсіз?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:41

    Асылы Османова:

    - Кешегі Жамбылдағы оқиғаны да ұлтаралық қақтығыс деуге болмайды. Мен ол жерде болған жоқпын. Елден естуімше, ол азамат Қазақстанның азаматы да емес екен. Фрунзеден қонаққа келіп жүрген адам дейді. Бір адамның жасаған қылмысына бүтін бір ұлтты кіналауға немесе содан көруге болмайды. Ал, кінәлі адам заңмен жазалануы тиіс.

    • #2
    • Айсәуле
    • жм, 19/02/2016 - 12:15

    Әзірбайжандар мен түрік ұлтының диаспорасы қазақ жеріне қашан, қай жылдары келіп қоныс тепті? Сіз қанша жасаңызда келіп едіңіз? Есіңізді білесіз бе? Қазақ халқы ол кезде қандай жағдайда еді? Рахмет.

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:43

    Асылы Османова:

    - Бізді сонау 1944 жылы, қарашаның 14 де түнгі сағат үште америкалық көліктерді әкеліп, мылтық кезеп тұрып алып кеткен. Дүние-мүлік бәрі қалған. Тіпті құжаттарын да алуға мүмкіндік бермеген. Ол кезде мен үш жасар баламын. Ештеңе білмеймін. Әке-шешемізден естігеніміз ғой. Содан мал тиетін вагондарға тиеп алып кеткен. Жолда аурудан, аштықтан қырылғандар да болған. Әуелгіде бізді суға апарып тастай ма деп қорыққан екен. Содан әйтеуір, құрлыққа шыққанымызды көріп, тәубе депті. Сөйтіп, Қазақстанға келіп, Қызылорда облысынан бастап, әр станцияға тоқтап, бөліп-бөліп түсірді. Біздің үйді Түлкібас станциясына әкелген. Ол кезде қазақтың жағдайы да ауыр еді. Бір бөлмелі үй болса, бір бұрышын, екі бөлмелі үйі болса бір бөлмесін берді. Жартыны жарып, бүтінді бөліп берді. Сөйткен, қазақ деген халыққа қалай ғана кейбіреулер тіл тигізеді. Қазақ халқына мәңгі қарыздармын.

    Бір үйде үш ұл, үш қыз едік. Шешем ерте қайтыс болып, әкем бір үзім нанды бөліп беріп бәрімізді жеткізді. Үшеуміз оқыдық. Сонда көрші-қолаң, айнала қазақтардың қамқорлығымен ержеттік. Егер қазақ шетқақпай жасаса, осындай дәрежеге жетпес едік. Туыстарымның бәрі ауылда.

    Менен «Әзербайжан тілі қазақ тіліндей білесің бе?» деп сұрайды. Ол тілді мен Қазақстанда тұрып білмесемде, іргелі елі бар, тілі де, мәдениеті де дамып жатыр. Ал, Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмесем, ол ұят. Себебі, осы елдің азаматымын, осы елде тұрамын. 

    • #3
    • Еркен
    • жм, 19/02/2016 - 12:41

    Асылы апай, Сіз неге Ассамблеядан Мәжіліс депутаты болмайсыз? Кім кедергі? Қазақшылдығыңыз кінәлі ме? Турасын айтыңыз.

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:45

    Асылы Османова:

    - Менің ассамблеяның атынан депутат болуым ол Сізге де, маған да байланысты емес. Бұл – жоғары жақтан шешіледі. Оны басшылар біледі. Ал, жеке өз басым халқым үшін, Қазақстаным үшін тас арқалауға бармын. Бір жағынан менің жасым да келіп қалды. Сондықтан, жастар қызмет істеп, қоғамға пайда әкелетін қызмет жұмыстар атқарғаны дұрыс. Әңгіме депутаттықта емес, менің елімнің алдыдағы азаматтық, адами борышымды адал атқаруымда. Менің айтарым, ассамблеядан болсын, басқада депутат болған азаматтар қоғамның мүддесін жеке бас мүдделерінен жоғары қойып, еліміздегі артта қалып жатқан дүниелерді алға сүйресе, қоғамдағы кешміліктерді жоюға күш салу керек деп есептеймін. Депутат бол, әкім бол, кім болсаң, ол бол бірақ халыққа етене жақын бол. Егер халықтың көңілінен шығатын істер жасалса, сонда қоғамда түзеледі.

    • #4
    • Амантай
    • жм, 19/02/2016 - 12:44

    Аса құрметті, Асылы ханым! Сізге Алла ұзақ ғұмыр жас, денсаулық, күш, қуат берсін! Қазақтың, мемлекеттің тілі үшін сіңірген еңбегіңіз ұшан теңіз. Осы мәселені жер-жебіне жеткізіп айтумен келесіз. Қазақ тілі өз елінде, өз жерінде неліктен өгей баланың күйін кешіп, есіктен басы озбай отыр, 25 жылда көсегесі көгермеген мемлекеттік тілдің алдағы тағдыры қалай болады деп ойлайсыз. Тілі болмаса қазақ қазақ бола ала ма?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:48

    Асылы Османова:

    - Тіл мәселесі төңірегінде біраз сауалдар бар екен. Соның бәріне жиынтық ойымды айтайын.

    Менің түсінігімде, тілге байланысты неге деген сұрақты әр адам өзіне қою керек. Яғни, «неге мен өз ана тілімді жетік білмеймін» деп әркім өзінен бастаса, тіл оңалады. Өзге ұлттың өкілдеріне де айтарым: осы елдің ауасын жұтып, нанын жеп, топырағын басып жүрміз. Ешкімді бөлмеді. Сен кімсің деп  түрің басқа, тілің басқа, дінің басқа демеді. Ендеше, неге сол елдің тілін үйренбейміз. Осы 25 жыл ішінде өзіміз де өзге де қазақ тілін үйренгенімізде тіл өз тұғырына қонып болар еді. Өзге ұлттардың ешбіріне тіліңді, мәдениетіңді сақтама деп отырған жоқ, керісінше, қаржы-қаражат беріп, ана тілдерін сол арқылы мәдениеттерін сақтауға көңіл бөлініп отыр. Енді сөйтіп, отырғанда өзгелерде мемлекеттің тілін білуге тиісті. Мемлекетке, қазақ халқына деген құрметі, сыйластығының да бір көрінісі де сол. Бәрімізді тек қана бір тіл ұйыстырады. Елбасы ассамблеяның бір жиынында: «Бәрімізді біріктіретін мемлекеттің тілі. Сондықтан мемлекеттік тілді білейік» деп айтқан еді.

    1998 жылы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген терминді енгіздім. Сол атаумен теле-радио хабарлар жүргіздім. Өзге ұлттың қазақ тілін сәл де болса білетін азаматтарын шақырып, соны басқаларға үлгі еттім. Тілге не керек? Тілге қолданыс қажет. Сол үшін де «мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолданайық» деп үнемі айтып келемін. Кейбіреулер айтады «қазақ тілінің өмірдің барлық саласына қолдануға күші жетпейді» деп, жоқ бауырларым, қазақ тілінің құдіреті бәріне жетеді. Мысалы, совет өкіметі кезінде Сахаровтың физика оқулығын қазақ тілінде оқыдық.

    Біз өзгенің көңіліне көп қараймыз. Өзге ұлттың бір өкілі отырса ортамызда соған ыңғайланып орысша сөйлеп кетеміз. Жоқ, өз тілімізде ғана сөйлеп машықтануымыз керек.

    • #5
    • Асқар Тұрапбаев АГП
    • жм, 19/02/2016 - 12:48

    Н. Назарбаев: Орысша хатқа қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылсын!
    Осы сөзге сіз не дейсіз?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:50

    Асылы Османова:

    - Елбасының өткенде айтты дегенін сөзін келтіріп отыр екен. Мен оның анық-қанығын білмеймін. Бірақ, айтылса ол тағы да сол заңның талабын ескерген болуы керек. Бұрыннан қазақша айтылса, қазақша жауап беріліп келеді ғой. Біз 25 жыл Тәуелсіз елміз. Мен осы елдің тілінің де тәуелсіз болғанын қалаймын. Қазақ тілі үйренуге ауыр дейді. Жоқ, үйренуге ең жеңіл тіл. Егер тілді күнделікті тірлішікте пайдаланбасаңыз, оны қалай үйренесіз?! Қазақ тілін білмегені үшін бір адамды шеттетіп, жұмыстан шығарған жоқ қой. Бірақ, ешбір елде жоқ тілдік проблема біздің елде бар. Ол проблема басқа ұлттардың тілінде емес, мемлекеттік тілде. Кез келген адам өз тұрған елдің тілін міндетті түрде білу тиіс. 

    • #6
    • Елік
    • жм, 19/02/2016 - 13:27

    Армысыз Самал апай: Қазақсан тұрақтылығының басты кепілдерінің бірі мемлекеттік тіл Қазақ тілі. Ал, билік тарабынан бұл мәселе дұрыс атқарылмай келеді . Сізше болғанда " Қазақтар бір бірімен қазақша сөйлесін." деген дұрыс па? бұл алалау емес па? сонда Қазақстандағы өзге ұлттардың мемлекеттік тілде сөйлеу құқығы жоқ болғаны һәм қарастырылмағаны ма, әлде орыс тілін немесе билік пен байлықты өз қолында ұстап тұрған орыстілділердің орыстілді ұрпақтарын қорғау ма?

    Қалай айтсақта Қазақстандық орыс, украин, корей т.б ұлттар мемлекеттік тіліміз тапталып жатыр, жағдайы жақсы емес деп уайымдап , шулап жатқан жоқ. олар үшін бұл қазақтың ғана мәселесі .

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:56

    Асылы Османова:

    - Айналайын, тіл мәселесіне қатысты сауалдарға ойымды, көзқарасымды жоғарыда айттым.

    • #7
    • Молдабай
    • жм, 19/02/2016 - 14:24

    2025 жылга дейин казакстан халкынын 95-пайызы казакша сойлейтин болады дегенге сенесиз бе? Озим мулде сенбейтин болган сон сурап отырмын. Ия,не жок деп жауап берсениз.

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 11:58

    Асылы Османова:

    - Тағыда айтайын. Менің түсінігімде, тілге байланысты неге деген сұрақты әр адам өзіне қою керек. Яғни, «неге мен өз ана тілімді жетік білмеймін» деп әркім өзінен бастаса, тіл оңалады. Өзге ұлттың өкілдеріне де айтарым: осы елдің ауасын жұтып, нанын жеп, топырағын басып жүрміз. Ешкімді бөлмеді. Сен кімсің деп  түрің басқа, тілің басқа, дінің басқа демеді. Ендеше, неге сол елдің тілін үйренбейміз. Осы 25 жыл ішінде өзіміз де өзге де қазақ тілін үйренгенімізде тіл өз тұғырына қонып болар еді. 

    Біз өзгенің көңіліне көп қараймыз. Өзге ұлттың бір өкілі отырса ортамызда соған ыңғайланып орысша сөйлеп кетеміз. Жоқ, өз тілімізде ғана сөйлеуге тиіспіз.

    • #8
    • Шәріпхан ініңіз
    • жм, 19/02/2016 - 16:09

    Асылы апай, Қазақстанды мекендеп жатқан әр диаспора өкілі Сіз секілді болуы керек деп ойлаймын. Ондай болуы үшін бұ қазаққа не істемек керек? Бір кездері тағдырдың тепкісімен Қазақстанға келген барша диаспораға құшақ аштық. Оларды әспеттеп, ассамблея құрып бердік. Өз діні мен тілін дамытуға жол ашып бердік. Депутат еттік. Қазақтың ауасымен тыныстап, қазақтың байлығын тел еміп отыр. Айта берсе көп... Енді осының қайтарымы болуы керек қой. Ол қандай қайтарым болғаны жөн?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:01

    Асылы Османова:

    - Елбасының жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні осы сауалға да жауап бола алады. 

    Қазақ халқы бәрімізді бауырымызға басып, бөлмей-жармай қарап отыр. Демек, ол халыққа деген ниетімізде басқаша болуы керек қой. Алғыс айту күні ол – өткенді, бүгінді елеп-екшеп келіп, жарияланған мереке. Алғыс айту дегенде, оның авторы болу тиіс. Сондықтан, өзге ұлттар Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда еңселі ескерткіш орнатып, оған «Қазақ халқы мен Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевқа мәңгі қарыздармыз» деп жазса, құба-құп болар еді. Ескерткішті елге келген шетелдіктер де көреді, жастарда соған арқа сүйеп, оларға да бағдар береді. Осылайша, ұрпаққа бір белгі, символ ретінде алғыс айту күнін орнықтыруымыз керек. Мәселен, кәрістер Үштөбеде «Қазақтарға мың алғыс» деген жазуы бар белгі орнатыпты. Ал, мына Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстан халқына мың алғыс» деп те жазыпты дейді. Кімнен алғыс, айналайын-ау?! Алғыстың бағытталушысы мен авторы болуы керек қой.

    • #9
    • Кемел
    • жм, 19/02/2016 - 16:16

    Әзербайжан мен қазақ арасында, Шеңгелді, Сарыағаш, Бурылдағыдай жағдай орын алса, Сіз қай жақта болар едіңіз. Әзербайжандар жақта ма, жоқ әлде қазақтар жақта ма?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:03

    Асылы Османова:

    - Өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс жоқ. Бір үйдің балалары да кейде жоқ нәрсеге ренжісіп, шекісіп жатады. Ондай ұсақ-түйек нәрселерді дағарадай ғып көрсетуге болмайды. Жасым жетпіске келді. Осы уақытқа дейін ұлттар арасында жанжал туыпты дегенді естіген жоқпын. Және ондай мәселенің жоқ екенін қалай болса да дәлелдеп бере аламын.

    • #10
    • Коке
    • жм, 19/02/2016 - 16:17

    Өзге диаспора қазаққа қалай алғыс айтуы керек деп ойлайсыз? Олар қазақ болуға, қазақты мақтан етуге қашан дайын болады?

    • #11
    • жебе
    • жм, 19/02/2016 - 16:19

    Сізді анам секілді көремін!
    Сізді анам секілді көремін!
    Сізді анам секілді сыйлаймы!

    • #12
    • Абай
    • жм, 19/02/2016 - 16:19

    Абай қазақты сынады? Сіз қазақты сынап жүрген жоқсыз ба, осы...

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:06

    Асылы Османова:

    - Қоғамдағы кейбір кемшіліктерді бәріміз де айтып жүрміз. Ал, қазақ халқына өз басым мәңгі қарыздармын. 

    1989 жылы «Қазақ халқыма қарыздармын» деп мақала жазғанмын. Сол сөзім – сөз. Қазаққа қарыздармын. Өйткені, табалдырықтағы басымызды төрге сүйреп, адам қатарына қосылып, өмір сүріп отырғанымыз қазақтың арқасында.

    • #13
    • Адай
    • жм, 19/02/2016 - 16:32

    Сәлем бердік ,апа.Сізге сұрағым жоқ. Тек алғыс айтамын. Билік көрге сүйреп жүрген тілімізді,Сіз төрге сүйреп жүрсіз.Сол үшін Сізге Алланың мейірімі мен берекесі болсын. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіз.

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:08

    Асылы Османова:

    - Рахмет, айналайын! Осында көптеген азаматтар алғыс айтыпты. Баршаңызға алғысым шексіз. Маған деген ризалықтарына басымды иемін. Менің халқыма, еліме деген адалдығымды ұғып, түсініп отырғанына ризамын.

    • #14
    • Қытайдан келген қазақ
    • жм, 19/02/2016 - 17:13

    құрметті Асылы Османқызы сәлеметсізбе? өз басым сіз қазақша сөйледі деп бүкіл Әзербайжандарды, Геролд Белгер қазаша сөйлегені үшін барлық неміс біткенді сүйе алмаймын. Түрік тілдес екеніміз шындық ,алайда ділімізде, рузымызда, антропологиялық түр тұлғамызда ұқсамайды. сіз қазақ халқына аса құрметпен қарайсыз. оны сеземіз . бірақ сізден басқа Бауырларыңыз Қазақ ұлтына олай қарамайды. Көзқарасымыз ұқсамайды. сізсіз ойлап көріңізші кез келген ұлт өкілі тек тарихитарихи отанында ғана адам және ұлт ретінде өмір сүре алады. Өзге ұлт қолынан қаза тапқан боздақтарымызды санап тауыса алмаймыз. қазақтың бір ұлы жазым болса бір рулы елі қаза болады. біз қашанғы тұрмыстық кикілжің ретінде қарастыра береміз? бұл қайшылық күн өткен сайын ұлғайып келеді. жер аударылып келген этностарды қазақтар сақтап қалды ғой, бірақ олардың кейінгі буыны қазақ ұлтына, тіліне, мәдениетіне мұрнын шүйіре қарайды. қазақ жерінде өмір сүріп жатқан ұлт өкілдері күндердің күнінде ұлтаралық қатынастарды ушықтыра түсері анық дүние. себебі барлық ұлт өкілі Орыс тілінің, мәдениетінің төңірегіне топтасқан. өңтүстік облыстарда тұратын сіздің қандастарыңыз балаларын қазақ сыныбына бермей, қазақ мектебінің ішінен орыс класын аштырып, орыс тілінде білім беріп жатыр. қазақы ортада өмір сүріп жатқан қандастарыңыздың тірлігі осы. сөйтіп таза қазақ мектебі аралас мектепке айналып шыға келді. оны ақпарат көздерінен біліп отырған боларсыз. сіз бұған қалай қарайсыз?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:10

    Асылы Османова:

    - Тіл мәселесіне қатысты жоғарыда білгенімді айттым ғой.

    • #15
    • Серік
    • жм, 19/02/2016 - 17:20

    Асылы апай, әрқашан басыңызға амандық,деніңізге саулық тілеймін!
    Сұраққа келсек, менің ойымша осы 25-жылдан бері мемлекеттік тілдің өз деңейіне көтеріле алмауының басты себептерінің бірі билік басында отырған өзіміздің ешқандай намысы жоқ қара көз шала қазақтар! Тіл үйренгісі келмейтіндерді премьер министрден бастап, министр, әкім.....ары қарай тізіп көп адамдарды айта алмаыз. Билікке рак ауыруындай жабысып қалған осы проблеманы қалай шешу керек деп ойлайсыз?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:13

    Асылы Османова:

    - Алдында да айтым едім, тіл жайын, тағы айтайын. Біз 25 жыл Тәуелсіз елміз. Мен осы елдің тілінің де тәуелсіз болғанын қалаймын. Қазақ тілі үйренуге ауыр дейді. Жоқ, үйренуге ең жеңіл тіл. Егер тілді күнделікті тірлішікте пайдаланбасаңыз, оны қалай үйренесіз?! Ешбір елде жоқ тілдік проблема біздің елде бар. Ол проблема басқа ұлттардың тілінде емес, мемлекеттік тілде. Кез келген адам өз тұрған елдің тілін міндетті түрде білу тиіс. 

    • #16
    • Айбек
    • жм, 19/02/2016 - 20:29

    Аса құрметті , Асылы апа . Кейбір пікірлерге назар аудармаңыз . сізді қазақ халқы сыйлайды, құрметтейді .

    • #17
    • Камал қажы
    • сб, 20/02/2016 - 10:55

    Асылы апай! Әр елдің, әр ұлттың өз жақсысы, шіріген жұмыртқасы бар. Жақсы адам Сіз секілді қазаққа шын жаны ашитын АЗАМАТҚА артық- ауыс сөз айтпайды. Арамыздан кейбір можантопайлар мен мәңгүрттер қыңырайып сөйлесе, айып етпеңіз. Басыңыз аман, бауырыңыз бүтін болсын!

    • #18
    • АНАРБЕК
    • сб, 20/02/2016 - 17:07

    Құрметті Асылы апай, мен сізді шынымен қазақ халқын жүрегімен сүйген, ұлы даламыздың қасиетті қыздарының бірі деп ерекше құрметтеуші едім. Сіз қазақ халқының рухани дүниесіне қамқоршы болғанша, өз ұлтыңыздың қамқоршысы болғаныңыз қайырлы болар еді. Жақсыны жаратады, жаманға қиналғанда пана болсын деп, ал жаманды жаратады жақсыдан пана тауып, Жаратқанды танып, тәубе етіп жақсыдай болсын деп. Біз мінезіміз дархан, пейіліміз жомарт қазақ деген халықпыз, бабаларымыздан қалған ұлы қасиеттерімізді бойымызда сақтап келеміз. Біреудің АР НАМЫСЫНА тиіп, сен дегенді айтып көрген ұлт емеспіз, бірақ әр нәрсенің шегі болады. Сіз бауырларыңызға түсіндіріңіз - тарих ұлтыңызды неліктен этногенездік қиындыққа ұшыратканын, Жаратқан ием шектен шыққандарды ұнатпайтынын. Ұлы Абай екі нәрсенің килікпейтін жері жоқ деп айтқан, ол ӘДІЛЕТ ПЕН МЕЙІРІМ. Егер сіз осы Абай айтқан ӘДІЛЕТ пен МЕЙІРІМНІҢ сіздің ұлт пен біздің арамызда орнауының кепілі бола алсаңыз, сіз ұлы даланың мейірімімен - қатыгездікті жеңе білген ҚАЗАҚ қыздарының бірі болып қалар едіңіз.

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:17

    Асылы Османова:

    - Рахмет, айналайын. Өзге ұлттардың қазақ халқымен байланысы мәселесін жоғарыдағы сауалдарға жауап берген кезде айттым ғой. Менің ойым, пікірім - сол.

    • #19
    • Тайыр
    • дн, 22/02/2016 - 11:03

    Асылы апа, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, бақыт тілейміз! Сіз ұлт қамы, ұлттық мүдде, тәлім-тәрбие, мемлекеттік тіл деп жүрген ер азаматтардың өзі табандылық таныта алмай тайсақтап жатқан уақытта елге, тілге, қазақ халқына деген адалдығымен көпке үлгі саусақпен санарлық адамдардың бірісіз. Алла разы болсын! Аман болыңыз.

    • #20
    • Асылы апа, Бельгер аға қазақ досы
    • дн, 22/02/2016 - 18:03

    Асылы апа, Бельгер аға қазақ досы,
    Кім бүгін білесіңдер ме қазақ қасы.
    Екеуіндей қазақтарға қорған болған,
    Кім бар бүгін билікте, айтыңдаршы.

    Шенеуніктер тегісімен шүлдірлеген,
    Тіл, ділді кім бар екен бүлдірмеген.
    Тек қана Бердібек аға айтқан кезде,
    Кім екенін білесіңдер жұлып жеген.

    Бұл екеуі адамдықтың бастау көзі,
    Асыл апа Періште ананың нағыз өзі.
    Себебі ұлт болмысын түсінген жан,
    Сол ұлттың жанашыры құлақ, көзі.

    • #21
    • Төкен
    • дн, 22/02/2016 - 22:04

    Барлық естелікті уақыт өшіреді.Бір кезде қазақстаннан пана тапқан халықтардың үлкендері азайып жатыр. Олар қазақтан көрген жақсылығын ара-тұра айтып тұрады.Бірақ олардың ұрпақтары бұл туралы білмей өсуі мүмкін.Олар айналасындағы қазақтарды аутсайдер болуға жаралған деген түсінік қалыптасуы мүмкін.Осындай көзқарас болашақта әлеуметтік қақтығысқа әкеледі деп ойламайсыз ба?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:18

    Асылы Османова:

    - Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс жоқ. Бір үйдің балалары да кейде жоқ нәрсеге ренжісіп, шекісіп жатады. Ондай ұсақ-түйек нәрселерді дағарадай ғып көрсетуге болмайды. Жасым жетпіске келді. Осы уақытқа дейін ұлттар арасында жанжал туыпты дегенді естіген жоқпын. Және ондай мәселенің жоқ екенін қалай болса да дәлелдеп бере аламын.

    • #22
    • туран
    • сс, 23/02/2016 - 0:12

    казак кенес дауиринде туыскан турки халыктарымен таких, адебиет, т. б гылым саласында байланысы узилмеп еди. тауелсиз елдер атангалы байланыс узилди. Азербайжан кандас турик елине арка суйеп иран мен армянды сескендиретин елге айналып келеди. казакстан баягыша маскеуге мауилдеумен келеди. Туркилик бауырластык узилип барады. Алпауыттарга жарамсактанган Дутбай, Кулембайлардын орнын басар азулы турки окилинен (казак, азербайжан, татар, т. б тмд-гы)кандай тулгаларды атар единиз Ердоганнан баска?

    • Жауап
    • дн, 29/02/2016 - 12:21

    Асылы Османова:

    - Түркі тілдес елдердің қарым-қатынасына байланысты бірер сауал бар екен. Сол сұрақтарға өз ойымды айтайын. Қазақ айтады «бірігу – ата-баба өсиеті, бөліну – замана қасіреті». Сондықтан түркі тілдес халықтардың бірігуі, бірлігі ол – ата-бабамыз армандап келген дүние. Мәселен, түріктер латын тіліне өзге түркі тілдес халықтармен байланысын үзбеу үшін көшкен. Қазіргі кезде түркі тілдес халықтардың өзара ықпалдастығы, мәдени-тарихи байланысы күшейіп келеді. Бұл – Тәуелсіздіктің арқасы. 

Вход