"Адамшылықтың алды махаббат, ғадәләт, сезім...
ғадәләт, махаббат сезімі кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол ғақил". (Қырық бесінші сөзден).
Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Халық санағының қортынды нәтижесі бойынша, қазақтың жанбасы 26,1%-ға өсіп, 10098,6 мыңға жетті. Еліміздегі орыс диаспорасы 15,3%-ға азайып, 3797,0 мың болды.
Айтқыш екен
"Әйелдердің мерекесін сылтау етіп еркектер ішіп кетпесін"

Нұрсұлтан Назарбаев (Ақордада қыз-келіншектерді қабылдау салтанатында айтқаны)

Загрузка

Бек ДАТҰЛЫ. Санақтың нәтижесіне сену қиын

Жәрдемші


Сонымен, он жылда бір болатын халық санағының нәтижесі жарияланды. Амал қанша, санда болайық, санатта қалайық деп ұрандатып басталған шараның соңы сұйылып, жұрттың жүйкесін жұқартты. Үмітті күдік алмастырды.

Алдын ала есеп бойынша қазақтың саны өз жұртында 67 пайызға жеткенін естіп тақиямызды аспанға аттық. Алайда, қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ, сәл өтпей-ақ әлгі сан екіге кеміп, 65 пайыз болып қалды. Күйіндік. «Бұл мүмкін емес» дестік. Қазақтың санын әдейі азайтып отыр дедік. Ұлтшылымыз бар, ұлтжандымыз бар, отаншылымыз бар, әншейін ұраншылымыз бар бәріміз тұлан тұттық. Тұлданып, бұлданып алдық  та, тәуба, осыған да шүкір деп қойдық.

Сөйтіп, санақтың соңғы нәтижесін күтіп жүргенімізде арын ақшаға айырбастап жіберген Агенттік төрайымының халықты сан соқтырып кеткенін білдік. Жемқор бикештің жегені желкесінен шықсын демеске лаж жоқ - бөлінген қаржының үштен екісін қақшып кетіпті. Ару атын жамылған арсыз әйел елдің де, елдің өскені мемлекеттің мерейі деп жүрген ел ағаларының да үкілі үмітін біржола күдікке айырбастап кетті.

Статистика агенттігі халық санағының нәтижесін жариялап, ел халқы 16 млн. 196 мың 800 адамға жеткенін, оның ішінде қазақтардың саны 63,6 пайыз болғанын мәлімдеді. Масқара, әлгі 65 пайызымыз арман болып қалыпты. Агенттік басшысы Әлихан Смайылов халықты сабырға шақырғысы келді ме, әйтеуір, алдарқатып бақты. Агенттіктің бұрынғы басшылары ұрлықтарын жасыру үшін санақтың нәтижесін асығыс жариялаған, сондықтан қате кеткен, әрі 300 мың адам екі рет саналыпты дейді. Қазақтың санын тағы бір жарым пайызға азайтып жіберген агенттік басшысының ақиқаттан ауылы алыс өз сөзіне өзі сеніп отырғаны өкінішті, әрине. Жоқ, біз оны сөгейік деп отырған жоқпыз. Ондай ойдан аулақпыз, рас. Ол бар болғаны былыққа батқан мекеменің тізгінін түзеуге жіберілген мемлекеттік қызметкер ғана. Бірақ, кез келген адамның, мейлі, ол шенеунік болсын, өзге болсын азаматтық көзқарасы болуы керек қой. Әсіресе әңгіме елдің ертеңіне келіп тірелгенде.

Біздің ойымызша, санақтың нәтижесі дұрыс емес. Науқанға бөлінген қаржының үштен екісі қолды болғанын біле тұра, нәтиженің нақты емес екенін қалай білмей қаламыз?! Халық санағы біткен соң көпке дейін «мені ешкім есепке алмады» дегендердің қарасы үзілмеді ғой. Халық санағының салғырт жүргізілгенін барлық басылымдар жазды.

Агенттік таратқан мәліметке қарағанда Қазақстанның халқы он жылда бар болғаны бір миллион адамға артыпты. Ал, бұған дейін көптеген демограф ғалымдар Отанына оралған қазақтардың келгенін өсіп-өнгенімен қосқанда бір миллионға жеткенін айтып жүрген. Сонда он жылда қосылған бір миллион адам түгел қазақ болғаны ғой. Ендеше, статистикалық мәліметтегі пайыздық көрсеткіштерде қателік кеткен шығар, шамасы. Бірақ, оны кім мойындайды. Ешкім. Ең өкініштісі де осы. Жарты ай бұрын халық санағын түйіндеуге 70 миллион теңге сұрап еді Смайылов мырза. Жетпіс миллионның буы буынына түсті ме, саннан неге шатасты екен?..

63,6. Бұл санға сену қиын. Ал, сіз сенесіз бе?

Әлемде қанша қазақ бар?

 

2005 жылғы демографиялық зертетулер нәтижесіне сүйеніп шығарылған есеп бойынша әлемдегі қазақтардың саны (Статистикалық агенттік қызметкерлерінің біліктілігіне сенбегендіктен бес жыл бұрынғы мәліметті беруге мәжбүрміз):

Қазақстан 8 млн. 720 мың
Өзбекстан 1 млн. 500 мың
Ресей 800 мың
Түркменстан 90 мың
Қырғызстан 40 мың
Украина 15 мың
Тәжікстан 12 мың
Беларусь 5 мың
Грузия 3 мың
Әзербайджан 3 мың
Молдова 3 мың
Литва 2 мың
Армения 1 мың
Эстония 1 мың
Қытай 1 млн. 296 мың
Моңғолия 157 мың
Ауғанстан 45 мың
Түркия 30 мың
Иран 15 мың
АҚШ 10 мың
Германия 7 мың
Канада 5 мың
Франция 4 мың
Пәкістан 3 мың
Англия 2 мың
Швеция 1 мың
Австралия 0,9 мың
Араб Әмірлігі 0,8 мың
Австрия 0,6 мың
Аргентина 0,4 мың
Үндістан 0,3 мың

 

«Заң газеті» 09.01.2010 №19

http://zanmedia.kz/

 

 


 



Заңдары орындалмайтын, авторитарлық елде қашан дұрыс санақ өтіп еді.


Сенбеймін! Халқымыздың саны 67 пайыз!


Анекдот: Із-түзсіз жоғалып кеткен 4 пайыз қазақтар Мешімбаеваны іздеп жүр.

Тағы бір анекдот: Мешімбаева 731 млн теңгені және 4 пайыз қазақты шетелге алып кеткен.

Анекдот: Біздің мемлекет әрі санап, бері санап, сосын к. кері санап – небәрі 16 млн адамның шетіне жете алмады.

Тағы бір анекдот: Біздің жемқорлар 16 млн халықты жөндеп санай алмаса да, ақшаны бірнеше млрд-тап санай алады.


Бұл санақтың жауабын Сера батыр жақсы беріпті. Одан артық сөздің керегі жоқ. Бұл санақты байсалды деп те, шынайы деп те керек емес. Қайран, жылай-жылай рәсуә болған қазақтың ақшасы-ай!
Айтпақшы, мыңғол қазақтары жұтқа ұрынатын түрі бар. Малдары ауыр халда көрінеді. Ең болмаса сол қазақтың малын сатып алып, оларға көмек етсек, қанеки! Өзімізде ет арзандар еді. Бақташы


Бұл санға сенетін қазақ жоқ екені белгілі ғой.
Сосын, сіздің, моңғол қазағы жұтқа ұрынып жұтап жатыр дегеніңіз әбден шындық. Жұт емес күйзеліс боп жатыр моңғолда, үш жыл болды - жазында жауын жоқ, жер көктемеді, қысында қалың қар басып болмаған қатты суық болуда. Малға қараған қайран қазағым әбден шаршап есі шықты. Мен білетін бір ауылдың 1200 (төрт отбасыныкы) басты ұсақ малынан тең жартысы ғана қалды. Бұл қазіргі жағдаймен ғой, алда Алтайдың қатал да ұзақ сонар көктемі ол бар. Сонда бұл малдан ештеме қалмауы да әбден мүмкін. Бұл қандастарыңызға қолдау керек болып-ақ тұр.
Жұт жеті ағайынды демекші, Бай Өлкеде оңған дұрыс әкім ол жоқ, топас біреу ел бастап отыр. Оны тақтан түсіремін деп халық ереуілге шыққалы екі ай болды, еш нәтиже жоқ. Қырғыздар айтпақшы, ешбір майнап шыққан жоқ, майнап шықпаса шайнап шығарту керек еді. Құты қашқан елдің соры қашанда бес елі деген осы. Жұт аз болғандай тақтың өзін меншіктеп біреулер ол отыр.


Қазір бір кабинетте үш адам отырмыз. Үшеуіміз де санаққа кірмедік деп ойбайлағанымыздан не пайда? Үшеуімізді қойып, отбасымызды санағанда: менің өз отбасым мен қайын жұртымды қосқанда 11 адам, кабинеттегі бір көршім отбасы мен төркінін (әпкесі, ағалары, олардың отбасылары) қосқанда 30 адам, ал кабинеттес екінші көршімнің айтуына қарағанда ықшам аудандағы бүкіл үйлер (көпқабатты үйлерді айтып отырмын)толығымен санаққа кірмей қалған. Бұл недеген масқара! Сонда осы үшеуіміз-ақ қаншама қазақтың санаққа кірмей қалғанына куә бола аламыз.


Санаймыз деп...масқарамыз шықты деген осы... Алақандай елді санай алмау деген сұмдық қой...
Анау қалтаға кеткен ақша енді қайтарыла ма..ол да беймәлім... қара қазақты басынады да... әйтеуір жуас халық... деп...


Айғайлай, айғайлай қасқырдан ұят болды ғой! Ал ұлы мәртебелі ұры мырза былқ етер емес! Шетелдерде дұрыс команда жасақтай алмай, додада жеңіліп қалса дереу жаттықтырушыны жұлып алып тастайды. біздің ұлы мәртебелі ұры мырзамыздың (ҰМҰМ) командасы мыңдаған ұятсыздықтармен белгілі болып жатса да, шімірігер, беті бұлк етер түрі көрінбейді және ол кісіні алып тастасақ қаран қалатындай тұрымыз. Е, қойшы соны. Саясат дегеніміз арсыздық деген рас екен ғой!


"Біздің ұлы мәртебелі ұры мырзамыздың (ҰМҰМ) командасы мыңдаған ұятсыздықтармен белгілі болып жатса да, шімірігер, беті бүлк етер түрі көрінбейді және ол кісіні алып тастасақ қаран қалатындай тұрымыз"

Біздің Қазақ көңілшек қой, қайтесің кеудемізге қолын тығып өңешімізді суырып алған Ленинді жоқтап жыладық, миллиондап қырылып жатсақ та Сталинді жоқтап жыладық, жердің астын да үстін де атомымен аударып-төңкерген Кеңес үкіметін де жоқтап жыладық. Жә, оны қойдық, енді келіп қаны Қазақ баласы ұлтының терісінен таспа тіліп, қандасының қанын ағызбай жұтып жатса, не дейміз? Ештеңе. Өйткені ертең оны да жоқтап жылаймыз!!!


Бұл есектің миын жегендер енді қазақтың санын жеуге көшкен беолардан бәрін де күтуге болады.ең өкініштісі соның басы қасында қазақ азаматтары жүр ғой мәңгүрт болып кеткен


біздің бйліктегілер санапта білмейді,сауатсыздарды жинап алған.


Қазақтың санын азайтудың ар жағында үлкен саясат бар, сол саясат жүзеге асатын болса, масқара болғанның көкесі сонда болады. Неге азайып кетті? Көп адам санаққа ілінбей қалды, бөлінген ақшаны талан-таражға салған қатынның жазасы қандай? Жазасы ашық айқара айтылсын, әлде шет елден таппай қаламыз ба тағы?


Менің өз басым санаққа кірді, ал "санаққа кірмедім" құр босқа жер тепкілегендер, осы мәселеде құзіретті бар органдарға дер кезінде шағымданып, әлдеқашан тіркелуге болатын еді ғой. Өз енжарлығымыздан көрейік мұны. Ал пайыздық көрсеткішке келсек, жаман емес қазағымның саны жылдан жылға өсуде екен.


Санақты осылай жүргізу де саясат қой. 4 пайыз қазақты несібісінен қағу деген сөз. Сонымен, ІТ-технологияның даму заманында "санай" білмеу деген масқара. Сайлаудағы дауысты "санау" технологиясын қолданған шығар.


Сол 63 пайыз дұрыс болар, сірә! Қай қалаға барам да сарылар көптеп кезігеді. Өз басымды санаққа алды.
Дегенменде, ащы бір нәрсе айтайын. Бұл шындық еді. Билік айналасында ақша бар жерге оңтүстіктегі бауырларымызды жақындатуға болмайды. Солтүстік, Батыс қазақтары патриотшыл болып келеді.Елдің қамына бір табан болса да жақын. Жеке басым трайбализмге қарсы адаммын, бірақ, бұл шындық біздің батысқа да парақорлықтың улы тұқымын сеуіп кеткен, және сеуіп жатқан оңтүстіктен келген кірме басшылар. Ал сөзімді жоққа шығарып көріңдерші.
Балап қарасам, Астана жақтан небір құқы төңірегіндегі мекеме басшылығына орындарын сатып алып келіп жатұан солар. Апырмай, елдің жағдайын ойлап келсе құп қой, құлқынын бірінші ойлап келеді. Артыныан естіліп жатады, астанада пәлендей крышасы бар деп. Ал енді мамандығы саласынан дым түртпейді дейді, айтушылар. Бұдан біз қалай ел боламыз? Тіпті ел болмай ақ қояйық, қалай адам боламыз?


Енді анекдотты қойып, байыппен талдауларға көшейік. Егер біреу санаққа ілінбей қалса, оған оның өзі де кінәлі. Сол кезде санақ ауқымдарының (участкелерінің) қатынас телефондарын теледидар мен баспасө беттерінен әр күн сайын бірнеше рет көрсетіп жатты. "Хабарласыңдар, хабарласыңдар! Бұл Сіздердің азаматтық борыштарыңыз!" деп қақсап айтып жатты. Сол кезде бір рет телефон шалуға жарамағасын енді келіп, "қылышыңды тасқа шап".

"Аз халықты көп қылдым, аш халықты тоқ қылдым" деп жазған екен бұдан 1400 жыл бұрын, VIII ғасырда Көктүріктердің Білге қағаны. Тасқа мәңгілікке қашалған сол жазулар Орхон бойында әлі тұр. Дәл осы сөздерді мың жарым жылдан соң қазіргі Елбасымыз да айтуына болар еді. Алайда ондайды айта алған жоқ. Биылғы Жолдауында ол түгелге дерлік орысша сөйледі. Сол күні Қазақ Елінің басшысы төрде тұрып орысша сөйлеп жатқанда, Қазақтың тілі есіктен сығалап жылап тұрды...

Ресми дерек болғасын ендігі жерде осы сан басшылыққа алынатын болады: 63 пайыз. Яғни, 10 млн 200 мың қазақ. Бұл аз ба, көп пе. Қазақ жерінде Қазақтардың қашан соңғы рет 63 пайыз болғанын білесіздер ме. 1989 жылы - 39,7 пайыз болыппыз, ал 1979 жылы - 36,1 пайыз, 1970 жылы - 32,5 пайыз, 1959 жылы - 29,9 пайыз, соғыс жылдарында санақ өтпеген, 1937 жылы - 42,6 пайыз, ал 1926 жылы - 58,5 пайыз болыппыз. Сонда 1919-20 жылдары Қазақтар елде осы 63,6 пайыздық шамада болған. Яғни, қаншама қияметтен өттік десеңізші, осы айтылған 60 пайызға содан кейін қайтадан жету үшін аттай дәл 90 жыл уақыт керек болыпты. 90 жыл өткен соң, сол көрсеткішке, яғни 60 пайызға қайтадан толып отырмыз. 90 жылдан соң...

Негізі, санақты саясатқа айналдырып керегі жоқ. Жаныма бататыны сол - он жылда бір келетін жалғыз-ақ мемлекеттік санақты жөндеп ұйымдастырып өткізе алмаған ел - неғылған ел ол. Кейбір әулиелік сөздер халықтың санасында мәңгілікке жаңғырып тұрып қалады. Соның бірі Бұхар жыраудың: "Керей, қайда барасыңы!" еді. Оны өзгертіп, пәлсапалық астар жамап: "Қазақ, қайда барасың!" деп өзгертіп қолдандық. Шынымен де, қазір "Көк тулы елім менің, қайда кетіп барасың!"...

Демографияның өз заңдылықтары бар. Қазақтар енді алдағы 2023 жылы - 70 пайызға жететін болады. Ал 2031 жылы 75 пайызға жетеді. Содан соң, одан әрі көбеймейде, азаймайда, осы санды ұстап тұратын болады. Себебі ол кезде, Қазақстан есейген, дамыған елге айнала бастайды да, барлық дамыған елдер тәрізді жалпы халықтың өсімі тоқтала бастайды. Тек соған дейін мүмкін болғанша санымызды көбірек өсіріп алу керек. Ол үшін халықтың өсімін, көп балалы жанұяларды, жас отбасыларын, ана мен баланың денсаулығын қолдайтын мемлекеттік деңгейдегі демографиялық саясат керек. Ол болашақ үшін керек. Қазақтың болашағы үшін керек...

1897 жылы Патшалық Ресей өзінің империясында халық санағын өткізген. Оның мәліметтері бойынша Қазіргі Қазақ жерінің аумағындағы Қазақтар 81,8 пайыз құраған екен. Енді ол санға қайтадан жету мүмкін еместей көрінеді... Кейде айтмыз ғой, 1932 жылдың ашаршылығы болмағанда, қазір Қазақтардың саны - 30 млн-нан кем болмас еді. Неге олай айтамыз. Себебі, қазір әлемдегі Қазақтардың саны 14 млн. Ресми деректер бойынша (Мәскеуден жарық көрген кітаптарды айтамын) аштық жылдары халқымыз 51 пайызын жоғалтқан. Яғни, тең жартысын. Ендеше қазіргі 14 млн-ды екіге көбейтсек, сол 30 млн шығады. Алайда, олар - дүниеге келмей қалған Қазақтар..

Сосын, 1990 жылдан бері 20 жылда елге 745 мың шетелдік Қазақтар квота бойынша оралыпты. Квотадан тыс өз бетімен келгендерді қосқанда, 1 млн-дай болатын шығар. Ал олардың Қазақстанға келгеннен соңғы (мысалы, Монғолия Қазақтары 1991 жылдан бастап келді) 20 жыл бойына енді осында өсіп-өнген ұрпақтарын бұл санға қоспаймыз. Жоғарыдағы сан - шетелдік Қазақтардың шекарадан бері өткендегі саны. Себебі, елдегі Қазақтардың өсіміне де, пайызына да шетелден келген қандастарымыздың да өзіндік үлесі бар. Алайда, шетелдерде әлі 4 млн-ға жуық (3,8 млн) Қазақ бар. Алдағы 50 жылда солардың тең жартысы елге оралады деген үміттеміз...

Жоғарыдағы қонаққа. Өзі аз халықты батыс, оңтүстік, солтүстік деп бөлмесек қалай болады. Өзім оңтүстіктен емеспін, алайда, оңтүстіктің бәріне күйе жағуға болмайтын шығар деп ойлаймын. Оңтүстіктің халқы көп, әлемдегі барлық Қазақтың бестен бірі (20 пайызы) Шымкенттен (ОҚО) ғой. Оларда халықтың өсімі жоғары. Оңтүстік болмаса, қазір Қазақтың саны 63 пайыз болмақ түгілі, 43 пайызға да жете алмас еді. Сосын тағы: оңтүстіктен келген "кірмелер", шетелден келген "оралмандар", ауылдан келген "бархандар", қазақша білмейтін "мәңгүрттер", оқымаған сауатсыз "мәмбеттер" деп, одан әрі руға, жүзге, жершілдікке жіктеп, өзара бір бірімізді бөлуді қоятын уақыт жетті. "Біріңді, Қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос"...

Сонымен, ең қуаныштысы, Қазақ еліндегі Қазақтардың саны алғаш рет, Қазақ өзі Қазақ болғалы - 10 млн-ға толыпты. Есептеулер бойынша Қазақстанның 10 млн-ыншы Қазағы, ол - 2008 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген екен. Сол белгісіз сәбиді құттықтап қояйық! Қазақтың жоғын жоқтайтын Үлкен Азамат болып өссін ол, кім болса да...


Қазақ 67,8 пайыз болды деп бөркімізді аспанға етіп едік, әттең, жеткізбестер осы санды қимай отыр ғой. Бірақ та 63,6 да жаман емес. Дегенмен, Мақаш пен Әзімбай не дейді екен. Талдау жасау керек.
Бостан, Астана


Әзімбай - демограф емес. Ал Мақаш аға айтатынын айтқан. Ол кісі Қазақтар 61 пайыз болуы тиіс деп отыр. Ол туралы "Абай.кз" кезінде жазған. Міне:

http://abai.kz/node/1176#comments


Білім және ғылым министрлігінің статистикасы бойынша мектептегі оқушылардың 75% қазақтар


Оу, жігіттер 63 деген санның өзінен айналмайсыңдар ма? Аз халықты көп қылатын, аш халықты тойындыратын заман да келер иншалла! Кімнің жақсы жаманын айыратын да уақыт болар...


Құрметті Сера! Мен бөліп отырғаным жоқ, бұның арттақалушылық екенін білемін және қауіпті екенін. Бірақ, көрініс(картина) солай болып тұр. Шындыққа мойын бұрмасақ, арам өлеміз. Мен арам өлсем де, елім, халқым арам өлмесін дегенім ғой. Бұл кесел бізді құртып отырған. Парақорлық пен жемқорлық! Тіпті, халық ақшасын жеп-жеп алып биік көліктерден мұрындарын шүйіріп, менсінбей қарайтынын қайтерсің? жастардың сана-сезім осы кеселмен уланып болды. Қынжылтатыны осы!


Онда неге Шымкенттиктер гана солай жасайды да,солтустик пен батыстагылар адал деп болип корсетип отырсыз?Болгиниз келмесе жалпы парага карсы екенинизди айтыныз.Колыныздагы бес саусак бирдей ме?Озимиз азак,кешип отырган кунимиз азап,дегенмен атымыз -КАЗАК!Сол атымызга сай болайык!Онир-онирмен болиспей-ак ру-руга болинип,азап шегип отырганымыз да жетер.


Кім-кім, санақтың - экономикалық негіздеріне ешкім тоқталмай отыр. Халықты - ұлттық құрамға бөліп қана қоймай, оның сапалық құрамын ашып жазу-айту керек.Билікке - қазақ-қазақ деп жалпақшешейлікке салып отыру, жоқ жерден дау-жанжал шығарып отыру өте тиімді және ол басты саяси құрал болып табылады.2010 жылғы ең басты тақырып - жұмыссыздық. Оның ішінде қазақтардың ішіндегі сапасыз жұмыс саласында жүрген қазақтар мәселесі.Екінші - өндірістік қуат көздерін арттыру. Тамақ өндірісі. Инвестпроект, жол картасы дегендерден түк шықпайды. Қолдан емізген сүтке жарымастың кері. Үшінші - мемсаланы ықшамдандыру. Мемқызметіндегі Адамдар санын категорически қысқарту.20-30%. Санаққа келсек - қазақтар қанша %, бұл 10-шы не 11-ші мәселе.Даурығудың қажеті аз. Біз мықты елміз, мықты азаматтарымыз да жетерлік.


Жеріне қарасаң барлық жерденде атақты жегіш құрттар шыққан ғой! Руына қарасаң барлық рудан да атақты жемқорлар билікте тайраңдап жүр ғой. Бірақ бұған бола ол жер, ол ру нашар деуге қалай ауыз барады. Ұлы мәртебелі ұры мырзаның (ҰМҰМ) елі де түгел жегіш емес. Жершілдік пен Рушылдық бұл қазақты ежелден сорлатып келген нәрсе. бірақ өз жерін сүйген, өз ата тегін білген жершілдік, рушылдыққа жатпайды. Ендеше жеріне, руына емес, ол адамның жеке рухына, болмысына, тындырған ісіне қарау керек.
- Анахарсис


Қарап отырсам сендер де ақша десе елдеріңді сатуға дайын екендіктерің көрініп тұр.

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

1 + 7 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Наурыз 2010
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930311234

Айлық статистика

<<  >>




zanmedia.kz





muftyat.kz/jaris/