Қазыбек Иса. Қош бол, оп-по-зиция! | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Абұйыр, атақ сол жанда –
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
1996-2004 жылдар аралығында Ресейде білім алған қазақстандық 2 мың әскери қызметкердің оқуына 135,73 миллион доллар қаржы жұмсалған.

(Қаржы министрі Болат Жәмішовтың дерегі)

Айтқыш екен
- Мұрагеріңіз, ізбасарыңыз бар ма?
- Мұрагері-і-і-і-м-м-м... Ізбасарым жоқ. Ізіме түсетіндер көп-ау, бірақ...


Мемлекеттік маңызы ерекше мекеме басшысының мұңы

Загрузка

Қазыбек Иса. Қош бол, оп-по-зиция!

Жәрдемші


Мемлекет басқармақ Болат Әбілов

мемлекеттік тіл сынағынан қашты ма?..

Қош бол, оп-по-зиция! Бұл өздерін «Азат» деп атаған ЖСДП партиясының 12 ақпандағы сьезінің шешімімен биылғы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатыспайтындықтарын мәлімдегенде ауызға түскен алғашқы сөз еді...

Ел ішінде есімі ең белгілі оппозициялық партия, бұдан бұрын да парламент сайлауына екі рет қатысып, бір рет Мәжілістен орын алған, Президент сайлауына да түсіп, тәжірибе жинаған «Ақ жол» партиясы да сайлауға қатыса алмайтындықтарын елдің алдымен ашық айтқан болатын. Партия төрағасы Әлихан Бәйменов бұны Президент сайлауының өте тығыз, қысқа уақытта өтетіндігімен, сондықтан сайлау нәтижесі әзірден белгілі болуымен  байланыстырды. Бұдан соң әйгілі ақын, ұлтшыл-патриоттар көсемі, «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысының жетекшісі, тіркелмеген «Халық рухы» партиясы төрағасы  Мұқтар Шахановтың «Ақ жол» партиясы арқылы Президент сайлауына түсу жолы да қарастырылды.  Мұқтар Шаханов кейін  біраз уақыт ойлана келе, Президент сайлауына түсе алмайтынын мәлімдеді. Сонымен 12 ақпанда Шымкентте өткен партияның кеңейтілген Президиум мәжілісінде «Ақ жол» партиясынан ешкім кезектен тыс Президент сайлауына қатыспайтыны белгілі болды. Партия президиумында  «Ақ жолдың» 3-4 мүшесінің сайлауға түсу ойы бар екені айтылғанмен, олар да ақыры бас тартты... Бұған партияның қаржылық  жағдайы да әсер еткен секілді. Мұқтар Шаханов өзінің сайлаудан бас тартуы себебі туралы Мәлімдеме жасады. Ол газетімізде жарияланып отыр.

Ғазиз Алдамжаров басқаратын Коммунистер партиясы  сайлауға бойкот жариялайтынын о бастан мәлімдеген болатын ... «Алға» партиясы төрағасы Владимир Козлов мемлекеттік тілді екі айдың ішінде үйрене алмайтынын айтып бас тартты сайлаудан... Білген екен қасқаң, сынақтан өте алмайтынын... Қайсарлар құлап жатқанда ол қайдан өтсін... Ал діні қатты деген Жасарал Қуанышәлин бір зейнеткер шалды  сотта «жеңіп еді», жұмсарып шыға келді де, президент сайлауынан бірден бас тартты...

Енді ел о бастан  «Қайдасың сайлау?!» деп аттандап, Жармаханнан да бұрын жар салған  «Азат» ЖСДП теңтөрағасы Болат Әбіловтен үміттеніп отыр еді. Тіпті, азаттықтар президенттіктен үміткерлерін атап та қойған болатын. Сайлауға Болат Әбілов түсу үшін тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің бас тартқанын да естідік... Енді келіп, «ешкім де түспейді» деп, есінеп отырған азаттықтар көсемін көріп апам да аң-таң, мен де аң-таң...

Болаттың «болмаймын да, болмаймын» деп, сайлаудан қашуын ел сан-саққа жүгіртіп отыр. Олардың «билік біздің қатысуымызға зәру» дегені өтпей, отырып қалған кәрі қыздың «мен ешкімге тимеймін» дегеніндей аянышты естіледі екен... Ертісбаевтың құлағына алтын сырға... Сондықтан, бұл бәлсіну нұсқасын сөз етпесек те болады...

Ең көп айтылып жатқан нұсқа және сенімділеуі - мемлекет басшысы боламын деген Әбіловтың мемлекеттік тіл сынағынан қорқуы. Бұның жаны бар. Себебі «Азаттың» Астанадағы филиалын басқаратын экс-сенатор, экс-президенттікке кандидат, «Кенесары хан» қорының төрағасы Уәлихан Қайсардың партия төрағасынан бұрын, ең бірінші Президенттікке кандидат атанып, бірақ қазақ тілінен құлап қалғаны біраз саясаткерді састырып тастады... Қазақша сайрап тұрған Қайсардың өзі құлап жатқанда, Бутяға бұл сынақ оңай соқпасы анық.  Болат  мемлекеттік тілді соңғы жылдарда  ғана үйренді. Расын айту керек, мен өз басым оның алғырлығына өте разы болдым. «Миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын» деп парламентте мәлімдеген экс-министр Ерлан Ыдырысовтардан Құдай сақтасын... (Бізде қазақ тіліне миы жетпегендер қазақ министрі болып жүре береді, ондай сауатсыз «мүгедектігін» парламент партасындағыларға  мәлімдесе де...) Болат бірақ, қазақшаны Қайсардан артық біле қоймайтын шығар деп ойлаймын. Ал Ертісбаевты жолда қалдыратыны анық... Қазақшасы «Алға» партиясы төрағасы Владимир Козловтан да, тіпті Ресей Президенті Д.Медведовтан да кейін, «нан бер» дегенді айта алмайтын Ғани Қасымовты айтпағанда...  Айтпақшы, сол Қасымов баяғыда Президенттікке кандидат болып, бар бітіргені эфирде стақан сындырып, көк базарда көрінген шалдың сақалына жармасатын кезінде қазақ тілі сынағынан қалай өткеніне таңым бар... Әрине, билікке өз ана тілін, мемлекеттік тілін білмейтін, патриоттықтан жұрдай «Патриоттар» партиясы «көсемінен» гөрі қайсарлығы басым  Қайсарлар қауіптірек болуы керек... Қайсардың жіберген 28 қатесінің ішіндегі 10  стилистикалық қатеге дау айтуға да болады... Өйткені, стилистикалық қателер мамандардан да, тележурналистерден де, көптеген филология ғылымы докторларынан да кете беретіні күнделікті редакция жұмысынан біліп жүрміз... Баяғыда, осыдан 20 жыл бұрын Алматыдағы «Жас қазақ» газетіне шалғайдағы Шардараның Қызылқұмынан келген мамандығы суретші журналист менің өзім сол кезде бір халық жазушысының газетке берген мақаласын стилистикалық жағынан түзеп жазып шығып, таң қалғаным бар...

Қайсар өте алмаған сынақтан президенттікке кандидаттар Қанат Төрегелдиев, Мұсағали Дуамбеков  пен Сәлім Өтен өте шықты...

Асатаяғын ұстап, аттандап келіп, тіркелген Амантай қажы екі ретте де емтиханға келмей қалды... Шамасы,  бағдарламасындағы байға тимеген бес жүз мың қыздың шаруасын шешуге әлден кірісіп кеткен болу керек... Қуалап жүріп, тауып алып: «Қайда жүрсіз?» деген КТК тілшісіне: «Емтиханның соңғы күні барамын. Бірақ бұл комиссияға емес... Олардың орнында  Молдағалиев, Тасмағамбетов, Мұхтар Шаханов, Сариевтер отырсын»...дейтін көрінеді...

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та емтихан тапсырды ел қатарлы... Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ресми орындарда көп қолданбайтыны болмаса... еркін сөйлеп, еркін жаза беретіні белгілі. Көптеген қаламгерлерге өз қолымен жазып берген тілек, лебіздерін кейде әуестігім оянып, әдейі қараймын. Бір қате жібермейтініне разы боласың... Сондықтан да Президенттікке кандидат Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл сынағынан 5 алып шықты... Бұған әрине, елден бұрын сол комиссия, әсіресе, оның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков алақайлап қуанды... «Конституцияда «қазақ тілін еркін білу керек» деген. Мен айтар едім, Елбасымыз  «мүлтіксіз меңгерген» деп...»-деп, сол арада бірден Конституцяға «өзгеріс» енгізіп жіберді... (Лингвистика комиссиясы төрағасының «мен айтар едім, Елбасымыз мүлтіксіз меңгерген деп» деген сөзінде де, стилистикалық қате бар, орысша құрылым... «Мен  Елбасымыз мүлтіксіз меңгерген деп айтар едім» деп айтылу керек...)

Осы арада айта кету керек, Президенттің өзі мемлекеттік тілден сынақ тапсырып жатқанда, депутаттыққа кандидаттар мен үкімет мүшелерінің, Ақордадан ауылға дейінгі мемлекет қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен көпшілікпен жұмыс істейтін барлық мекемелер қызметкерлерінің әлі күнге дейін, 22 жылдан бері қазақ тілін табанға таптап жүруі өзін сыйлайтын намысы бар ешбір елде кездеспейтін сорақы да, аянышты жағдай. Турасын айтқанда бейшаралық!

 

«Азатқа» ғана емес...қазаққа керек кеңес!..

Ал енді Болатымыздың «болмаймынына» қайта оралайық... Ия, ертең лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай мырзаның қолына айқайлап жүрген «Азат» партиясының  көсемі Әбіловтың қып-қызыл шимайға толы  қатесі бар шығармасы түссе, құдай берді дей беріңіз... Көсемімізге жағынушылардың көсемі Мырзекең Болат Әбілов Уәлихан Қайсар секілді карсы болып, сотқа бермесе де, дереу баспасөз мәслихатын өткізіп жіберіп, қатеге толы парақты елге қайта-қайта көрсетіп, сайрайтыны анық... Оны телеарналар күндіз-түні жарысып көрсетіп жатса,  Әбіловтың әбүйірі не болатынын ойлай беріңіз... Сондықтан Болаттың сайлауға қатысуына зәру билік емес, оны Қособада қосауызбен күтіп отырған тек Мырзатай мырза ғана. Яғни, бұл бас тартуға болашақ «бас тартылудан» айырылған  Жолдасбеков қана өкінішті... Бұл бір деп қойыңыз...

Екінші, партияда бірауыздық жоқ деген де сөз бар... О бастан бері екі-үш рет партия атын ауыстырып, екі-үш рет ажырасып, қайта қосылған тұрақсыз «неке» тағы да сыр беріп қалуы кәдік. Оны Болат Әбіловтың Президент сайлауы жарияланбай жатып «Мен түсемін» дегені мен Жармахан Тұяқбайдың «Біз әлі бір шешімге келген жоқпыз, оны партия президиумы шешеді» деп, басқа пікір білдіруінен де байқауға болады... Ал бұл екі төрағаны да аттап өтіп, сайлаудың тіл сынағынан құлаған Уәлихан Қайсардың тірлігі анау... Оған Әбілов «сиезге келмей-ақ қой» деп сәлем айтып, оны партиядан шығару мәселесін қолға алып жатыр. Ал Қайсар «Азат» партиясының Ақордамен тығыз байланысы барын, сондықтан биліктің тапсырмасын орындап отырғанын мәлімдеуде...

Айтпақшы Жармахан Тұяқбайдың өзі неге түспейді?  Мейлі, Жармахан жағдайын ойлап, Болат тіл сынағынан басын алып қашып, бас қатырып жатса, бас хатшы Әміржан Қосанов бар емес пе? Мамандығы журналист, өзі ақын, яғни қазақ тілі сынағынан қалқып өтеді. Комиссиядағының бәрі, Мырзатайдан бастап өзінің ұстаздары... Ермұрат Бәпи туралы да осылай деуге болады...Бірақ екі төраға да өздері болмаса, бас хатшыға да, басқаларға да баталарын бере қояр ма екен... Міне, мәселе қайда жатыр... Ал Ораз Жандосов пен Төлеген Жүкеевтер баяғыда-ақ партиядан іргесін аулақ салған...

Осындай берекесі қашқан оппозиция (жоғарыда аталған партиялар мен саясаткерлер) Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың ащы мысқылына азық болуда. Ертісбаев таяуда «Азатқа» ғана емес...қазаққа керек кеңес айтты!  Ерекең шынында ер екен:  «Билікті сұрап алмайды, тілемейді... Егер ол жұмыс істейтін опозиция болса, ол билікті өз қолдарына алады. Өз жақтастарын жинап, Шеварнадзені қуған Саакашвили секілді, Қырғызстандағы сияқты, Украинадағыдай... Ющенко мен Тимошенколар дауысты қайта санауға және дауыс беруге мәжбүретті.Байыпты оппозициялық қызмет ынтамен жұмыс істеуді талап етеді. Ал «Азат» партиясындағы әрекеттің бәрі оппозиционерлердің ролін ойнайтын әртістер жиналған театр»-деп төбеден ұрғандай солқ еткізді...  («Коммерсанть»). Шамасы, шаппай тұрып, шаршап қалған оппозицияның былқыл-сылқылына күйіп кетіп...тіпті өзінің оппозиция емес...Президент кеңесшісі екенін ұмытып кеткен болу керек... Сарай бұлбұлын «бос мылжыңдай береді» деп сынаған Болат Әбілов туралы Ерекең: «Оның көздегені  Президент болу ма, әлде президент  кеңесшісі болу ма, дәл анықтап алсын. Әдетте тәуір Президенттікке кандидат сын садағына Президентті алады... оның кеңесшісін емес...» (Литер) деп, тіпті соқырға таяқ ұстатқандай етіп... сойып салды...

Қысқасы, ақырында ешкім де сайлауға түспейтін болған съезд шешіміне наразылар көп... Интернеттегі «qazaq» блогы (Зона.кз) бұған «Азаттың» қаржысы аздығын  да себеп қылып кетіпті. Партия «Көктемгі шақыру», «Күзгі шақыру» кезінде (әскерге шақыру деп ойлап қалмаңыз... қол жинаған акциялар) жұмылдырылған жергілікті партия белсенділеріне бір жылдан бері әлі қарыз көрінеді. Ал партия мәлімдемесіне қарасаңыз, барлығы дайын, сақадай сай, үміткер үкілеулі...  Бірақ іс жүзінде түк те болмай шықты...  Демократиялық күштердің ақырғы үміті «Азат» майдан даласын тастап қашты...

Қош бол, майдан!. Қош бол, оп-по-зиция!..

Қазыбек ИСА

«Жас қазақ үні» газеті

 


 




Қазыбек Иса ешкімді де аямапты. Күйіп кеткен ғой...Ашық айтқан, айшықты мақала екен... Шындық осылай болып тұр ғой...өкінішке орай... Ел енді кімді қоспақ бәйгеге, кімге дауыс бермек... Маханбет.



Қазыбек Исаның мақаласы гәп жоқ, жақсы жазылған. Сілтемелерді де дұрыс көрсетіпті. Бірақ орыстіліндегі дереккөздеріне ғана сілтеме жасаған. Мырзатай Жолдасбековтың сөзін осы "Абай.кздан" алып отыр ғой, бірақ "Абайды" атамапты. Дәурен, Қазыбектен сұрашы, неге "Абайға" сілтеме жасаған, әлде бұл орыс газеттеріне ғана бағынып қалған халдің көрінісі ме?

Жомарт Қали



Сыныңыз орынды. Сілтеме көбінесе, даулы мәселелер қозғалғанда көп жасалады ғой. Бірақ тек орыс тіліндегілерге ғана деуіңіз орынсыз шығар, қазақ тіліндегі блокқа да(qazaq) сілтеме жасалған...



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Казыбек ага керемет жазгансыз!.. Дәл айтылатын уақытында айтылды!..



Мақаладағы жағымды кейіпкер булбул екен - "...Ал «Азат» партиясындағы әрекеттің бәрі оппозиционерлердің ролін ойнайтын әртістер жиналған театр»", бұдан артық не айтуға болады? Көреген саясаткер болар болса, алдымен келешекті бағымдап, сол елдің тілін үйренбек болар еді. Билік тілімізді қолжаулыққа айналдырды деп, сол саясат мәңгі тұрады деп ойллайды ма екен? Қалың қазаққа жақындап, тіл, дін, діліміздің мүшкіл жағдайларын зеріттеп, сол арқылы халықпен бірге шығар болса Шахановтың орнында сол тұрар еді. Мұхтар саясаттың адамы емес. Бұл Болат туралы жазғаным Тоқтар ағамызға да қатысты, саясатқа барған адам қазақ болуы керек, Бұл Құдайдың құдіреті, орыс тілінің күні батып барады. Ана тілінің киесі ұрды деген сөз бұл - сол тіл арқылы бір-біріне тор құрамын деп , сол торға өзі түсті, отырсын енді зейнеткерлермен, жұмыссыздармен, гүл терушімен, дебатқа түсіп. Тілге немқұрайлық танытқан Болат - "өзіме де жоқ, өзгеге де жоқ" тың керін байқаттып отыр. Басқаларында қаржы қолбайлау. Осылай сайлау туралы жыр тәмәм, қазағым болсын тек аман. Жаушы.



Пікір алынып тасталды!



Қазыбек тура, әділ жазған. сіздің ойыңызша ең басты сайлауда оппозиция қол қусырып қарап отыру керек пе? Мерзімінен тыс сайлау оппозицияны неге қорқытуы тиіс... Басқа уақытта олар шошқа тағалаған ба? Егер алда да...Президент аяқ астынан, мерзімінен бұрын жұмысын тоқтататын жағдай болса,,, оппозиция "жоқ, бұл сайлаудың өз мерзімі емес..." деп бас тарта ма?
Сіз айтқан, сізден ақылды ауылдастарымыз "жалғыз сиырымен жағаласып, теледидар алдында отырып-ақ әлде қашан әңгіме етіп жүргенде" олар оппозицияның қайткен күнде де сайлауға қатысуын, президенттен басқа дұрыстау саясаткерге дауыс беруді қалап отыр... Сіз секілді бір адамның ғана жағдайын ойлап, соны қорғаштап, оппозицияның сайлаудан бас тартуын қалап отырған жоқ. Абай.



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



...ары қарай тағы бір аз ойлансаңыз, сайлаудан оппозицияның бас таруы, құрған тұзаққа түспей, сіз айтып отырған бір адамның басына салыпып қалған шоқпармен бірдей екенін аңғарған болар едіңіз. мұны ысылған айлакер Ертісбаевтің бұтына шоқтүскендей шулатып, мәлімдеме жасауынан аңғаруға болар еді. жасаған болжамдарымыздың жауаптарын алдағы күндерде алатын боламыз. Абай, сізбенен ой бөлісіп отырғаныма қуаныштымын.



Сіздің айтқаныңызды да ойланып көруге болады екен... Бірақ сайлау деген ел тағдыры шешілетін саяси дода ғой. Қансонар, аламан бәйгеге де ат қоспай отыра алмаймыз, бұған қалай қарап отырамыз...Абай.



Ай жігіттер айдың күннің аманында руға-жүзге бөлінгендерің не? Соңғы қонақ Адайдың жігітіне басалқы айтамын деп, рушылдықты одан сайын ушықтыра түсіпсің... Мен де Орта жүздің баласымын. Адай жігіттің айтқаны шамымызға тисе де, айтпас жерде тілімізді тартуымыз қажет... Қазақтың осы ауруы қозса, бәрі тас-талқан болады, оны таратып айтпай-ақ қояйық, сондықтан, айналайын бауырлар үй сыртында кісі бар екенін ұққандарың жөн, тілдеріңді тарта сөйлесеңдер...



Жөн сөз. Ру аралық айтыс-тартысқа ұрынбаңыздар! Ұлттық тұтастық үдесінен сөйлеңіздер!



Айтқыш екен
Бiзде ЦИК әдiл, қатал-нақ,
Кажыға бермес, "бата" алдап..
Президент болса, Амантай,
"Нұр Отан" қалай аталмак,
Амантайдын нур отанга не катысы бар, кыртпасаншы! Бояушы дегенге777



"Казактын 55 пайызын Орта Жуз курайды" 55 пайыз мықТЫ керемет болсаң қайда жүрсін. Тары терген тауық болып. Аулаңнан шығып, үре алмай жүріп, Батырыңның құнын әлі күнге дейін өндіріп ала АЛМАЙ, қатын болып жүріп бұл НЕ сандалғаның. СЕНдей жасық боркеміктер кімге ақыл айтып, үйінен шыға алмай отырып ҚАЗАҚтың қазанын қайнатқысы келеді. Сәуең болса тесігіңді тығындап ал. Жығылып жатқан, сүрініп кеткенге күлмес болар...



Мақаланың мықтылығында шек жоқ. Президент боламын деп алашапқын болып жүрген амантайлардан "Өлген арыстаннан тірі тышқан артық" дегендей президентіміздің тышқан боғына татымайтын шүршіттерден "үйреніскен жау атыспаққа жақсы" дегендей өзі дұрыс. Тек 20-30 "үміткер" түсіп кәнігі президентіміз шүршіттерді жеңіп шықты деген қаңқу сөз жүрегіне зақым келтірмесе болғаны. Оп-по-зи-ция жоқ деп қайғыр ма, ИСА батыр! Қайта қуан. ОЛАР БАЯҒЫДАН ЖОҚ. Салмырза



Жігіттер, Адай руынан шыққан Шымкенттік деген ПРОВАКАТОР екенін қалай түсінбейсіңдер? Ол әдейі іріткі салып отырса, сендер желігіп мықтылық айтасыңдар. Ол мәз. Ол Адай да емес, Шымкенттік те емес, сайқал қатын. Ондайларды ұстап алғанда көтіне ағаш тығып бажылдатыңдар аямай. Қазақтың қара баласы.



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Қазекеңе осы мақаланы диктовать етіп жаздарыған Әлихан Байменов еді. Менің танысым сол кезде екеуінің жанында болды. "Жас Қазақ" үні байғұс Байменовтың ақшасына күн көріп отыр. Бірақ Қазыбек өзі бұрын 2004 жылы "Ақжол" партиясы атынан Болат Әбілевтің ақшасына парламенттік сайлауға кандидат болған. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болған байғұс жандайшаптар.



Қазыбек біреудің диктовкасымен жазатын сен сяқты байғұс емес, сені танып отырмын(құлағыңнан). Ендеше мен "Ақ жолдың" басшыларының бірінің Қазыбекке: "Бізден бастап бәрімізді сойып салыпсыз ғой" дегенінде қасында болдым... Екіншіден "Жас қазақ үні" газетін қаржыландыратындай "Ақ жолда" қаржы жоқ. Үшіншіден, 2004 жылы Қазыбек "Ақ жолдан" емес, тәуелсіз түскен сайлауға.қорытындысында "Ақ жолдың" мүшелерінен сайлауға түсіп, билік кедергісімен өткізбей тастағандардың ішінде ғана бірінші орын емес(Нұртөре Жүсіп."Жас қазақ") жалпы сайлау бойынша бірінші орын(негізі 83 пайыз, биліктің белгілегені 46,7пайыз, өткен "отандық" депутаттыке 51 пайыз) алды. Төртіншіден, Сол жолы Қазыбекке "Отан" партиясына өтсең, ел сені қолдап тұр,депутат боласың" дегенде: "Мен Аяшев емеспін" деп өтпей қойған... Біреудің тарысын аңдыса, солай қарсы болар ма еді, депутаттыққа қолы жетіп тұрғанда... "Танысым Көріп тұрды" деп... көпе-көрінеу жала жапқанда құдайдан қорықпайтын қандай күнәһар бәлесің...



Жала жапқышты Құлағынан танығаныңа қарағанда ол бір жануар болды ғой шамасы... "Танысым көрді" демей", "Өзім көріп тұрдым " деп те айта береді бұндай жануарлар...



Пікір алынып тасталды!



Өте дұрыс айтасыз. Осы байламға тоқтап, бөлінуді тыю керек жігіттер.



Анықтап алатын мәселе бар. Мен Болаттың да Әлиханның да жағында емеспін. Мен мәселенің кәсіби талқылану жағындамын. Иса мырза кім, өзі? Саясаткер ме, саяси технолог па, саясаттанушы ма? Егер саясаткер болса, өзінің досы Әлиханды ақтап алып, Болатқа шүйлігуі түсінікті. Партияаралық тартыс. Ал саяси технолог және саясаттанушы (саяси журналист) болса, талдауының сапасы түкке тұрмайды. Оппозиция құрығанда бәрі бірге кетіп отырған жоқ па? Ә.Бәйменов те түспейді екен сайлауға. Ендеше неге сонша Әбіловке шүйлігеді? Сайлауға қатысу саяси күрес болса, билікке ықпал етудің бір шарты ретінде одан бойын аулақ салу әдісі де саясаттану тәжірибесінде бар. Қазіргі жағдайда Ертісбаев өз агрессиясының арынын басып, бәсекелестерінің қолтығына ши жүгірте бермей, «Азат» өкілінің сайлауға түсуіне барынша жағдай жасап, солау болғызуға тырысуы керек. Себебі олардың қатысқаны, ең алдымен, «Ақ Ордаға» керек. Сайлау нәтижесінің легитимділігін күшейту үшін. Егер бұл арадан «саяси өлік» іздесе ол өзінің досы Әлихан. Не ақшасы жоқ, не ықпалы жоқ. Әнеукүні референдумды қолдап, масқараға ұшыраған жоқ па? Кәнігі саясаткер Әлекең оңбай алданды. Оны өзі іштей мойындар. Мені толқытатыны: «Азат» пен Ақ Орданың арасында келісім керек. Ел үшін. Сонша қаржы жұмсап отырған сайлауымыздың күні ертең тәлкек болмауы үшін. Елбасының абыройы үшін. Басқа Қазекеңнің мақаласынан ой түйген жоқпын. Бөкеңнің қазақ тіліне қырын қарауы оның өзінің саясаткер ретіндегі болашағына салақтығынан. Болмаса, дәл осы мәселеде Әбілов Мәсімов пен Ертісбаевтан үлгі алуы керек – ақ...



Әлихан "Абай.кз"-тегі интернет-конверенцияда өзін "саяси өлік" деп қаралағандардың сазайын берді бір-ақ ауыз сөзбен. Сауатың болса, санаң болса, тауып, оқып ал...www.jasqazaquni.kz сайтынан да қарауға болады... Ал "Басқа Қазекеңнің мақаласынан ой түю" үшін баста ми болу керек, аз болса да...



"Ендеше неге сонша Әбіловке шүйлігеді?"-дейсің Қазыбекті. Ол барлығын да сынап отыр ғой. Ал Әбіловке жеке тоқталса оны "демократиялық күштердің соңғы үміті " деп үміт артқаннан тоқталып, ерекше бағалағандықтан сайлаудан қашуына күйініп отырған жоқ па? Бұны түсіну үшін көп қазақша білудің керегі жоқ қой...



Ия, дұрыс айтасыз. Қазыбек Исаның Болат Әбіловты демократтардың ақырғы үміті деп, оппозицияның ішіндегі сын айтуға лайығы деп танып, қайрап отырғанынан не жамандық іздеп отырсыз. Қайта қуанбайсыз ба?



Және көп мидың да керегі жоқ бұны түсіну үшін...



Пікір алынып тасталды!



"Еее, бәрін айтта, бірін айт" дегендей, Алтынбек Сарсенбаев туралы "неше түрлі пікір" жазушылар мойындамасаңдар болмас, ол кісі кеткелі оппозиция, нағыз "қашпазиция" болып кеткелі 5 жыл болғанын енді ішің сезер-ау. Олардың қазір өзі не, сөзі не?



Ел ішінде есімі ең белгілі оппозициялық партия, бұдан бұрын да парламент сайлауына екі рет қатысып, бір рет Мәжілістен орын алған, Президент сайлауына да түсіп, тәжірибе жинаған.........
-----------------------------------
"Ел ішінде есімі ең белгілі оппозициялық партия..."
Ғайыптап тайып, Бәйменов президент болып кетсе, Қазыбек Әбіш ата сияқты қол сүйгіш болайын деп-ақ тұр-ау шамасы.



Пікір алынып тасталды!



Қазыбек аға, жарайсыз, азамат-ақ екенсіз. Қазақтың әр көзіқарақты қара баласы қазағы үшін тап сіз секілді шын шырылдап,таза қайғыра алса еліміздің маңдайы жарқырар-ақ еді. Айтқаныңыздың бәрі рас, шындық. Қасақана қарсы пікір айтып, шәуілдегендер болса - қасақана қазақтың миын ашытып, Құдайдан қорықпаған имансыздар. Алла сізге жар болсын!



Оппозицияға:
"Қатарың қалмай шауып баратқанда
Арқаңның не жыны бар қозбайтұғын?!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Саяси партияның негізгі мақсаты-сайлау арқылы билікке келу. Ал президент сайлауы-ең басты сайлау. Сондықтан уақыт қысқа болса да, партиялар елге үндерін естіртіп, ел еңсесін көтеріп қалуы керек еді. Сайлауға қатыспағанды -байкот деп өздерін жұбату мықты партия ісі емес. Онда референдум өткізе салу керек дегендердікі дұрыс болып шықпай ма?



Лақ құрлы тұяқ серіппей өле берген қандай оппозиция? Митингі жасап, көшеге , алаңға шықпайтын бұл байғұстар 2030-ды күтіп отыра бере ме сонда... билікке де сол керек, олар қуанып жатыр, Ертісбаевта ес жоқ, "Біздің оппозицияның түрі осы деп... Олардың бүйтіп, сайлауға қатыспай сақтап қалған "келбетіне" елдің қарағысы келе ме енді...



Пікір алынып тасталды!



Арекеңнің арыны қатты, бірақ шындықты айтып отыр. Ия, мақала өткір жазылыпты. Қазыбек Иса күйгеннен қамшы басып отыр ғой... Абай дұрыс айтады, майданнан қашқандарда қандай "келбет" қалды? Сәкен.



"...Осы арада айта кету керек, Президенттің өзі мемлекеттік тілден сынақ тапсырып жатқанда, депутаттыққа кандидаттар мен үкімет мүшелерінің, Ақордадан ауылға дейінгі мемлекет қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен көпшілікпен жұмыс істейтін барлық мекемелер қызметкерлерінің әлі күнге дейін, 22 жылдан бері қазақ тілін табанға таптап жүруі өзін сыйлайтын намысы бар ешбір елде кездеспейтін сорақы да, аянышты жағдай. Турасын айтқанда бейшаралық!" Бұл енді кезек күттірмейтін ащы шындық...



Кезек күттірмеуді айтасың, бұл кемінде 15 жылға кешіккен масқара жағдай.



«Билікті сұрап алмайды, тілемейді... Егер ол жұмыс істейтін опозиция болса, ол билікті өз қолдарына алады. Өз жақтастарын жинап, Шеварнадзені қуған Саакашвили секілді, Қырғызстандағы сияқты, Украинадағыдай... Ющенко мен Тимошенколар дауысты қайта санауға және дауыс беруге мәжбүретті.Байыпты оппозициялық қызмет ынтамен жұмыс істеуді талап етеді. Ал «Азат» партиясындағы әрекеттің бәрі оппозиционерлердің ролін ойнайтын әртістер жиналған театр». Ертісбаевқа рахмет. Бұдан артық не десін енді... Өзі жасап беретін болмаса оппозицияға осы айтқандарын...

 

Мұрағат

Мамыр 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
0123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031123

Айлық статистика

<<  >>