Сенбі, 23 Қараша 2019
Алаң 618 6 пікір 7 Қараша, 2019 сағат 10:58

«Банктер айналымдағы бос ақшаны экономикаға жұмсауы керек»

«Ақ жол» партиясы банктердің айналымдағы бос ақшаны экономикаға жұмсауын талап етеді. Ол үшін – Ұлттық банктен берілетін ноталарды шектеп, екінші дейңгелі банктердің кірісін азайту керек. Бұл туралы Азат Перуашев Мәжілісте бюджетаралық қатынастарды жақсарту жөніндегі заңнаманы талқылау барысында айтты. Аталмыш заңнама бойынша шағын және орта бизнестің корпортивтік табыс салығының пайдасы жергілікті бюджетке түсетін болады. Бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы органдардың шағын және орта бизнесті дамытуға қызығушылығын арттырады.  

«Экономиканы дамыту үшін шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетке өткізу жеткіліксіз. Өйткені, қаржылық, инвестициялық және салықтық саясат сынды тетіктер орталықта орналасқан», - деп атап өтті Азат Перуашев. 

Экономика министрі спикердің кәсіпкерлерді екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіруді активизациялау туралы сұрағына жауап бере алмады. Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің орнына, Ұлттық Банкке 9% үстемемен нотаға ақша салуды жөн көреді. Нәтижесінде, олардың несие мөлшерлемелері Ұлттық Банк ноталарынан әлдеқайда жоғары болып отыр. 

Мәселені шешу үшін Экономика министрлігі Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, екінші деңгейлі банктердің нота алуына шектеу қою керек. Сол кезде екінші деңгейлі банктер өздеріне кәсіпкерлерді тартуға мүдделі болады. Олардың қаражаты мемлекеттің банк секторын қолдау аясы шеңберінде немесе ұлттық компаниялардың депозиттерінен келетіндіктен, олар мемлекет пайдасына жұмыс істеуі керек. 

Азат Перуашев: «Үнемі шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде айтылғанымен, барлық жеңілдіктер орта кәсіпкерлікті айналып өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің қыркүйектегі Жолдауында да айтқан болатын», - деді. 

Егер инвестиция ірі бизнеске құйылып, ал салықтық жеңілдіктер шағын және микро бизнеске қарастырылғанын ескерсек, орта бизнес олардан шет қалуда. Сондықтан, орта бизнес үшін де оңтайлы жағдай ойластырылып, салалық қосымша құн салығы мөлшерлемесі секілді жеңілдіктер қарастырған жөн. 

Экономика министрі орта бизнестің шағын бизнеске ауысу қаупін жоққа шығарып отырғанымен, еліміздегі кәсіпорындардың саны 8,7 мыңнан 2,5 мыңға түскенін айту керек. Бұл 3 есе кеміді деген сөз. 

Орта бизнесті қолдау арқылы жастарға жұмыс орындарын ашып, салық базасының резервін кеңейтіп, тенгенің тұрақталуына септігін тигіземіз. Осыған орай, Үкіметтен аталған ұсыныстарды ескеруін сұраймыз, - деді партия жетекшісі. 

«Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

Abai.kz

6 пікір