Жексенбі, 15 Желтоқсан 2019
290 0 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 09:41

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нидерланд Корольдігінің елшісі Андрей Карстенс, Мажарстан елшісі Антал Хейзер, Грекия Республикасының елшісі Адам Георгиос Адамидис, Египет Араб Республикасының елшісі Манал Ехия Әл Шиннауи, Катар Мемлекетінің елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Джасем Маджид Әл-Румейхи сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, игі миссияларына табыс тіледі.

Салтанатты шара барысында Президент шетелдік дипломаттармен шағын сұхбат құрды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд елшісіне аталған мемлекет Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін айтты.

– Біздің еліміздің «Шелл» және тағы да басқа ірі мұнай компанияларымен қарым-қатынасы өте жақсы. Мұндай ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Біз Нидерландының Қазақстанмен тығыз ықпалдастық орнатуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіздің инвестициялық әлеуеті орасан зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Антал Хейзермен кездесу барысында Қазақстанның Мажарстанды Орталық Еуропадағы және Еуропалық одақ аясындағы негізгі әрі маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Президент Мажарстан Үкіметінің Будапештте Түркі Кеңесінің офисін ашу жөніндегі шешімін құптап, оған тарихи әділеттіліктің орнауы деп баға берді.

– Екі ел арасында гуманитарлық байланыстар нығайып келеді. Ал экономика саласы бойынша даму қарқыны өте жоғары. Біздің үкіметтеріміз бірге жұмыс атқаруға ерекше құлшыныс білдіріп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Адам Георгиос Адамидиспен әңгімелесу кезінде Қазақстанның Грекиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға зор мән беретінін айтты.

– Біз Грекиямен осыған дейін қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі өркендетуге зор қызығушылық танытамыз. Сіз елші ретінде екі ел арасындағы байланысты әрі қарай дамытуға елеулі үлес қосасыз деп ойлаймын, – деді Президент.

Египет дипломатиялық миссиясының жетекшісін қабылдау сәтінде Мемлекет басшысы Президент Абдель Фаттах ас-Сисидің 2016 жылғы Қазақстанға жасаған сапары табысты болғанын атап өтіп, оған ізгі тілегін жолдады.

– Елдеріміз екіжақты қатынастарды дамыту бағытында оң нәтижелерге қол жеткізді. Халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымы ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Катар елшісіне 2019 жылдың маусым айында Душанбеде өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті аясында Әмір Тамим бен Хамад Әл-Танимен табысты кездесу өткізгенін айтты. Сондай-ақ аталған елмен ынтымақтастықтың нығая беретініне сенім білдірді.

– Біз Qatar Airways компаниясының Нұр-Сұлтан мен Доха арасында әуе қатынастарын іске қосу жөніндегі шешімін құптаймыз. Мемлекет басшысы ретінде өзім және Қазақстан Үкіметі Катармен байланыстарды нығайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Abai.kz

0 пікір