Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 2811 5 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 10:57

Атқаныңа емес, қорғағаныңа мақтан!

Мына фотода біздің журналист шәкіртіміздің бірі тұр екен. Бас-аяғын қиып тастадық. Өз суретін өзі танитын шығар. Мұншалықты мақтаншақ деп ойламап едік. Елге істеген қызметімен мақтансын. Көптен озған сюжет, телехабарымен мақтансын. Жарлы-жақыбайға жасаған жақсылығымен мақтансын. Өнегелі ұл-қыз тәрбиелегенімен мақтансын. Ал, бейкүнә құсты атып алып, мақтанып тұрғаны үшін бауырымызды жек көріп кеттік.

Сол сияқты Павлодар облысының әкімінің Болат Бақауов деген азаматты жек көреміз. Бізге еш қастық жасаған жоқ. Тіпті, жүздескен жан емес. Ендеше неге жек көреміз? Әлеуметтік желіден екі автомашинаның алдын қаз-үйрекке толтыра тізіп, бірнеше жігіттің ортасында тұрған фотосын көргенбіз. Қаншама қаз-үйректі қырып тастаған. Обал ғой. Соншалықты аш жүрген жоқ шығар. Ауылы, ағайыны тамақсыз қалып, Бақауовтың қанжығасына телміріп отырмаған шығар. Бір үйір қаз, бір үйір үйректі атып алғаннан бұлардың бүйрегі майланбаған шығар. Енді ештеңе болмағандай облыс басқарып отыр.

Рас, әуестігі бар делік. Заңды жолмен атқан делік. Бірақ, жиырма-отыз қаз үйректі қырған кезінде суретке түскен даңғойлығын ұмыта да, кешіре де алар емеспіз.

Қазақта Әуезов те, Мүсірепов те құс атқан. Ғабең оны суреттеп жазады. Бірақ фотосын көрмедік. Қонаев та атқан. Димекеңнің бірнеше құсты ұстап тұрған фотосы бар. Сол суретке бекер түскен екен жарықтық деп ойлаймыз.
Жарайды, ол кезде аңшы аз да, құс көп еді. Қазір аңшы көбейіп, құс азайды. Ойлану керек! Құсты қырғанды емес, қорғағанды насихаттау керек.

Жетпісінші жылдар басында жас ақын Шөмішбай Сариев өлең жазған:
Көсем қаз, жолды бастап түстің бе алға,
Бейбіт ел берекесін құштыңдар ма?
Жазылмаған жұптарың түгел ме еді,
Ұяларың бұзылмай ұштыңдар ма?
Ақын ағамыз қазір басқаша өлең жазатын шығар:
Көсем қаз, жолды бастап түстің бе алға,
Бейбіт ел берекесін құштыңдар ма?
Жазылмаған жұптарың Бақауовтың,
Мылтығына ілінбей ұштыңдар ма?

Көптен ойда жүрген запыран еді. Мына фотоны көргенде ақтарылып кетті.

Қайнар Олжайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір