Жексенбі, 15 Желтоқсан 2019
755 3 пікір 14 Қараша, 2019 сағат 11:17

"Қазақстаннан киік мүйізін алып өтпек болған" Ресей азаматы ұсталды

Шекара қызметінің дерегінше, ресейліктің көлігіндегі спорт сөмкесінен киіктің 64 жұп мүйізі табылған. Мүйіздің салмағы 29 келі. Ресей азаматы Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай постында ұсталып, аймақтағы полицияға тапсырылған.

Батыс Қазақстан полициясынан Ресей азаматы қамауға алынғанын я оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын анықтау мүмкін болмады.

Шекара қызметінің дерегінше, мүйіздер 242 миллион теңгеге (шамамен 620 мың доллар) бағаланған. Шекарашылардың хабарлауынша, бұл факті Қылмыстық кодекстің 339-бабымен ("Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерімен заңсыз айналысу") тергелуі тиіс.

Киіктер Қазақстанда мемлекет қорғауына алынған. Браконьерлер киіктердің мүйізін кесіп, шығыс медицинасы үшін саудалайды.

Ақбөкеннің саны бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет күрт азайып, кейін қайта көбейген. 1920 жылдары Совет билігі құрып бітуге шақ қалған киікті атуға тыйым салған. 2015 жылы Қазақстанда індет салдарынан бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік (әлемдегі санының 62 проценті) қырылған.

Қазақстан билігі 2020 жылға дейін киіктерді аулауға шектеу қойды. Бірақ соған қарамастан киіктерді заңсыз ату фактілері тіркелген. Биыл киіктерді заңсыз аулағандарды ұстамақ болған "Охотзоопром" мекемесінің екі инспекторы браконьерлер қолынан мерт болды.

Abai.kz

3 пікір