Жұма, 6 Желтоқсан 2019
46 - сөз 1127 2 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 12:38

Тартинидің тағдыры

Бірде Д.Тартини достарына мынандай әңгіме айтады: «Бірде мен түсімде шайтанмен келісім-шарт жасастым. Келісім бойынша, мен оған жанымды беруім керек, ал ол болса, есесіне менің бүкіл тілегімді орындайды. Бастапқыда бәрі жақсы басталды. Ол менің барлық тілегімді орындап, мені таңғалдырды. Оған өзімнің скрипкамды беріп, оның қандай әдемі мелодия ойнай алатынын сұрадым. Ол соншалықты шеберлікпен ерекше соната ойнады, ал ондай музыканы мен ешқашан естіген емеспін. Таңданғаным сондай, тынысым тарылды. Оянып кеттім. Сол сәт қолыма скрипка алып, шайтан ойнаған музыканы қайталап, ойнағым келді. Менің сол кезде шығарған дүнием бұған дейін жазған шығармаларымның біріне де ұқсамайтын, бәрінен жақсы еді. Сол себепті, жаңа шығармамды «Ібілістің сонатасы» деп атадым».

Паганини Тартинидің шығармашы­лығын жоғары бағалады, оны қатты құрметтеді.
Паганинидің саусақтары кішкентай болды, қазір скрипкашы болғысы келетін баланың саусағы ұзын болу керек деп жатады ғой. Ол саусағын күн сайын созып, жаттығу жасады. Сол қолының саусақтары қалай майыстырса да, икемге тез келетін. «Майысқақ саусақ­тары» скрипкада шебер ойнауында үлкен рөл атқарды.

Өнердегі жалғандық оның нәзік жүре­гін қатты жаралады. Ол өнерде сүйретіліп жүретін өлермендерді жек көрді. Кей­біреулердің бетіне «Өнерді қорлауға болмайды, наныңды басқа жақтан тап» деп айтып тастаған кезі де аз емес. Сол себепті, оны өнердегі дәлдүріштер жек көрді.

Бірде Паганини соборда жаңа бір шы­ғармасын ұзақ орындайды, бұрын-соңды мұндай әуен естімеген жұрт қабылдай ал­май, күлкіге айналдырады. Бір кезде скрип­кадан шығып жатқан құстың үнін естіген тобыр күлкісін тыйып, мүлги тыңдайды.

Паганинидің өмірін зерттеушілер «скрипкашы әйелін (не көңілдесін) өлтіріп, абақтыда жатты» деген пікір айтады. Олар Паганинидің аяғын сылти басуын абақты­мен байланыстырады. Бірақ, оның адам өлтіріп, абақтыда жатқаны туралы нақты дерек жоқ.
Паганини картақұмар болды, қаншама рет ұтылды, оңбай ұтылды. «Бұл Паганини ғой» деп ешкім оны аяған жоқ. Ойынның аты – ойын.

«Шынымды айтайын, бірде-бір рет ме­нен әлдеқайда жақсы ойнайтын, шебер ойнайтын адамдардың қолына түскенім жоқ. Әңгіме скрипка, болмаса, гитара жай­лы емес. Бір-ақ кеште бірнеше концерттен түскен ақшамды жоғалттым. Аса мән бер­мей, жеңіл ойнайтындығымнан қан­шама рет сәтсіздікке тап болдым. Ол кезде мені өнерім ғана құтқарды» деп еске алады Паганини.

Скрипкашының скрипкасы өте құнды еді. Бір князь Паганинидің скрипкасын ұнатып, «маған сат» деп жабысады. Пага­нини скрипкасынан айрылғысы жоқ, бірақ ақша да керек. «250 алтын тиын» дейді. Князьдың көзі ұясынан шығып, «Қал­жыңдап отырсыз ба? Мен 100 алтын тиын ғана бере алам» дейді. Картадан оңбай ұтылған Паганини осы бағаға келіспек болғанда, қасында отырған бір танысы: «Тағы бір рет ойнап көр, бәлкім, ақшаңды қайтарып аларсың» деп үгіттейді. Паганини сағат, жүзік, түйреуішіне дейін картаға тігіп тастаған, қалтасында бар-жоғы 30 лира қалған болатын. Егер қалтасындағы бары­нан айырылса, князьға скрипкасын сатпақ болды. Ол карта ойнап жатты… Ұты­лып жатыр… 30 лирасынан 3 лира ғана қалды. Бір сәтте… о, тоба, сәттілік! Сол күні ол 160 лира жеңді. «Ойыншы – әлемдегі ең бей­шара адам» екенін түсінген ол содан кейін карта ойнауды қойды.

Ақшаны табудай тапса да, бей-берекет шашып тастайтын Паганини скрипкасын бірнеше рет ломбардқа өткізіп, ақша алды. Бірде скрипкасы болмай, Ливрон деген бай көпестің қымбат скрипкасымен өнер көр­сетеді. Өнерді бағалайтын көпес: «Сізден кейін бұл скрипкаға ешкімнің қол тигізуге қақы жоқ, скрипка сіздікі», – деп сыйға тартады.
Паганини туралы қоғамда алып-қашпа әңгіме аз айтылмады. Ол туралы айтылған сайын халықтың оны көруге, тыңдауға ықы­ласы арта берді. Тіпті, ол туралы «шай­танға жанын сатты» деген әңгіме желдей есті. Ол өзі туралы бұл әңгімеге де аса мән бермеді. Бәрі күрделеніп бара жат­қанда ғана «шайтанға жанымды сатқаным жоқ» деді, бірақ бұл кезде бәрі кеш еді.

Композитор Феличе Бланджини: «Оның таңғажайып орындаушылық ше­берлігін ешкім де сөзбен жеткізіп айта ал­майды. Тіпті, ешкім мұндай ерекше әуенді тыңдауға болатынын армандай да алған жоқ. Оған қараған кезде, оны тың­даған кезде еріксіз жылайсың, күлесің, еріксіз адамның кемелдігі туралы ойлай­сың. Өзге скрипкашылармен оны скрипка мен таяқшасы ғана байланыстырады. Па­ганини – біздің уақыттың ғажайып құбы­лысы» деп жазады достарына жазған хатында.

«Кеше мен сіздің концертіңізде болдым. Сіз – музыканың Құдайысыз. Сізді тың­даған сәтте Гомер менің алдымда тұрды» деп көзін жұмып тамсанады У.Фосколо.

Миландық сыншылар Паганиниді «әлем­нің бірінші скрипкашысы» деп атады және бұл пікірді ешкім де жоққа шығара алмады.

Паганини 1840 жылы 57 жасында Ниц­ца қаласында құрт ауруынан көз жұмады. Шіркеу қызметкерлері «шайтанға жанын сатқан композиторды зиратта жерлеуге қарсымыз» дейді. Мүрдені достары кеме­мен туған еліне апарып, жерлемек болады, тағы да әр түрлі қарсылыққа ұшырап, табыт айлақтың жағалауында біраз уақыт тұра­ды. Сол күндері матростар түнде та­быттан скрипканың үні естілетінін айтып, шағым­данады. Амалы құрыған достары Пага­нинидің сүйегін бір граф досының қама­лына апарады. Не керек, арада 36 жыл өт­кенде ғана Паганиниді христиан жорал­ғысымен қайта жерлейді. Бүгінде Пага­нинидің өмірбаянын зерттеу­шілер «ұлы музыкант жанын шайтанға сатқан жоқ, Құдай оған ерекше дарын берді, ол талан­тын еңбекқор­лығымен жетілдірді» деген пікір айтады.

Біздің бір білеріміз, Паганини – мәң­гілік жалына жармасқан музыкант. Ол өз заманының ғана емес, барлық уақыттың құбылысы.

Аягүл Мантайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

2 пікір