Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2178 0 пікір 16 Қараша, 2019 сағат 17:33

Қуанышбек Ысқақов қаладағы бірнеше нысанды аралады

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қаладағы бірнеше нысанды аралап, сапасы сын көтермейтін мектептердің жағдайымен танысты.

Мәселен, облыс әкімі қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің жұмысымен танысты. Бұл білім ошағының бір бөлігі аппатты жағдайда тұр. Қазір онда балалар оқымайды. Аймақ басшысы осы апатты жағдайдағы мектептің жанына қосымша ғимарат салу мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар, мектептердің жылумен қамтамасыз етілуі де өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Сондықтан, қыс мезгілінде оқушылар үшін сыныптардың жылы болуын ескертті. Сондай-ақ, аймақ басшысы мектеп ауласындағы көркейту, көгалдандыру жұмыстарына қатысты мектеп директорына бірқатар сын-ескертпелерін айтты.

-Оқу тәрбие жұмыстарымен бірге, тазалыққа оқушыларды баулу педагогтардың міндеті екенін естен шығармауларыңыз керек. Қазір менің ауладан көріп тұрған көрініске көңілім толып тұрған жоқ. Барлығын қалыпқа келтіріңіздер,- деді Қуанышбек Ысқақов.

Одан кейін облыс әкімі «Романов и К» ауданаралық автовокзалына барды. Аймақ басшысы ондағы жолаушылардың жағдайын ескеріп, жұмыстарды бір жүйеге келтіруді тапсырды.Сонымен қатар, автовокзалдағы жолаушылар мәселесі толыққанды шешілуі тиістігін ескертті.

-Автовокзал жәй ғана гараж есебінде тұрмай, өзінің функциясын атқаруы керек. Жолаушылар мәселесі толық шешілсін. Қажет болған жағдайда ақысыз көліктер шығарып, тұрғындарды базарға жеткізу мәселесін қолға алыңыздар,- деп тапсырма берді өңір басшысы.

Аймақ басшысының назарына өңірдегі шет аймақтар да тыс қалмады. Мұнан кейін облыс әкімі "Титов" мөлтек ауданындағы жаңалауды қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлер ауласында орналасқан ойын алаңдарының жағдайымен танысып, алаңда жүрген бірнеше ойын баласымен сұқбаттасты. Балалар облыс әкіміне жаңа алаңқайдың керектігін айтты. Ал, аймақ басшысы қала әкімдігіне аталған мәселені жылдам шешуді тапсырып, алаңды жөндеп беруді жүктеді.

Мұнан соң, облыс әкімі Әл-Фараби тұрғын ауданындағы №261 орта мектепке барды. Аталмыш білім ошағында оқушылар санының көбейуіне байланысты қосымша құрылыс жүргізілген.

Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы жұмысымен танысқан барлық нысандардағы мәселелердің шешілуі өзінің жеке бақылауында болатындығын айтты.

Abai.kz

0 пікір