Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Анық-қанығы 6070 13 пікір 21 Қараша, 2019 сағат 16:37

Желіккен жеті депутат

Олардың Ақпарат министрлігінің қызметіне байланысты айтқан сыны қаншалықты орынды?

Шакир Хахазов, Роман Ким, Наринэ Микаелян, Шаймардан Нурымов, Юрий Тимощенко, Наталья Жұмаділдаева, Михаил Чирков. Ел-жұртқа етене таныс болмаса да, есімдері ел ішінде еміс-еміс естіліп қалатын бұл азаматтар – Мәжіліс депутаттары. Анау Чирковтен басқасының барлығы Ассамблея дейтін әйдік ұйымның атынан сайланғандар. Ал Михаил Чирков – «Нұр Отанның» сайлауи «списогымен» өткен депутат.

Мәжілістің 107-сінің ішінен бұл жетілікті неге ерекшелеп, екшелеп отыр демеңіздер. Аттары «алапат» болмаса да, атақтары атан түйенің белін қайыстырар бұл азаматтар өткенде Үкіметбасы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

Депутаттардың сауалы

Сауал 17 қазанда жолданған екен. Жеті депутаттың үш беттік сауалында елдің ақпарат кеңістігіндегі кейбір мәселелер айтылыпты. «Қазақстандық БАҚ-та негативті ақпарат көп, ал нәтижелі жұмыстар мен қажырлы еңбек ескерусіз қалып жатыр. Компаниялар мемлекеттік бағдарлама бойынша атқарған шаруаларын көрсету үшін қыруар қаржы төлеуге мәжбүр. Рейтинг үшін түрлі шоу-бағдарламалар ашылып, «Білім және Мәдениет», «Менің Қазақстаным» секілді бағдарламалар жабылып жатыр» депті олар.

«Біздің көптеген БАҚ-тың осы жұмысының нәтижесінде көрермендер, оқырмандар шындықтың бұрмаланған картинасын көреді. Ал «әблязов» секілділер Қазақстанды дискредитациялауға (елдің сенімін жоғалтуға) жаңа мүмкіндік алып отыр. Біздің әлгіндей негативті, жалған ақпаратқа қанық, тумысынан протестік сезімі басым кей қазақстандықтар рұқсат етілмеген митингілерге шығып, жолдарды жауып, полицияны арнайы құралдар қолдануға және тұтқындауға мәжбүрлеп, арандатып жатқанын көріп отырмыз. Мұның барлығы әлеуметтік желіде көрсетіліп, таратылып жатыр. Ал осының алдын алуы тиіс ақпарат министрлігі, істің соңында жүр», – депті.

Осыларды айта келе, жеті депутат ҚР Үкіметі мемлекеттік саясатты БАҚ-та насихаттауға қатысты қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрапты.

Үкімет басшысының жауабы

15 қараша Үкіметбасы Асқар Мамин мырза жеті депутаттың үш беттік үшбу хатына төрт беттен тұратын жауап жазыпты.

Мамин мырза өз жауабында елдегі 90 пайыз БАҚ жеке-меншік екенін, олардың жұмысына, редакцияның саясатына мемлекеттің араласа алмайтынын айтыпты. Яғни, Үкіметтің БАҚ жұмысына «диктовка» жасауға құқығы жоқ дегенді ескерткен.

Мамин мырза жеті депутаттың сауалына қатысты елдегі ақпараттық кеңестікке, ондағы контентке сараптама жасатыпты. Сөйтіп, анықталғаны: соңғы айда барлық ақпараттық контенттің ішінде  негативті ақпарат 2,3 пайыз, орташа негативті ақпарат 7,2 пайызды құраған екен.

«Ал жарнамаға келсек, Ақпарат министрлігі жеке компанияның жарнамасын мемлекет қазынасынан төлеуге міндетті емес. Бұл заңмен тыйым салынған. Кейбір теле жобалардың жабылуына келсек, «Қазақстан» арнасы мен «Қазақ радиосында» «Менің Қазақстаным», «Бәйтерек» секілді мәдени дамуды насихаттайтын жаңа бағдарламалар ашылған. Сондай-ақ, толық қазақ тілінде хабар тарататын және мемлекеттік тілді балаларға үйретуде айтарлықтай нәтиже көрсеткен «Балапан» арнасы мен жоғары рейтингілі «Тамаша ТВ» ойын-сауық арнасы бар», – депті Үкіметбасы.

Одан әрі елдің ақпараттық саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанын дәлелдеу үшін, бірқатар мысалдар келтіріпті.

«Соңғы үш жылда Ақпарат министрлігі 105 отандық телесериал түсірді. «Хабар» ресейлік спутниктік операторлармен байланысты күшейтті.  «Kazakh TV» 5 тілде хабар таратады және әлемнің 100 мемлекетінде қолжетімді. Телеарналардағы тілдік балланс реттелді. Сондай-ақ, телеарналардағы жарнама қоюдың заңдылығы да реттелді. Мысалы, 2018 жылмен салыстырғанда жарнама орналастырудағы заңсыздықтар 2 есеге азайды. 2019 жылдың басынан бері 31 мыңнан астам заңсыз контент жойылды. Олар терроризм мен экстремизмді, суицидті, есірткі және басқа да заңсыз өнімдерді насихаттаған», – депті премьер-министр өз жауабында.

Әңгімесінің әлқиссасын қазақстандық БАҚ-тағы «атып кетті», «шауып кетті», «зорлапты-қорлапты» дейтін саржағал сайттардың контентін сынаудан бастаған бұл жетіліктің депутаттық сауалына сүйсіне қараған едік, әуелде. Сөйтсек, олар әңгімелерінің аяғын белгілі әлаулайға бұрып жіберіпті.

«Ақпарат құралдары тек негативті жазады. Мемлекет ашып жатқан зауыттар мен салып жатқан үйлерді, төсеп жатқан жолдарды неге айтпайды?» – деп шүйлігіп отырып, БАҚ-қа бақылау болуы керек дегенді меңзепті.

Жаңағы депутаттардың әр сөзін, әр сөйлемін талдайықшы:

Депутаттық сауалдың бірінші абзацы:

«Әлеуметтік желідегі БАҚ-тың көбі өз-өздеріне «қожа» немесе өз еріктері өздерінде. Гәзеттер, телеарналар мен интернет-басылымдарда негативті ақпарат ағыны күн санап ұлғайып келеді» (Многие средства массовой информации, действующие в социальных сетях, фактически предоставлены сами себе. Изо дня в день увеличивается объем негативной информации в ряде газет, телеканалов, интернетизданий) депті.

Иә, қазір Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі БАҚ-тың (телеарналар, гәзеттер мен интернет сайттардың) 90 пайызға жуығы жеке-меншіктің иелігінде. Дәлірек айтсақ, АА, ЖШС, АҚ, ҚҚ т.б.  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл сайын Мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттау бойынша БАҚ арасында тендер ойнатады. Сол арқылы жаңағы депутаттар естіп-көрмей жүрген ақпараттар насихатталады. Тендер ұтқан БАҚ өздеріне есептеліп берілген көлемді орындайды. Одан бөлек, қазақстандық БАҚ қоғамдық-саяси немесе басқа да тақырыптарды заң аясында өз еріктерінше жазуға, жариялауға құқылы. Бұл бүгін ойлап табылған жаңалық емес. Бұрыннан солай.

Ал біздің депутаттар «Негативті ақпарат күн санап ұлғайып келеді. Себебі БАҚ-тың өз еркі өздерінде»,  – дейді. Бұл қаншалықты логикаға сай пікір? Депутаттар бұл арқылы БАҚ-қа бақылауды, былайша айтқанда «цензураны» күшейтейік дегенді меңзеп отыр ма?

Олай болса, Қазақстанда ресми түрде сөз бостандығы бар. Ол заңда да солай деп көрсетілген. ҚР 1999 жылғы 23 шілдедегі №451 Заңы бар. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң. Сол Заңның 2-бабы, 1 тармағында:

«Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.  Аталмыш заңда журналистік қызмет туралы анық жазылған.

 

Одан әрі, үшінші абзац:

«Оралда бір адам көшедегі әжетханаға құлап кетті», «Павлодарда жаңа туған нәрестенің денесі қоқыс жәшігінен табылды», «Нұр-Сұлтанда ер адам өз әйелін өртеп жіберді» Және бұл толық тізім емес. Осының барлығын оқып отырған адамда оптимизм болмайды. Бұл ақпараттар көшедегі арзан қағаздарда емес, «Деловой Казахстан» дейтін бизнес-ресрурстағы ақпарат», депті депутаттар.

Бұған дауласпаймыз. Жалғыз «Деловой Казахстан» ғана емес, кейбір саржағал сайттар мен телеарналардың контенті осындай «атты-шапты» дейтін қаңқу сөз, қыдырма өсекке толып кетті. Бұл тұрғыдан, депутатардың көтеріп отырған мәселесі орында-ақ...

Алайда, төртінші абзацта депутаттар былай дейді:

«Иә, бұл проблемалардың бар екенін білеміз. Алайда сол секілді, елде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа өнімдер жасалып, үйлер мен жолдар жөнделіп жатыр ғой. Осынша нәтижелі жұмыстар мен қажырлы еңбек БАҚ-та еленбай қалуда. Гәзеттер мен телеарналарда тұщымды ақпарат жоқтың қасы.  Журналистер заңсыз жарнама жасамау үшін компанияның атын атаудан қорқады. Бейне-материалдардан ол компанияның атауы кесіліп тасталады. Мемлекеттік бағдарламаның атқарылып жатқанын көрсету үшін көптеген компания жарнама үшін жаңағы телеарналарға қыруар қаржы төлеуге мәжбүр. Бұл мемлекеттік арналардың өздері солардың салғынынан күн көріп отыр емес пе?..» – депті.

Қарапайым тілмен жеткізсек, «Мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды телеарналар көрсетпейді» дейді. Депутаттардың осы айтқандарына сіз сенесіз бе? Кез келген мемлекеттік телеарналарды қарасаңыз да, мемлекеттік саясаттың саяси жарнамасын көресіз.

Мақұл, бесінші абзацта тілге тиек еткендей, «телеарналарда жылтырақ жарнамалар қаптап кетті. Соған тоқтау немесе шектеу салынбай ма» десе кәне?..

Ал компанияның жарнамасы дегенге жеке тоқталу қажет. Компания жекенікі. Ол өзінің атқарған шаруасын жарнамалап, ақпаратқа шығарғысы келсе, Заңға сәйкес, жарнама ақысы төленуі керек. Жеке компанияның жарнамасының ақысы неге мемлекет қалтасынан төленуі керек? Біздің түсінбегеніміз де осы. Әлде, Шакир Хахазов бастамашылық жасаған бұл мәселеде депутатардың көздегені жеке компаниялардың мүддесі ме? Ендеше бұл депутаттар әлдебір қаржылық топтарға лоббилік қызмет көрсетіп отыр деген сөз. Мемлекеттік сектор атынан жеке бизнестің мүдесі үшін жұмыс жасау керек десеңіз – қылмыс.

Алтыншы абзацта:

«Біздің көптеген БАҚ-тың осы жұмысының нәтижесінде көрермендер, оқырмандар шындықтың бұрмаланған картинасын көреді. Ал «әблязов» секілділер Қазақстанды дискредитациялауға (елдің сенімін жоғалтуға) жаңа мүмкіндік алып отыр. Біз әлгіндей негативті, жалған ақпаратқа қанық, тумысынан протестік сезімі басым кей қазақстандықтар рұқсат етілмеген митингілерге шығып, жолдарды жауып, полицияны арнайы құралдар қолдануға және тұтқындауға мәжбүрлеп, арандатып жатқанын көріп отырмыз. Осының барлығы әлеуметтік желіде көрсетіліп, таратылып жатыр. Ал осының алдын алуы тиіс ақпарат министрлігі, істің соңында жүр», – депті.

Біріншіден, «көптеген БАҚ ақпаратты бұрмалап таратады» деп жалпылама сөйлеу қызметтік этикаға қаншалықты сай? Депутат мырзалар нақты фактілерді мысалға келтіруі керек.

Екіншіден, «БАҚ-тағы бақылаудың жоқтығы – Әблязов секілділердің пайдасына шешіліп отыр» деу екіұшты әңгіме. Әблязовты ақтау ойымызда жоқ. Бәлкім, ресми БАҚ-та мәлімдеме жасаған да болар... Десе де ол өз агетациясын көбіне көп «Фейсбук», «Инстаграм» немесе «Ютуб» желілері арқылы жасап жатыр. Ал бұл желілерді қолданушы аудитория аз емес. Және әлеуметтік желіде отырғандардың бәрі қашқындағы экс-банкирдің айтағына еріп кетті деу тағы өтірік.

Онсыз да ел ішінде интернеттің бұғатталуына байланысты сын пікірлер аз емес. Бізді қойып, құзырлы биліктің бұл бұғатын Халықаралық ұйымдар сынның астына алып жатыр. Сондықтан, бұл жерде де депутаттардың ұсынысы цензураны күшейтуді сұрағандай естіледі.

Үшіншіден, «Біз әлгіндей негативті, жалған ақпаратқа қанық, тумысынан протестік сезімі басым кей қазақстандықтар рұқсат етілмеген митингілерге шығып, жолдарды жауып, полицияны арнайы құралдар қолдануға және тұтқындауға мәжбүрлеп, арандатып жатқанын көріп отырмыз» дейді.

Бұл жерге де нақтылық керек. Қазақстандық БАҚ-тағы негативті ақпараттың агетациясына ерген халық көшеге шығып жатыр ма? Әлде, Әблязов қазақстандық БАҚ-қа шығып, халықты алаңға айдап отыр ма?

Рас, қашып жүрген экс-банкирдің әлеуметтік желі арқылы жұртты алаңға шақырғаны аз емес. Бірақ, ресми БАҚ заңға қайшы мұндай әрекетке барып, халықты митингіге үгіттеді деу нақақ жала.

Әлде, депутаттар БАҚ пен әлеуметтік желінің парқын ажырата алмай ма?

«Митингіге шығып, жолдарды жауып, полицияға провокация жасап...» дейді. Рас, жыл басынан бері жүзден аса митинг, наразылық акциялары өтті. Жұрт митингке не үшін шықты? «Әділ сайлау» деп шықты. «Жер шетелдікке сатылмасын» деп шықты. «Үкіметтен жәрдемақы мен жалақы» сұрап шықты, «Астанада бес сәби шетінеп шейіт кетті» деп шықты. Арыста адами фактордан болған апаттан араша сұрап шықты. Барлығында ел-халық өз билігінен, өз Үкіметінен, өз Президентінен араша сұрап, талап қылып шықты. Қару асынып, жұртты қырып салған жоқ. Бейбіт шеруге бейбіт шықты.

«Жолды жауып...» дейді. Шерушілер жолды қашан жапты? Арыста айдың күні аманында адами салғырттықтан жарылыс болып, кісі қаза тауып, жүздеген отбасы босып шығып, Шымкентке барғанда жапты. Онда да бейбіт халық еді. «Бізді полигонның оғы мен отынан көшіріңдер» деп талап қылды.

Депутаттардың «митингке шығып, жолды жауып» дегені осы болса керек. Басқа қай митинг еді? Әлде, «Нұр Отан» партиясының Астана мен Алматыда, Шымкентте өткізген бейбіт митингісін айтып отыр ма? Әй, қайдам...

Әрі қарай, депутаттық сауалдың мазмұны жоғарыда баяндалғандай... Оқып танысамыз дегендерге, міне:

Депутаттық сауал:

Үкімет басшысының жауабы:

Түйін. Сөйтіп, Мәжілістің жеті депутаты мәселе көтеріпті. Көтерген болыпты. Әңгімесін әдемі бастап келіп, аяғын жекенің мүддесіне бұра сөйлегендердің сөзін жоғарыда талдаған болдық. Көп халықтың көзінде жүрмесе де, көп шендінің ішінде жүрген бұл азаматтар кімдер десеңіздер, қысқа-нұсқа таныс болыңыздар, міне:

Шакир Хахазов Алматының Жаркентінде туған. Алған атақтары мен таққан темір-терсектері тегі көп. Өзі «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2016-ның наурызында Ассамблея атынан сайланған. Запастағы майор.

Шаймардан Нурымов – Шәкеңнің көршісі. Ұйғыр ауданының тумасы. Ұлты – ұйғыр. Советтің кезінде КГБ-да, Тәуелсіздік алғанда ҰҚК-да қызмет қылған. Әскери шені – полковник.

Наринэ Микаелян – армян диаспорасының өкілі. Ол да Ассамблея таңдаған адам. Жап-жас депутат.

Роман Ким – кәрістердің өкілі. Кәріс бизнесмендерінің әлемдік форумында президиум мүшесі. Қазақстан мен Кореядан алған атақ-марапаттары да аз емес. 2012 жылдан бері депутат. Екі мәрте сайлауда да Ассамблея іріктеп тізімдеген адам.

Наталья Жұмаділдаева – Қарағандының тумасы. Алматы мен Қызылордада қызмет қылған. Мұғалім, методис, филолог. 2016-да Ассамблея атынан сайланған.

Юрий Тимощенко – украин диаспорасының өкілі. Екі шақырылымға депутат болып сайланған. Екі шақырылымда да Ассамблея атынан Парламентке барған.

Михаил Чирков Ассамблея депутаты емес. «Нұр Отан» партиясының тізімімен тағайындалған.  Ресейде туған. Елшілікте кеңесшілік еткен. 2016 жылға дейін Астана әкіміне ақыл айтқан. 2016-да партия тізімімен депутат болып таңдалған.

Түйін. Мақсатымыз, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін ақтап сөйлеу ғана емес, сынның әділдігіне көз жеткізу. Рас, «атыс-шабыс, зорлық-зомбылық» дейтін тақырыптар кейбір саржағал басылымдарда жетіп артылады. Оған заңмен тоқтау салу керек. Алайда, әңгіменің төркіні – «өз еріктері өздерінде жүрген БАҚ-та негативтің көптігі – елдегі протестік жағдайды ушықтырып жатыр» дегенге келеді.

Депутаттар бұл ұсыныстары арқылы БАҚ-тағы цензураны күшейтуді қолдап отыр ма, жоқ әлде жеке бизнестің жарнамасы үшін шыр-пыр болып отыр ма? «Елдегі бейбіт митингінің барлығы қашқан банкирдің айдап салуымен болып жатыр. БАҚ-тағы негатив дегенің сол деп», – сөйлегеніне қарағанда, көпшілікке көп таныс емес жаңағы жеті депутат БАҚ пен әлеуметтік желінің парқын ажырата алмайтын сияқты... Түсініксіз. Біз де түсінген жоқпыз... «Жымын білдірмей жым-жырт жатқан бұл депутаттар да бір сөйлепті-ау», – дегенде естігеніміз осы болды...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511