Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
Аңыз Абай 1678 7 пікір 26 Қараша, 2019 сағат 15:36

Абай бейнесін шынайы сомдай алдық па?

Н.Өтепбаев салған сурет

Ақын, ағартушы данышпан Абайдың бейнесі тарихтың әрбір кезеңінде суретшілердің қызығушылығын тудырған. Бұл әрине өте күрделі мақсат әрі міндет.

Абайдың қайталанбайтын біртұтас образын жасау үшін жеткілікті мәлімет болуға тиіс. Міне осы салада іс жүзінде ғылыми-зерттелген еңбектер жоқтың қасы. Бейнелеу өнерінде Абай образының теориялық мағынасын түсіндіру де шешілмеген мәселе. 1887 жылы натурадан салған жалғыз түпнұсқа суретті (П.Лобановский салған) және Абайдың фотосуреттерін негізге ала отырып өнердің барлық жанрында біртұтас көркем образ нұсқасын қалыптастыру да қолға алынбаған. Әрине, Қазақстан бейнелеу өнерінде Абай образына қатысты еңбектер жоқ деп айта алмаймыз. Данышпан Абайдың образын жасауға бірқатар әйгілі суретшілер мен мүсіншілер үлес қосқан. Мысалы, Н.Крутильников, Ә.Қастеев, Л.Леонтьева, Н.Нұрмұхамбетов, Е.Сидоркин, Қ.Телжанов, А.Рахманов, И.Исабеков, К.Каметов, А.Ғалымбаева, Р.Есіркеев, Х.Наурызбаев, Д.Элбакизде т.б.

Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеевтің шығармашылығы көп елдерге мәлім. Ә.Қастеев өзіндік дара қолтаңбасы бар суретші ғана емес, еліне деген махаббатын картиналары арқылы көрсете білген біртуар азамат.

Абай тұлғасы Ә.Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» шығармалары осыған дәлел. Ә.Қастеев Абай еліне екі рет келіп, ұлы ақын жайлы мәліметтер жинап реалистік тамаша еңбектер қалдырды.

Х.Наурызбаев – Қазақстанның халық суретшісі, мүсіншісі, Алматы қаласындағы  «Абай» ескерткішінің авторы. Осы ескерткіш – Абай образын мейлінше анық көрсететін құнды туынды. Оның құндылығы мүсіншінің кең зерттеу тәжірибесінде жатыр. Мүсінші ақынның ескерткішін жасау барысында М.О.Әуезовтің кеңесі бойынша Абай елі Шыңғыстауға барып ұлы ақынның жерлестері мен туыс жамағатымен жақын танысып, олардың мінез-құлқын, бет әлпеттерін, кескіндерін зерттеп бейнелік мол мағлұмат алған. Абайдың Ақылбаев Бағыш Әлманбетұлы деген шөбересінің сыртқы кескіні басқаларынан гөрі ақынның кескініне келетіндігін аңғарған. Бағыш өз кезегінде монументті мүсіннің моделін жасауға прототип болған. Суретші Х.Наурызбаев көп ізденістердің, мұқият зерттеулердің арқасында және кемеңгер жазушы М.Әуезовтің ескертпелері мен кеңестерін басшылыққа алудың негізінде әйгілі монументті ескерткішті жасап шығарған. Бұл – қажымас еңбектің, шеберліктің көркем нәтижесі әрі шындығы.

Семей қаласының орталығында белгілі мүсінші Д.Г.Элбакидзе сомдаған монументті Абай ескерткіші тұр. Бұл ескерткіш 1972 жылы салтанатты түрде ашылды. Абайдың образы өте ұтымды әрі, шынайы сомдалған. Бұл Абай образын бейнелеудегі бірегей ескерткіш деп айта аламыз.

Елімізде көптеген мүсіншілер, суретшілер, ойшыл, ақын-ағартушы, данышпан Абай бейнесін түбегейлі зерттемей, бұрын кескінделген картиналарды салыстыру негізінде жасай береді.

Портрет – бейнелеу өнерінің жанры, оның міндеті мен мақсаты нақты адамның сыртқы кейпін түсіру, адамның жеке ерекшеліктерін көрсету. Осы орайда, әйгілі суретші Орест Кипренскийдің шығармашылығы еске түседі. Ол Пушкиннің портретін жасауды арман еткен. Әрі ақынның жан досы болған О.Кипренский Пушкинді натурадан салған бірегей әйгілі шебер. Суретші өзінің қаһарманына соншалықты сүйіспеншілік ықыласпен, асқан жауапкершілікпен келіп, көрермендерді оның тұңғиық жанына терең үңілу шешімін тапқан.

Ұлы Абайдың данышпандығы уақыт кеңістігімен сыналған. Ол бірінші болып қазақ даласында Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың және Крыловтың шығармаларын аударған және сондай-ақ Гетенің, Шиллердің, Байронның, Мицкевичтің шығармаларын өзінше түсіндіруді де іске асырған. Солардың ішінде Абай М.Лермонтовтың өлеңдерін көп аударған.

Ал, бейнелеу өнеріне келетін болсақ, Лермонтовтың көзі тірісінде салынған портреттерінің 15-і осы күнге дейін жеткен. Сол портреттердің жеке біреуінен кемеңгер ақынның сыртқы кескінінен, оның көпқырлы ішкі әлемін жеткілікті елестету мүмкін емес. Дей тұрсақ та, бүтіндей алғанда жоғары білікті кәсіби суретшілердің жасаған портреттерінен (Ф.О.Будкин, П.Е.Заболотский, А.И.Клюндер, К.А.Горбунов) Лермонтовтың нақты бейнесін елестетуімізге әбден болады. Айта кетуіміз керек, Ю.Лермонтовтың өзі тамаша суретші, ол акварель бояуымен қағазға өзінің автопортретін салған. Кемеңгер ақын Кавказ тауларының пейзаждарын өте керемет жазған, біз осыдан оның сан қырлы екендігін аңғарамыз.

Немістің ұлы данышпаны Гетенің бейнелеу өнеріндегі портреттері өте көп. Ұлы ақынның бет әлпеті, кескіні осы күнге дейін зерттелуде. Мысалы, зерттеуші эксперт-физиономист Михаэль Хейтль  ұзақ уақыт компьютерлік томографияның көмегімен зерттеу жүргізген. Гетенің көзі тірісінде мүсінші Готтлоб Вайсер (1780-1815) алған бет әлпетінің гипс маскасы ақынның дәлме дәл кескінін бере алады деген шешімге келген. Ұлы ақын ол кезде 58 жаста еді.

Біздің елімізде суретшілер Абай образын өздерінің жеке тәжірибесіне сүйеніп немесе болымсыз материалдарға ғана қанағат қып туындылар жасайды. Сондай кәсіби суретшілердің де шығармашылық картиналары жеткілікті. Жоғарыда атап өткеніміздей П.Д.Лобановскийдің натурадан қарындашпен салған жалғыз суреті Семейдің Абай музейі қорында сақтаулы тұр. Ол кезде Абай 42 жаста болған. Шашы өсіңкіреген, қара шашты, жақ сүйектері шығыңқы, сақалы да сондай ұзын емес.

Ұлы Абай көзі тірі кезінде фотосуретке екі рет түскен, келешекте архивтерден тағы басқа суреттері табылуы әбден мүмкін.

1, Абай балалары Ақылбай Абайұлы (35 жас) және Турағұл Ибрагимұлы (21 жас) 1896 жыл, Семей қаласы.

2, Абай отбасымен. 1903 жыл. Фотосуреттің түпнұсқасы Семей қаласындағы Абай музейінде сақтаулы. Ол суретті 1940 жылы М.О.Әуезовтің өзі сыйға берген.

Осы деректі үш құжатты негізге ала отырып Абайдың иконографиясын (сурет, сымбат өнер шығармаларынан біреудің бейнесін біліп жазу) бейнелеуге әбден болады. Фотосуреттерде Абайдың кескіні (облигі) анық көрінеді және мінезінен де мәлімет береді.

Суретші ретінде мені қынжылтатыны ұлы Абайдың бейне образын суретшілер қандай ракурста бейнелесе де оның бет әлпеті, шын кескіні, айқын болуға тиіс. Ұлы адамның бейнесіне немқұрайды қарауға болмайды.

Қазақстан баспаларында Абайдың фотосуреттері жеткілікті және кең тараған. Бірақ, сол фотосуреттер ұлы Абайдың бейнесін түпнұсқадай анық бере алып жүр ме?

Себебі әртүрлі баспаларда қайталанып түсіріле береді және компьютерде өңделеді, көптеген суреттері ретушталған, яғни өңделген, кейбірі мүлдем өзгеріске ұшыраған. Осындай суреттерден Абайдың анық кескінін көріп елестету де оңайға соқпайды. Менің ойымша, деректі құжаттарды не суреттерді өңдеуге мүлдем болмайды. Тарихи құжаттарды сол алғашқы қалпында сақтау келешек ұрпақтың зерттеуіне мол мағлұмат береді.

Осы орайда философ Д.Дидроның «Правда природы есть основание правдоподобия в искусстве» деген пікірі еріксіз ойға оралады. Бірнеше жылдар бойы, Абайға байланысты картиналарды, фотосуреттерді зерттеп ақынның кейіп-кескінін анықтап білу мақсатын қойдым. Ұлы ақын туып өскен жерлерді зерттеп бейнеледім. Қасқабұлақ ауылында тұрдым және еңбек еттім. Ауыл ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап мәліметтер жинастырдым. Мені ұлы Абайдың реалистік бейнесі, ақынның ұлттық кейпі мен мінезі ойландырды. Абайдың портрет суреттерін бірнеше қайталап бейнеледім. Оның көпшілігі жеке жинақтаушылардың қолында сақтаулы. Жылдар өткен сайын, Қазақстан бейнелеу өнерінде жасалған картиналардағы Абай образы, кескіні көрермендерге үйреншікті болып кеткені рас. Бірақ, мамандар осы олқылықты терең зерттеп бірыңғай ортақ пікірге келуі керек деген үмітпен осы мақаланы жазып отырмын. Негізінде, бұл іс – кәсіби өнертанушы-зерттеушілердің міндеті.

Турағұл Құнанбаев «Әкем Абай туралы» естелігінде «Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді», – деп суреттейді.

Турағұл 1889 жылы 14 жасында: «Бұл жылы әкемнің белсеніп ғылым жолына кіріскен жылы екен. Артынан абайлап қарасам әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғын баяғы көйлек, басында тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын жапетер ақ елтіріден істелген көк сатинмен тысталған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар...», – деп жазады.

Бұл суреттеулер шындыққа жатады және деректі естелік. 90-жылдары әкем Өтепбаев Нұғыманнан Абайды сіз көрдіңіз бе деп сұрағанымда, 9 жасымда әкеммен еріп бір жиын тойда көрдім деп еді. Сонда, ол кісі қандай адам дегенімде «Үстіне шапан киген, басында тақиясы, толықтау келген, бұрылып қарағанда көзі өткір сұр», – деп еді.

Әрине, адамның кейіп-кескіні күніне өзгеріске ұшырай береді, бірақ сол құбылмалы-құбылыстан суретші мін таппайтындай кескін жасап шыққаны абзал. Ол жай ғана ұқсастық емес, жарқын бейне, мінездік кейіп, образдың бұртұтастығы т.с.с.

2019 жылы Абайдың екі баласымен түскен фотосуретін негізге ала отырып, ақынның графикалық портретін бірнеше қайталап бейнеледім.

Әрине, Абай образын жасау, оның тұңғиық жанына үңілу өте күрделі болды. Дегенмен, графикалық суретке мұқият қарасаңыз, сіз одан Абайдың кейіп-кескінін, шындықты аңғарасыз.

Мұқият зерттеулер негізінде туындаған Ұлы Абайдың иконографикалық портреті  ақынның 175 жылдығына сый деп білерсіздер.

П.Лобановский салған сурет

Өтепбаев Нұрбұлан
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Шәкәрім университетінің профессоры

Abai.kz

7 пікір