Сенбі, 7 Желтоқсан 2019
Дат 2513 11 пікір 28 Қараша, 2019 сағат 12:13

«Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасында шикілік бар...

Қазақстан Республикасы
парламент мәжілісінің
депутаттарына 
«Қазақстан педагогтар
 қауымдастығынан»
Ашық хат

«Педагог мәртебесі» туралы заңды қабылдауға 1 ай мөлшерінде ғана уақыт қалды. Ол сіздердің қарауларыңызда жатыр. Сіздердің сайттарыңыздың қабырғасында (htpp://parlam.kz/kk/mazhilis/itreceived) ілулі тұр. Соңғы нұсқасын сол жерден алдық. Педагог қызметкерлердің заң жобасына деген үміттен гөрі күдік басым. Педагогтар үшін заңның ең қажетті тұсы, ең көп ұсыныс түскен «зейнет жасы» туралы ұсыныс еді. Өкінішке орай ұстаздар қауымының осы ұсынысы ескерілмей қалып отыр. Ол әлеуметтік кепілдіктен де маңыздысы еді. Біз бұл туралы барлық жерге ұсыныс жібердік. Заңның қазақша нұсқасында аударым дұрыс болмады ма, әлде өзі солай ма соған көз жеткізу мақсатында, өзгертетіндеріңізге соңғы үмітімізді арта отырып осы хатты жолдап отырмыз.

Ең бірінші бап туралы:

5-бап. Педагогикалық әдеп және педагогтің анты

1. Педагог педагогикалық әдеп нормаларын сақтайды.

2. Педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

3. Педагог лауазымына алғаш тағайындалатын адам ант қабылдайды.

4. Ант мәтінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Педагогтардың ант қабылдауының не қажеттілік бар? Оның мәтінін көрген жоқпыз, білмейміз де. Осы арқылы мұғалімдердің құқығы шектеліп, басқа да әрекеттерге жол аша ма деген қауіп бар. Сондықтан АНТ қабылдау артық деп есептейміз.

Сонымен қатар осы заң жобасының 7 бабында:

7-бап. Педагогтің кәсіби қызметтегі құқықтары

1, Педагог өзінің кәсіби қызметінде:

4) кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және қажетті жағдайлар жасауға;

Педагог материалдық-техникалық қамтамасыз етіп қажетті жағдайлар жасай ала ма? Мүмкін «қамтамасыз етілуіне және қажетті жағдайларының жасалуына» деп өзгерткен жөн шығар?

Келесі келіспейтін жеріміз осы заң жобасының «12-бап. Әлеуметтік кепілдіктер» бөлімінде:

5, Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін педагогке:

1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша педагогикалық қызметті қала жағдайында жүзеге асыратын педагогтердің ставкасымен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға арттырылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгілену мүмкін;

2) жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Бұрын бұл бап «білім туралы» заңда болғандықтан ауыл мұғалімдеріне бір реттік көмек беріп жүр деп ойлайтынбыз. Бірақ жергілікті атқарушы органдар «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңын қолданады екен. Оның 18 бабының 5 тармағы бойынша «Ауылдық елдi мекендерде тұратын және жұмыс істейтiн» деп басталатын жолдарының кесірінен бұл атаулы көмекті ауылды жерде жұмыс істесе де, тұрса да ұстаздардың көбі ала бермейді. Неге? Бір заң рұқсат беріп, екінші заң тоқтау қойды. Бұл жолдар өкінішке орай жаңа «Педагог мәртебесі» заңына осы мәтінмен жүр. Жергілікті «атқарушы  органның» бұл тағайындаған ақысының көлемі әр жерде әр түрлі бағада, кейбір жерде күлкіні келтіреді. Енді ұстаздар неге толық ала-алмайтынына тоқталайық. «Білім туралы» заңының 53 бап 1 тармақшасына сәйкес «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй, оның ішінде қызметтік үй және (немесе) жатақхана» деп әлеуметтік кепілдік берілсе де мұғалімдердің көбі «квартиранттар». Тіпті мұғалімдерге «арналған» тұрғын үй алу туралы бағдарлама да бар екен, бірақ өкінішке орай мұғалімдер хабарсыз. Сонымен «пропискасы» қалада, өзі қаланың шетінде ауылда «квартирант» болып жүрген ұстаздарға бұл атаулы көмек мүлде тимейді десек те болады. Үйсіз жүргені былай тұрсын, «квартирант» бола жүре бұл атаулы көмектен қағылатын болса, оның мөлшері күлкілі жағдайда болса жаңа заң жобасынан алып тастаған дұрыс. Бұл жағдай атап айтсақ Алматы облысында,  еліміздің кейбір аумақтарында орын алып отыр. Сондықтан  «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңындағы «ауылда тұратын» деген жолды өзгертпей жаңа заң жобасына енгізу тиімсіз. Білім туралы заң мүлде аяқ асты етілген.   «Мәслихат шешімі» құжаттарында білім туралы заң мүлде қаралмайды, сілтеме жасалмайды. Ал енді білім туралы заңның осы бабының астында «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңына да сілтеме жасалу керек еді.

Білім туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңында былай айтылған:

53-бап. Әлеуметтік кепілдіктер

1, Педагог қызметкерлер мынадай:

2, Ауылдық жерде жұмыс істейтін білім берудің педагог қызметкерлері жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша:

2) коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыстарды жабуға және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленетін мөлшерде бюджет қаражаты есебінен біржолғы ақшалай өтемақы төленеді;

Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңында:

18-бап. Ауылдық аумақтарды дамыту

5, Ауылдық елдi мекендерде тұратын және жұмыс істейтiн мемлекеттiк денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау жергілікті өкiлдi органдар (мәслихаттар) бекіткен тәртіппен және мөлшерде көрсетіледі.

Заң жобасының 15-бап. «Педагогтің міндеттері мен жауапкершілігі» 1 бап 7 тармағында:

1, Педагог:

7) қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге; - бұл қандай мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесу? Баяғы үй аралау, «бақытты» адамның рөлін ойнау ма? Ашып жазылмаған, сондықтан алынып тасталуын сұраймыз. Мектептің ішкі «әлеуметтік мәдени және эканомикалық» дамуы онсыз да мектеп жарғысымен, қағидаларымен реттеледі.

Сондай-ақ осы 15 баптың 6 тармағы: 

Педагогтің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауаптылық шарасы туралы шешімді қабылдау кезінде білім беру ұйымының басшысы білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес қызметін жүзеге  асыратын педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдарын ескереді.- делінген.

«Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес?» Қандай кеңес? Кім құрады? Әркім өзіне қажетті адамдарды тағайындайтын кеңес пе? Әлде кәсіподақ па? Белгісіз. Уәкілетті органның «қағидасы» қайда? «Әдеп жөніндегі кеңестің» жазалау құралына айналмасына кім кепіл? Сондықтан бұл тармақты алып тастауды сұраймыз.

Бас-аяғы 19 баптан тұратын заңның жобасының мұғалімдер үшін сапалы, әрі ешкімге жалтақтамайтындай болып қабылданғанын қалаймыз. Бұл Қазақстан мұғалімдерінің сіздерге артқан соңғы үміті мен аманаты деп білерсіздер...

М. Темірбек,
«Мұғалім мәртебесі" ҚБ төрағасы

А. Сағидулла,
«Мұғалім мәртебесі" ҚБ мүшесі

Abai.kz

11 пікір