Жұма, 6 Желтоқсан 2019
46 - сөз 1308 2 пікір 28 Қараша, 2019 сағат 13:44

Абай еркіндігінің феномені неде?

Кейде ойлаймын: осы Абай еркіндігінің феномені неде? "Мыңмен жалғыз алысқан" Абайға қуат берген нендей күш?... Бұны түсіну үшін "сандалмамен күн кешкен" пенде Абайдың ізіне түспеймін, өлеңдеріне үңілемін: " телміріп терең ойдың соңына еремін". Адам еркіндігін шектейтін бірнеше факторлар бар. Соның бірі - қоғамдық пікір - көптің пікірі. Әсіресе - көптің мақтауы. Көптің мақтауы - таппай айтылған мақтау - адамның қол-аяғын шырмап, құлдыққа түсіреді ,ой еркіндігінен айырады. Бұл ойдың матауын Абай бірден шорт кеседі:

"Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ".

Неге "антұрған көп пұл емес": неге көптің пікірі (мақтауы) өлшем бола алмайды? Өйткені: көпті Тәңірі атқан:

"Көп Тәңірі атқан мақтай ма,
Ол Тәңірі атқан болмаса?
Жоқты-барды шатпай ма,
Көптің өзі оңбаса?"

Көпке - Тәңірдің оғы (қарғысы) тиген: "Құдай қарғайын деген кісісінің ақылын алады". Сондықтан "көпте ақыл жоқ". Бірақ "көп қорқытады": өз дегеніне көндіргісі келеді, тізеге салады, - Тұлғаны қорлағысы келеді. Осы кезде: " Адамның көзін жоюға болады, бірақ жеңуге болмайды". Өйткені - Өлім бар - "Өзекті ерге бір өлім!". "Өлім барда қорлық жоқ!". Өлім - мына өткінші фәни дүниедегі бақилыққа ұмтылған адам еркіндігінің гаранты! Осы ойлау жүйесінен Еркіндіктің гимні есіп қоя береді! Міне, Абай еркіндігінің бір сыры! Ал біз тап осылай айта аламыз ба, Ағайын?!

Омар Жәлелұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

2 пікір