Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6556 7 пікір 2 Желтоқсан, 2019 сағат 10:48

Әбубәкір Қайран. Бақытты өмір сүргендер

(новелла)

Түнде көрген қорқынышты түсін қайта-қайта еске алып, төбедегі салбырап тұрған шамдалдың салпыншақтарына телміріп жатқанына – бір талай уақыт. «Суға кетіп қала жаздады-ау! Құтқара алдым ба, құтқара алмадым ба? Оянып кеткенімді қарашы!» – деген өкінішке ұқсас бір сезім көгірегін сәт сайын тырмалай беретіндей.

Әйелінің ұялы телефоны әндете жөнелді: «Гүлдерайым, күн мен айым, ұшарға қанатым жоқ, не қылайын!..». 

«Сағат жеті болды. Қазір Қадиша тұрады. Мен әлі оянбағандай болайын» деп, көрпесін бүркеніп, әйелінің қимыл-әрекетін бақылап жату үшін, бәрі көрініп тұратындай саңылау ашып қойды.

Қадиша ақ балықтай етжеңді білегін еріне созып, жанында тұрған телефонын сөндірді де, көрпесін серпінкірей ашып тастап, бет-аузын уқалап біраз жатты да, шұбалаңдай қимылдап, орнынан тұрды. Тыр жалаңаш қалпында екен. «Түнде киінгенге ерінген-ау, байғұс» деп ойлаған жігіт, жымиып күліп қойды.

Он жылдай бұрын, үйленгендерінің алғашқы айларында, ауыл маңындағы ат төбеліндей кішкентай көлге барып, күн батар алдындағы жылы суға шомылып, бір-біріне су шашып, мәз-мейрам болатын жап-жас шақтарын есіне түсірген Жәлел естен кетпес естеліктерге сүңгіп кеткендей болды. Сонда бұл жас келіншегінің ләззат шырынына дертіп тұрған тып-тығыз, жұп-жұмыр қасиетті алмадай қос анарының үрпісіне ернін тигізіп, құмырсқаның беліндей қыл мықынынан қос алақанымен аялай ұстап, тіп-тік тұрған қалыптарында тіл жеткісіз бір ғажайып сезімге бөленетін. Көл жағасына қаулай өскен қамыс аралас қалың шіліктің арасы сол бір сәтте пейіштің төріндей болып көрінуші еді-ау, екеуіне! 

Сол бір аспаннан лағыл жауып тұрған жаздан кейін келіншегінің тіп-тік тұрған қалпындағы жап-жалаңаш тұла бойын алғаш рет көріп тұрғаны – осы. 

Қазір қараса әйелінің тұла бойындағы сындарлы сипаттардың бәрі мүлде жоғалып кеткендей екен. Мықынына томпайған ісіктей болып май байланыпты, жарқ-жұрқ етіп көзді қаритын аппақ саны мен жүргенде бұлшық еттері дір-дір ете қалатын түп түзу балтырлары да рабайсыз жуандап, көзді кейітіп, көңілді қалдыратындай. Баяғыдағы ытырынып тұрған қос анар да атқа салған қоржындай болып, екеуі екі жаққа қарап қалыпты. 

«Менің бүгінгі бейнемді күйеуім байғұс әбден көріп алсын» дегендей, Қадиша да терезенің алдына барып, керіліп-созылып, қос қолын мықынына қойып, бөксесін екі жаққа кезек лақтырып... тұрып алды.  Мұндай көрініске ұзақ қарап жатуға төзімі жетпеген соң, отағасы да ояу екенін білдіріп, көрпесін серпіп, өтірік жөткірінуге мәжбүр болды. 

– Жәлел, ояумысың, жаным? – деді Қадиша бүкіл денесімен бұрылып. Дауысында әлдеқандай мәнерлі жасандылық бар.

– Суретшінің алдындағы натурщица сияқты болып не ғып тұрсың? – деді Жәлел кекесінді сыз білдіріп.

– Немене, өз күйеуімнен өзім ұяламын ба?! – деп, Қадиша төсек басында асулы тұрған түкті жасыл халатын иығына аса салды да, жуынатын жаққа қарай беттеді. Есікке тақала беріп, кілт тоқтай қалды да, шұғыл бұрылып, күйеуінің алдына тағы келді.

– Түні бойы «Айша! Айша!» деп айғалап, әбден мазамды алдың ғой! Немене алғашқы махаббатың күндіз есіңнен, түнде түсіңнен шықпай жүр ме?

– Сен енді менің ісімді қойып, түсіме араласайын дедің бе?

– «Түсіме араласайын дедің бе?» дейді ғой. Сен түсіңе қайдағы бір кәрі қызды кіргізгенше, кемпір-шалдың қолында зарығып жүрген екі балаңды кіргізсеңші. Олар қап-қара болып, беті қолдары жарылып, бізді сағынып ауылда жүр. Ал, сен болсаң, жайлы төсекте жатып алып, ылғи арам пиғылды түстер көресің. 

– Адам көретін түсін арнайы заказ беріп кіргізе ме?

– Түс дегеннің бәрі адамның ойынан туындайды. Адам не ойласа, соны түсінде көреді.

Қадишаның ұйқыдан ісінген, опа-далаптан тоза бастаған бет-ауызы көгере бастағандай болды.

– Мен сенің не ойлап жүргеніңді білемін. – деді ол гауhар жүзігі жарқ-жұрқ еткен сұқ саусағын безеп-безеп жіберіп, – Ана балаларды «ауылға бармаса, қазақша жақсы сөйлей алмай қалады» деп кемпір-шалға апарып тастадың. Сондай сылтау бола ма? Орыс мектебінде оқиды демесең, үйде қазақ тілінде-ақ сөйлеп жүрміз ғой, осы! Осы сен... орыс тіліне неге қарсысың? Орысша білмеген баланың болашағы беп-белгілі емес пе?!

– Сен андағы халатыңды үстіңе киіп алып сөйлеші. Ауызың да, астың да сөйлеп тұр. 

– Ұятсыз! – Қадиша қолын бір сілтеп, жон арқасын қиқандатып, есікке беттеді. Есікке жеткенде, ойына тағы бірдеңе түсе қалғандай күйеуіне жалт бұрылды.

– Сен... – деді ол үлкен көздері туатын сиырдың көзіндей шатынап, – Сен ана екі ұлыңды кемпір-шалға басқа есеппен апарып тастадың. 

– Қандай?

– Кемпір-шалға әбден үйрене берсін, солардың иісі сіңсін деп жүрсің. Егер менімен ажыраса қалсаң, атасы мен апасына жат болып кетпесін деп, соларды сағынып тұратын болсын деп, туған-туыстарын тани берсін деп, әдейі, залымдықпен апарып тастадың! Ана кәрі қаншықты машинаңа салып алып, гулять етіп жүргеніңді мен білмейді ғой деймісің. Мені бір керең, соқыр деп ойлаймысың. Оны «жерлес қарындасым» деп қоясың. Саған осының бәрін баяғыда-ақ айтуым керек еді. Айтуға арым жібермеді. 

– Сен жуын... жуын да, жұмысыңа кет. Кешігіп қаларсың, – деді Жәлел. Сонан соң тарс бүркеніп, теріс қарап жатып алды.

* * *

Осы Қадиша қаржы техникумында оқып жүрген кезінде қандай ғажап қыз еді! Тостақандай екі көзін аударып-төңкеріп жібергенде, құдай-ау, мұның жүрегі кеудесіне симай, бұғалық көрмеген асаудай тулап ала жөнелуші еді-ау! 

Пісте мұрнының астындағы жаңа ғана шешек атқан қызғалдақтай еріндері мен сақылдап күлгенде тұтас байқалатын інжу тістері от шашып тұрғандай әсер қалдыратын. Құлағынан тастамайтын алтын сырғасы тек осы қызға ғана арналып жасалғандай ай сипатты бір керемет зергерлік бұйым еді. Жас қыз сүйріктей саусақтарына неше түрлі жүзіктер тағып жүруді ұнататын. Кейіннен, саусағы жуандап кеткеннен кейін, сол жүзіктерңн кеңейттіріп алып, әлі күнге дейін кезек-кезегімен тағып жүр. «Осы қатын неке сақинасын неге тақпайды?» деп ойлады Жәлел. 

Қазір қаладағы әмбебап дүкенде бас бұғалтр болып істейтін Қадиша – өзінің қызметіне жан тәнімен берілген майталман қызметкер. Алатын жалақысы да айта қаларлықтай. Сондықтан болар, ол күйеуінің жалақысы аздау жаттықтырушылық жұмысына ешқашан көңілі толған емес. Қадишада жұмыстан кешігу, үйге ертерек қайтып кету деген, әсте, болмайды. 

Міне, бүгін де суды сарылдатып апыл-ғұпыл жуынды да, ыдыс-аяқты салдырлата жүріп, бір шыныаяқ кофесін ішті ме, ішпеді ме, есікті тарс жауып, жұмысына жөнеліп кетті.

Жәлел төсегінен тұрып, есікті кілттеп қойды да, смартфонын қолына алып, Айшаға хат жазуға кірісті. «Айша» деп жазғаннан кейін, сәл ойланып отырды да: «Мен сені түсімде көрдім» деген сөздерді қосты. Тағы не жазу керек? Көрген түсінде жағажайда жүргендерін, қатар жүзіп алысқа ұзап кеткендерін, содан соң... Айшаның суға батып бара жатқанын... жазу керек пе? «Жоқ!» деді Жәлел.

Содан соң: «Бүгін кездесейік. Сағат бірде. Өзіміздің орында» деген сөздерді жазып, Айшаға қарай аттандырып жіберді.

Қазір осы қаладағы циркте атпен айналысатын жокей болып жұмыс істеп жүрген Айша деген қызды бала кезінен танитын. Бұлардың танысуына себеп болған – ат жарысы.

Аудан бойынша жылына екі рет болатын үлкен тойлардағы ат жарысында еркекшора болып өскен Айша да, Жәлел де бір-бір жүйірікке мініп, шабандоз ретінде бәйгеге қатысатын. Екеуінің де әкесі бүкіл елге белгілі атбегілер еді...

Жәлел көз алдына біраз жылдардан кейін Айшамен қайта жүздескен сәтін тура бүгінгідей көз алдына елестеп өтті. 

Иә, Жәлел ол кезде спортфактың үшінші курсында оқушы еді-ау! Бокспен айналысып жүретін. Бір күні спортзалға барса, бір топ қыз акробатикамен айналысып жатыр екен. Ылғи бір талшыбықтай бұратылған жас бойжеткендер. Бірінен бірі өтеді. Бұл осы қыздардың мүсініне көзімді суғарып алайын дегендей, елеусіз бұрышта ұзақ уақыт тұрып қалған.

Әрқайсысына сын көзбен қарап, ішіндегі ең тәуірі қайсысы екен деп, бақылап тұрса, жараған арғымақтай, сұңғақ бойында бір мін жоқ біреуінің жүзі бұған таныс сияқты, тіпті, өні ыстық тартып барады. Әсіресе, ақсары жүзі мен мейірім төгіп тұратын көкшілдеу көздері, желкесіне шарт түйіп тастаған қоңырқай қайратты шашына дейін тым таныс. 

Жәлел қыздарға тым жақындай беріп еді, денешынықтыру пәнінің мұғалімі ме, бір орыс әйелі «Что ты тут делаешь?! Уходи немедленно!» – деп ұрса бастады. Осы кезде бұған қарай қалған қыздардың арасынан: «Жәлел!» деп қатты дауыстап, әлгі арғымақ қыз бұған қарай тұра жүгіргені. Сонда ғана бұл Айшаны анық таныды. Қуаныштан жүректері жарыла жаздаған екеуі көптен бері көріспеген ағалы-қарындастылардай сағынса қауыштау, сонда!..

Бұлар сол күннен бастап, жиі-жиі жолығысып жүрді де, көп ұзамай жүректері жұптасып, шын сүйіскен ғашықтардай, бірін бірі көрмесе тұра алмайтын халге жетті. 

Ақыры Айшамен жүрген естен кетпес екі жыл да артта қалып, Жәлел оқуын бітірді де, ауылына барып, сондағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет істеп жүрді.

Бір жылдан соң, қалаға қайтып келіп, бокспен қайта айналысып, бір қатар жеңістерге жетіп, атағы шыға бастағанда, қаржы техникумының соңғы курсында оқып жүрген Қадишамен жолығысты.

Айша туралы осындағы бір досынан сұрап еді, ол бетін тыржитып: «Сол қызды қайтесің?! Ол қазір циркте, күндіз жылқылармен, түнде жігіттермен ойнап жүр» деді. Осы бір сөзді естігеннен кейін-ақ көптен бері хабарласпай кеткен Айшаны сағынбақ түгілі, есіне де алғысы келмейтін болған. 

«Осы Қадишаның әдемі жүзі мен ерке мінезіне шырмалып қалмағанымда, Айша менің жарым болар еді ғой. Екі-ақ жыл бірге жүрдік. Одан кейін... кетістік. Көп жылдан соң қайта қауыштық. Енді не болады? Қадиша да бәрін біліп алыпты. Бір сойқанның болатыны анық-ау!» – деп ойлады Жәлел, шар айнадан мұңая қарап тұрған өзінің ашан жүзіне, сұрғұлт көздеріне, қасқа маңдайына есіркей, мүсіркей қарап тұрып. 

* * *

Мейманханадағы «люкс» деп аталатын жанға жағымды жұп-жұмсақ заттардың ерекше түрлерімен жабдықталған бөлменің қақ ортасындағы патша тағындай арбиған креслода аппақ халат-шапанға қымтана оранып алған, ені мен көлденеңі бірдей, елулерге келіп қалған бір адам отыр. Оның жалтыр басы мен үлкен көзілдірігі терезеден төгіліп тұрған күн сәулесімен шағылысып, өзіне бір елден ерекше реңк бергендей. Айқастырып тастаған аяқтарының үстіңгі жақтағысы – жүн-жүн жуан балтырлы аяғы тыным таппастан селтең-селтең етеді.

– Қадиша Маликовна, осы қонақүйге апта сайын, ай сайын болса да келіп кетіп жүргенімізге неше жыл болды, өзі? – деді ол бір кезде қарсы беттегі диванда отырған тостақан көзді, толықшылау келген көрікті келіншекке еміне қарап. 

– Сіз не... Базарбек Сарсенович, ұмытып қалдыңыз ба? Сіз ЦУМ-ға директор болып келгеннен бері ғой.

– Ә, бес жылдай болыпты-ау. 

– Осы жүрісімізді ешкімнің сезбей жүргеніне күн сайын құдайға шүкіршілік етемін. Әйтеуір, түске дейін келіп, түстен кейін кетіп қалып жүрміз ғой. – деді кербез келіншек, үстіндегі көк халатының етегін серпіңкіреп тастап – Біреу біліп қойса, масқарамыз шығады ғой.

– Құдай сақтасын! Сіз білесіз бе, Қадиша Маликовна, біз – өмірімізді өте мәнді өткізіп жүрген адамдармыз. «Өмір – өрнегімен өмір, көңіл – көрнегімен көңіл» депті ғой бір данышпан. 

– Базарбек Сарсенович өз сөзіне өзі риза болғандай, иегі мен кеудесінің арасын тұтастай алып жатқан жемсау бұғағын бүлкілдетіп, ырқ-ырқ етіп, күлген болды.

– Неше жыл болды деп мен әдейі сұрап отырмын. Ұмытпаған екенсіз. Сіз сол жылы отызға келгенсіз. Андағы сұқ саусағыңыздағы гаухар жүзікті мен сізге сонда сыйлап едім-ау.

Енді, міне, екеуміздің жүректес, тілектес болғанымызға да бес жыл толыпты. Соның құрметіне мына тосты көтермей тұрып, өзіңізге арнап әкелген сыйлығымды ұсынсам деймін. 

Базарбек Сарсенович орнынан ауыр көтеріліп, жанында тұрған жуан портфелін ашты. Одан бір қорапты алып шығып, ішінен көз қарықтыратын әшекейлі алтын алқаны әспеттей суырып, маң-маң басып келіп, Қадишаның мойнына тақты. Содан соң, келіншектің қолтығынан демеп, орнынан тұрғызды да, бауырына тартып, қып-қызыл ернінен ұзақ сүйіп, «жаным!» деген бір үн шығарғанда, екеуінің де халаттарының алды ашылып, жалаңаш қарындары бір-біріне түйісе берді...

Біраздан кейін жатын бөлмеден әлгі орындарына қайтып келіп, бір-біріне деген ынтызарлыққа толы тілектерін айтып, виски ішіп отырғандарында, әңгіме желісі өзінен-өзі отбасылық жағдайларға ауысып кеткенін екеуі де аңдамай қалды.

– Мен бүгін күйеуіммен ұрсысып шықтым, – деді Қадиша Маликовна – ол менің көзіме шөп салып жүр. Айырылысып кетсем қайтеді?

– Жо-оқ, атама! – деп шыр ете түсті Базарбек Сарсенович, – Ол сіздің үлкен қателігіңіз болады. Сіз менің ақылымды алсаңыз, былай істеңіз. Қазір жұмысқа барғаннан кейін, мен сізге бір керемет сағат беремін. Соны күйеуіңізге сыйлаңыз. Оған былай деңіз: «Таңертең саған айтқандарымның бәрі бекер екен. Кешір. Мен бүгін ақылға келіп, ойландым да, саған – сағат, өзіме алқа сатып алдым» де. Ол: «Не үшін дейді ғой» сонда былай де: Ендігі қалған өмірімізді балаларымызбен бірге бақытты өмір сүру үшін, бір-бірміздің жан дүниемізді терең түсініп, сыйласып өту үшін! Мына заттар сол өміріміздің куәсі болсын!».

Міне! Болды! Осылай істесең, күйеуің көңілдесіне барғанын да қояды. Саған да ешқандай күдік келтірмейді. 

Қадиша Маликовна орнынан атып тұрып, Базарбек Сарсеновичтің арқасынан құшақтап, жалтыр төбесінен шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алды. «Жаным! Ақылдым!» деген жалынды сөздері еркектің тұла бойын балқытып жібергендей болды.

* * *

Қадиша күндегі уақытында жұмысынан келгенде, атасы мен енесін, күйеуінің екі тізесіне екеуі бірдей мініп алып отырған Марат пен Қанат деген ұлдарын көріп, есіктің көзінен бері аттамай қалт тұрып қалды.

– Мама! Мамам келді! – деп, бұған қарай екі ұлы қосыла жамырасып тұра жүгірді. 

Ұлдарының бетінен сүйіп, бауырына басқанда, көзінен екі-үш тамшы жастың ытқып кеткенін өзі де сезбей қалды.

Ата-енесімен амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, жатын бөлмеге беттеген келіншек, тәтті жымиып, күйеуін ішке қарай ымдап шақырып алды.

Жәлел өзімен ілесе бөлмеге кіргенде, шат-шадыман келіншек мұның мойнына асыла кетті де, күйеуінің бетін ыстық демімен өртеп жіберердей боп, көзінен, бетінен сүйгіштей бастады. 

– Менің таңертеңгі қылығымды кешір, жаным! Кешір! Менің керемет сюрпризім бар, – деді алқына демалып. 

Мұндай тосын құбылыстан есі шығып кеткен Жәлел: 

– Ол қандай сюрприз? – деп аңтарыла қарап еді, Қадиша тез қимылдап, сөмкесінен екі қорапты суырып алып, төсектің үстіне тастай салды.

– Біз енді мәңгі бақи тату-тәтті, бақытты өмір сүретін боламыз. «Өмір – өрнегімен өмір, көңіл – көрнегімен көңіл» деген сөз бар ғой. Міне, мына сағат – саған. Міне, мына алтын алқа – маған! Әдейі сатып алдым. Бұл заттар біздің бақытты өміріміздің, адал антымыздың қасиетті куәгері болсын! Қане, мына сағатты тақшы қолыңа! Ғажап сағат. Мен де алқамды тағайын. Апам мен атама, балаларға көрсетейік. 

Жәлел сағатты қолына тағып тұрып: «Жан жарымның көңілін кірлетіп жүрген мен де ақымақпын ғой! – деп ойлады. – Жарыммен, балаларыммен бақытты өмір сүруім үшін – теріс жүрістің бәрін қойуым керек!». 

Ол алтын алқасын мойнына тағып алып, гүл-гүл жайнап тұрған келіншегіне сүйсіне бір сәт қарап тұрды да, оның жаңа ашылған қызғалдақтай ерніне жабыса кетті. 

– Біз бақытты өмір сүретін боламыз! – деді ол әйелінің алаулап тұрған екі бетіне екі алақанын төсеп, – Дәл қазір саған қыз кезіңдегідей ғашық болып тұрмын!

Әбубәкір Қайран

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541