Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 4223 5 пікір 3 Желтоқсан, 2019 сағат 12:16

Үлкен қателіктер мен кіші қателіктер

Өмір болған соң, қателеспейтін пенде болмайды. Бірақ, қандай қателіктің болса да: үлкені және кішісі болады. Үлкен қателіктерге: отанын сату, туған ұлтын, дінін, тілін сату, ұлттық құндылықтарын табанға таптау сияқты, яғни, мемлекетін сату жатады. Бұл қателіктер - ең ауыр қылмыс жасағанмен тең. Мұндай үлкен қателіктерді - ешқашан да кешіруге және ұмытуға болмайды.

Ал, кіші қателіктер: жеке басы мен отбасындағы, достар, ағайын-туыстар, таныс пен бейтаныстар арасындағы, ес-ақылдан айрылып, күйіп-жану, тіпті, құрбандыққа дейін бару сияқты махаббатқа, сүйіспеншілікке, жақсы көру мен жек көру сияқты әртүрлі келеңсіз жағдайлардан бастап, ары қарай кете береді. Қанша жерден ауыр болса да, бұл кіші қателіктерді - түзетуге, кешіруге, тіпті, ұмытуға болады.

Жоғарыдағы мен тілге тиек еткен үлкен қателіктерге – қандай жағдай болса да, жол бермеуге тырысуымыз керек. Әйтпесе, бәрі кеш болады.

Адамзат тарихында ең үлкен қылмыс жасаумен пара-пар үлкен қателіктерге ұрынған жеке билеушілер, хандар, патшалар, корольдар, шахтар, үкімет басшылары, президенттер, монахтар, кешегі біз «келмеске кетті» деп жүрген, атың өшкір, Компартия, яғни,СОКП-ның бас хатшылары,т.б. қылышынан қаны тамған жауыздар көп болған. Үлкен қателіктерге ұрынған, ешқашан да тойым дегенді білмейтін, бейбіт халықты қан-қақсатқан ондай билеушілердің өмірінің ақыры – аянышты әрі азапты өліммен аяқталып отырған. Және де олардың тұқым-тұяғы, өрен-жарандары, барша туыстары, қаптаған тілеулестері, табақтастары, жемтіктестері де – солардың  кебін киіп отырған. Оған толып жатқан мысалдар келтіруге болар еді, бірақ, мен осы ой- топшылауыммен ғана шектелгім келеді. Әйтпесе, әңгіме тым ұзарып кетеді.

Ағайындар, қайткенде де үлкен қателіктерге жол бермеуге тырысуымыз әрі жол бермеуіміз керек сияқты. Үлкен Қателіктерді болдырмау – жеке тұлғалардан бастап, барша адамзат атаулыға ортақ - азаматтық парыз дер едім. Айтпақшы, парызды - қарызға алуға болмайды!

Басқаша айтқанда, барша адамзат парызға - қарыз дер едім...

Жұмаш Кенебай

Abai.kz

5 пікір