Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 7540 19 пікір 5 Қаңтар, 2020 сағат 12:19

Әбділдинге және халыққа жасалған нәрсе маған қатты батты

Адамның адамдығы, яғни ұлылығы қайтыс болған адамға деген құрметі арқылы көрініс табады. Басқаша айтар болсам, адамдығымыз қайтыс болған адамға көрсеткен құрметіміздей ғана. Қайтыс болған адам тірілерден құрмет көруді медет етпейді. Оған бәрібір (болса керек). Құрметтеуді тірілер керек етеді. Өйткені өлген кезімізде қорғансыз денеміздің тірілер тарапынан құрметпен жер қойнауына берілуін немесе өзге де қалауларымыз арқылы ақтық сапарға шығарып салынуын қалаймыз.

Сондықтан да бір-біріміздің жаназамызға бару маңызды. Тіпті міндет. Егер қайтыс болған адам қоғам қайраткері, еліне еңбегі сіңген болса оның жаназасын құрметтеу баршаның міндеті.

Күні кеше Серікболсын Әбділдиннің ресми, зайырлы жаназасы болды. Тәуелсіз Қазақстанның ең маңызды тұлғаларының бірі еді. Сондықтан да оның өлімі, бір әріптесім айтқандай «еліміздегі саяси өмірдің бір кезеңінің бітіп, жаңа бір кезеңінің бастау алуының» символы еді.

Алайда Әбділдинге және халыққа жасалынған нәрсе, маған қатты батты. Осыншама жыл қызмет еткен халқымен қоштасатын есі дұрыс жер бұйырмады. Ғалымдар үйі берілмеді. Жамбыл атындағы филармонияда өтеді дегенді естігенімде «мейлі, тым болмаса үлкен залы бар, халық болып сол жерде қоштасармыз» деп ойлаған болатынмын. Алайда жаңылыппын. Билік өзінің жылдар бойғы оппонентіне ақтық «сюрприз» жасапты: Халық Әбділдинімен филармонияның екінші қабатындағы кішкене ғана фойесінде «қоштасты». Таң азанмен ағылып барған халық сыймай қалды. Кім сөйлеп жатыр, не сөйлеп жатыр естілмеді, көрілмеді. Халық Әбділдиннің азиз денесінің қарсы алдында жеке бір қоштасу рәсімін жасай алмады. Жасатпады. Рахмет айта алмады. Айтқызбады өйткені. Халықтың қоғам қайраткеріне жеке-жеке рахмет айтып, тағзым жасау сәті зайырлы жаназа дәстүрінің маңызды бір моменті. Осылайша қайтыс болған қоғам қайраткеріне құрмет көрсетілген болып есептеледі. Ал бүгінгі жағдай?! Өте аяусыз. Өте қатыгез.

Бұл қалай болды? Күні бойы өз өзіме қойған сұрағым осы болды. Неліктен Әбділдиннің сүйегі филармонияның сахнасына қойылмады. Неліктен біз, яғни халық осынау маңызды тұлғамен жөні дұрыс қоштаса алмадық? Неліктен адамдарды тар фойеде тоғытып қойды? Билік өкілдері неліктен қатыспады? Қала әкімі қайда? Туған жері Шығыс Қазақстаннан неліктен делегация келмеді? Жазушылар Одағы сынды қоғамдық институттар өкілдері неліктен келмеді? Эстетикалық тұрғыдан да, этикалық тұрғыдан да осынау көрім жағдайға қалайша тап болдық?

Мұның ең басты себебі поляризация. Яғни қоғамның күнделікті өмірінің екі полюске бөлінуі. Мұның ортасының болмауы. «Я анаусың, я болмаса мынаусың» түсінігі. Басқаша айтар болсақ «Я мендіксің, я болмаса жауымсың!». Яғни адамдардың екі полюс арқылы қоғамдық өмірді жоспарлауы. Бұл полярлық түсінік сонау тәуелсіздік жылдарының басында пайда болды (деп ойлаймын). Оған алғашқы 2-3 жылда конституцияның өзгеріп, парламенттік республикадан бас тартылып, бір ғана адамның екі езуіне қарайтын жүйені қалыптастырған кезеңнің тарихы куә. Сол кезеңнен бастап біздегі саясат қоғамды екіге бөлумен айналысты: Қазақтар-орыстар; Қазақ тілді қазақтар-орыс тілді қазақтар; Дәстүрлі діндарлар-салафиттер және тағы басқа. Мысалы Қазақтарға бағытталған риторика мен Орыстарға бағытталған риторика екі бөлек еді: Қазақстан Республикасы Тіл Туралы Заңы деп аталатын заңының орыс тіліндегі аты: Закон о Языках. Яғни Қазақтарға «тіл» жайында айтсақ, орыстарға «тілдер» жайында айтудамыз (Скриншоттарға қараңыз).

Тіпті бір-бірін сипаттайтын жаңа-жаңа терминдер мен ұғымдар қалыптасты бұл үдерісте. Мысалы арапқұлдар, нұрботтар, орысқұлдар, мәңгүрттер, көзқамандар, мамбеттер, келімсектер жтб.

Бұл полярлық түсінік бойымызға соншалықты сіңді, өлген адамның сүйегіне құрмет көрсете алмайтын жағдайға жеттік. Ол адам тірісінде ерен еңбектер жасаған болса да...

Бұл полярлық түсінік бойымызға соншалықты сіңген, еліміздегі саяси дискурстардың дерлігі поляризация жақтаушысы. Тіпті еліміздегі саяси формациялар жаңа бір саяси альтернативаларды өте аз ұсынып отыр. Көбінесе осынау поляризацияны одан әрі тереңдетуге ұмтылуда.
Мысалы жаңа бір саяси партия құрып жатқан саясаткер, журналиске берген сұхбатында партиясының болашақта «Нұр Отанды жеңетінін» алға тартқан болатынды. Бір партияның құрылу мақсаты Нұр Отанды жеңу болса ол жерде партия жоқ деген сөз. Болса болса кек бар. Негізін кектен қалаған партия қоғамдағы поляризацияны одан әрі тереңдете түсуге жарайды. Немесе «Тоқавты мойындамаймыз» деген топтар. Бұл топтар өздерін демократ ретінде көрсетеді. Алайда «Тоқаевты мойындайтындарды» көрмейді. Бұл жағдай да қоғамдағы поляризацияға көрік басады. Ал заманауи демократия түсінігі көпшіл емес, баршашыл болуды міндеттейді.

Нәтижеде елімізде жаңа құрылып келе жатқан саяси топтар да елдегі саяси биліктің поляризацияшыл дәстүрін қайталауда. Яғни елімізде билік ауысар болса да түсінік ауыспайды деген сөз. Бәріміз Нұрсұлтан болуға міндеттіміз бе? Немесе сұрағымызды былайша сұрайық: Қалайша бәріміз Нұрсұлтанға айналдық? Баршаны құшақтайтын бір саясат өндіре аламыз ба? Оппоненттеріміз қайтыс болғанда оған жоғары дәрежеде құрмет көрсету батылдығымыз бар ма? Әлде қайтқан адамның сүйегі де қарсылас деп есептейтіндердің жасағанын жасаймыз ба? Адамдыққа, яғни ұлылыққа қашан және қалай ие боламыз?

Жатқан жеріңіз жарық болсын Серікболсын Әбділдин! Сізден принципшілдікті, адамның өткен тарихына деген адалдығын мирас етіп алдым. Рахмет сізге!

Молдияр Ергебектің әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz
19 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616