Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Абай мұрасы 3790 4 пікір 9 Қаңтар, 2020 сағат 14:00

Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылады

Бүгін Қазақстан Президенті «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысы аталған мақаласында ұлы ақынның 175 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар жөнінде атап өтті.

Республика бойынша ұзын-ырғасы 500-ден астам шара ұйымдастырылады. Солардың бірсыпырасы Президент мақаласында айтылған. Енді рет-ретімен жазайық...

1. Ең басты шара - «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция

Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады.

2. «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық конференция

Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.

3. Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылады

Ұлы ақынның шығармалары он тілге аударылып, басып шығарылады. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржі­ма­ланады.

4. «Абай» телесериалы түсіріледі

Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.

5. Мем­ле­кет­тік сыйлық енді «Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлық» деп аталады 

Ақын тойына орай Республикалық және ха­лық­аралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Биылғы бәй­гелер Абай шығармашылығына ар­на­лады. Әдебиет және өнер саласын­дағы үздік шығармаларға берілетін мем­ле­кет­тік сыйлық енді «Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлық» деп аталатын болады.

6. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» құрылады

Абайдың тұлғасы мен мұра­сын ұлық­тау шетелдерде де жалға­сады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбри­­та­ния­да­ғы және басқа да мемлекеттердегі Қазақ­­станның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жос­пар­ла­нып отыр.

7. Ақ­шоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскен­­байұлы әулетінің қорымы абаттанды­рылады

Шығыс Қазақстан облысының Ақ­шоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскен­­байұлы әулетінің қорымы абаттанды­рылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Абай тұл­ғасын жоға­ры дәрежеде дәріптеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.

8. Семей қаласын әлеуметтік-эко­но­ми­калық тұрғыдан кешенді дамыту жұмыстары қолға алынады

«Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қа­ласын тарихи орталық ретінде белгі­леген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрім­нің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны там­ған өңір айрықша құрметке лайық. Осы­ған орай шаһарды әлеуметтік-эко­но­ми­калық тұрғыдан кешенді түрде дамы­тып, ондағы тарихи-мәдени нысандар­ды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкі­метке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», делінген Президент мақаласында.

9. Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғи­марат салынады

Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағ­зым етуге келетін жұртшылыққа қолай­лы жағдай жасалатын болады.

Сонымен қатар Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­дени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру қолға алынады.

«Жидебайда музейге арнайы лайық­талған «Абай мұрасы» атты жаңа ғи­марат салу қажет», делінген мақалада.

10. «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі

«1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негі­зін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек», деді Қазақстан Президенті.

Осы және басқа да ауқымды шаралар ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткі­зілмек.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499