Жұма, 29 Наурыз 2024
Әліпби 5057 23 пікір 17 Қаңтар, 2020 сағат 12:41

Жаңа идеяларды жатырқамайық...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың акутты әліпбидің қаріптерінде олқылықтар бар екенін ескертіп, оны жетілдіруге берген тапсырмасынан кейін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында жекелеген азаматтардың жобалары талқылануда. Орынды шара. Өйткені ол арқылы жоба ұсынушылардың ойын ортаға салғызып, өкпе-назынан құтылуға, ұсыныстарымен танысып, тиімділерін пайдалануға болады. Әрине, дұрыс ұйымдастыра білсе.

«Sputnik Қазақстан» тілшісі «Латын әліпбиі: ұлттық комиссия бірнеше нұсқаны қарап шықты» және «Новый алфавит казахского языка на латинице выбирают из восьми вариантов» деген мақалаларында өзінің комиссия мүшесі, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешовтен сұхбат алғанын жазыпты.

Онда менің ұсынған әліпби жобама қатысты төмендегідей жолдар бар.

3, Қуантқан Вановтың әліпби жобасы. Маңғыстаулық математик өз нұсқасында математикалық таңбаларды пайдаланған. Оның әліпбиінде 33 әріп бар. «Бұл кісі ноқат қоймау үшін немесе төменгі жағын сызбау үшін таза математикалық-геометриялық таңбалармен шыққысы келген. Идея дұрыс. Бірақ мәтін жазғанда сөздері түсініксіз болып кетеді. Оған үйрену де оңай емес», - депті Тілешов.

Өзіме қатысты әңгіме айтылған соң пікірімді білдіргенді жөн көрдім.

Мен әліпбиде математикалық-геометриялық таңбаларды емес, фонетикалық таңбаларды пайдаланған болатынмын, бірақ ол бұрмаланып беріліпті. Неге? Білмедім. Егер фонетикалық таңбалардың кейбірінің математикалық таңбамен бірдейлігіне байланысты айтып отырған болса, мұндай жағдайда әріп ретінде математикалық таңба пайдаланылды демейді, керісінше, математикалық таңбасы ретінде мына әріп алынады делінеді. 

Сұхбат беруші «Фонетикалық таңба мәтінді түсініксіз етеді және үйренуге оңай емес» дегенді ауадан алып отырған жоқ, «Тіл-Қазына» өткізген семинардағы талқылау бойынша айтып отырғанын түсініп отырмын. Онда сарапшы болған екі адам «фонетикалық таңба көпшілік адамға бейтаныс болғандықтан оқуға, үйренуге және үйретуге қиындық келтіреді» деген еді. Бірақ осыны орынды уәж деуге бола ма? Мектепке келгенде ешқандай таңбаны танымайтын бала біршама уақытта саудыратып оқуды үйреніп алмай ма? Әліпбиді оның әріптерінің өзіне таныс, таныс еместігіне қарай бағалау дұрыс па? Мысалы, мен грузиннің әрпін танымаймын, сондықтан онымен жазылған мәтінді оқи алмаймын, сонда әліпбиінің нашар болғаны ма? Сарапшылардың пікірі солай-ақ болсын. Сонда олар не айтса да, дұрыс деп есептеле бере ме? Бұл мысалдан оқырманымыз жобаға шын мәніндегі ғылыми сараптама жасалмағанын аңғарып отырған болар. 

Сұхбатта жинақталған жобалардың тиімді жақтары ескеріліп, ол бойынша әліпбидің жетілдірілетіні айтылған екен. Қуанып отырмыз, үміттеніп отырмыз. Бірақ жобаның атынан да, затынан да көрініп тұрған идеясын шатастырып, әліпбиге ғылыми сараптама жасаудың орнына бір-жар адамның үстіртін пікірі негізге алынғанына қарап, дұрыс қорытынды шығатынына күдік те бар. Бұл орайда орфографиялық топ мүшелері сауатсыз адамдар деп айта алмаймын. Алайда «Тіл-Қазына» Президенттің «әліпбиді жетілдіру керек» дегенін акутты әліпбидегі кейбір әріптерді түзеуді айтып отыр деп түсініп, басқа жобаларды қарастыруға батылы жетпей, оларды қандай да бір кемшілігі бойынша жарамсыз етуді көздеп отырған сияқты. Мысалы, менің идеямды «жақсы» депті. Идея жақсы болса, неге кемшіліктерін жөндеп, жетілдірмеске? Нақты сенім болмаса, неге баламалы түрде қарастырып, сынап байқамасқа? Біздіңше, егер ғалымдар ғылыми негізделген жақсы нұсқа ұсынса, билік те қарсы болмайды. Сондықтан акутты әліпбидің  кемшілігі бар әрпін ғана өзгерте салу пікірінен арылып, жинақталған жобалардағы жылт еткен жаңалықтарға назар аударған жөн деп есептейміз.

Ванов Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563