Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әттең... 4855 8 пікір 28 Қаңтар, 2020 сағат 11:19

Бір әкенің 14 ұлы ІІ дүниежүзілік соғыстан оралмаған

ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Орталық Азия елдерінде көркем фильмдер түсіріліп көрерменге жол тарта бастады. Соның бірі түсірілімі жақында ғана біткен режиссер Джахонгир Ахмедовтің Тәшкент облысының Зангиат ауданының Ханабад ауылының тұрғыны  Зульфия Закированың бес ұлының майданнан оралмауына арналған "Илхак" фильмі. Осы орайда Аягөздік Сыр қожаларының бір әулетінен тарайтын Қасым атамыздың 15 ұлын майданға аттандырып, 14 қара қағаз алғаны ойға оралады.  

Осындай әулеттің болғанын аякөздіктердің әлі күнге білмейтіні өкінішті-ақ!!!

Бір әкеден тараған 14 жігіттің елге оралмауы ІІ Дүниежүзілік соғыстың тарихында болмаған оқиға. Бұл жайында жалғыз өзі ғана елге оралған әулеттің тұңғышы Базарғали атамыздың: «аштық алмаған бауырларымды соғыс алды» деп тағдыр салған жалғыздығына налығанын Қасымова Нүркамал Базарғалиқызы бір кезіккенімізде сыр ғылып айтып еді.

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Қазақ халқының бұл даналығы тегін айтылмаған Қасымова Нүркамал Базарғалиқызы жарты ғасырын жастар тәрбиесі мен білім жүйесіндегі қызметке арнаған адам екенін және ол салада абыройлы болғанын білетінмін.

Тіпті ескі уақытта Лао-Цзы дейтін ғұламадан қалған деген бір сөзі бар еді: «Дана адам… өзін жарыққа шығара бермейді, сондықтан жүзі жарқын; ол өзі туралы айтпайды, сондықтан да атақты; ол өзін дәріптемейді, сондықтан да ол сыйлы; ол өзін асқақтатпайды, сондықтан да ол өзгелер арасында биік көрінеді». Нүркамал Базарғалиқызын асқақтатқан оның шәкірті Серікзат Дүйсенғазин еді.

Бұлай дейтініміз, Серікзат Дүйсенғазин Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылының тумасы. 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасында доцент, 2006 жылдан ЕҰУ-да филология факультеті деканының орынбасары қызметін атқарады. Филология ғылымдарының кандидаты, Республикалық айтыстардың жеңімпазы, республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері, бір оқулықтың, бір ғылыми монографияның, отызға жуық ғылыми мақаланың, көптеген публицистикалық мақалалардың авторы, бірнеше әдеби, ғылыми-танымдық жинақтардың құрастырушысы.Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазиннің орысша тамаша сөйлегеніне таң қалғанымызда өз ұстазының Нұркамал Базарғалиқызы екенін айтқаны жадымызда жатталып қалған еді.

Нүркамал апайдың әкесі Базарғали атамыз ІІ жаһан соғысының тарихында қалатын жан. Олай дейтініміз бір әулеттен 15 ағайынды жігіт Отан қорғауға аттанып, тек Базарғали ата ғана аман-есен елге оралыпты.

Бұл енді Республика тарихшылары мен киногерлері жаппай қолға алатын тақырып болғандықтан біз бас жағын ғана сөз етіп отырмыз. Тек 14 бірдей боздаққа Нұр-Сұлтан төрінен ескерткіш тұрғызу қолға алынса, жоғымыз түгенделер еді. 

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

8 пікір