Сейсенбі, 25 Ақпан 2020
2866 9 пікір 13 Ақпан, 2020 сағат 12:16

Болат Әбілов пен Ораз Жандосов 30 отбасына тегін пәтер тарту етті

Болат Әбілов пен Ораз Жандосов Қапшағай қаласындағы 30 отбасына  тегін пәтер тарту етті. Баспаналы болғандар арасында көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен мүгедек жандар бар. Ал, пәтер сертификаттарын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыс етті.

«Teniz Towers» тұрғын үй кешенінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынған пәтерлерді бизнесмендер Болат Әбілов пен Ораз Жандосов басқаратын «Eneverse Kunkuat» ЖШС өз қаржысына сатып алған болатын. Айта кетерлігі, бұл компания біршама уақыт бұрын Қапшағай маңына 100 МВт қуаты бар күн электр станциясын енгізген еді.

Пәтерлі болған жандарды құттықтаған Амандық Баталов облыста халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл істе аймақ меценаттарының зор қолдау білдіріп отырғанын айтты.

-Былтыр облыста 894 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп көрсеткіш. Халықтың аз қамтылған бөлігі мен тұрғын үй кезегінде тұрғандарды қолжетімді баспанамен қамтуда мемлекетпен қатар, жергілікті меценаттар да көп көмек көрсетуде. «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Бақытты отбасы» мембағдарламаларының арқасында 2443 отбасы баспанаға қол жеткізді, олардың 1779-ы – әлеуметтік аз қамтылғандар мен көпбалалы аналар. Ал бүгін біз облысымызда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнесмендердің өз қаржысымен көпбалалы жанұяларға, жетім балара мен мүгедек жандарға 30 пәтер сатып алып бергеніне куә болып отырмыз, – деп бизнесмендерге алғысын білдірді облыс әкімі.

Қапшағайлықтардың атынан алғыс білдірген «Қамқор жүрек»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләззат Салықова мен көпбалалы ана Светлана Кеулімжаева облыс әкімдігі мен бизнесмендерге алғыс білдіріп, жаңа пәтер иелерін мамыр айында болатын қоныс тойымен құттықтады. Себебі, «Teniz Towers» тұрғын үй кешенінің қолданысқа беру уақыты дәл сол кезге жоспарланып отыр.

-Мен «Алтын алқа» иегері, көпбалалы анамын. 2008 жылдан бері мемлекеттік қор есебінен тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бүгін мен үшін аса қуанышты күн болды. Менің отбасым да үйлі болатын болды. Осы жердегі барлық көпбалалы аналардың атынан бәріңізге шексіз алғысымды білдіремін, - деді көпбалалы ана С. Кеулімжаева.

Abai.kz

 

9 пікір