Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 2782 3 пікір 18 Ақпан, 2020 сағат 12:00

«Паразиттер» фильмі Голливудты несімен тәнті етті?

«Паразиттер» фильмі Голливудты несімен тәнті етті? Әрбір адамды өзіне күдікпен қарата білгенімен шығар. Әрқайсымызды өз ішіміздегі «паразитімізбен» қорқыта алғандығымен шығар...
Өміршең, ешқашан өлмейтін тақырыптар болады. Ол адамның миы секілді. Түпсіз ғалам, шексіз кеңістік. Зерттеудің мүмкіндігі болса ғалымдар оны әлдеқашан шемішкеше шағып, әрбір қыртысын бүйрегің мен жүрегіңді зерттегендей ғып алақаныңа салып берер еді. «Паразиттер» сол түпсіз тұңғиықтың бір талшығын миыңнан суырып шыққандай болады.

Асан мен Үсен ертегісі қалай еді? Асан — байдың баласы, олақ, шолақ, жалқау, қорқақ, жылауық. Үсен — кедейдің баласы. Шаруаға епті, өмірге бейім, көргені көп, сабырлы, ұстамды. Үсен болмаса Асан айдалада адасып, я болмаса аштан өлер еді. Бұл біз ғана сенетін ертегі емес екен. Пон Чжун Хоның да кейіпкерлері осыған ұқсайды. Тек аңқау бай мен арамза кедей. Біздің ертегі адамзаттық гуманизм үлгісінен аттамайды, асыңды адалынан тауып же дейді. Бұл мораль бізді байға емес, кедейге еліктеуге үндеді, үйретті... Байдың бәрі сараң, қиянатшыл, жалқау, арамтамақ деп ойладық). Ал, корейлік режиссердің ертегісі көрерменді бұдан сәл басқаша бағытқа бастайды. Ертедегі ертегі мен бүгінгінің фильмін салыстыру ақылға сыймайтын абсурд шығар. Бірақ фильмді көрген кездегі бірінші ойыма оралғаны осы болды (ол үшін кешірім сұраймын)). Біз сенген шындық адамды ақшаға тәуелді емес деді. Байлықты қолдың кірі деді. Барға тәубе, жоққа қанағат деді. Осылайша, өмір сүруіміз үшін керек қажеттіліктерді біз сұрауға, жұлып алуға емес, ауыздықтауға үйрендік. Бірақ Ким әулетінің шындығы ашылып, ақиқаты аян болғанда бұл трагикомедияның адамзатқа ортақ екенін, біздің тәрбие, біздің қоғам ауыздықтаған паразиттердің де күтпеген жерден атойлауы (тіпті айналамызда атойлап та жатуы да) мүмкін екендігін ішкі түйсігіңмен сезесің. Және ол паразиттердің алыс емес, дәл жаныңда (бәлкім өз ішіңде) жүргені көңіліңді тіпті күпті қылады. Яғни, қиянат, қасірет те адамзатқа ортақ. Онда ұлт, дін діл болмайды. «Оскар» сарапшыларының осы тұрғыдағы таңдауы ешқандай күмән туғызбайды. Фильм бізге мәлім де беймәлім тақырыпқа барғанымен құнды.

Мен бұл фильмнен кейбір пікірлерде айтылып жатқандай «бай мен кедейге қатысты таптық бөліністі» көрмеймін. Сценарийдегі Пак әулеті мен Ким әулетінің орнын ауыстыра салса да түк өзгермейді. Жақсылық пен жамандықты ауыстыра алмайсыз, бірақ байды кедей, кедейді оп оңай бай қыла салуға болады. Мұнда тек адамның миындағы қашан, қандай жағдайда орын алатыны белгісіз талшықтар жарылысын сезіну, ұғу мүмкін еместігі ғана өзекті. Оның шеберлігі де осында.

«Паразиттер» киносының мұндай философиясы оның бір бірімен қабыспайтын, көзге оғаш, қарабайырлау көрінетін, тіпті кейде жалықтырып жіберетін тұстарын ақтап алады. Сырттағы туған күн кешін қанды қырғынға айналдыратын кедейлер «қақтығысы» да фильмді соңғы сәттерде зомби паразиттер қаптайтын фантастикаға ұқсатады.

Дәулетті Пактан қалған сәулетті сарайды, оның жертөлесінде жатқан әкесімен қосып сатып алғысы келетін Ки У-ды баяғы паразиттік сипатынан арашалап та ала алмайсыз. Өйткені ол да, оның сәулетті сарай астындағы әкесі де менің түсінігімде, паразиттердің мәңгілік әрі жасампаз екенін және олардың осындай бір қалтарыстарда өздерінің «жұлдызды» сағатын күтіп жататынын көрсетеді. Бұл енді басқа паразиттер. Ең өкініштісі осы.

Әйгілі Алексей Серебряковтың: «Әртістік оңай кәсіп емес, мәселен, ит пен баладай шынайы болу екінің бірінің қолынан келмейді» дейтін сөзі бар. «Паразиттардағы» әртістердің ойынын осы талап үддесінен шықты дей алмаймыз. Жарқыраған, тосыннан туған жұлдыз көрмейсің. Бәлкім, режиссер актерларды бір деңгейде көрсету арқылы паразиттарда лидер болмайтынын айтқысы келді ме екен?!

Баяғы да үлкендер «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» десіп отыратын. Ол жіктің адамзаттың арасынан шығатын әртүрлі мінездер екенін, тік шыққан құлағының айналасына, қоршаған ортасына салатын лаңы екендігін енді ғана ұғынып жатырмыз. Шындығында, қай қоғамда болсын, қай ортада болсын біз сенген құндылықтардың өзгергенін көресіз. Режиссер көрерменіне көптеген таласты сұрақ тастайды.

Шолпан Рақымқызының әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551