Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Пікір 3361 12 пікір 27 Ақпан, 2020 сағат 12:10

Оқу бағдарламасына не үшін реформа жасай береміз?..

21 ақпанда «Ашық алаң» бағдарламасында қазақ күресін олимпиада ойынының қатарына және орта мектептің оқу бағдарламасына кіргізу  мәселелері талқыланды. Оған бес спорт маманы мен саясаткер Қуандық Шамахайұлы қатысты.

Республикалық қазақ күресі Федерациясының төрағасы Жандос Қонысбаев  спорттың ұлттық түрін олимпиада ойындарына енгізу жайлы қысқаша ақпарат беріп, мәселенің көтерілгеніне алты жыл болғанына, әлде де біраз түйіндер шешуін таба алмай келе жатқанына тоқталды. Спикердің ойларын  мекеменің хатшысы Бақдәулет Сәбитов, дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының төрағасы Талғат Мәзбаев толықтырды.

«Қазақ күресі» күрделі сөз, оны «самбо», немесе «дзюдо» сияқты қысқа терминмен алмастыру қажет, «белдесу», «белдеспе», «балуан күрес» деп атау жөнінде онға жуық ұсыныстар түскені, татарлар өз күресін «белдесу»  дейтіні айтылды.

Спорт коментаторы Қайыржан Мәулен қолданылалатын айла тәсілдер де халықаралық стандартқа сай болуы қажет, бүгінгі таңда орыс тілінен «калька» жасап жүрміз, деп мені таңқалдырды. Сонда қалайша ұлттық ойын түрінен жасалатын іс қимылдардың атауы осы күнге дейін қалыптаспаған?

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев орта мектептің оқу бағдарламасына қазақ күресі кіретіні жайлы мәлімдегені айтылды. Негізгі пікірталас осы мәселенің айналасында өрбіді.

Спикер бұл жоба алдағы оқу жылынан бастап «Нұр–Сұлтан» қаласындағы  бес мектепте сынақтан өтетінін, пән бесінші сыныптан бастап онбірінші сыныпқа дейтін жалғасатынын, 102 сағат сабақ өткізілетінін айтты. Негізгі мақсат - ұлттық спорттың бұл түрінің ғылыми негіздерін жастарға оқытып, теориялық біліммен қатар, патриоттық тәрбие  беріп, қазақ күресін «дзюдо» дәрежесіне дейін көтеру екен.

Қуандық Шамахайұлы жалғыз өзі қазақ күресі мамандарына пікірталаста қарсы тұруына тура келді. Ол  бұл ұсынысқа түбегейлі қарсы екенін білдіріп,  спорт мамандары жалпы және арнайы білім беру талаптарын шатыстырып отырғанына назар аударды. Спикер орта мектеп оқушыларына химия, физика, математика, биология және  тағы басқа пәндерден базалық терең білім берудің орнына, әркім ойына келгенін тыққыштап жатқанын айтып, ертең мүмкін біреу көкпарды оқу бағдарламасына кіргізу керек дер, сонда не болмақ? Мен дене тәрбиесіне, дене шынықтыруға қарсы емеспін, ол пән ретінде бұрынғыша оқытылуы керек, қазақ күресіне келсек, онымен арнайы мектеп немесе коллежд оқушылары айналысуы қажет, деді.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өкілі Талғат Мәзбаев  әріптестерінің ұсынысымен таныс емес екенін, бүгін ғана естіп отырғанын мәлімдеді. Осы мәселе бойынша халықтың пікірін білейік, деп бағдарлама жүргізушісі, жас мөлшері отыз-отызбестен аспаған, түрлеріне қарағанда спортпен шұғылданатын бес-алты ер адамның пікірін көрсетті. Бәрі қызу қолдау білдірді. Бірақ та олардың пікірі бүкіл халықтың пікірін білдірмейтіні анық...

Сонда алдымыздағы күзден бастап Нұр Сұлтан қаласының бес мектебінде сынақтан өтетін қазақ күресі жобасы жынысы мен машықтануына   қарамастан оқушылар спорттың осы түрімен айналысу міндетті болмақ па?  Мүмкін біреулер шахматпен, екіншілері коньки немесе шаңғы, үшіншісі велоспорт немесе гимнастикамен айналысқысы келетін шығар? Не себепті  денешынықтыру сабағы бұрынғыша пән ретінде жүргізіп, оқушылар қалаған спорт түрімен айналыспайды? Қазақ күресін орта мектептің оқу бағдарламасына ендіру жайлы ұсыныс Білім және ғылым министрлігімен келісілді ме? Неге аталған мекеменің өкілі шақырылмаған? Табысты спорт түрлері толып жатыр. Мәселен футбол, шаңғы, мәнерлеп сырғанау,  гимнастика және т.б. Не себепті соларға көбірек көңіл бөлінбейді?

Жақында Ұлттық кеңестің бір мүшесі бірінші сыныптан бастап мектеп оқушыларына заң үйрету керек, келесі отырыста осы мәселені талқылауды ұсынатынын жазыпты. Егемендік алған отыз жылға жуық уақытта оқу бағдарламасына қаншама өзгерістер енгіздік. Соның көпшілігі оң нәтиже берді ме? Осыдан екі-үш жылдай бұрын үш тілді бірден білу керек, жоғарғы сыныптарда информатика мен табиғаттану пәндерін ағылшын тілінде жүргізу керек, деп ұстаздарды оқыту үшін миллиардтаған қаражатты желге ұшырдық. Қашанғы әдістемелік тұрғыдан негізделмеген, жеке адамдардың жоспарын іске асырамыз, деп оқу бағдарламасына реформа жасай бермекпіз?

Мұрат Қойшыбаев

Abai.kz

12 пікір