Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
ШОЛУ 6396 24 пікір 28 Ақпан, 2020 сағат 15:57

Шетелдік БАҚ Дулат Ағаділдің қазасы һәм елішілік наразылықтар туралы...

Кеше Ақмола облысы, Талапкер ауылында азалы жұрт 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Күн райының келеңсіздігіне қарамастан, күрескер белсендінің жаназасына мыңнан аса адам жиылды. Марқұмның денесі Талапкер ауылы маңындағы бейітке қойылды.

Ақмолада жұрт жерлеу рәсімін өткізіп жатқанда, Қазақстанның өзге қалаларында белсенділер қаралы жиындар өткізді. Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал т.б. қалаларда Дулат Ағаділді еске алып, құран бағышталды.

Картинки по запросу "дулат ағаділ"

 

(Сурет Азаттық сайтынан алынды)

Белсенді Дулат Ағаділ 24 ақпан күні кешкі уақта үйінде тұтқындалған. Белсендіні тұтқындау сәті бейнеленген видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Ал 25 ақпан күні оның тергеу изоляторында белгісіз жағдайда қайтыс болғаны белгілі болды. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ресми мәліметінше, Дулат Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Кейін полиция қайтыс болған белсендінің алкогольдік ішімдікке масайған хәлде болғанын айтты. Алайда, марқұмның әріптестері белсенді Ағаділдің ішімдік ішпейтінін айтты.Осыдан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе секілді бірнеше қалада наразылық акциялары өтті.

26 ақпанда АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі Дулат Ағаділ қазасын ашық әрі мұқият тергеуге шақырды.

Одан бөлек бірқатар шетелдік БАҚ оппозициялық ұстанымдағы қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қазасы туралы сараптам мақалалар жариялаған. Сонымен шетелдік БАҚ қоғам белсендісінің қазасы туралы не жазды? Біз шолып шықтық...

25 ақпан күні «Reuters» агенттігі «Наразылыққа шақырған Қазақстан оппозициясының белсендісі қамауда қайтыс болды» (Kazakh opposition activist dies in detention, sparking protest) атты мақала жариялаған. Материал авторы – Tamara Vaal.

Онда полиция изоляторында қайтыс болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің белгісіз жағдайда қайтыс болуы мен елішілік наразылықтар туралы айтылған.

«Сейсенбі күні билік өкілдері анти-үкіметтік көзқарастағы қазақ белсендінің өз жақтастарын наразылыққа шақырған соң, полиция изоляторында жүрек ауруынан қайтыс болғанын хабарлады», депті. Әрі қарай ҚР ІІМ таратқан ресми ақпаратты айта келе, елдегі қоғамдық наразылықтардың былтыр наурыздан бастап көбейгенін жазған.

«Мұнайға бай бұрынғы совет республикасында саяси бостандық пен Үкімет отаставкасын талап еткен қоғамдық наразылық былтыр наурызда елді отыз жылдай басқарған президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін күшейді», деп жазады Reuters (Public protests demanding greater political freedom and change of government in the oil-rich former Soviet republic have intensified since the resignation of President Nursultan Nazarbayev last March after almost three decades in power).

Дулат Ағаділдің қазасын естіген жұрт ҚР ІІМ ғимаратының алдына жиналып, белсендінің қазасы туралы егжей-тегжейлі ақпарат талап етіп, артынша жолды жаппақ болғандарды полиция күшпен таратқанын айта келіп: «Ағаділ анти-үкіметтік наразылық акцияларына қатысты. Кемі екі мәрте тұтқындалды. Министрлік белсенді Дулат Ағаділ сотқа құрметсіздік көрсетіп, судьяны балағаттау ісі бойынша тергеуге келмеген соң, дүйсенбі күні полиция Оны қайта тұтқындағанын хабарлаған», деп жазыпты агенттік.

25 ақпан күні «The New York Times» басылымы да оппозициялық белсенді Дулат Ағаділдің қазасы туралы материал жариялаған. Reuters материалын көшіріп таратқан «NYTimes» белсенді Дулат Ағаділдің қазасын естіп, министрлікке (ҚР ІІМ) барған жұрт жолды жаппаққа әрекеттенгенін, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын талап еткенін жазыпты. (After hearing of his death, dozens of Agadil’s fellow activists gathered outside the Interior Ministry, trying to block a street and demanding minister Yerlan Turgumbayev’s resignation).

Тағы бір ағылшын тілді сайт – «Еurasianet.org» 26 ақпан күні қоғам белсендісінің қазасы туралы «Қазақстан: Билік органдарына қарсы шаққан белсенді қамауда қайтыс болды» (Kazakhstan: Activist dies in detention, piling pressure on the authorities) деген тақырыппен мақала жариялапты. Мақала авторы - Chris Rickleton.

«Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда полиция наразылық білдіруші Дулат Ағаділдің қазасы туралы хабарлап жатқанда, Оның тұтқындалуы бейнеленген жазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап үлгерген», деген аталған басылым.

Одан әрі марқұмның қазасынан кейін елде наразылық акцияларының ұйымдастырылғанын, сондай-ақ, белсенділер полиция қорытындысымен келіспейтінін айтып, билікке талап қойғанын жазған.

«Белсенділер 25 ақпанда, яғни Еуропарламент делегациясы келетін күні наразылық акциясын ұйымдастырмақ болған», дейді Еurasianet.org.

Ал 25 ақпанда «Indopremier.com» сайты «Қазақстандық белсендінің түрмеде қайтыс болуынан кейінгі наразылықтар» атты мақала жариялаған. Онда «Дулат Ағаділ тұтқындалған кезде мас болды» деген полицияның ресми мәлімдемесі мен белсендінің осыған дейінгі тұқындалулары һәм елдегі ескі биліктің ықпалы туралы баяндалған.

«Ағаділдің есімі жұртшылыққа былтырғы жылдың қараша айынан бері таныла бастаған. Ол кезде Ағаділ қамаудан қашып кетіп, екі күннен соң ұсталған. Кейін Ол «мен былтыр әкімшілік жауапкершілікпен 60 күн қамауда отырдым» деп мәлімдеген. Ал желтоқсанда белсенділер Дулат Ағаділдің рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін 15 тәулікке қамау туралы үкімге наразылық ретінде темір бұранда мен шеге жұтып алғанын айтқан», деп жазыпты.

(In December, activists reported that he swallowed bolts and nails in protest at being sentenced to 15 days' detention for participating in an unsanctioned rally).

«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келген соң өзін реформаторлық қырынан көрсеткендей болды. Бұрынғы Сыртқы істер министрі жергілікті құқық қорғау ұйымдары әсіре шектеу деп есептейтін қоғамдық жиылыстар туралы заңды жеңілдететінін айтқан. Алайда президенттік қызметі бұрынғы советтік республика Тәуелсіздік алмай тұрып басталған Назарбаевтың ықпалы әлі сақталып отыр», деп жазады басылым.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499