Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
6717 17 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 12:52

Қызылорда облысы әкімінің ұсталғаны туралы ақпарат тарады

Әлеуметтік желіде Қызылорда облысы әкімінің ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. 

Нақтырақ айтсақ, WhatsApp әлеуметтік желісінде Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың, оның көмекшісі, кәсіпкердің туысы және тағы бір кәсіпкердің ұсталғаны туралы хабар таралған. Хабарламада осы тұлғалардың толық мәліметтері, олардың жасы және ұсталған күні көрсетілген.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі нақты ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.

«Кеше жұмыста болды. Қазіргі жағдай туралы нақты ақпарат бере алмаймыз. Қашықтан жұмыс істеуге көшіп кеттік. Облыстық әкімдікте нақты ақпарат болмағандықтан, құзырлы органдарға хабарласыңыз», - делінген әкімдік баспасөзінің жауабында.

Ал, ІІМ-нің полиция қызметі таратылған хабарламаға қатысы жоқ екенін, сондықтан ақпаратты растайтын да, жоққа да шығара алмайтынын хабарлаған.

Бұл іске қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлі жауап бермеген.

Айта кетейік, Қуанышбек Ысқақов 2019 жылдың маусым айында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол үш жарым жыл облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп, экономика, қаржы, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік етті.

Abai.kz

17 пікір