Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4694 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 09:11

Дәрі-дәрмек бағасы өсе ме?

Салтанат Әлімқұлова, «Ар-Ай»

Салтанат Әлімқұлова, «Ар-Ай»

Девальвация отандық экономиканың басты салаларын айтпағанда  елімізге  сырттан әкелінетін экспорттық өнімдердің бағасына да жойқын соққы берді.  Әсіресе, көк қағаздың құны көтерілген күні  «Шеттен келетін дәрі-дәрмектің  бағасы не болар екен?» деп алаңдағанбыз. Абырой болғанда  мұндайда дер кезінде көмекке келетін жергілікті билік, әдетінше халыққа басу айтып, сабырлыққа шақырған. Жер-жерлерде  шабармандарын ерткен   шенеуніктер сауда-саттық орындарына қоса, дәріханаларға да бас сұғып жағдайды бақылауына алды.  Алайда  билік қанша жерден қадағаласа да,  көк қағаз құнының көтерілуін жеке  бас пайдаларына шешкен бірсыпыра фармацевтикалық компаниялар  амалын тауып шеттен келетін дәрі-дәрмек өнімдерін былай қойғанда, «ә дегенде» отандық дәрілерге де керегінше алып-қосып, халықты алдап-соқты. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың іштей наразылығын да тудырып жүр. Жақында  дәл осы дәрі-дәрмекке қатысты жоғарыдан жеткен бір жылы хабарды құлағымыз шалып қалды.

Таяуда облыстық денсаулық сақтау саласы, фармацевтикалық бақылау (фармбақылау) комитеті, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту Ассоциациясының облыстық филиалы басшылары ортақ меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, жыл бойы дәрі-дәрмек бағасы көтерілмеуі керек. Бұл тек отандық дәрі-дәрмекке ғана емес, сонымен бірге шеттен келетін фармацевтикалық өнімдерге де қатысты. Өндірістік емес шығындарды төмендету дәрі-дәрмек бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік тудырып отырған ұқсайды. Меморандум мерзімі бір жыл. Қоғамда әлеуметтік жағынан қорғалмаған және аз қамтылған  топтар үшін де   танымал препараттардың бағасы тұрақты күйінде қалмақ. Ал базбір фармацевтер шеттен келетін дәрі дәрмектің біздегі артық қоры біткен кезде баға қайтадан көтеріледі  деген уәжді алға тартады. Бірақ өзімізден шығатын отандық дәрілердің бағасы сол қалпында сақталып қалады дейді.

Аталмыш хабар құлағымызға жеткен күннің ертесіне-ақ  қаламыздағы халық жиі бас сұғатын белгілі дәріханалардың біріне («Амир и Д») кездейсоқ бас сұққан едік. Дәріханашы бізге 286-ға тарта  дәрі-дәрмектің тізімін көрсетіп, тамыз айына дейін жоғарыдағы дәрілердің бағасының көтерілмейтіндігін жеткізді. Енді бірқатар дәріханалардағы  фармацевтер девальвация келгенде шамасы ұзақ ұйқыға кетіп, енді оянған болулары керек, сатып тұрған дәрісінің бағасын әб-сәтте ұмытып, «ештеңе білмейміз» деп ат-тондарын ала қашқан күйі ойламаған жерден меңіреу бола қалды.

Дағдарыс үрейінен әбден діңкілеген жұртты ақпан айында келген девальвация деген дәу де біраз әбігерге салды. Сондықтан «тәйт» деп отыратын құзырлы органның құрығы керек-ақ. Дегенмен, жоғарыдағы кейбір фармацевтердің  сөзі  расқа айналып, шеттен келетін дәрілердің қоры таусылған күні, баға бағынбай кетсе, басқасын қойшы тар төсекке таңылғандардың жағдайы қалай болар екен? Ал оларға шет мемлекеттің жетекші фармацептикалық  компанияларынан келетін дәрілер болмаса, өзімізден шығатын отандық дәрілердің көмектесе қоюы неғайбыл-ау....

Облыс әкімиятында

Таразда тәтті ғана қымбат

Салтанат Әлімқұлова, «Ар-Ай»

Дағдарыс деген дақпырттан  үрейленіп отырған жұртты  күтпеген жерден  көтерілген доллар деген дуайпаттың бағасы  тәп-тәуір-ақ дүрліктірді. Алайда бейкүнә теңгенің құлдыраған күнінің ертесіне-ақ, қаламыздағы бірнеше сауда-саттық нүктелеріне бас сұғып,  барлап шыққан бірқатар басшылар азық-түлік пен өзге де тауар бағаларының   тұрақтылығын  көріп көңілдерін демдеді.   Осындай ойда жоқтағы аһуалға орай өткен  аптаның соңында  облыс әкімі Бөрібай Жексембин    бір топ кәсіпкерлер мен жергілікті және аумақтық органдардың басшыларын жиып кездесу өткізді. Бұл басқосу девальвацияға байланысты, тұтыну нарығындағы бағаны одан ары тұрақтандыруға арналды.

Облыс басшысы өз сөзінде доңыз жылының ортасында басталған бүкіл әлемді шарпыған дағдарыстың  еліміздің экономикасына да өз әсерін тигізгендігін, елді дағдарыстан алып шығу үшін «Самұрық Қазына» игілік қорынан 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлініп, Үкіметтің дағдарысқа қарсы қабылдаған бағдарламасының маңыздылығы турасында сөз етті. Сондай-ақ ол, бағдарламада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда Үкіметтің  Ұлттық банкпен бірлесе отырып, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында теңгенің құнын төмендетпеуді қолға алуы,  дер кезінде қабылданған қажетті шара екендігін де атап айтты. Одан әрі Бөрібай Биқожаұлы бағаны тұрақтандырып, жұмыс орындарын  қысқартпау мақсатында  еңбек ұжымдары мен жұмыс берушілер арасында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып жатқандығын  тілге тиек ете келіп, егер жұмыс орындары  қысқара қалған жағдайда  облыстық бюджеттен әртүрлі мақсаттарға бөлінген 200 миллиондай теңге жұмыссыздарды ақылы қоғамдық жұмыстарға тартуға бағытталмақ -деді. Сөз арасында, облыс басшысы  кәсіпкерлерге дәл осы сәтте жеке бастарының мүдделерінен  гөрі,  жалпақ жұрттың да жағдайымен санасып  отыруы керек екенін ескертті.

Осыдан соң сөз алған облыс әкімінің  орынбасары  Бақытбек Иманәлиев бұл девальвацияның астарында  халықаралық  мүдделердің бар екендігін,сондай-ақ осы арқылы  отандық  өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, Қазақстанның  ішкі және сыртқы нарықта  өз ұстанымдарын сақтап қалуға мүмкіндік туып отырғандығын сөз етті. Доллар көтерілісімен-ақ, баға тұрақтылығын   қамтамасыз ету үшін барлық сауда-саттық  нүктелері мен  дәріханалардың бақылауға алынғандығын  баян етті. Сондай-ақ,  жанар май бағасының аздап көтерілгендігін де жасырмады. Облыс әкімі орынбасарының сөзін жалғастырған Тараз қаласының әкімі Ілияс Тортаев жоғарыдағыдай тексерулердің нәтижесінде  «Төлебай» базарында  бір литр сұйық майдың бағасы 220 теңгеден 230 теңгеге, қанттың бір келісі 120 теңгеден 125 теңгеге көтерілгенін жеткізді. Баяндама барысында қала әкімі халыққа аса  қажет азық-түліктің, мәселен, ұн, қант, сұйық май, сүт өнімдерінің артық қоры бар екендігін айтып өтті.

Қант бағасының  өндіріс орындарында  былтырға қарағанда 2 теңгеге қымбаттауы  облыс әкімінің наразылығын тудырды. Себебі, облыс басшысының айтуынша, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды қалалары  қантты өзге облыстардан алдыратындығына қарамастан, бұл өңірлердегі қант бағасы күндіз-түні «тәтті» өндірумен айналысатын  Таразға қарағанда төмен екен. Аталған мәселенің  себеп-салдарын  анықтауды,  қаржы полициясына  тапсырған Бөрібай Биқожаұлы дәл осы сәтте бағаны негізсіз көтергендерді жауапқа тарту керектігін де  құзырлы орындарға жүктеді.

Жиын соңында облыс әкімі Б.Жексембин  кәсіпкерлер  тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, оларды тұтыну нарығында тұрақтылықты қалыптастыруға шақырды.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3549