Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3452 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 07:03

Елеужен Серімов .Тілі – әулие, сөзі – пір ақындар-ай кешегі...

Қаламының желісі мықты Аманкелді Кеңшілікұлының «Халыққа ақын керек пе?» атты мақаласын оқығаным бар. Мұнда автор көптен көкейін тесіп жүрген, жүрек тебіренткен ой-толғамдарын түзіпті, қуана отыра мұңаюы, сынай отыра өкінуі байқалады. Таланттарды әдейі танымаған, мойындамаған, жалпы дарын атаулыны қудалаған кешегі кеңестік заманға жиіркенішті ызасын, кегін, өкінішімен бірге, назын айтып, мұңын шағады. Мұқағалидан бастап, Кеңшілік әкесі, онымен қоса фәнидің дариясын кешіп, бақи тұғырына қонып үлгерген ақындардың үлкен шоғырын да тілге тиек қылып, көгенкөз көнелерге көзапара қиянат жасаған заманды сынайды да толғанады. Заманды ғана емес, халық деп айтпай-ақ қояйық, көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауымды сын тезіне алады. «...Маған кейде өмірден өткен қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары халық үшін емес, олардың отбасы мен туған-туыстары үшін ғана керек қазына секілді көрінеді... Жұматай Жақыпбаевтың 60 жылдық мерейтойы елеусіз-ескерусіз қалды. Және ақынның 60-жылдығының өз дәрежесінде аталып өтпегендігіне қысылып-қымтырылған халықты байқамадым» деп ағынан жарылады Аманкелді. Дәл сол сияқты Төлеген, Кеңшілік турасында өкпе-назын шертеді. Мен Әужекеңді түсінуге ұмтылдым.

Қаламының желісі мықты Аманкелді Кеңшілікұлының «Халыққа ақын керек пе?» атты мақаласын оқығаным бар. Мұнда автор көптен көкейін тесіп жүрген, жүрек тебіренткен ой-толғамдарын түзіпті, қуана отыра мұңаюы, сынай отыра өкінуі байқалады. Таланттарды әдейі танымаған, мойындамаған, жалпы дарын атаулыны қудалаған кешегі кеңестік заманға жиіркенішті ызасын, кегін, өкінішімен бірге, назын айтып, мұңын шағады. Мұқағалидан бастап, Кеңшілік әкесі, онымен қоса фәнидің дариясын кешіп, бақи тұғырына қонып үлгерген ақындардың үлкен шоғырын да тілге тиек қылып, көгенкөз көнелерге көзапара қиянат жасаған заманды сынайды да толғанады. Заманды ғана емес, халық деп айтпай-ақ қояйық, көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауымды сын тезіне алады. «...Маған кейде өмірден өткен қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары халық үшін емес, олардың отбасы мен туған-туыстары үшін ғана керек қазына секілді көрінеді... Жұматай Жақыпбаевтың 60 жылдық мерейтойы елеусіз-ескерусіз қалды. Және ақынның 60-жылдығының өз дәрежесінде аталып өтпегендігіне қысылып-қымтырылған халықты байқамадым» деп ағынан жарылады Аманкелді. Дәл сол сияқты Төлеген, Кеңшілік турасында өкпе-назын шертеді. Мен Әужекеңді түсінуге ұмтылдым. Сосын барып «көшпелі елде ақын болса жата бер, көше-көше қасыңа келер» деп ақынын сыйлар бұрынғы түсініктен ада, «өзімдікі - өзекте, кісінікі - кезекте» дейтін қазіргі уақыттағы елеулілер қатарынан емес, елеусіз, ескерілмей қалғандардың бірі жайында бір ауыз сөз болса да айтқым келді...

Сөз жоқ, қазіргі қазақ әдебиетінде алтын дәуірге баланып жүрген 20-ғасырдың 60-70 жылдары қазақ поэзиясының күрт дамып, қауырт өсуіне негіз болған кезең-тін; кейінгі өз дамуының шарықтау шыңына жетіп, жарқырай жарқыл атқан жұлдызды шақтың әуелгі бастау-тұнбасы-тын. Бастауынан сылдырай жөнелген мөп-мөлдір тұма бұлақтар бір-біріне құйыла келе, бұлқи аққан жылға-жылғаға айналып, бірте-бірте кенересінен тасып аққан ағынды, арынды өзен арнасын құрағандай сол бір уақыттарда қазақ поэзиясының бағыт-бағдарын анықтап, өзегіне шығармашылық даралықты пір тұтқан Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, Тұманбай, Сағи, Қадыр секілді дарындылар шоғыры шығып,  аласа төбешіктен  қыңбас белге, белестен тұлғалы тауға, біртіндеп асқаралы асқақ шыңға, ақиық мұзартқа айнала берді. Осындай алыптар тобының қатарында ақындық даралық келбетін қалап үлгерсе де, өзіне тиісті лайық орнын, бағасын алып үлгермеген тума талант иесі Өмірзақ Қожамұратов та бар еді. Әттең, қарға адымдай қысқа, қамшы саптай келте ғұмыр, айтылып келмей, телініп келетін жаратқанның маңдайға жазатын  жазмыш-талайы тағдыры ақынның бар талантын айқара ашуына мүмкіндік бермепті. Өзінің тұстасы, қазақ әдебиетінің кесімі - күміс, байламы - алтын бірегей сыншысы атанған Зейнолла Серікқалиев ол жайында бір сөзінде: «1981 жылдың соңғы айларында жарық көрген «Жол аяқталмайды» жинағының ыстығы басылмай жатып, көп кешікпей аяулы ақын дүниеден өтті» деп,  оның өмір-дерегінің соңғы сәтінен мағлұмат береді. Аяулы ақын-досының өзіне аманатқа қалдырған «Ой кешу» өлеңдер жинағын көзі тірісінде шығарып үлгеріп (1999-жылы "Күн астында-құдірет" деген атпен тағы да бір жыр жинағын шығарады), кемел сыншы да өмірден баз кешеді. Бажайласақ, қай-қайсыға да өнеге екен бұл. Досқа, өнерге деген адалдық, кісілік өлшемі осындай-ақ болсыншы!

Ылдидан салса, өрде озған, төскейден салса төрде озған Өмірзақ Қожамұратовтың «Ой кешу» жыр жинағы кездейсоқ түсті қолымызға. Бір жердің ауасымен дем алған, суын ішкен, ақындық жолында өзіне ұстаз тұтқан теміртаулық ақын қыз Руза Алдашеваның кітапханасынан ойда жоқта кездесті. Жырының қойнауына үңілген сәтте-ақ ақиық ақынның талантын мойындап, аруағын сыйлағаннан ол жайында аз-кем пікір білдіруге ниет қылдық.

Ақындықты - киелі өнер дейміз! Өзегін өлең өртеген ақын оны кемелімен сезінген екен: «...Балғын көңіл олақтау өріпті өлең, азабына амалсыз көніп келем» дейді екен бір сөзінде. Оның бұлай ағынан жарыла, бүкпесіз қиналуын «қазақтың өзіндей қара өлең» алдындағы азаматтық мен ақындық жауаптылығынан деп түсіндік.

Биік дейді, биік деген немене,

Көкірегін көтермей ме төбе де?

Бірдемені аңғардың ба заңғардан,

Мен биікті көре алмадым Арманнан.

Жүйрік дейді, жүлделерді жиі алған...

Мен жүйрікті көре алмадым Қиялдан.

Аппақ дейді, аппақ деген немене,

Аппақ айдай аққуларым келе ме?

Аппақ түстің алдыма әкеп бәрін жай,

Аппақ қой деп айта алмаймын Арымдай.

Кеңдік дейді, құлаш жайған ендікті,

Кеңесуге кемеңгер ой, кел, мықты.

Аспан, Жерді аясына сыйғызған,

Көрмедім мен көңілімдей Кеңдікті.

Терең дейді, терең деген немене,

Тебіренбейтін теңіз бе екен кемеге?

Таласпай-ақ қой, төрем,

Кешу бермес ой терең...

Қарасаң бір күн көзіне бұрылып,

Мейірімді, жылылықты ұғынып.

Көрер едің ақ маңдайлы адамды,

Адамзат та - өмірдегі ұлылық!

Иә, ұлылық тек адамға ғана тән құдіретті құбылыс, шын мәніндегі рухтық болмыстың биігі. Ақынның риторикалық сұрағының баяны осы. Қыз жүгіндей әдемі, өрнекті өлең келісті өріліп шыққан. Дүниенің мәнін келтіретін - адам екен. Әрдің де, нәрдің де, сәннің де ұйытқысы - адам,  тек жасылық жаса, жамандықтан ада бол, бәрі-бәрі өзіңнің қолыңда дейтіндей көрінеді шайыр.

Ақын пайымдауынша жер бетіндегі қай нәсілдің болмасын адами қасиеттері адамзаттың бәріне ортақ, бір мұраттан туындайды. Ақындық серпінімен ой қойнауына бойлаған адал ниет, ақ пейіл аңқылдақ көңілдің байламы осыған саяды:

Жапон, үнді, ағылшын да, негр де,

Өз көгім деп жыр оқиды елінде.

Аспан жайлы өлеңім бар менің де,

Бір аспанды айтып жүрміз тегінде.

Француздар, немістер де, негр де,

Жыр жазады өз жерім деп елінде.

Дала жайлы дастаным бар менің де,

Мына әлемді жырлап жүрміз тегінде.

Бір ауаны жұтып жүрген адамдардың нәсілге бөле-жырылуын ақын қабылдай алмайды-ақ. Осы секілді ізгілікпен азаматтықтың салтанат құруын діттеген, зәредей қылауы жоқ өлең жолдарына  сенгің келеді. Нұрдай таза, пәк көңілдің ақ айнасында шағылысып түскен сөз бұл. Жалпы сөз өнерінің көзге көрінбес құпия табиғаты, ақындық құдіреттің сиқыры көңіл ауаныңды тап басып, нақ, дәл қалпыңды айғақтауында, оны қыз бұрымындай келісті қылуында емес пе?

...Мен ғашықпын...

Егіліп айтсам Ел білер,

Желпініп айтсам Жел білер.

Емініп айтсам Ер білер,

Тебініп айтсам Жер білер.

Тереңде жатқан қайғы бұл,

Қайғырған кезде жайды гүл...

Күбідей күмпілдеген кеудесі құйлып-төгілген сөздің ұясы болған ақын қалтқысыз қапысыз тауып айтады. Үңіле қарап, тани білсең, әбден қаламы өткірленген, шеберлігі шыңдалған ақынның ой мен сезім тереңдігінің айнымас куәсі боларың хақ...

Осыған қарап мезгілсіз кеткен, белгісіз қалған, көрінбей кеткен, қоңыр күй кешкен қарапайым ұлылыққа жақын тұрар ақындар қаншама деп толғанасың. Солардың бірі емес, бірегейі - Өмірзақ Қожамұратов екен. Аманкелдінің айтатын елеулілер қатарынан емес, елеусіздер қатарынан. Үй өртенсе, үй тұрғызады, ақыны өлсе, кім тұрғызады? Жоқтатпайтын халқы емес пе! Мен де көптің бірімін, мұхиттың тамшысымын, бірақ менің жан-дүнием ақын сөзін керек етеді де тұрады. «Адамнан ағат өтпей, алладан азап жетпейді» деген бар ғой. Оқ қалса суырасың, кек қалса неғыласың? Әужекеңе дүние бір күн оңалар, алдағыға үмітпен қаралық, қазақта татқан да бір, тойған да бір дейтін сөз бар емес пе дегім келді.

Елеужен Серімов,

Қарағанды қаласы

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551