Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4950 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 12:58

КҮЗ. ҮМІТ. ҮКІМЕТ

 

 

Жұрт жаңалыққа толы күз маусымын ұзақ күтті. Мұның сыры да бар. Бұған дейін қоғамда «Кәрім Мәсімов кетеді екен» деген әңгімелердің гуілдегені рас. Шөптің басы бекер қимылдамапты. Бір орнында бес жыл отырған Кәрім Мәсімов өз еркімен отставкаға кететіндігін мәлімдеді.
Дәл қазір шенеуніктер арасында «Кім қайда барады екен?» деген сауал бәсеңсіген сияқты. Ауыс-күйіспен басталған аптада Қазақстан тарихында ең ұзақ, яғни, 5 жыл 9 ай премьерлік қызмет атқарған Кәрім Мәсімов елдің ішкі идеологиясына жауапты Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне ауысты. Ал Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Аслан Мусин Есеп комитетіне келсе, аталмыш комитеттің бұрынғы төрағасы Омархан Өксікбаев, сондай-ақ Президенттің іс басқарушы қызметінен босаған Серік Үмбетов Мәжілістен орын алды. Үмбетовтің орнына Абай Бисембаев жайғасты.
Үкіметті басқаруға оның бұған дейінгі орынбасары болған, өндірістің қыр-сырын жақсы білетін, мемлекет басқару сатыларынан абыроймен өтіп жүрген Серік Ахметов келді. Елбасы Ахметовтің кандидатурасын «Нұр Отан» ХДП фракция­сына ұсынғаны сол-ақ еді, төменгі палатаның 107 депутаты қолдап, дауыс берді. Сөйтіп, Елбасы Н.Назарбаев өзінің алғашқы Жарлығымен К.Мәсімовті Үкіметті басқарудан босатты. «Үкімет басшысының ауы­суы шұғыл өзгерістерге алып келмейді. Индустриалдық, тұрғын-үй, балабақша, денсаулық сақтауға қатысты бағдарламалар да жалғасын табады», - деді Елбасы. Ал Үкімет басшыларының алдында сөз алған Кәрім Мәсімов Елбасыға: «Мен Қазақстан басшысына осы жылдар бойы биік сенім артып келе жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Елбасына, елге адалдық жайын осы жылдар бойы естен шығарған емеспін», - деді.
Үкімет басына келген жаңа басшы Серік Ахметов өзінің алғашқы еңбек жолын инженер-металлург болып бастаған. 2009 жылдан бастап Қарағанды облысының әкімі болып қызмет жасады. Биылғы жылдың қаңтарынан бері Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметіне кіріскен болатын. Бүгінде Премьер-министрлік дәрежеге көтерілген Серік Ахметов те өзіне берілген сенімді ақтап, елдің өркендеуіне бар күшін салатынын жеткізді. «Аса кұрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Үкіметін басқаруды маған сеніп тапсырып отырғаныңыз үшін үлкен рахметімді білдіремін! Бұл мен үшін абырой ғана емес, аса жоғары жауапкершілік», - деді. Бұдан соң Конституцияға сәйкес, Премьер Үкімет құрамын ұсынуға кірісіп кетті.
Сонымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы Жарлығына сәйкес, Қырымбек Көшербаев Премьер-министрдің орынбасары, бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Президент кеңесшісі, Бақытжан Сағынтаев «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалса, Экономикалық даму және сауда министрі болып Ерболат Досаев келді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ретінде Серік Әбденов таныстырылды. Сондай-ақ, Конституцияның 44-бабына сәйкес, Қайрат Келімбетов Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің орынбасары;
Ербол Орынбаев - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары; Әсет Исекешев - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі; Асылжан Мамытбеков - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі; Берік Имашев - Қазақстан Республикасының Әділет министрі; Бақытжан Жұмағұлов - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі; Салидат Қайырбекова - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі; Асқар Жұмағалиев - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі; Болат Жәмішев - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі; Әділбек Жақсыбеков - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі; Нұрлан Қаппаров - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі; Дархан Мыңбай - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі; Сауат Мыңбаев - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі; Владимир Божко - Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі; Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі; Жанар Сейдахметқызы Айтжанова - Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі болып қайта тағайындалды.
Күз маусымы елімізде жиын-теріннің аяқталып, жұрт ырзығы алтын қамбаларға құйылатын мезгіл. Осы уақытқа дейін үмітпен күн кешкен дүйім қауым қолда барын санамалап, келер күнге жаңа жоспарлар құратын айрықша кез. Келер күннен жаңалық пен жақсылық күтіп, болашағын пайымдайтын, безбенге салатын, таразылайтын шақ. Қазақстан да осынау алтын күзде Үкіметін ауыстырып, алдағы күндегі қиындықтарға осы бастан қам жасауға мүдделі. Әлем жаһандық дағдарыстың екінші толқынын күтіп алаңдаулы, көңілі күпті. Біздің еліміз де бейқам болуға тиіс емес.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618