Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3534 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 07:07

Дәурен Қуат. Көңілге түйген ойлар мен Шымкенттегі көк үйлер туралы бірер сөз

Ілкіде жолым түсіп бірер мәрте шетелдерде болғаным бар.  Құрама штатты Америкада, Біріккен Араб әмірліктерінде дегендей. Түркияның Анкара қаласына да аз ғана уақытқа аялдағаным есімде. Сонда әлгі елдердің тұрмысы, салтанаты біз пақырды кәдімгідей тамсандырған еді. Мен ғана емес, сәбет өкіметінің темір шымылдығы тасалаған мемлекеттерге қазір жиі қатынап тұратын ағайындардың өзі таңғала таңдай қағып тамсанумен жүр.  «Анаусы қандай, мынаусы қандай», - деп аузының суы құрып тамылжытқанда дүниеден түңіліп кетесің. Бірақ, кереметтің бәрі Оңтүстік Азияда, Жапонияда, Батыста екен деп туған жеріңді, әз-ұяңды, отаныңды тастап кете алмайсың. Бір-ақ күнде мүкәмал мүлкін алып әуе кемесіне мелдектете тиеп тайып тұратын Храпунов емеспіз, басқа емеспіз, біздің тағдыр бабамекенімізге байлаулы. Сондықтан, өз заманымыздың зарын жұтып, запыранын құсамыз. Жаманына жанымыз күйеді, соны жазамыз. Жақсы болса екен деп жазамыз. Әйтпесе, мемлекеттік қызымет лауазымындағы азаматтарда жеке басымыздың араздығы жоқ. Тіпті бізді жек көретін ағайынға да өкпе назымыз кем. Қайткенде өз қазағың, өз қаның. Осыны ойлағанда бұ дүниенің жарық жағын, нұрлы келбетін көбірек насихат еткің келеді. Қазір Батыстың милы бастары баспасөзге тоқтау салып жатыр.

Ілкіде жолым түсіп бірер мәрте шетелдерде болғаным бар.  Құрама штатты Америкада, Біріккен Араб әмірліктерінде дегендей. Түркияның Анкара қаласына да аз ғана уақытқа аялдағаным есімде. Сонда әлгі елдердің тұрмысы, салтанаты біз пақырды кәдімгідей тамсандырған еді. Мен ғана емес, сәбет өкіметінің темір шымылдығы тасалаған мемлекеттерге қазір жиі қатынап тұратын ағайындардың өзі таңғала таңдай қағып тамсанумен жүр.  «Анаусы қандай, мынаусы қандай», - деп аузының суы құрып тамылжытқанда дүниеден түңіліп кетесің. Бірақ, кереметтің бәрі Оңтүстік Азияда, Жапонияда, Батыста екен деп туған жеріңді, әз-ұяңды, отаныңды тастап кете алмайсың. Бір-ақ күнде мүкәмал мүлкін алып әуе кемесіне мелдектете тиеп тайып тұратын Храпунов емеспіз, басқа емеспіз, біздің тағдыр бабамекенімізге байлаулы. Сондықтан, өз заманымыздың зарын жұтып, запыранын құсамыз. Жаманына жанымыз күйеді, соны жазамыз. Жақсы болса екен деп жазамыз. Әйтпесе, мемлекеттік қызымет лауазымындағы азаматтарда жеке басымыздың араздығы жоқ. Тіпті бізді жек көретін ағайынға да өкпе назымыз кем. Қайткенде өз қазағың, өз қаның. Осыны ойлағанда бұ дүниенің жарық жағын, нұрлы келбетін көбірек насихат еткің келеді. Қазір Батыстың милы бастары баспасөзге тоқтау салып жатыр. Тоқтау салғанда біздегідей жауып тастап, қудалап, соттап, боқтап, боралап емес, «қаныпезерлік, қатыгездік көп жазылып кетті, енді жасампаздықты, жақсылықты, қайырымды айтайық, әйтпесе, мына әлемді құртып тынамыз, адамдар адам болудан қалып барады» деп ұсыныс білдіруде.

Сонымен, негізгі әңгімемізге оралайық. Иә, ғажайыптардың бәрі сыртта, бізден алыс- қиыр жайлап, шет қонған. Ол рас.  Әйткенменде  сол ғажайыптар елі үшін Қазақстанымызды қарадай қиып кете алмайды екенбіз: айналамыздағы келеңсіздіктерге қынжылсақта, жылт етер сәуле, жалқы үміт қалмай бара жатқан сияқты болса да... Жоқ, шындығына жүгінсек,  қазақ қоғамы соншалықты сорлы емес. Мәселе  игілікті істі көре білуде, тани білуде, бағалай білуде. Меніңше біздің бір олқы соғар тұсымыз - осы. Біз деп отырғаным - журналистер қауымы. Біреу тауық кепе салса, тау тұрғызғандай дабырлата жөнелеміз. Біреу тайып құласа, тарпа бас салып таптап тастаймыз. Елімізді кедейшілікпен, замананың зауалы соққан бар сорақылықпен шендестіріп сынағанда жерге тығып жібере жаздаймыз. Турасына көшсек, Қазақстанды қара пиармен ластап құрдымға жіберуді қалайтын қараниеттілердің жағында жарбаңдап жүргенге ұқсаймыз. Ендеше,  қазақ баспасөзінің барды «бар» деп бағалауында, жоқты «жоқ» деп сынауында ұлттық, мемлекеттік айқын ұстаным болуы керек.

Мысалы, Шымкент қаласы. Оңтүстіктің жұрты «шырайлы Шымқала» деп ерекше леппен атайтын еліміздің іргелі қаласы - әйгілі Шымкент соңғы бес-алты жылдың ширегінде қаншалықты түлеп, жаңарған десеңізші.  Сәнімен бой түзеген биік үйлер, саябақтар, демалыс орындары, жасыл алаңдар, зәулім ескерткіштер. Қазақстанда қабындап тұратын қымбатшылықтың Шымкент «шәйләсін тігіп» жіберген сияқты: алам деген нәрсе әмияныңа аса ауыр тие бермейді. Әріптестерімнің тілімен айтқанда, бәрі «қол жетімді» бағада. Әрине, қала тұрғындары тегіс «қол жетімдіге» қол жеткізіп жатпаған шығар, себебі ресми түрде 650 мыңнан астам адамы бар шахардың аумағын  40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін  ұлғайту бас жоспарға еніпті. Неге? Өйткені, қаланың 30 пайызын ғана әзірге көп қабатты үйлер құрайды. Қалған 70 пайыз жекеменшік секторлардың үлесінде. Әлі жеткен тырбанып басына баспана соғуда. Сондықтан да бүгінгі Шымқала шынында да шымнан соғылған үйлері көп қала болып тұр. Сол үйлерден сәні де, салтанаты да бөлек Шымкентте көк үйлер бар. Қалаға жолым түсіп барған сайын көк үйлерге көзім сүрініп қайтамын. «Не шықса да Шымкенттен шығады» демекші, Шымкенттің байлары өздерінше оқшауланып тұру үшін самсатып салған коттеджді қалашық шығар бұл деп, өзімше байлам да жасап қойған едім. Сөйтсем мұнда репатриант мәртебесімен Атажұртына оралған қандастарымыз тұрады екен! Мына кереметті көріп еретігілер әлеміне еніп кеткендей болдық.  Артық әсірелеуден аулақпыз, расында солай. Екі қабатты көк үйлер. Қатарласа қанат жайып, жайнап тұр. Әр үйдің алдында жылыжай. Үш сотықтан.  Бұл - «Асар» ауылы. Жұрт аузында ауыл атанғанымен Шымкент қаласының  көрнекті ықшам ауданына айналған «Асарда» 2750 үй бар екен. Әр шаңырақта орта есеппен төрт адам тұрады деп есептесек, - 110 000 тұрғын.  Біз беріден қайтып отырмыз, ал, шындығында одан әлдеқайда көп. Міне, қалың елің, қара орман жұртың - қазағың. Бақ қуатты, барға мәз. Жұмыс іздеп сандалмайды. Аттап басса, есігінің алдында «мені күт, бапта, өсір, апар да сат» деп жылыжайдағы көкөніс жайқалады.

-   Бұл жылыжайдың басында пайдасын білмеппін. Біз деген күн астында күңісіп, кетпен сүйреп қалған елміз ғой. «Жылыжайы несі, бұдан қалай егін алады?» деп  таң қалумен болдым, -- дейді бізбен  әңгімесінде Жанәділ аға Ілиясов.

Жанәділ аға көршілес Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Сейхунабад ауданынан келіпті. Ол жақта үй-жайы, қора-қопсысы болған. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешкен. Ол үшін маңдай тері сіңген әр дүние қымбат еді, ыстық еді. Алайда, ұрпағының болашағы ақылды әкеге тіпті қымбатқа түсті.

-  Өзбекстанда мектептің тілі түгелімен өзбек тіліне көшіп жатыр. Латын жазуы кірді. Тойғанымызға томпиып жүре берсек ұл-қызымыз бір күні қазақ екенін ұмытып қалуы әбден мүмкін екенін ойладым, - дейді Жәкең.

Содан Жәкең  «көшемінде көшемін» деп қиғылықты салады. Марқұм зайыбы қарсылық танытқан екен, қарамапты. Бар шаруасын 2 мың долларға пұлдап «Қазақстаным, қайдасың?» деп тартып отырған.

-   Көшіп келген бетте мына Түлкібас стансасында тұрдық. Ел-жұртқа ризамын. Қанатының астына алды. Балаларым қазақ мектебіне барды. Мұғалімдер жақсы білім берді, - дейді Жәкең ағынан жарылып.

Сөйтіп жүргенде Жанәділ аға Шымкент қаласының іргесінен «Асар» атты ықшам аудан бой көтеретінін, ол аудан Атажұртына оралған бауырларға арналып салынатынын, құрылысты «Ақ Ордасы» дейтін құрылыс компаниясы қолға алғанын құлағы шалады.

-   «Асарға» жан-жақтан құйылып бердік, - деп жалғады ағамыз әңгімесін. -  Біреу машина жүргізді, біреу лай езді, біреу шеге қақты - қысқасы кімнің қолынан не келді, соны қадеге жаратып жұмылдық.

Міне, бек құрметті оқырман, асар осылай болады. Қан қызыл кеудеше киіп алып саяси партия құрғандар ешқашан дәл мұндай асар жасай алмайды. Жасай алған да жоқ. Асар дегеніміз - ортақ іске, елдік мұратқа жұмылып, күш біріктіру. Демек, Шымкенттегі «Асар» ауылының тарихын барша қазаққа үлгі етуіміз қажет. Қазақтың санын «көк көрпені бүлкілдет» дейтін біртүрлі ұран емес, көк үйлер көбейтеді. Осы ойымызда жүрсін.

«Асарға» ат салысқан Жанәділ Ілиясов қазір 166 шаршы метрлі,  екі қабатты (двухэтажный) коттеджде бала-шағасымен тұрып жатыр. 5 жыл тегін, 5 жылдан соң 10 миллион теңгеге бағаланған баспанасының құнын өкіметке жайлап қайтара бастайды. Өткен көктемде жылыжайынан 3 тонна қияр алған екен, делдалдар бір талын қалдырмай сатып әкетіпті. Жәкең осы күндері тапқан табысын Жилстройбанктің жинақ кассасына құйып бастапты. Әй, байқаймын, оған 10 миллион дегенің түк емес сияқты. Өзі қазір мектептегі ата-аналар комитетінің төрағасы екен. Мектепте жолығысып әңгімелестік. Жылыжайын айтып мақтай түседі. Аталған құрылыс компаниясы «Асар» ауылындағы жылыжайдың барлығына газ бен тамшылатып суаратын құбыр тартып беріпті. «Жыл он екі ай жылыжай жылыжай қалпында жұмыс істейді, тек ерінбесек болғаны», - деп қояды Жәкең.

Жылыжайды әр үйдің албарынан ғана емес, мектептің ауласынан да көрдік.

№89 жалпы орта мектепте 900-ден астам бала оқитын көрінеді. 2011 жылы берілген мектепті спортшылар мектебі десе болғандай екен. Аталған білім ұясының оқушылары өткен оқу жылында спорттың әр түрінен 240 медаль алып үлгеріпті. Біз мектеп директоры Қасымбай Өмірбекұлымен мектепті аралап жүргенде бір өңкей домалақ бас қара балалар спорт залдарында жұдырықтасып, алысып-жұлысып жатты. Айтпақшы, бұл мектепте 3 спорт залы бар екен. Бір әжеміздің: «Төбеме жүн шыққалы бұндайды естімеппін», - дегеніндей,  үш спорт залы бар орта мектепті мен де бұрын соңды көре қоймаппын.

Жә, аттың басын осы арадан іркейік те бастапқы сөзімізді қортындылайық.

Көп дүние меніңше пиғылға байланысты. Тіпті мемлекеттің тағдыры да ұлттың пиғылына орай қалыптасуы мүмкін. Біз тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен құлдырауды, үмітсіздікті, күдікті ғана серік етіп өмір сүре бермеуіміз керек. Бұндай көңіл-күй ұлттың дамуын тежейді. Осыны жазарман қауым әсіресе мықтап ескерсек жөн болар еді.

P.S.

Кім не десе, о десін, Шымкент сапарынан көріп, көңілімізге түйген  өзге де көңілге ыстық көріністерді алдағы уақытта жазар тақырыптарымыздың біріне арқау етпекпіз. Ендігі әңгімеміз Ордабасы алаңындағы «Отан-Ана» тәуелсіздік монументінің биігінен басталады.

«Аbai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1565
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541