Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3641 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:38

Тілден қалған бала қимылсыз жатыр

Ақтөбеге келіп ота жасағандардың «қолы шипалы болар» деген үмітпен Ақжамал Есмаханова баласы Самғатты дәрігерлерге сеніп тапсырған болатын. Ота жеті сағатқа созылды. Бірақ нәтиже көзге жас, көңілге мұң ұялатып отыр. Қазір үш жасар сәби төсекке таңылып, сал болып қалды. Ақтөбелік дәрігерлер «өкінішті» деп күрсінуде, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Отадан соң бүйрек жұмысы әлсіреген, енді жүйкені қалыпқа келтірудің бар амалын жасап жатыр. Ал анасы Ақжамал апа ақ халаттыларды сотқа бермек.

Ақтөбеге келіп ота жасағандардың «қолы шипалы болар» деген үмітпен Ақжамал Есмаханова баласы Самғатты дәрігерлерге сеніп тапсырған болатын. Ота жеті сағатқа созылды. Бірақ нәтиже көзге жас, көңілге мұң ұялатып отыр. Қазір үш жасар сәби төсекке таңылып, сал болып қалды. Ақтөбелік дәрігерлер «өкінішті» деп күрсінуде, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Отадан соң бүйрек жұмысы әлсіреген, енді жүйкені қалыпқа келтірудің бар амалын жасап жатыр. Ал анасы Ақжамал апа ақ халаттыларды сотқа бермек.

Бүгінде үш жасар Самғаттың жағдайы қиын. Төсекке таңылып, тілден қалған бала қимылсыз жатыр. Ал анасы Ақжамал Есмаханова ұлының осы күйіне бес ай­дың жүзі болып қалғанын айтады. «Өзіміз Әйтеке би ауданы, Сарат селосында тұ­рамыз. Балам сал болғаннан бері қаңғып, қалада жүрміз. Жүгіріп жүрген баламды мүгедек қылды да қойды», - дейді. 
Ресейлік дәрігердің, оның ішінде Тюмень қаласынан келген мамандардың қолымен жасалынған отадан кейін үш жасар бүлдіршін тамақ ішуден қалған. Анасы сұйықтық берсе ішеді, бермесе сұрауды да білмей жата береді. Қол-аяғы тартылып, жансызданды. Ол бас бармағын төрт саусағымен қысып, оң аяғын бүгіп алады. Тіл жоқ. «Ма-ма» деген сөзге ерні сәл илігеді. Жата-жата жауыр болған жамбасын өздігінен қозғай да алмайды. Жастықтан көтерілмеген басының кей тұстарына шаш шықпаған, тақыр болып тұр. Бұл Самғаттың қазіргі өмірі. 
Әу баста Самғаттың бойы, салмағы қалыпты болды. «Мұздатқышты өзі ашып, үстелдің үстіндегі тамақты да өзі жей беретін» дейді анасы. Киімін киіп, балалармен ойыншыққа таласып жүрген кезі ата-анасы үшін бүгінде елеске ай­налды. 
- Дәрігерлер не десе де сол отаны жа­сатпауым керек еді. «Қате диагноз қойып­ты» деп жылап отырған аналарды теле­дидардан көріп, жағамызды ұстайтынбыз. Бүгін өзіміз сол бейшара кейіпте отырмыз. Балам қиналғанда жүрегім ауырады - дейді ана зар еңіреп. Самғат дүниеге кел­генде бойы 50 см, салмағы 2 800 грамм болған. Аудандық ауруханада босанған ананың ешқандай шағымы тіркелмеді. Дәрігерлер де «дені сау» деген. Бір жарым жасқа келгенде Самғаттың бойынан әл­сіздік байқала бастайды. Сол шақта ауданға «Денсаулық» пойызы келіп, Ақ­жамал апа баласын жетектеп мамандарға барады. Тексеруден кейін «жүрегінде сырыл бар» екені анықталып, бала қалаға келеді. Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Қасымов «балаға ота жасау керек» деп кесіп айтты. «Ұлымды пышаққа салуға қимадым, «жазылар» деген үмітпен ауылға кеттім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қайта-қайта қоңырау соғып, бізді шақыртып жатты. Сөйтіп жүріп жыл жарым уақытты өткіздік. Үш жасымызда қалаға келіп, тексеру жүргізілді. Іле-шала бізді квотамен Астанаға жіберді. Осы жылдың 8 мау­сымында Астанаға барып, баламыздың ыс­тығы көтеріліп, ауырып қалды. Елор­дадағы ғылыми орталықтың дәрігерлері «Балада жөтел бар. Қызуы көтеріліп тұр. Емделіп, бір айдан кейін келіңдер» деп қайтарып жіберді. Ақтөбеге оралған соң қалалық балалар ауруханасына жат­қы­зылды. Бұл күн Ресейден келген дәрі­герлердің «шеберлік сабағына» дәл түсті. Сөйтіп, «Тетрадо фалло» диагнозымен 7 сағатқа созылған ота жасалынды. Хи­рург­тар оның қолқа мен өкпе күре тамырының ортасынан жабық әдісті операция жасады. Сәтті шықты деді ресейлік мамандар. Алайда бұған дейін шауып жүрген бүлдіршін тіл мен аяқтан айырылды. Бала бір ай, бес күн жан сақтау бөлімінде жат­ты. Бүйрегі отадан кейін жұмыс жасамай қалған. Қол-аяғы қозғала бастаған кезде облыстық ауруханаға көшірді. Самғат сөйлемейді, қол-аяғын баса алмады. «Ме­нен басқа адамды танымайды. Дәрігер­лерден миына қан құйылғандықтан, есін жия алмай жатыр дегенді естідік» дейді анасы. Оқиғадан ақтөбелік дәрігерлер хабардар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Әсет Қалиев:
- Мамандар денсаулық сақтау ми­нистр­лігі арқылы келді. Тәжірибелері мол дәрігерлер. Самғаттың жүрегінің ақауы күрделі. Өкінішке қарай, отадан кейін балада асқынулар, жүйке жүйесінде өз­герістер болды. Жағдайы қазір тұрақты. Алдағы уақытта жүйке жүйесіне оңалту ша­ралары жасалады, - деп жұбату айтты. Ал М.Оспанов атындағы БҚММУ-нің неврология, психиатрия және наркология кафедрасының жетекшісі Гүлнар Каб­драх­манова: «Бала туабітті жүрек дертіне шалдыққан. Оған ешкім кінәлі емес. Балаға ота жасамағанда «Тетрада фалло» диагнозымен өмір сүру мүмкін емес еді. Ресейлік дәрігерлер ота жасады, ал пы­шаққа түспегенде ерте ме, кеш пе жүрек тоқтауы мүмкін еді» деп мәлім­деді. 
Самғат үйінің кішісі, алтыншы бала. Әке мен шеше отадан кейін төсек тартып қалған ұлының қасынан бір елі ұзамай отыр. Дәрігерлердің жанында болып, ем жасау үшін қалада тұра тұруды жөн көріп­ті. Ал күн санап халі нашарлап бара жат­қан баланың тағдыры белгісіз күйінде қа­лып отыр. Қазір дәрігерлерде дәрмен жоқ, бірақ анасы үмітін үзбейді.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

Ақтөбе

"Айқын" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563