Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 22963 0 пікір 30 Сәуір, 2013 сағат 05:54

Ұлықбек Есдәулет. Ақын деген бір ұлт бар

Қазақия

 

Қазақиям - азат ұям,

Қоңыр жұртым, ұлы елім.

Қаңқылдаған қаз атынан

Сөз саптаған сүлейім.

 

-Қанға қан!- деп,

-Жанға жан!- деп,

Атам қазақ үйреткен.

Өтті ғасыр сандаған көп

Ақ сойылын сүйреткен.

 

Шыңбысың сен - Хан-тәңірім,

Әлде Бетпақ - шөлмісің,

Қаңсыса да қан тамыырың

Қыңқ етпейтін көнбісім.

 

Тасыдың да жуасыдың,

Түпсіз арнаң толсашы,

Дүниенің күнәсінің

Жуылатын моншасы.

 

Аялаған азаттығым

Бұл бұл ұшса басымнан,

Кімге керек қазақтығым

Мақтан еткен жасымнан?

 

Төбеңдегі Айды мына

Тұмарыңдай көремін.

Қапалы да, қайғылы да,

Қоңыр елім, өр елім.

 

Топырақтың табын сездім,

Жүгірдім де жығылдым.

Отан деген назым сөздің,

Мәнін сенен ұғындым.

 

Аспандай кең атамекен,

Иі қанбас көн дала,

Сені сүю - қате ме екен,

Сүйіп өтем сонда да!

 

Біз - түркілерміз

 

Қазақия

 

Қазақиям - азат ұям,

Қоңыр жұртым, ұлы елім.

Қаңқылдаған қаз атынан

Сөз саптаған сүлейім.

 

-Қанға қан!- деп,

-Жанға жан!- деп,

Атам қазақ үйреткен.

Өтті ғасыр сандаған көп

Ақ сойылын сүйреткен.

 

Шыңбысың сен - Хан-тәңірім,

Әлде Бетпақ - шөлмісің,

Қаңсыса да қан тамыырың

Қыңқ етпейтін көнбісім.

 

Тасыдың да жуасыдың,

Түпсіз арнаң толсашы,

Дүниенің күнәсінің

Жуылатын моншасы.

 

Аялаған азаттығым

Бұл бұл ұшса басымнан,

Кімге керек қазақтығым

Мақтан еткен жасымнан?

 

Төбеңдегі Айды мына

Тұмарыңдай көремін.

Қапалы да, қайғылы да,

Қоңыр елім, өр елім.

 

Топырақтың табын сездім,

Жүгірдім де жығылдым.

Отан деген назым сөздің,

Мәнін сенен ұғындым.

 

Аспандай кең атамекен,

Иі қанбас көн дала,

Сені сүю - қате ме екен,

Сүйіп өтем сонда да!

 

Біз - түркілерміз

 

Біз - түркілерміз...
Біз - түркілерміз!
Көк аспандай жарқылдап, күркірерміз,
Көк аспанның бұлтындай сілкінерміз,
Көк бөріден туғанымыз рас болса,
Көк тәңірден қуат ап, бір түлерміз.
Кеудемізді билеген асқақ арман,
Тарихымыз дастан боп таста қалған,
Тірсегіміз тілінген кездерде де
Жан жүректі жерім жоқ жасқа малған.
Жұтып қойған ғасырлар өктем үнін,
Айға қарап ұлыған көк бөрімін.
Атқа мінсем кетемін аруақтанып,
Арасында желік бар ет-терінің.
Атқа мінсем кетемін айбаттанып,
Қылыш көрсем кетемін қайраттанып.
Ғасырлардың бетіне қалқып шыққан,
Біздің халық - бұ да бір қаймақ халық!
Намысымдай ешкімге таптатпаған,
Түркістанның күмбезі асқақтаған.
Бабаларым жатыр ғой бата беріп,
Аруақтар аманатын ақтап бағам.
Көк тәңірден көңілге нұр тілерміз,
Көк аспандай әлі де күркірерміз.
Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса,
Қай дұшпанның алдында іркілерміз?
Біз - түркілерміз!
Біз - түркілерміз!!
Біз - түркілерміз!!!

 

Эпосқа елiктеу

 

Сүйгенiң қандай дейсiң сен:

 

Күндi көр де - өзiн көр,

Түндi көр де - көзiн көр.

Айды көр де - қасын көр,

Дарияны көр де шашын көр.

 

Ай мен жұлдыз, күн - бәрi

Жiп есе алмас жолына.

Перизат, хордың қыздары

Су құя алмас қолына!

 

Мұнтаз мінез, шырақ ой,

Талшыбықтай тұла бой.

Балауыздай бал ерін,

Бұл қызды сүймеу күнә ғой!?.

 

...Сүйгенiң қандай дейсiң сен!

 

САҒЫНЫШ

 

Сағынамын. Жабығамын. Бағынамын жүрекке.

Не қыламын?  Бәрi мәлiм:  сезiм осы - дiр етпе!

 

Сүйiп қалдым. Тұйықталдым. Ұйып-қандым сырына.

Биiк таудың шығып та алдым барса келмес шыңына.

 

Құстар ғана құштарлана ұшты айнала төбемнен,

Ұстамды аға, тұспалдама, -˜өз сорымнан көрем мен!

 

Қарлы асқарға, нар бастауға, бармас тауға шығыппын.

Алжасқанда қалмас қайда алтын басы жiгiттiң?!

 

 

ҚАЗАҚЫ ҰРЛЫҚ

Тыщу лет не удивляет никого -

Так уже сделан человек.

Ныне, присно о вовек

Царствует над миром воровство.

Редьярд Киплинг. «Общий итог».

 

Мынау өмiр қалған бiзге мұраға,

барымта мен қарымтадан тұра ма?

Үйдегi қой,

мидағы ой ұрланып,

көмiлгендей көз көрмейтiн ұраға.

 

Табыныңды қасқыр алды қоруға,

дарыныңды дәлдүрiштер торуда,

дорбалаған,

арбалаған қу құлқын,

жердi тесiп,

елдi теспей соруда.

 

Мұнайыңды жұтқызады қалтаға,

Құдайыңды ұтқызады картаға,

темiрiңдi, көмiрiңдi аз десең,

өмiрiңдi қоса жұтар,

қорқа ма?

 

Бар әлемге болғаннан соң ақша би,

қалды ма екен қанда - намыс,

баста - ми?

жөргегiнен алдануға үйренiп,

құр емiздiк сорып жатыр жас сәби.

 

Аяқтарын баса алмайды барлықтан,

қорқар кiм бар бұйрық пенен жарлықтан?

Қазақ озды,

қазақ озды, адамзат,

тым болмаса ұрлық пенен қарлықтан.

 

Даңқтырақ

дәнiккеннен құныққан,

кiм құтылар құлқын деген құрықтан,

бар ұрының аузын бiр-ақ ұратын,

Ажал деген ұры барын ұмытқан.

 

КҮЗГI ДЕВАЛЬВАЦИЯ

 

Ала жаз өте шықты сайран қуып,

Алқынып қала бердiм айлам құрып.

Алдыма алып келдi

Алхимик - күз

Алтынға жапырақты айналдырып.

 

Күзгi бақ құшағына жиi енемiн,

Күрсiнiп,

Күрең күнге сүйенемiн.

Күлiмдеп қайта келсе қайран көктем,

Күйдiрiп ерiнiнен сүйер едiм.

 

Көзiмнен бұл-бұл ұшты-ау мұңсыз жалған,

Күмбезi күлгiнденiп,

Күн сызданған.

Аспаннан алтын шашып ағаштар тұр, -

Асылдың заманы ғой құнсызданған...

 

2000

 

* * *

 

Өздерi өткен көпiрлерiн

өртеп кеткен ағалар-ай.

өткел таппай өкiнгенiм,

өзен бойын жағалап-ай...

 

өте қояр қайық та жоқ,

өткел табар байып та жоқ,

өр кеудемен қойып кеттiм,

өлерменге айып та көп.

 

Тартып келем барым салып,

Тырмысамын,

Талғандаймын.

Тау толқыннан қарым талып,

Тауым қайтып,

Тал қармаймын.

 

Алда

көздi бақырайтып,

Ағалар тұр ақыл айтып:

«Алай жүзбе, былай жүз! - деп.

Арыныңды сынаймыз...» - деп.

Асау толқын арасынан

Мен келемiн Құдайды iздеп!

 

СӨЗ

 

Сөзбен жүздестiм. Сөзбен таныстым.

Сөзге ғашық боп, жата-жабыстым.

Сөздiң сиқыры билеп бойымды,

Сөзбен уланып, сөзден бал iштiм.

 

Сөзден от жақтым, ошақ лаулаттым.

Сөзден оқ жонып, жебе заулаттым.

Аңғырт азуды айға бiледiм,

Албырт көңiлдi қарға аунаттым.

 

Сөзге сендiм мен. Сөзге семiрдiм.

Жаным-тәнiммен сөзге берiлдiм.

Сөзден оқ тидi, сөзден жығылдым,

Сөзден қуат ап, сөзге  жегілдім.

 

Сөзбен алыстым. Сөздi кемiрдiм.

Сөзден шаршадым. Сөзден жеңiлдiм.

Еттен өттiң ғой, сүйекке жеттiң ғой,

Сөзеке, сонша саған не қылдым?..

 

МҰҢЛЫ ӨЛЕҢ

 

Мәлiм маған мынау жақ:

мынау көше, мынау бақ,

мен сырғанақ тебетiн

мұрша тапқан мұзойнақ,

мұнарланған ескерткiш -

мүлгiп кеткен қыраулап,

мысқыл күлкi тұрғандай

миығында жын ойнап,

май тоңғысыз айлы түн,

мысықтайын мияулап,

майы азайған майшамдай

мөлиген  Ай тым аулақ,

марғау аспан мызғиды

малма тымақ мұң орнап,

мәжнүн талдар майысып,

мәлкiлдейдi тұмаурап,

монтансыған әлемнен

мен де тұрмын сыр аңдап -

мамыражай мезетте

мазасы жоқ тiрi аруақ,

майқан-майқан көңiлiм

мыжығандай пiл аунап,

мертiктi ме бiлмеймiн

мiнген атым лаулап,

мойынсұнбас жүрегiм

мұз үстiнде жүр аунап,

марту басқан секiлдi

мысты құртып бұғаулап,

маңып жатыр миымнан

мың-мың сұрақ тыраулап,

мал қайырған малайдай

мағынасыз құраулап,

мұң меңдейдi бойымды,

миымда сан сұрау қап:

- Мәнi қайда өмiрдiң?

мұны табар кiм ойлап?

Мезгiл өте бере ме

мөлдiрiмдi лайлап?..

... мыңқ етпейдi мына әлем,

мынау көше, мынау бақ...

 

УАҚЫТТЫ КIМ ЖАРАТТЫ

 

Уақытты кiм жаратты екен

жылдам ғып?..

бала кезде бұлықсыдық, бұлдандық,

жiгiт шақта қызық қуып, қыз қуып,

шатақ қуып, шалқып-тасып, жындандық,

тайталаста түсiп талай  итжығыс,

уақыт - бiздi,

бiз - уақытты құлдандық,

қолдағының бәрi сусып уыстан,

ақырында айдалада құр қалдық.

 

Уақытты кiм жаратты екен  өтпес қып?..

сағыныштың сарыөзенiн көп кештiк,

күтуменен өттi бiздiң бар өмiр,

шыдамның да шегiменен беттестiк,

тұлпарлардың тұяқтарын талдырып,

ғашықтарды бiр-бiрiне жетпес қып...

бiз - уақытты,

уақыт бiздi аямай,

бiр-бiрiмiз етiмiзден ет кестiк.

 

Уақытты кiм жаратты екен

мұндай ғып?..

ешкiмге де еншi болмас бұл байлық,

уақыт деген кiмге - бақыт, кiмге - сор,

кiмге - ғарыш, кiмге - намыс, кiмге - айлық,

уақыт менi төске салып илесе,

мен уақытты тартып жүрмiн сырнай ғып,

одан өтер екi жүздi көрмедiм

қалыбынан кете берер күнде айнып...

 

ТАҒДЫР

 

Қандай қыстың боларын

алаш қайдан бiледi?

қандай құстың қонарын

ағаш қайдан бiледi?

 

Көздi ашып-жұмғанша,

өте шығар жыл қанша,

басыларсың бұрқылдап,

мосыдағы құмғанша.

 

Тiрiге жоқ тыныштық,

өмiр бiрақ тым ыстық,

кеудең шерге толмайды

жаратқан соң қуыс қып.

 

Түс көресiң, демалып,

тiстенесiң оянып,

бұлдырайды дүние,

көз жасыңа боялып.

 

Шимайланып қағазы,

тiрлiк саған наразы,

сенiң кiнәң емес қой

қисық болса таразы.

 

БАЛА ДОСТАР

 

Сiлкiндiрiп Семейдiң жасыны жердi,

Құпия, жұмбақ өлiмдер ғасыры келдi.

Ауылда менiң бiрге өскен достарым аз,

Алтауы бiрдей асылып өлдi.

 

Оларсыз ауыл маған да бола ма мекен?

Ойран боп ойым, құлазып қалаға кетем.

Iзiмiз қалған Жасаң мен Шидiарық жақты

Қиялмен жалаңаяқ бiр аралап өтем.

 

Астархан қайда белсенер төбелес десе,

Иегi қышып тұратын ерегеспесе?

Жайырбек, Көке, Бақан мен Исатай, Марат...

Терең су көрсе сүңгитiн келе бәстесе.

 

Бұзықтығымыз кететiн ұлғайып кей күн,

Баудан бау қоймай жемiсiн ыңғай үптейтiн -

Батыкен қайда:

«Балалар, пiсiп қалыпты,

Бiздiң бақшаның қарбызын ұрлайық!» дейтiн.

 

Достарым қайда?

Кеудемнен бұрқылдап бiр ән,

Қиырда жүрiп ауылдан сыр тыңдап тұрам.

Сахалин жақтан хат жазып сұрапты Зәки:

«Түрмеге түскенi рас па,

жылқы ұрлап Құман?»

 

Жылдар да заулап өттi ғой небiр нөпiрлеп,

Зiл салмағынан қайыстым темiр көпiр боп.

Айқай салғым да келедi:

«Достардың орны

Түрмеде де емес

Жүректiң төрiнде тұр!» деп.

 

НАЗЫМҒА

 

Жаным менiң,

қозым менiң,

Назымым,

жолсыз түнде жанған темiрқазығым,

жас басымнан жын жетелеп, жыр қудым,

жұрт алдында жоқ та шығар жазығым,

жан әкеңнiң жанын ұқшы жабыққан,

жөн көрмейтiн жазмыштың жазуын.

 

өңiмде әркiм өзегiмдi пышақтап,

түсiмде жүр аруақтар құшақтап,

жүрегiм бар жартас сынды жай түскен,

жаншылсам да кеткенiм жоқ ұсақтап,

мұңсыз,

мылқау,

меңiреу бiр мергендер

көңiлiмнiң көлiнен кеп құс атпақ...

 

Қызым менiң,

iзiм менiң,

Назымым,

қарлығашым,

талдырмашым,

нәзiгiм,

қол сұқпайын құзырына Құдайдың

өзi бiлер - күнәһар кiм,

қазы кiм?

өмiр - бiр күй:

өзегi - өрт,

сазы - мұң,

әкең - мәңгi мәңгiрген бiр мәжнүн...

қаға алмастан қатал тағдыр азуын,

қажыдым мен,

қажыдым мен,

қажыдым...

 

Қайда, қызым, жан сергiтер әзiлiң?!!

 

АҚЫН ДЕГЕН БIР ҰЛТ БАР

 

Есенғали Раушановқа

 

Азап шектi-ау

Ақын деген бiр ұлт-ай,

Аттан салып,

Ашайықшы құрылтай.

Басында жүр бозторғайлар баз кешiп,

Тұсында отыр темiр тұяқ тұрымтай.

 

Тайталасып

Тағдыр деген тақсырмен,

Тартысам деп

Тарих деген тәпсiрмен,

Жүрсiңдер ме жазаланып жазықсыз,

Бәрiн жеңiп,

Жеңiлiп тек нәпсiңнен...

 

Аттанғанды

Ақын деген бұл елден

Ажалменен арпалысқа жiберген.

Құс қанатты Парнас таудың Пырағын

Байлаған кiм жер бетiне шiдермен?

 

Адамзаттың арман-сөзiн жаздым дер,

Ақын ұлты!

Азаптан бiр жазғын бел.

Қайдасыңдар,

Абайлар мен Хайямдар,

Үн қатыңдар,

Махамбет пен Мәжнүндер!

 

Ақын ұлты!

Алу үшiн дербестiк,

Тартыспасақ тағдыр бiзге бермес түк.

Қай патшадан,

Қай тәңiрден қорқамыз,

Жаратқан соң данышпан һәм жарымес қып!..

 

БIЗ ӨТКЕНДЕ...

 

Бiз өткенде жылама да жоқтама,

«Ақын едi!» - десең, - жетер жоқ баға.

Күнәмiздi Құдай өзi кешiрер,

Кешпей жатса ара түсiп, ақтама.

 

Бөлеу артық үлде менен бүлдеге,

Керегi жоқ көмiп аза гүлге де.

«Ақын едi!» - дей сал,

айтсаң бiрдеңе,

Одан жылы сөз таппассың - үндеме.

 

Кетерi бар

Келдi деме несiне,

Көк аспаннан көп iздеме тесiле.

Жылама да, жоқтама да, ойлама...

Өзiмiз-ақ түсермiз бiз есiңе.

 

Зар емеспiз заңғар биiк мүсiнге,

Жыр оқысақ жарар кейде түсiңде.

Жылау,

жоқтау,

еске алу да,

бәрi бар

«Ақын едi!» - деген сөздiң iшiнде.

 

ЖАНАРТАУ

 

Не қажет қара басыма?

түкiрдiм-дағы түңiлдiм!

бiр қарап шаранасына

дүниеге келген жырымның,

барамын дар ағашына,

осыны бүгiн ұғындым.

 

Мен дағы асық иiргенмiн,

бала болғанмын икемдi,

айналып тасы диiрменнiң

ұнтады жүрек-жүйкемдi,

таңдырға басым иiлген күн -

iшiмде қасқыр ит өлдi.

 

Кеудеме қонар шау қарға,

көзiмдi шұқыр отырып,

от ойнап самарқау қанда

тұрармын сонда секiрiп! -

сенбеңдер жанартауларға

сөндiм дегенi - өтiрiк!..

 

 

* * *

 

Өлiм деген iс болды үйреншiктi:

бүгiн де бiр жас қыршын үйден шықты,

жыламсырап тiрлiк тұр жасты көзбен

iшкен сәби секiлдi күйген сүттi.

 

Танымаққа талпынып өмiр сырын,

қадағанын сезбейсiң өлiм сұғын,

қу жапырақ,

әлде жас топырақ па,

қонар жерiн талғамас көңiл-шыбын.

 

Қамаласың көз жұмып тас қапасқа,

қашалады есiмiң қасқа тасқа,

талақ етiп түбiнде

тастап кетер,

ғашық болып өмiрмен босқа отаспа.

 

Жалғыз өзiң жатасың лақатта,

байыз тауып батасың рақатқа,

терең қазып тепкiлеп көмгендердiң

бәрi өзiңдей болады,

кiнә тақпа...

 

9-МАМЫР

 

Көше бойлап,

көктеммен тыныстаған,

зағип кемпiр келедi

гүл ұстаған,

көзiндегi қап-қара әйнегiне

шағылысып қояды күмiс ғалам.

 

Жол үстiнде сүйiскен тоқтай қалып,

екi жасқа соқтықпай,

өттi айналып,

сапер сынды келедi алдын барлап,

таяқ етiп ұп-ұзын оқтауды алып.

 

Перiштелер ұшатын қараңғыға,

жан-тәнiмен көндiккен

адам мына,

қызғанышпен тiптi де қарамайды,

көрсеқызар келетiн жанарлыға.

 

өмiр сүрiп келедi ол көкiрекпен,

өкiл болып көрген жоқ

өкiметтен,

соғыстарға бергiсiз съездерде

бар халықты жағалай соқыр еткен.

 

Жарық жалған бермесiн

төрiн, мейлi,

жаны жасып,

тiрлiктен жерiнбейдi,

көңiлiнде соқырдың жанған сәуле,

көзi барға ешқашан көрiнбейдi.

 

- Көрсоқыр! - деп бiреудi қажап, сөгiп,

көзге шұқып жатады-ау,

мазақ көрiп,

адам түгiл

тағдырдың өзi дағы

басырлықтан жүргенде азап шегiп...

 

ТУҒАН ТIЛIМЕ

 

Етектегi тасыңды

өрге апарсам деп едiм,

есiктегi басыңды

төрге апарсам деп едiм,

өз елiнде өгейлi,

кiсi үйiне кегейлi,

кенезелi күйiңе

көл қотарсам деп едiм.

Бұлт басқан көгiңдi

нұр жайнатсам деп едiм,

тереңдегi кенiңдi

күнге ойнатсам деп едiм,

кеуiп қалған көнiңдi

қымыз құйып жiбiтiп,

құлақ құрышын қандырып,

сырнайлатсам деп едiм.

Көгендегi қозыңды

жамыратсам деп едiм,

ошақтағы қозыңды

тағы жақсам деп едiм,

қорамсаққа қол салып,

қозыжауырын жебеңдi

темiренiн тебiрентiп,

жауыңа атсам деп едiм,

терезеңдi теңелтiп,

керегеңдi кеңейтiп,

қабағыңды қайтадан

жадыратсам деп едiм,

қайран, Ана тiлiм!

 

ПҰШАЙМАН

 

Бiтiптi деймiн түсiмде қос қанат маған,

Қос топшым бар да қолым жоқ,

Қостан аттанам...

Қатар да қатар қаптаған қауырсынымды

Керегедей ғып жаям да досқа мақтанам.

 

Үзiлiп бiреу қарайды,

Сүзiлiп бiреу,

Қызғанып бiреу қарайды,

қызығып бiреу.

Аспандап ұшып, биiктен құйылып түсiп,

Жарқылдап өткен жасыннан қыз үмiттiлеу.

 

Қара Ертiс дедiк, Сарысу, Ақжайық дедiк,

Қалықтап ұшып, әлемдi қақ жарып келiп,

Қиядан шалып, қарағым, қатарлас қондым,

Қиюы келдi дүние жап-жарық болып.

 

Бастағы бағың көрсетсе тұрлаусыз қалып,

Ойнайды-ау тағдыр жараңа ыңғай тұз жағып.

Қолдарым қайда өзiңдi қапсыра құшар?!

Қор болдым қанаттарымнан ыңғайсызданып!

 

Жап-жарық залда

Жаппай би, тынбай қызған ән,

Билейiкшi деп, бұрылып ымдайсың маған.

Құшақтап сенi билер ем,

Құшар ем тас қып,

Атаңа нәлет қанаттан ыңғайсызданам!

 

АУКЦИОНДАҒЫ ҚАЛАМ

 

Бiр мырза сатып алды хан қаламын...

...Мен қазiр жыр жазбаймын,

жан бағамын,

Музаны тоқалындай жұмсайтұғын

Мандытқыш кей ақынға таңқаламын.

 

өлiара -

заманы екен өлерменнiң.

Қаздым да жүрегiмдi,

өлең көмдiм,

Жамырап болған болса жарымес қиял,

Қайырып қозы-лақтай көгендермiн.

 

Сұрайды ел:

«Жазбайсың деп өлең неге?»

Жырлауға ит-тiрлiктi көнер деме.

Қонбай ұш қара жерге,

қайран муза,

Қанатың кiрлеп қалар - төмендеме.

 

Шайырмын,

Дала - мұңым,

Отан - қайғым,

Шындықтың шөлейтiне сапарлаймын,

Ешқашан өлең жазбай кетсем даңы

Ешкiмге қаламымды сата алмаймын.

 

Кешсем де күндерiмдi қапалықпен,

өшсем де өз ойыма маталып мен,

Шалшыққа қона көрме,

аққу-муза,

Батпағын жырлай берсiн бақа бiткен.

 

АҚЫННАН САҒАТ СҰРАМА

 

Ақыннан сағат сұрама,

өлшеулi ғұмыр кешпейдi ол,

Құдай да болсаң сынама,

Күнәсiн оның кешпей гөр.

 

Ақылсыз жүрек, дана ой,

Менсiнбес байлық, бақытты,

Тiрiлтер ақын ғана ңой,

Сендер өлтiрген уақытты.

 

өмiрi - өрт-ау, сiрә да,

өтедi ол таңды таңға ұрып,

Ақыннан сағат сұрама,

Уақыты оның мәңгiлiк...

 

«ЖЕТIМ БҰРЫШ»

 

Қорлықты мына кiм көрген:

Алматы толы - үйсiздер.

Үйсiз де күйсiз жүргенмен

Ұрпақтың қамын үнсiз жер.

 

Кiргенi - кiсi есiгi,

Соңан да көңiл жайланар.

Сәбидiң сәмбi бесiгi

Тербелер бұрыш қайда бар?

 

Ол үшiн кiм бар қайғырған,

Алматы толы - жетiмдер.

Малдасын құрған маймылжан,

Торыңның маған шетiн бер!

 

САҒАТТЫҢ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ

 

Медеуге күнiге баршы,

Айдынға үңiле қалшы:

Жұрт түгел сырғанайды онда,

Сағаттың тiлiне қарсы.

 

Байқашы жан сырын ұғып,

Көзiнде таң шығы күлiп,

Осы жұрт жынданған жоқ па

Уақытқа қарсы жүгiрiп?

 

Парызды ойланар  күн кеп,

Бұл да бір қолға алар міндет:

Сағаттың тіліне қарсы

Кағбаны айналар үмбет.

 

Жұмбақ-ау,

Тегi, бұл жалған,

Бәрiнiң өңi нұрланған.

Тапты екен қандай қанағат,

Уақытты керi бұрғаннан?

 

Ағарған самайымды

Елге

Көрсетпей жабайын демде...

Сағаттың тiлiне қарсы

Жүгiрiп бағайын мен де!..

 

* * *

 

Ақыл тiсi шықса да ақыл кiрмей,

Ақылдыларға жақын жүрмей,

Бiр дұшпанының атын бiлмей,

Ақымақ болған қайран басым,

Мүшел жасқа кеп ойланғасын -

Не сорым?

 

Ой бағып, қой мен қозы бақпай,

Құлағы барға сөзi жақпай,

Ақ пен қараны ажыратпай,

Адасып баққан соқыр басым,

Мүшел жасқа кеп опынғасын -

Не сорым?

 

Жалғанды жалпағынан басып та өткен,

Қызуының қайнарын шашып-төккен,

Қызықтың да қақпасын ашып кеткен,

Кiсiнi менсiнбес құмай басым,

Мүшел жасқа кеп мұңайғасын -

Не сорым?

 

* * *

 

Қалада жауған қардың қара болатынын,

көргенде кеудемде жара қалатынын,

сен түсiнесiң бе, бауырым? -

сондықтан менiң күйiктен

жанымды алдарқатар шарап алатыным...

 

Ауылға барсам жолатпай құлын тебетiнiн,

Жүрегiме сонда алма бақ гүлiн себетiнiн,

Сен түсiнбейсiң ғой, бауырым! -

Сондықтан менiң үздiксiз

Удай ащы шылым шегетiнiм...

 

* * *

 

Қара жер хабар берсiншi

Тартатын болса қойнына.

Жыланнан арқан өрсiншi

Оралып қалсын мойныма.

 

Айналды орман көмiрге,

Айналды күлге қайыңдар.

Алаң бар ауыр көңiлде,

Жүректе удай уайым бар.

 

Бұлбұлдар бүгiн көбейдi

Орманның айтқан тiлегiн.

Мен жайлы олар не дейдi?

Дейтiндей, бiрақ кiм едiм?

 

- Қиыннан қашып кеттi, - деп,

Түскенде ауыр елге сын, -

Төбемдi жатса тепкiлеп,

Қара жер хабар бермесiн!

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

 

Жалғыздық,

маған сен аштың,

Құдайға барар қақпаны,

өзiңмен ғана санастым,

ес бiлiп, етек жапқалы.

 

Жалғыздық,

сенiң барыңда,

жалғыздығымды сезбедiм,

қалмағанда ешкiм жанымда,

сен ғана менен безбедiң.

 

Ел-жұртпыз деген адамдар,

жалңызсырап жүр бәрi де,

шаншыса жүрек  -  не амал бар,

жарайтын сенсiң дәрiге.

 

Құшағыңа кеп құладым

қашқанда жауыз жалғаннан,

құтқар деп сенен сұрадым,

мақтамен бауыздалғаннан.

 

Төбемнен мiне тау құлап,

тас түнек басты әлемдi,

қарақат көзiң жаудырап,

Жалғыздық,

жалғыз қал ендi!..

 

БАЛҒА

 

Көкiрегiмде дүрсiлдеген

Балғамды

Алла Тағаладан алғам-ды,

қара төске қарсы салғам-ды,

жалпағынан жаншып жалғанды.

 

Талпынып жүрiп арманға,

темiр етiктен -

түймедей,

темiр таяқтан -

тебен инедей қалғанда

сынасы ұшып,

сыр бердi менiң Балғам да.

 

Қара темiрден қан шығып,

қамырдай өзi жаншылып,

қайдағыны сезiнетiн,

қайғыратын,

езiлетiн болды бұл Балғам.

Тiзелiнi бүгiлтiп,

мойындыны иiлтiп,

маған да жеттiң сұм жалған!

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565