Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7583 0 пікір 30 Сәуір, 2013 сағат 11:04

Тұрсын Жұртбай. Тұлғалар талқысы: Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов

5.

Табиғаттың тауқыметiн ерте тартқан қуатты емендер қашанда шыдамды, дауылға қарсы қасарысып тұрып алады. Сол сияқты Мұхтар да сан шайқалып барып қайта қалпына келдi. Бiрақ жапырағын желге тонатқан жапандағы жалғыз түп ағаштай айналасы үңiрейiп бос қалды. Қатарлас құрбы-құрдастарының сиреп қалғанына өкiнген Виктор Гюго:

«Мен қазiр өзiмдi-өзiм бiрнеше рет қатарынан оталған ормандағы аман қалған ағаш сияқты сезiнем»,- деген екен.

Бұл сөздi Мұхтардың да өзiне қарата айтуына болатын. Ешқандай әсiрелеусiз айтылған шындық ретiнде қабылданар едi. Сондықтан да шығар, көпке дейiн көңiл сарайы құлазып, қоңылтақсып жүрiптi.

Ол да бiр өткен өмiрдiң татқызған кермек дәмi. Мұхтар бұл жылы тура қырық жасқа толды. Алдағы жиырма төрт жыл өмiрiнiң жиырма жылын Абайға арнады.

Қуанышын да, жұбанышын да содан тапты.

Мұхтардың шын мәніндегi екiншi өмiрi басталды.

Өкiнiшке орай, заман мен тағдыр талқысы мұнымен аяқталмады. Мұхтар Әуезовтiң «қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына» қатысқандығын дәлелдей алмаған «идеологтар» 1943 жылы Мұхтар Әуезовтi ресми түрде ақтауға келiсiмiн бердi. Бiрақта араға төрт жыл салып бұл «сыбағаны» Әуезовке тағы да тартты.

5.

Табиғаттың тауқыметiн ерте тартқан қуатты емендер қашанда шыдамды, дауылға қарсы қасарысып тұрып алады. Сол сияқты Мұхтар да сан шайқалып барып қайта қалпына келдi. Бiрақ жапырағын желге тонатқан жапандағы жалғыз түп ағаштай айналасы үңiрейiп бос қалды. Қатарлас құрбы-құрдастарының сиреп қалғанына өкiнген Виктор Гюго:

«Мен қазiр өзiмдi-өзiм бiрнеше рет қатарынан оталған ормандағы аман қалған ағаш сияқты сезiнем»,- деген екен.

Бұл сөздi Мұхтардың да өзiне қарата айтуына болатын. Ешқандай әсiрелеусiз айтылған шындық ретiнде қабылданар едi. Сондықтан да шығар, көпке дейiн көңiл сарайы құлазып, қоңылтақсып жүрiптi.

Ол да бiр өткен өмiрдiң татқызған кермек дәмi. Мұхтар бұл жылы тура қырық жасқа толды. Алдағы жиырма төрт жыл өмiрiнiң жиырма жылын Абайға арнады.

Қуанышын да, жұбанышын да содан тапты.

Мұхтардың шын мәніндегi екiншi өмiрi басталды.

Өкiнiшке орай, заман мен тағдыр талқысы мұнымен аяқталмады. Мұхтар Әуезовтiң «қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына» қатысқандығын дәлелдей алмаған «идеологтар» 1943 жылы Мұхтар Әуезовтi ресми түрде ақтауға келiсiмiн бердi. Бiрақта араға төрт жыл салып бұл «сыбағаны» Әуезовке тағы да тартты.

«Демек, бiздiң бас бостандығымыздың өлшемi - тiкелей түрмеге түспегенiмiзбен ғана өлшенедi: соның өзi өзiмiздi толық азат адамбыз, не iстесек те өз еркiмiзбен iстедiк, не ойласақ та ерiк өзiмiзде деп алдарқатуға жетiп жатыр... Бiрақ та, менiң бас бостандығы туралы түсiнiгiм бұған керiсiнше аса қуатты, тегеурiндi де төзуге болмайтын ызалы идеямен тiкелей байланысты, менiң бас бостандығымды қылмысты әрекеттердi жүзеге асыру үшiн пайдаланып отыр және ол тек қана өшпендiлiктi өршiтуге қызмет етуде, бұған мен де сондай сезiммен жауап беруге мәжбүрмiн»,- деп П. Я. Чаадаев айтқандай, Әуезов те рухани тәуелсiздiктен құтылу үшiн өзiнше ақыл-ой қайратымен қарсы тұрды.

Бұл оның тағдырлы ғұмырындағы ең ауыр талқы едi.

 

ҮШІНШІ ТАРАУ: ТҰЛҒАЛАР ТАЛҚЫСЫ

(Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов)

 

1.

 

Өнер адамдарының арасындағы қарым-қатынас, достық тілек-ниеттер әртүрлі жағдайда қалыптасып, өмір өзегіне айналады. Тіпті, қиын-қысталаңы мол, қарбалас күндердің өзінде де көзқарас алшақтығына, өзара қарым-қатынастарының кірбіңіне қарамастан жомарт таланттар бір-біріне қол ұшын беріп, қолтығынан демеп жатады. Мағжан итжеккенде жүргенде және қайтып келген соң С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың сондай ізгі қадамдары жан сүйсінтеді. Алайда тұлғаларға тән даралық пен мінез, көркемдік көзқарас, тіршілік танымы үнемі ұштаса бермейді. Әсіресе, өнер адамдарының жолы өзге мамандықтың иелеріне қарағанда бұралаңы мен бұрмасы көп, «соқтықпалы, соқпақсыз» болып келеді. Бұл барша өнер психологиясына тән табиғи құбылыс. Ондай қақтығыстар кейде аса күрделі өнер қақтығысына да алып келеді. Егерде тұлғалардың бұл қайшылығы қоғамдық құрылым мен мемлекеттік саясат тұрғысынан сыпат алса, онда бұл ерегестің соңы ұлт үшін де, жеке бастары үшін де трагедияға айналуы мүмкін. Айлалы қоғам, айлакер саясаткер, арандату құрылымдары тұлғаларды өзара қақтығыстыру арқылы үнемі өз ұпайын түгендеп отырды.

Қазақ руханияты тарихындағы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов та сондай тұлғалар болды. Сәбит Мұқанов кеңестік идеологияның төл туындысы, таптық көзқарастың ту ұстары, ең бастысы жеңген мемлекеттің үстем табының өкілі болды. Сондықтан да үнемі өктем сөйледі. Ал Мұхтар Әуезов болса «ығысқан идеологияның, жойылған таптың, жазаға тартылған үкіметтің» сарқыты, өмірін «несиеге алған» қалпақ астындағы сынақ тұлғасы еді. Ол еңсесін көтеріп, тік жүруге, ашық та еркін өмір сүруге, пікірін тура айтуға еркі шектеулі мүсәпір пенденің сулығын жамылып жүруі тиіс сияқты көрінді. Кез-келген қоғам дәбірі кез-келген бұрышта оны сұқ саусағымен көрсетуге қақы бар сияқты сезінді. Ал екінші жақтан алғанда екеуі де ұлттық мәдениеттің мәйегі (носителей культуры) болатын.

Әуелі де сол кездің талабына сай құрылған өзара сыннан басталған бұл өкпе-наз кейіннен біраз түсініспеушілікке итермелеген. Кейбір мәжілісте, отырыста Сәбит те шалған. Ол Мұхтарға таптық күрес пен социализмнің теориясын үйретумен болған. Мұхтар да қарымтасын қайырған. Бірақ бұл реніш екеуінің өзара жеке бастарының кірбіңінен асқан жоқ деуге тағы келмейді. Көзқарас қайшылығына, ашық текетіреске де, топтық қоянқолтыққа да барған. Соның нәтижесінде екі тұлғаны шарпыстырып, нәпақа айырған кәсіби мәтібилер де болған. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Аттарын атамай-ақ қояйық, бірақ тұлғалар тағдырымен айналысқан қырық жылдың ішіндегі біз білген шындық соған жетелейді. Және көбінің аты қазір ұмытылған, еске түсірудің өзі қиын, кім екені белгісіз жандар.

Сол «Пәлен мен Түгеннің» бірінші тобына ресми мемлекеттік тыңшылар жатады. Кеңес өкіметі тұсында әр мекемеде міндетті түрде құпия тыңшы ұсталып, ол адам қауіпсіздік комитеті тарапынан материалдық, қызметтік көмек алып отыратын. Тұлға дәрежесіне көтерілмесе де сұғанақтың сұқ саусағы тұтқалы есіктен табылатын. Олар түрме әфсанасындағы Әбдірахман Байділдин, Шаймерден Тоқжігітов сияқты тікелей мемлекеттік мекемедегі басшылық орында істеп, тұлғалардың арасындағы «қақтығыстарды» ұйымдастырып, арандатып, ресми мәліметке жақын жалған ақпараттар тарататын. Мұндай адамдардың арасынан ірі тұлғалар да шықты, классик атанғандар да бар. Екінші топтағылар, сол мекеменің, сол саланың заңды тұлғасы болып табылатын «қызметсіз қызмет» істейдіндер. Бұлардың дені әлдебір мінезімен өкіметке жақпай қалған немесе таланты әлсіз, талабы зор, пәле іздеген қатардағы қызметкер. Олар ешқашанда қызметтен шығып қалмайды, оның есесіне, барлық мәліметті құпия түрде жеткізіп отырады. Халық ауызындағы кәдімгі салпаңқұлақтар. Үшінші топ ең сүйкімсіз топ, яғни, жақын дос-жараның, араласың, ағайының. Олар тұрақты тыңшы емес, «қызық үшін» қызмет етеді. Айқын Нұрқатовтың:

«Кешке жақын Мұхтарды пәлен мен түген қисайтып кетеді, оны таңертең ана адам барып қайта түзейді»,- деген қанатты мысқылы соларға арналған.

Бұл үш топ та мемлекеттік жазалау жүйесінің құрамдас ең өнімді, ең сенімді тетігі болып табылды. Соның ішіндегі ең қауіптісі, ең сұрқиясы кеше де болған, бүгін де бар, ертеңгі сықпыты да көмескіленіп көрініп тұрған соңғы топтағы «пәлен мен түгендер». Әсіресе идеологиялық майданда олардың адамдарға кесірі көп тиді. Атын атап тарихта қалдырғымыз келмейді. Бірақ солар араласқан тұсқа екпін бере баяндаймыз. Оларды біз де біліп, көріп жүрдік. Кез-келген дастарханның шетінен кетпеуші еді. Біздің қатарластарымызда да «оқшантайлы оқпандар» болды, бірақ олардың «оқтаушысы мен дәрісінің» күші кеткен кез еді.

Сондай-ақ, сол «пәленше мен түгеншелер» кейін кешірім өтініп, алдарынан өткен және олардың ұрпақтарының бетіне шіркеу түсіру - шындыққа жаны ашығандық деуге де жатпайды. Уақыт оларға өз үкімін шығарып үлгерді. Ал, әркім оқиға ілігінен «пәленшені» танып жатса ақтап ала алмаймыз. Өйткені бықсық әңгіменің біразы әлі өшкен жоқ. «Түгеншенің» арасынан:

Но ненавистникам Шекспира

Я был лишь только оттого,

что был завистникам Шекспира

И современником его, -

дегендей (Л.Васильева), өзін-өзі жазғырып, мойындаса, талай шындық қалпына келіп, дүние көші ауған теңін түзер еді-ау.

Осыдан жиырма жыл бұрын сол пәленше мен түгеншенің соңғы тұяқтары тірі кезде: «Ол үміт әлі ақталған жоқ. Ақталар ма? Оны, сол «пәленшелер мен түгеншелердің» ар-ұятына тапсырамыз»,- деп жазып ек. Тіл қатпады, қайта алаш ардагерлері ақталған тұста батагөй боп алдан шықты.

Сондықтан да қазақтың екі ой алыбы - Мұхтар мен Сәбиттің бір-біріне деген пейіл-ықыласының кейде риясыз ашық болуы, кейде көлеңке түсіп отыруы заңды. Біздің ойымызша, ол үшін қос дегдардың бірін қаралап, екіншісін ақтаудың реті жоқ. Олардың әр қайсысы өзінің өмірлік мұратын, өнердегі ілхамын қорғады. Қазір: «Мұхтар мен Сәбит үнемі айтысып келді. Олар - бітіспейтін дұшпандар еді»,- дегенді жиі естиміз.

Ал шындығында, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов бітіспейтін ашық та, «құпия да» дұшпандар емес-тін. Олар мінберге қатар шығып, ашық сөйлесті. Өйткені олар заман ағымындағы, уақыт екпініндегі өтпелі жайларды екі түрлі көзқараспен қабылдаған, алайда мақсаттары ортақ халықтық тұлғалар еді. Қысылған сәттерінде қол ұшын беріп, бір-бірін демеп отырған. Сондықтан да Мұхтардың өміріне көлеңке түсіріп, жүрегіне жара салғандардың әрқайсысының атын атап, түрін түстемей-ақ, халқымыздың тауып қойған «пәленше мен түгенше» деген емеуірін есімін пайдаландық. Қисынсыз қазымырлықтан, орынсыз алакөзділіктен арылып, ой желісінен адасып кетпес үшін жинақтап алдық.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565