Жұма, 28 Сәуір 2017
16 Маусым, 2013 сағат 22:08 Жаңалықтар 62 0 пікір

Серікбол Қондыбай. Ноғайлы феномені

Қазақ халқының жалпы алғанда Орта Азия мен Солтүстік Кавказдың, Еділ мен Оралдың, Қырым мен Оңтүстік-батыс Сібірдің түркі тілдеc және басқа да халықтарының мәдени-рухани болмысын жасауға қатысқан «ноғайлы феномені» туралы не айта аламыз? Жалпы осы «ноғайлы» ұғымын қазақтың өзі қалай түсінеді? Ең бастысы, осы тарихи-өркениеттік феноменге белгілі бір дәрежеде сипаттама беруге бола ма?

Ноғайлы атауы біздің әңгімемізде нақты сипат беріліп отырған ұғым (осы атау жөнінде деген қосымша мақаланы қара). Оған бүгінгі этникалық ноғайлардан басқа бүкіл қыпшақ тілді халықтардың 14-17 ғасырларда жекеленген халықтарға айнала бастаған балауса шағының ұрпақтары да кіреді.

16 ғасырдан кейін бүкіл Орталық Евразияға ықпал етуші басты күшке айналған Ресейдің әскери қуаты мен оған ілескен орыс мәдениеті бастапқы атауды қолданыстан шығарып, орнына «ордынцы», «татары» деген жалған атауды баянды етті. Ал қыпшақ тілді орта өз тарихи болмысында өздерін ешқашан да «татар» деп атамаған. Бірақ орыстың ақпараттық кеңістігінде қалған қыпшақ суперэтносы өздерін «татар» деуге әуелде қарсыласса да, кейін көнді, артынан еті үйреніп, өздерін «татармыз» деуді қалыпты дағдыға айналдырды. «Өзіңнің түйе емес екендігіңді дәлелдеп көрдің» кері - осы.

Қазақ халқының жалпы алғанда Орта Азия мен Солтүстік Кавказдың, Еділ мен Оралдың, Қырым мен Оңтүстік-батыс Сібірдің түркі тілдеc және басқа да халықтарының мәдени-рухани болмысын жасауға қатысқан «ноғайлы феномені» туралы не айта аламыз? Жалпы осы «ноғайлы» ұғымын қазақтың өзі қалай түсінеді? Ең бастысы, осы тарихи-өркениеттік феноменге белгілі бір дәрежеде сипаттама беруге бола ма?

Ноғайлы атауы біздің әңгімемізде нақты сипат беріліп отырған ұғым (осы атау жөнінде деген қосымша мақаланы қара). Оған бүгінгі этникалық ноғайлардан басқа бүкіл қыпшақ тілді халықтардың 14-17 ғасырларда жекеленген халықтарға айнала бастаған балауса шағының ұрпақтары да кіреді.

16 ғасырдан кейін бүкіл Орталық Евразияға ықпал етуші басты күшке айналған Ресейдің әскери қуаты мен оған ілескен орыс мәдениеті бастапқы атауды қолданыстан шығарып, орнына «ордынцы», «татары» деген жалған атауды баянды етті. Ал қыпшақ тілді орта өз тарихи болмысында өздерін ешқашан да «татар» деп атамаған. Бірақ орыстың ақпараттық кеңістігінде қалған қыпшақ суперэтносы өздерін «татар» деуге әуелде қарсыласса да, кейін көнді, артынан еті үйреніп, өздерін «татармыз» деуді қалыпты дағдыға айналдырды. «Өзіңнің түйе емес екендігіңді дәлелдеп көрдің» кері - осы.

Ал үштен бірі, тіпті жартысына жуығы осы ноғайлы ортасынан шыққан қазақтар өздерінің терістігі мен батысындағы орыстың татар деген жұрттарын тұтасымен «ноғайлар» деп атаған, яғни этникалық ноғайдан басқа қазандық, астрахандық, барабалық, қырымдық татарлар да қазақ үшін «ноғай» болған. Қазақтікі орыстікіне қарағанда жөндірек болатын, өйткені аталған ұлыстардың барлығы да ноғайдан тікелей өрбіген, ноғайдың этникалық субстратын бойына сіңіріп қана қоймай, ноғайлының рухани қайнарынан нәр алған жұрттар еді.

Ақиқатын айтар болсақ, қыпшақ тілді халықтардың бірде-біреуі осындай жалпылық ықпал ету мүмкіндігі жағынан ноғайлымен, ноғаймен теңесе алмайды. Қазақ халқының жартысына жуығы алшындар, қоңыраттағы маңғытайлар, арғындағы бесмейрамдар, уақтар, үйсіндегі сіргелілер т.б. іс жүзінде ноғайлыдан шықса, қазақтың 17 ғасырға дейінгі рухани мәдениетінің басым бөлігі осы ноғайлы мәдениетінің жалғасы болып табылады. Асан қайғыдан бастап Доспамбет жырауға дейінгі сөз иелері, яғни  1-ден 10-ға дейінгілері осы ноғайлы ортасының тұлғалары болып табылады. Бүгінгі қазақ мұны мойындауға құлықсыз да болар, бірақ ақиқаты солай.

Қарақалпақ халқы да өз бастауын ноғайлыдан алады. Мәдени-әдеби қабаты іс жүзінде таза ноғайлылық болып табылады. Татарлардың барлығы да осы ноғайлық мәдениеттен бастау алғандар. Солтүстік Кавказдың халықтары да осы мәдениеттің ықпалын көрді. Оны әсіресе, адығ, дағыстан халықтарының фольклорынан байқауға болады.

Көшпелі өзбектер де осы ноғайлылық мәдениеттен нәр алған, олардың ізі бүгінгі өзбек мәдениетінен қылаң береді. Өзбекке сіңген қыпшақ, қытай, найман, маңғыттар және ел билеуге қатысқан аштарханидтерге ілескен жұрттар а осы іздің тереңірек, анығырақ болуына үлестерін қосты.

Ноғайлы ортасының рухани бұлағынан башқұрттар да, этникалық ноғайлымен байланысы жоқ деуге боларлық қиырдағы қырғыздар да, ноғайлы түгілі, қыпшақ тіліне қатысы жоқ түрікпендер де қалыс қала алмаған. Әсіресе, қырғыз фольклорындағы ноғайлы дәуірі әңгіме етуге тұрарлық. Орыс пен украиндар да ноғайлы бастауының ырзығын көрген. Орыс ақсүйек қауымының қалыптасуындағы ноғайлылардың яғни, «татары», «ординцылардың» шешуші рөлін айтпаған күннің өзінде орыстың әскери өнерінде де ноғайлы тәжірибесінің рөлі қомақты. Тек аталған халықтардың бірде-біреуі өздерінің фольклорлық тарихында ноғайлы кезеңінің болғанын бір-екі ауыз сөзбен айтып өткенімен, тікелей дамуындағы ноғайлы феноменінің болғандығын мойындағысы келмейді.

Ноғайлы феноменін сөз ету не үшін керек болды?

Ең алдымен біз осы ұғымды абстрактылы бос ұғым ретінде емес, нақты тарихи уақыты бар, қалыптасу және таралу себептері мен географиясы бар, пайда болу себептері бар құбылыс ретінде қарастырамыз. Ол нақты практикалық ғылыми мәселелерді шешуіміз үшін керек.

Ол — қазақ жырына негіз болған сюжеттік-есімдік комплекстің пайда болған немесе олардың бір жерде тоғысып, тұтастанған орны нақ Маңғыстау мен Үстірт ареалы екендігін дәлелдеу. Сол арқылы бүкіл ноғайлы феноменінің қалыптасқан нүктесінің де осы Маңғыстау-Үстірт және оған жапсарлас кеңістік екендігін дәлелдеу. Ал осыларды дәлелдеу үшін мынадай практикалық мәні бар мәселелерді шешіп алу керек:

§1. Ноғайлы ортасынан тікелей өрбіген қазақ, қарақалпақ, астрахан татарлары, барабалық татарлар, ноғайлар сияқты жұрттармен қатар, бұл ортаға тікелей қатысы жоқ қырғыздардың фольклорында «Баяғыда, ноғайлы жұртында» деп басталатын, сондай-ақ «Орманбет би өлген күн» де айтылумен өрнектелген тіркестері бар мифопоэтикалық уақыт кезеңін көрсететін мысалдың болу себебін түсіндіру.

§2. Ноғайлы ақпаратының бүгінгі халықтар фольклорында таралу уақыты мен жолдарын көрсету.

Ол дәуірді қысқаша түрде былай көрсетуге болады:

Бірінші кезең — ноғайлы феноменінің бастапқы формасының қалыптасқан жері мен уақыты. Бұл — Үстірт пен Маңғыстау және оған жапсарлас аймақтар, уақыты — 1340-1390 жылдар аралығы, 14 ғасыр; а) Алтын Орданың бүкіл қыпшақ тілді дүниенің мәдени-рухани орталығы болуы; ә) жаңа дін — исламның үстемдікке жетуі, ноғайлы феноменінің белсенді жасампаздарының бірі — ислам дінінің суфийлік бағытындағы дін таратушы машайықтар еді; б) әртүрлі ру-тайпалар мен жұрттардың тоғысуымен бірге олардың бұрынғыдан қалған мәдени-рухани дүниелерінің де тоғысуы. Үстірт пен Маңғыстауға шығандап шығып кеткендер пассионарлық қуатқа ие тұлғалары басым жұрттар болатын. Міне, осы тұста Еділ мен Жайық ортасы ресми Алтын Орданың орталығы болып, дін мен мәдениеттің ресми жағын шоғырландырған болса, Үстірт пен Маңғыстау қазақтың есіл ерлері мен машайықтардың тұрағына айналып, дін мен мәдениеттің, қара халықтық, ресми емес андерграундық формасын шоғырландырған аймақ болды. Осылайша, бір-біріне оппозицияда болған орталық пен шалғай дуализмі негізінде ноғайлы феномені қалыптасты.

Екінші кезең — ноғайлы феноменінің бүгінгі формасының қалыптасу ареалы мен уақыты. Кеңірек алғанда уақыты жағынан бұл кезең 15-16 ғасырларды, яғни Ноғай ордасының өмір сүру, гүлдену және құлдырау дәуірін, территориялық жағынан Еділ мен Жайық, Ертіс аралығын қамтығанымен, бұл 1560-1600 жылдардағы Ноғай ордасының күйреуі және территориялық тұрғыда бүгінгі Шыңғырлау — Мұғалжар — Темір үшкілін қамтыған құбылыс болатын. Бастапқы маңғыстаулық-үстірттік материал негізінде жалпы ноғайлылық жырлар мен есімдік, келбеттік комплекстің қазіргі нұсқалары қалыптасты. Бұл ойран болған заманға, яғни Ноғайлының ыдырауына, ішкі қырғынға — Алшын Ысмайыл мен Жүсіптің туыстарын өлтіруі, кеңістіктің тарылуы — Қазан мен Аштарханның құлауына деген қоғамдық рухани жауап ретінде жасалған шығармашылық дүмпу болатын.

Үшінші кезең — таралу заманы 16-17 ғасырлар. Ноғайлы ортасынан шыққан ірі рулық-тайпалық топтар мен жекелеген ру-тайпалар осы уақыт ішінде Қазақстанның басқа аймақтарына, Орта Азия мен Солтүстік Кавказға таралып, бүгінгі түркі тілдес халықтардың қалыптасу дәуірі басталды. Олар бұрынғы ноғайлы ақпаратын, ең алдымен, ноғайлы жырларының бастапқы нұсқаларын жаңадан қалыптаса бастаған қазақ, қарақалпақ, ноғай, т.б. халықтардың фольклорына бастапқы материал ретінде сыйға тартты.

Төртінші кезең — қайта қорыту кезеңі. Бұл — 17-19 ғасырлар. Жаңа халықтар үшін «баяғыда, ноғайлы жұртында...» деп басталатын уақыт пен кеңістік енді нақты тарихи ноғай мен ноғайлыны білдіретін емес, әр халықтың өзінің баяғы, батырлық дәуірін білдіретін қаһармандық немесе мифопоэтикалық бастау уақыт көрсеткішіне айналды. Осы сөзді пайдаланған жұрт енді ноғайлы есім-тұлғалық комплексін тек «өзінікі», ұлттық деп түсінді. Ноғайлы ақпаратындағы бастапқы жер-су аттары мен оқиғаның тарихилығы жойылып, образдар сипаты жалпыланып, нақтылығы жоқ болып кетті.

Бұл — тезистік түрде беріліп отырған, алдын ала хабарлау болып табылады. Әр кезеңге қатысты нақты дәлелдемелерге тоқталу — кейінгі әңгімелерімізде орындалмақ.

Ең бастысы, ноғайлы феноменінің қалыптасқан жері Маңғыстау және Үстірт екендігін ғылыми ақиқат ретінде көрсеткендей болдық.

 «Есен-қазақ» кітабынан үзінді. 37-40 беттер.

– Алматы. «Арыс» баспасы. 2006 жыл

Abai.kz

 

Серікбол Қондыбай

(1968 – 2004)

Ғұмырын  қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалымы.

1991 жылы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, 1991 – 1997 жылдар аралығында Маңғыстау, Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология және биоресурстар басқармасында қызметкер, орта мектепте мұғалімі, өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасы мәселелері саласында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздары, географиясы тұрғысында мағлұматтар жинастырып, бірнеше кітап жазған ғалым. Ғалымның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997), «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000), «Есен-қазақ» (2002), «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003), «Арғықазақ мифологиясы» (2004), «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005), «Маңғыстаунама» (2006), «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006), «Жауынгерлік рух кітабы» (2006) сынды зерттеу еңбектері бар.

 

Серікбол Қондыбайдың жарық көрген еңбектері:

•   «Маңғыстау географиясы»,

•   «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997),

•   «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000),

•   «Есен-қазақ» (2002),

•  «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003),

•  «Арғықазақ мифологиясы» (2004),

•  «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005),

•  «Маңғыстаунама» (2006),

•  «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006),

•  «Жауынгерлік рух кітабы» (2006)

Википедия

 

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2468
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3240