Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6897 0 пікір 31 Қаңтар, 2014 сағат 05:39

Ұлықбек Есдәулет. Aтаңа нәлет көнбiстiк...

Ұлықбек Есдәулет. Aтаңа нәлет көнбiстiк...

Верлибрлер, ақ өлеңдер, қара өлеңдер

ҚҰМСАҒАТ

 

сыйлады маған құмсағат,

құм толтырған сұм сағат –

құйылғандай көзiме

құйылады сауылдап,

секунд санап, күн санап,

минут санап, жыл санап,

кiрпiгiм кейде жұмылар

әр түйiрiн ауырлап.

 

құм сағатта құм қанша?

сұм жалғанда құн қанша?

аспан жерге түседi

көзiңдi ашып-жұмғанша...

 

ЖЕЛТОҚСАН

 

неге, неге Желтоқсанда

зығырданым қайнайды?

табаным – тайғақ,

қоғамым – жалтақ,

өмiрiм – озғақ,

заманым – тозғақ,

қабағым – қарлы,

қанарым – жарлы,

келешек – бұлдыр,

көрешек – тұлдыр,

жүректе – қыжыл,

санада – кiжiл,

пейiлдер – таяз,

көңiлдер – аяз,

сыртым – аран,

iшiм – боран...

неге, неге Желтоқсанда

зығырданым қайнайды?

 

***

аспан деген не нәрсе –

есiгi ме Тәңiрдiң?

жер дегенiң не нәрсе –

Ұлықбек Есдәулет. Aтаңа нәлет көнбiстiк...

Верлибрлер, ақ өлеңдер, қара өлеңдер

ҚҰМСАҒАТ

 

сыйлады маған құмсағат,

құм толтырған сұм сағат –

құйылғандай көзiме

құйылады сауылдап,

секунд санап, күн санап,

минут санап, жыл санап,

кiрпiгiм кейде жұмылар

әр түйiрiн ауырлап.

 

құм сағатта құм қанша?

сұм жалғанда құн қанша?

аспан жерге түседi

көзiңдi ашып-жұмғанша...

 

ЖЕЛТОҚСАН

 

неге, неге Желтоқсанда

зығырданым қайнайды?

табаным – тайғақ,

қоғамым – жалтақ,

өмiрiм – озғақ,

заманым – тозғақ,

қабағым – қарлы,

қанарым – жарлы,

келешек – бұлдыр,

көрешек – тұлдыр,

жүректе – қыжыл,

санада – кiжiл,

пейiлдер – таяз,

көңiлдер – аяз,

сыртым – аран,

iшiм – боран...

неге, неге Желтоқсанда

зығырданым қайнайды?

 

***

аспан деген не нәрсе –

есiгi ме Тәңiрдiң?

жер дегенiң не нәрсе –

бесiгi ме қабiрдiң?

 

жұлдыз толы аспанға

ағаш құсап қол созам,

жерге бойлап тамырым

тереңдерге жол салам.

 

көк қалады көк болып,

жер қалады жер болып,

екеуiнiң арасы

елдеспейдi бәрiбiр...

ей, Жер мен Көк, Жер мен Көк,

екеуiң де әрi жүр!..

 

***

бiр сәби туса –

бiр жұлдыз жанады дейдi – өтiрiк...

бiр адам өлсе –

бiр жұлдыз ағады дейдi – өтiрiк...

 

пешенең – берiк қалқаның,

перiштеңнiң қорғайтыны – рас...

таусылғанша талқаның

судан тал қармайтының – рас...

 

***

қартайса қарға қартайсын,

бiздiкi не – құр әуре...

ортайса мұхит ортайсын,

бiздiкi не – құр әуре...

 

адамға берген қамшының

сабын қысқа қиғаны-ай...

бүлдiргесiн бүлдiрмей,

алса – сөзге iлдiрмей,

тез алса екен қинамай...

 

***

тағдырымнан:

                        гүл сұрап ем – бау бердi,

                        тас сұрап ем – тау бердi,

                        дос сұрап ем – жау бердi.

тағдырымнан:

                        сыр сұрап ем – сабыр бердi,

                        нұр сұрап ем – жауын бердi,

                        жел сұрап ем – дауыл бердi.

тағдырымнан:

                        от сұрап ем – өрт бердi,

                        сөз сұрап ем – дерт бердi,

                        атым содан ерттеулi...

                       

***

жанарыңа жасырған жүз құпияңның

тым болмаса бiреуiн;

жүрегiңе жүктеген мың-сан жұмбағыңның

қыл аяғы бiреуiн

шамасы жетсе шешуге –

не ойыңның астарын,

не сөзiңнiң тұспалын,

не көзiңнiң күрмеуiн

ұға алмаған пұшайман

болар ма едi бақытты?..

парық бiлмес пақырға

пiрсiз пәрмен қайда деп,

тұлдыр бiтпес тақырға

қона қоймас Ай да кеп...

 

 

***

қауiп-қатер, өлiм-жiтiм құрымай,

қайғы-қасiрет қуанышқа жол бермей,

қарiп-қасiр, жетiм-жесiр азаймай,

неге өлең жазасың деп сұрама;

 

жер бетiнен жауыз ниет жоғалмай,

өлi ақиқат көзiн ашып, қол алмай,

әдiлет, ар, ұждан, ынсап оралмай

неге өлең жазасың деп сұрама!

 

ДIҢ

 

Қазақпысың – көресiң:

ғашық болсаң – жүрекке кiрген жебенiң де

қуантары болады;

жасық болсаң – тұзақталған арқанның да

жұбантары болады –

перiштенiң пәрменi деп мойынсұнып өлесiң;

 

ал, алайда,

Қазақ деген ұлы ұлтыңнан қашпасаң:

қылқындырған ажырғы мен қарғыға,

басыңдағы ноқтаға,

қолыңдағы кiсенге,

аяқтағы тұсауға,

ауыздағы құлыпқа,

мойынсұну мүмкiн емес ешқашан!

 

 ***

атаңа нәлет көнбiстiк!

қолында өлер адамға

құшақ жайып, қол қыстық;

таспен атқан тажалға

табақ тартып, төр бердiк;

аса жұртқа теңгердiк,

қонақжайлығымыз қыр асып,

дара қылығымыз – дарақылыққа ұласып,

кiшiпейiлдiгiмiз гүл ашып,

төменшiк тартсақ – оң көрдiк;

жағымпаздықпен теңдесiп,

құлшылықпен шендесiп,

намысымызды қасқырдай қармап,

көңiлдiң үзiгiн басқұрдай жалғап,

достықтан биiк тау жоқ деп,

ниеттен терең көл жоқ деп,

ебелектей елбектеп,

көбелектей көлбектеп,

конақ көрсек құладық

делбе болған аттай делбектеп;

 

көкейiмiздi кек теспей,

өкпемiздi оқ тесiп,

өлер жерiн бiлмейтiн,

өлермендей өрекпiп,

жалаңаяқ от кешiп,

етiмiзден ет кесiп...

көлденең көк аттыға көмек қып:

бiреу үшiн желге ұштық,

бiреу үшiн жер құштық,

айналайын ақ пейiл,

атаңа нәлет көнбiстiк!..

 

***

ешбiр сағат шырылдап,

ешбiр әтеш қиқулап,

ешбiр азан шақырып,

оята алмаған Оймауыт, –

ұйқыңды жылы қой жауып!

о дүниенiң ұйқысы бұ дүниеге дәрi емес,

өлгенiнше түс көрер бiздiң ұлт

 сонша кәрi емес,

өлi ұйқыда жатқандай берi емес,

 бiрақ, әрi емес,

оята да алмады-ау, айтыс, аттан, ерегес...

тiлiне мiнiп шапқанда жел жетпейтiн елеулi,

ұйқыдағы арудай ұйып қалған қалаулы,

құйып қойған ыдыста суып қалған сорпадай

санасы елге тоң-торыс,

ерiтiндiдей мақтауға елтiп қалған елтерiс,

төрелерi – тойымсыз,

төлеңгiтi – тобасыз,

елдiң iсi дегенде

елп етпейтiн ерiншек,

жұрттың iсi дегенде

жалт беретiн жасқаншақ,

ұлттың үнi дегенде

селт етпейтiн сескеншек,

ар-намысы – әткеншек,

кежегесi – көткеншек,

оянар ма ұйқыдан,

кеңiрдектен шап берсек!

 

ЕЛДIҢ IСI

 

мiнезi – мiнсiз,

көңiлi – кiрсiз,

ақылы – ақаусыз,

адымы – матаусыз қайсың бар?

тез өссiн деп бидайды

кекiлiнен тартқан кiм едi?

ормақ боп ши-қурайды

сақалынан алған кiм едi?

 

күшi сыймай бойына

Толағайдай алып болған кiм едi?

қара күшiн көмкерiп,

төңкеруiн – төңкерiп,

тау астында қалып қойған кiм едi?

 

беу, сендер де бiр-бiр толағайдай таусыңдар!

елдiң iсi дегенде

бұғынбайтың қайсың бар,

тығылмайтын қайсың бар,

елдiң жүгi дегенде қайыспайтын қайсың бар?

майыспайтын қайсың бар?

Елдiң Iсi дегенде!

 

Жалаладдин Румиден

 

билiктiң бұтағының жемiсi удай, нәтi лас,

тiптi, жинап-терiп алуға да татымас.

дүниенiң дастарқаны дәм-татусыз кәкiр ас,

тiптi, қонған шыбынын қууға да татымас.

шахтар – мұқым қатыбас, бар тартуы – бақыраш,

тiптi, тiрлiгi дәрiптеуге де татымас.

 

ЖАЗМЫШ

 

жалғанның жалғандығына иланбай,

диiрменде де дiнiн сақтап, қиналмай,

бұғыз тесiк көрiнсе бұғып қалған бидайдай,

талқаннан аман қалам деп;

жаңбыр-жаңбырдың арасынан құрғақ кеп,

соның өзi бiр бақ деп,

төсегiнде қара терге малшынып,

бастығырылып, жаншылып,

дастарқаны жиналмай,

кете барған тән суып...

жақсы адам едi,

жуалдыздың жасуына сыйғандай,

жүректе жүрген имандай...

опат болды ойрандардан аман кеп,

озмыш қайда, жазмыш осы... амал жоқ...

 

***

аспан ала жейдесiн сығып,

аппақ жаңбырын төгiп жатқанда;

асқар таулар малақайын лақтырып,

ақ бұлақтар алақайлап аққанда;

көктемнiң көрiмдiгiн сұрап келген қарлығаш,

құлдық саған, құлдық!

қалың тоңды жарып шыққан тұңғыш бәйшешек,

құлдық, саған, құлдық!

 

Ақ Бұлақ пен Ақша Бұлт

 

қалаға алғаш аттанғаным есiмде:

сонау Зайсан жерiнен

бiр бұлақ пен бiр ақша бұлт

ере шыққан менiмен;

бiрi – жерден, бiрi – көктен жебедi ме, бiлмеймiн,

ақ бұлақ – үмiт,

бiр құшақ бұлт – тiлдей мұң;

 

бiрi жылап, бiрi құлап қалатын-мыс қит етсе,

қылаяғы, тұсынан иiскеп ит өтсе...

өзiмнiң де жүрегiмнен қан сорғалап тұратын

сорғымаған шикi етше...

 

сор қалаға сормаңдай боп сорға бола келiппiн:

кiрсiз де пәк, мөлдiр едi екеуi,

екеуiнiң кеттi, бiлем, кетеуi,

шулы қала, улы ауа – өтеуi...

 

өттей өмiр өтiп жатыр,

өрттей ғұмыр өшiп жатыр:

менде шығар бар айып!

ақ бұлағым лайланды,

ақша бұлтым қарайып...

екеуi де өзiм құсап ескiрдi ме, бiлмеймiн,

жүрегiме қарасам: қатып қалған сүрдеймiн...

 

Ауадағы жауаптар

(Боб Диланнан)

Асқар таулар торығуы керек қанша жыл,

Теңiз шайып кеткенше?

Асқақ тұлға зарығуы керек қанша жыл,

Бостандыққа жеткенше?

Өмiрде адам бұғуы керек қанша бұл

Түк көрмеген боп өткенше?

Жауабы, жаным, iлiнiп тұр ауаға,

Жауабы оның қалықтап жүр әуеде.

 

Басын адам көтеруi керек қанша рет,

Көк аспанды көруi үшiн?

Кiсiге құлақ бiтуi керек қанша көп

Елдiң өксiгiне мән беруi үшiн?

Қаншама адам қырылуы керек малша кеп,

Сұмдық қырғын келгенiн сезуi үшiн?

Жауабы, жаным, iлiнiп тұр ауаға,

Жауабы оның қалықтап жүр әуеде.

 

ДУАЛИЗМ

 

сөзiм мен iсiм үйлеспей,

сырым мен шыным сәйкеспей,

екiұдай ербең күй кешiп,

екiұшты ойға мiнгесiп,

екi кеменiң құйрығына жармасып,

екi сезiммен арбасып,

өтер ме екенмiн өмiрден

өзегiмнiң көзiн шел басып?

Екiленiп, бiлек сыбансам көп iске:

бiрi бастап оң iске,

бiрi үндеп терiске,

бұйыртты менi бөлiске

екi иығымдағы екi перiште!..

 

ҚОС ҰСТАЗ

 

Өмiр мен Уақыт – екi Ұстаз:

Өмiр –

Уақытты саралауды үйретсе,

Уақыт –

Өмiрдi бағалауды үйретсе,

бiрде тiрлiкке тұл болып,

бiрде уақытқа құл болып,

абдырап-сасып бiз жүрмiз

артымен сүңгiген үйрекше.

 

ИТКЕ – МАРЖАН?

 

есуасқа ғашықтық не, сезiм не?

сезiм оған салмас тiптi көзiн де...

бұл сөзiмдi, шын де, мейлi, әзiл де:

Махаббат келсе –

ақылы сайға,

көңiлi жайға,

мiнезi байға келедi!

келедi де айналдырады Мәжнүнге!..

 

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ

 

қыл арқаннан қылқынып, бiздiң Қазақ сiлкiнiп,

жылқы жылы шығады жылқыдайын жұлқынып!..

 

ат үстiнде ояу-ды, аттан түстi – қалғыды...

жан-жүрегi қаяулы, запырандай зар-мұңы...

 

ат үстiнде басқан ол бар әлемдi тақымға!

Қасым салған қасқа жол айналды ма тақырға?

 

аттан түстi – айырылды... ат басындай айбаттан,

қанатынан қайырылды, айырылды қайраттан;

 

аяқ-қолы маталды, бұғау түстi мойынға,

әзәзiлден от алды, жылан кiрдi қойынға...

 

жаяу қалып жасыды, еңбектеуге көнбедi,

алшы түспей асығы тiзерлеуi жөн бе едi?

 

ескiрмейтiн дәстүр ол – Еркiндiгi құс кеуде,

Есiм салған ескi жол еске қайта түскенде, –

дүниенi шайқаған көрсетсiн бiр ғажапты,

атқа мiнгiз қайтадан жаяу қалған қазақты!

 

түпкi атасы түрiкше тұтанып бiр ұмтылсын,

ат пен қазақ бiрiксе бөгет болып кiм тұрсын?!

 

“МЫҢ БIР ТҮН”

 

Өткен шақтың өртiнiң отын алсақ...

Балалығын бiр бейбақ отыр аңсап.

Тәттi түстей түседi есiне оның

“Мың бiр түндi” тығылып оқыған шақ...

 

Сыныптарда сықырлап қаламұштар,

Сия сауыт, сызғыш пен санағыш бар...

Бұрымынан тартқанда көршi қызды

Бойын билеп алатын сан ағыстар.

 

Өшiрiлiп дәптерден екiлiк сан,

Кеш түскенде жанатын жетiлiк шам.

Сағыныштың суырып сөресiнен

“Мың бiр түндi” тағы бiр оқып-ұқсаң...

 

Таққа мiнген көңiлi көкке ұласқан,

“Мың бiр түндей” бұл өмiр өттi бастан.

Шахризада айтпады оған ертек,

Шахзаман да бұл емес шоқты басқан...

 

Есiне алса бала кез, бұлдыр күндi,

Ерiксiзден аңсайды “Мың бiр түндi”...

Екiлiк сан – ғұмыры – жетiлiк шам...

Алдамаған бұл жалған... құрғыр кiмдi?..

 

 

ТАС КIТАП

Ей, көктегi қара кiтап...

               Мұхамед Салық

 

Ата-анамның басына

Алкүрең тастан ойғызып,

Ашылған кiтап қойғызып,

Алдында кейде отырам,

Аруақтарды ойлап, ой мүжiп.

 

Аспанның ашық астында,

Айтары бар-ау тастың да.

Кiтапты келiп оқимын,

Кезiксем құйын, тасқынға.

 

Жүректi қайғы жұтатты,

Шырағын ойдың тұтатты...

Аспанның өзi оқиды

Ашулы жатқан кiтапты.

 

Түнде бар мейлi, күндiз бар,

Оқиды Ай, Күн, Жұлдыздар.

Түгесу үшiн тәпсiрiн

Жете де қоймас жүз жылдар.

 

Ары да берi ауатын,

Түнерiп кейде жауатын,– 

Ашылған сол бiр кiтаптан,–

Ақша бұлт ашты-ау сауатын...

 

Тағдырдан көрiп қыспақ көп,

Қабiрдiң басын қыстап кеп,

Қанатын қағып сол кiтап

Талпынып жатыр ұшпақ боп...

 

ҚҰПИЯ

 

Құрсақтағы құпиялы тыныштық...

Кiм-кiмнiң де көңiлiне тым ыстық.

Уайымды, қамкөй, күптi, мазалы

Ана-жүрек лүпiлiн де ұғыстық .

 

Тiршiлiкте көрмек болдық ырыс-құт,

Қолымызды көкке жайып тұрыстық...

Тiрiлерге түсiнiксiз бәрi бiр

Қабiрдегi құпиялы тыныштық...

 

“ОРАЛМАН”

 

базарлар жатыр өртенiп...

әкiмқаралар әкiреңдеп жүр жер кеңiп...

Адалбек ақын жұмыссыз қалды,

өртенiп кеттi ақынға бiткен еркелiк.

бала-шағасы ашықты...

шиеттей едi шетiнен...

арғы бет асып, аңсап бiр жеткен ғашықты

атамекенi қақты бетiнен.

 

Артюр Рембодай саудаға кiрдi аңғал жан,

саудайы заманы солай басқа салғасын,

арманы күйiп, алданған,

дүңгiршек дүкен жанғасын;

әр тұма тауып арнасын,

десек те солай өз жолын өзi жалғасын...

арналы өзен ағысы толы көп арман,

құрдымға құлап жоғалған...

жаңбыр боп тамған жанардан...

уақыттың өзi өшiре де алмай қалмасын,

қорқауи қоғам маңдайға басқан таңбасын:

“О-рал-ман?!”...

 

ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕ

 

дөңбекшiп шықтым... азап жанды жеп...

терезенi аштым... ғажап таңғы леп...

теледидарды қоссам – лақылдап,

лақты бiр ләухи:

“түрмелер түгел қазақтанды!” деп.

 

апыр-ау, сонда... тозақтан кiрiп,

о дүниенi де қазақтандырып,

“жетiсер” күнге жетер ме екенбiз, әкiри,

бұ дүниенi мазақтар, күлiп?..

 

...қанжарын Шамда қанға малған бар...

шаһиттiк жолды таңдап алғандар...

ұры итi менен мүритi көп ел – бұл байтақ –

кiм үшiн жанын жалдаған жандар?..  

 

бере гөр өзiң, Жаратқан, медет...

(шешеннiң сөзi – сан ақпар, дерек)

сiлтейдi-ау шiркiн:

“мемлекеттiк тiлде,

сөйлейдi бiздiң жәлаптар да!” деп.

 

ой, қайран, менiң “дамыған” тiлiм,

осы ма едi жарыған күнiм?

қалайша, қалай, қолына кiмдер - кiмдердiң

ұстатып қойған халық алтынын?

 

МЕНIҢ ҮШ МIНIМ

 

бойымнан талай мiн тапқан,

сыр тартқан, сосын сын таққан,

бiр досым – көптен көрмеген:

“Қарыздан,

       Дұшпаннан,

                Сырқаттан

тез құтылғаның жөн” деген.

бiрақ та мендiк бұлтақтан

ештеңе тiптi өнбеген...

үш мiнiм менiң – шын тапқан

“табысым” шығар көлденең:

қашсам да қайда – бiр қақпан

құрулы тұрып, терлегем;

жазмышқа, досым, көнген ем,

арылар емес сор менен:

Сырқатсыз және

                  Қарызсыз,

                           “Достарым” жазған арызсыз

күн кешiп тiптi көрмегем!

 

Батпырауық балладасы

 

шыбық мiнiп астыма шапқылауық,

шарықтаттым аспанға батпырауық.

көкке өрлеген қос көзiм жерге түспей,

кейде құлап “атымнан” жаттым ауып...

тiзгiнiмнен сонда да айырылмай

тас төбемде қалқитын батпырауық;

 

өттi жылдар шыбықтай шапқылауық

ат үстiнде...

жарыстық, бақ сынадық...

тұқырмайтын тұрқыма тақты ма айып,

тiксiнттi ме тауаным таққа лайық,

бiр төбеттер тiсiн сап, қатты қауып,

бiр көдектер күйесiн жатты жағып;

 

бұзбасын деп бой бермей, топты жарып,

озбасын деп, ор қазып, отты жағып,

әлi де жүр осқырып, оқшырайып...

қитұрқыдан қалайша дәт сұрайық,

қай жараны қай жiппен қапсырайық?

зәтте жүрек зәрезап, атқылауық,

тамырдан да тәуiптер тапты қауiп...

құлап жатып аспанға көз жiберем,

көрiнер ме екен деп батпырауық?

 

жүрушi едiк пәк күлiп, пәк мұңайып,

сол пейiштiң алдында тәк тұрайық...

мейлi, тағы шыбықты ат қылайық...

мейлi, тағы шүйгiнде шапқылайық...

мейлi, тағы көкке ұшсын батпырауық...

балалықтың Есiгi ашылмайды

байқамастан кеттiм бе қатты жауып?...

 

Е-һе-һе-һей, қайдасың, Батпырауық?!

 

КӨКПЕН КӨРIСУ

 

Осы мен, осы бұлттармен тағдырласпын ба?

Толғанда iшiм қайғы мен қаңғыбас мұңға,

Көзiмнiң жасын ешкiмге көрсетпеу үшiн

Егiлiп зәуде жылаймын жаңбыр астында.

 

Кiрпiктен аққан тамшылар тiзiлiп тамып,

Төзiмнiң темiр арқауы үзiлiп қалып,

Қара бұлт тектес сөгiлiп, төгiлiп әбден

Жеңiлдеп қайтам мен iштей мүжiлiп барып.

 

Жауынды күндi жанымдай жақсы көремiн,

Жасынмен жыны шарпысқан бақсы ма едiм?!.

Көк аспанменен осылай көрiсiп алам,

Iшiме сыймай кеткенде тасқын-әлемiм...

 

ФАРИЗА

 

Өр едi... алдандырмай арзан қызық,

Өмiрi өттi шоқтан маржан тiзiп.

Өлеңi өзектердi оттай қарып,

Өртiнен өшкен жанып, жалғанды үзiк.

 

Пәниден бақиға өттi

Пырақ жылы,

Пантеон – мәңгi пана – жұмақ нұры...

Парнастың падишасы тақтан түспес

Пейiшке жарық қосса шырақ-жыры...

 

Бас имей, күмiлжiмей күнкөрiске,

Бұрылмай бұқпантайға, бүркенiшке,

Тiк қарап, тiке сөйлеп, тiзгiн тартпай,

Тепсiнiп кете барған бiр Перiште!.. –

 

Бақұл бол, бекзат, берен, асылзатым,

Рухыңа нұр, найзағай, жасын жақын!..

Ақынның жүрегiне ғасыр сияр,

Ешқашан сыймас бiрақ ғасырға ақын!

"Жас Алаш" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525