Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3456 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:48

Алматыда аурухана ашқан дәрігер Асылбек және ағайынды Сейітовтер тағдыры

Отыз жетінші жылдың зіл батпан тақсіретін тартқан алаш ардақтыларының арасында елі үшін ерен еңбек атқарғанымен, есімін бүгінгі ұрпақ біле бермейтін жандар бар екен. Бүгінгі ұрпақ көбіне әдебиет пен мәдениет өкілдерін ғана біліп, өндіріс, денсаулық сақтау сияқты қоғамның басқа да салаларында қызмет еткен азаматтарды бірі білсе, бірі біле бермейді. Мәселен, солардың бірі Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» қозғалысының белді басшыларының бірі, ХХ ғасырдың бас кезінде «Қазақ», «Айқап» секілді басылымдарға халқының мұң-мұқтажын көтеретін мақалаларды үздіксіз жазып тұрған ұлтжанды, оқыған, зиялы азамат Асылбек Сейітов еді. Ең басты айта кетерлігі Асылбек Томбы университетінің медицина факультетін тәмамдаған алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, сондай-ақ Алматы қаласындағы Жетісу аудандық №5 емхананың негізін қалаушы. Абзал әкесі репрессияға ұшырап, атылып кеткенде ана құрсағында қалған қызы Клараның бүгінде жасы алпыстан асып, шашын күміс қырау шалған.
Әкем Әлихан Бөкейхановтың сенімді серігі болыпты

Отыз жетінші жылдың зіл батпан тақсіретін тартқан алаш ардақтыларының арасында елі үшін ерен еңбек атқарғанымен, есімін бүгінгі ұрпақ біле бермейтін жандар бар екен. Бүгінгі ұрпақ көбіне әдебиет пен мәдениет өкілдерін ғана біліп, өндіріс, денсаулық сақтау сияқты қоғамның басқа да салаларында қызмет еткен азаматтарды бірі білсе, бірі біле бермейді. Мәселен, солардың бірі Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» қозғалысының белді басшыларының бірі, ХХ ғасырдың бас кезінде «Қазақ», «Айқап» секілді басылымдарға халқының мұң-мұқтажын көтеретін мақалаларды үздіксіз жазып тұрған ұлтжанды, оқыған, зиялы азамат Асылбек Сейітов еді. Ең басты айта кетерлігі Асылбек Томбы университетінің медицина факультетін тәмамдаған алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, сондай-ақ Алматы қаласындағы Жетісу аудандық №5 емхананың негізін қалаушы. Абзал әкесі репрессияға ұшырап, атылып кеткенде ана құрсағында қалған қызы Клараның бүгінде жасы алпыстан асып, шашын күміс қырау шалған.
Әкем Әлихан Бөкейхановтың сенімді серігі болыпты
- Менің әкем Асылбек Сейітов 1894 жылы Омбыда туған. Әкелерінен ерте айрылған бес ағайынды Сейітовтердің үлкені Мұсылманбек, Сұлтанбек, ортаншысы менің әкем, одан кейін інісі Мұратбек болса, ең кенже Омарбек жастайында қайтыс болып кеткен. Ал, қалған төрт ағайындының үшеуі бірдей 1937 жылғы репрессияға ұшырады. Осылардың қай-қайсысының болсын халқына жау болмақ түгілі қылаудай кінәсі болған жоқ, қайта керісінше, қолдарынан келгенше ұлтының жыртығына жамау болуға тырысты емес пе? Әкем алғаш Томбы университетінің медицина факультетін тәмамдаған кәсіби дәрігер болса, ағасы Мұсылманбек экономист, інісі Мұратбек те дәрігер болды. Баянауылда менің әкемді білмейтін қазақ жоқ. Себебі ол кісі Баянауылда аудандық ауруханада бас дәрігер қызметін атқарды.  Ол кез азамат соғысы әлі аяқталмаған кезең, халықтың тұрмысы нашар, безгек, тырысқақ сынды ауру жұрт ішін жайлап, жалмап бара жатқан тұс болатын. Сондай қиын тұста хылқтың денсаулығын жақсартуға, адамдарды ажал аузынан алып қалуға көп септігін тигізді. 1922 жылы Семейдің губздравын басқаруға шақырылып, 1937 жылға дейін бес жыл сонда қызмет етті. Сол тұста туберкулезге ұшырағандарды емдейтін «Березовка» санаториін, «Ауыл» курортын ашты. Ол кездің оқығандарының қай-қайсысы болсын тек өз саласымен айналысып қана қоймай, халқына жан-жақты қызмет еткенін білесіздер ғой. Менің әкем де  «Алаш» қозғалысына араласып, Әлихан Бөкейхановтың сенімді серігіне айналады. ХХ ғасыр басында қазақ даласында шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» басылымдарымен қатар Семейде небары 4-ақ саны шығып, жабылып қалған «Таң» журналының төртеуіне де халықтың мұң-мұқтажын қозғайтын мақалалар жазды .  
1937 жылдың жазында аты ауызға ілігіп жүрген айтулы ғалым-дәрігерлерден әрі жары мен жалғыз қызына ел астанасын көрсетіп қайту үшін Мәскеуге аттанады. Сол сапардан елге қайтып келе жатқан жолда ауыл бекетінен поезға отырған жақын досы Асылбектің әзірге Семейге бармай, басқа бір жерде бой тасалай тұруын өтінеді. Себебі ел ішінде «ананы ұстапты, мынаны ұстайды екен» деген дүрбелең шақ туған еді. Бірақ өзінің еш кінәсі болмағандықтан Асылбек ешкімнен қашып, жасырынуды жөн санамайды. Осы сапардан оралған соң алғашында басшылық ол кісінің қызметін жоғарылатып, Алматыға алдырады. Сөйтіп, Алматының Жетісу ауданындағы ірі де іргелі амбулаторияны үлкен емханаға айналдыру ісін білімді де білікті дәрігердің иығына артады. Алайда осы оқиғадан тура бір жеті өткенде Асылбек Сейітовті жедел тұтқындап, «халық жауы» деген жаламен атып тастайды.
Жалғыз Асылбек қана емес, бүкіл Сейітовтер әулетінің қасіретті жылдары осы күннен басталды. Асылбектің ағасы сол тұста білікті экономист қызметін атқарып жүрген Мұсылманбек, Көкше өңірінде айтулы дәрігер Мұратбек екеуі де бауырларының тағдырын құшып, атылды. Сөйтіп ағалы-інілі ағайынды үш бірдей Сейітовтер репрессия атты аждаһанаң аранына жұтылды да кетті.  Асылбектің артында  жары мен қызы 13-14 жасар қызы Роза және құрсақтағы қызы Клара аңыраған күйі қала берді.

Ата-анамның суретін жиырма жасқа толғанда бір-ақ көрдім

- Мен 1938 жылдың шілде айында өмірге келдім, ал әкем 1937 жылы 8 тамызда атылып кетіпті. Сонда мен өмірге әкем атылғаннан жарты жылдан кейін ғана келіппін. Әкемді көрген жоқпын, ал анам болса мені босанған соң 8 айдан кейін 1939 жылдың 9 сәуірінде қайтыс болып кетіпті. Анам Нәфия Сәдуақас Шормановтың он екі перзенті шетінегеннен кейін тұрақтап қалған жалғыз перзенті. Ол қазақ тарихында өзіндік орны бар атақты Шормановтар әулетінің қызы еді. Нағашы атам Сәдуақас Шоқан Уәлихановтің нағашысы, аға сұлтан Мұса Шормановтың үлкен ұлы. Заманында ірі оқығандардың бірі, әйгілі ақын болған ол кісінің білмейтіндер кемде-кем шығар. Сондай бақуатты да текті ортадан шыққан шешеміз басына бірден осындай қайғы түскенде соның күйігіне төзе алмаса керек. Солайша,  маңдайыма жазылып қойған қатал тағдырым маған «әке, ана» деген ардақты сөздерді айтқызбады. Өзі де әлі жетіліп үлгірмей жетім қалған әпкем Роза маған әке-шешемнің орнын жоқтатпауға барын салды. Ол маған үнемі:
« Әкеміз де, анамыз да өте мәдениетті, бірін-бірі және біздерді де өте жақсы көретін өте сирек кездесетін жандар еді. Біз де солардай болуға тырысуымыз керек. Олардың артынан қазір кім қандай сөз айтса да біз оған сенбеуіміз керек» деп отыратын.
- Ата-анадан жетім қалған соң, сіздерге кім көз қырын салды? Басқа да ардақтыларымыздың балаларындай балалар үйіне өткізіп жіберуден қалай аман қалдыңыздар?
- Біз жетім қалып, тұратын үйіміз де болмай, Омбыда бір орыстың жертөлесін  паналадық. Соны кімнен естігенін білмеймін  Көкшетауда тұратын Зейнеп әжеміздің  өзі келіп бізді алып кетті. Сөйтіп мен үш жасқа толғанша, яғни өзі өмірден қайтқанша біздерді асырады. Әжемізден де айрылып жетім қалғанымызда, Шормановтардың ұлы, яғни шешемнің ағасы Нұрмұхаммед бізді тауып алып, ары қарай өсіруге өз қолына алды. Содан әпкем тұрмыс құрғанша біз сол үйде тұрдық.
Мені ана мен әке мейірімінен мұқтаж қылмауға, ешкімге жетімсіреп жалтақтатпауға тырысқан әпкем Роза есімді білген шағымда анамыздың бұл өмірде жоқ екенін айтқанымен, әкемізді біраз уақытқа алыс жаққа жұмысқа кеткен деп ұғындырған еді. Тырс еткен дыбыс шықса, әкем келді ме деп есікке жүгіретінмін. Сондай бір зарыға тосып жүрген күндердің бірінде әлдекім «халық жауының қызы» деп, төбемнен жай түсіргендей болды Есіктен еңірей енген маған әпкем сол күні бар шындықты жайып салды. Әкеміздің жазықсыз жазаланғанын, оның ешқандай да ешкімнің де жауы еместігін айтып мені жұбатып отырған Розаның көздерінен тамған жасы менің де бетімді жуып кетті. Осылайша қос мұңлық бірімізді-біріміз жұбатумен күн өткеріп жаттық. 
Әкем мен анам жайлы әпкем айтқан естеліктерден білгеніммен, жиырма жасқа келгенше мен олардың бейнесін көрген емеспін. Бірінші рет 1958 жылы  әкем мен анамның суретін нағашы жұртым Шормановтардың үйінен көрдім. Сондай бір жылы, жүздерінен өзім өмір бойы аңсаған мейірім нұры шашылған қос бейне жарқ ете қалғанда... тілмен айтып жеткізе алмайтындай күй кештім. Ауыл-аймағы еркелетіп Нәпиға атап кеткен Нәфия анамыз ажарлы, әйел біткеннің көріктісі болғандығын айтып отыратын әпкем. Сөйтсем, өзі де сол анамыздың ажар-көркін еншілеген екен ғой.

Емханаға Асылбек Сейітовтың аты берілуі керек

Қайран әкенің ізін жалғастыру үшін, оның орындалмай қалған арманын орындау үшін дәрігерлік оқуға түскісі келген Клара Асылбекқызының алдынан қайда барса да  «Халық жауының қызы» деген кедергі шыға берді. Тумай жатып әке мен анадан айрылып бақытсыз күй кешкен жетім көңіл тым құрығанда арманына қол жеткізіп, бақыттың дәмін татпақшы еді... Қандықол саясат арманынан айырып, қанатынан қайырлатты... Дегенмен, оған жігерін жасытпаған Клара Асылбекқызы Қазақ қыздар педагогика институтын ойдағыдай бітіріп, қырық жылдай білім беру саласында еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін Клара Сейітова өз әкесі сияқты репрессияның құрбаны болған жандар туралы «Жоқтау» атты естеліктер жинағын шығарды. Сонда өз әкесі Асылбек туралы деректер тұңғыш рет жұртшылық назарына ұсынылған еді. Одан соң абзал әкенің өмірі мен қызметі жайлы тірнектеп жинаған там-тұмдаған құжаттар саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражайлар мен мұрағаттарға тапсырылды. Тағы бір көңілге медеу тұтарлығы Асылбек Сейітовтің өзі ашқан Алматыдағы қазіргі күні Жетісу аудандық №5 емхананың қабырғасына ол кісіге арнап ескерткіш тақта орнатылып, Семейде көше атының берілгендігі. Алайда бір әттеген-айы Алматыда қызы Клараның он жылдай әр есікті бір қағып, табан тоздыруымен Таугүл-3 ықшам ауданын ұзындығы 200 метрдей-ақ (көше деп айтудың өзі ұят) көше атының берілген. Оның да жартысын көп көргендей сол көшеден сарай салдырған әлдебір шенеунік өз ауласына кіргізіп, қақпамен қоршап алған.
Өзінің әке алдындағы борышын өтеу керек екендігін жан жүрегімен сезінген Клара Асылбекқызы қандай қиындықтар кездессе де мұқалмай, еңбектенуінің арқасында Асылбек Сейітов есімін елге біршама танытты. Ендігі кезек Сейітовтер әулетінен тараған әкесімен бір туған бауыр болғаны үшін Асылбек тартқан азапты тартып, атылып кеткен ағалары Мұсылманбек пен Мұратбектікі екенін айтады. Мұсылманбек қазақтың тұңғыш экономистерінің бірі болса, Мұратбек Асылбек ағасы секілді дәрігер болған. Қазақ жастарының төңкеріс алдында құрылған «Бірлік» атты жастар ұйымының оң қанатында болды. Кейінірек аға соқпағымен Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» қозғалысына Мұратбек те араласып, Ақмола облыстық қазақ комитетінің хатшысы болып сайланды. Мұқан Әйтпенов бастаған «Үш жүз» ұйымы Омбы облыстық қазақ комитетінің кеңсесіне басып кіргенде олардың уысына арынды ақын Мағжан Жұмабаевтың жанында осы Мұратбек Сейітов болыпты. Міне, осындай істің басы-қасында жүрген бір атадан тараған ағайынды Сейітовтердің қазақ қоғамының қилы тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалар екеніне ешкім таласа қоймас. Бірақ, олардың есімін елі ұмытпауы үшін ұрпақ жадында жаңғыртып отыру қажет. Осындай жауапкершілікті істің басында әзірге Клара апайдың жалғыз өзі шырылдап жүрген жайы бар. Ендігі арман «Өзі іргетасын қалаған емханаға әкемнің атын бергізу» дейді Клара Асылбекқызы. Алайда, әлгіндей он жыл жүгіргенде екі жүз метрдей ғана көше атын берген басшылықтан енді емхана атын сұрау үшін қанша есікті қағып, қанша уақыт табан тоздыру керек?..

 

Мәриям ӘБСАТТАР.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600