Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3409 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:51

Жаһаншаһ

Еділ-Жайық алабы – ежелден елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өлке; Бұл өңірде найза ұшын тіреген, білек күшін білеген батыр бағландар ғана емес, ел бірлігі, жер тұтастығы жолында маңдайы жарылған көсем мен таңдайы тілінген шешен де көп өткен. Солардың бірі де бірегейі әйгілі батыр шешен, 1887 жылы әйгілі батыр, шешен Сырым елінде дүниеге келген, көрнекті мемлекет және ұлт қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі, саясаткер, Жанша Досмұхамедовтің туылғанына биыл 120 жыл толмақ. Батыс Қазақстан облысына барған іссапарымда осынау жарқын тұлғаның ұрпағы, туыс-тумаларын және де оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдарды іздеген едім.

«Қара сөздің шешені»
Бір өкініштісі, Жанша Досмұхамедовтің өз кіндігінен ұрпақ болмаған екен, сондықтан жақын ағайынның баласы Қадесті бауырына басыпты. Қадес бүгінде өмірден озыпты.  Біз ол кісінің  ұлы, Жанша Досмұхамедов атындағы қордың басшысы Бисенғали ағамен тілдестік.

Еділ-Жайық алабы – ежелден елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өлке; Бұл өңірде найза ұшын тіреген, білек күшін білеген батыр бағландар ғана емес, ел бірлігі, жер тұтастығы жолында маңдайы жарылған көсем мен таңдайы тілінген шешен де көп өткен. Солардың бірі де бірегейі әйгілі батыр шешен, 1887 жылы әйгілі батыр, шешен Сырым елінде дүниеге келген, көрнекті мемлекет және ұлт қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі, саясаткер, Жанша Досмұхамедовтің туылғанына биыл 120 жыл толмақ. Батыс Қазақстан облысына барған іссапарымда осынау жарқын тұлғаның ұрпағы, туыс-тумаларын және де оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдарды іздеген едім.

«Қара сөздің шешені»
Бір өкініштісі, Жанша Досмұхамедовтің өз кіндігінен ұрпақ болмаған екен, сондықтан жақын ағайынның баласы Қадесті бауырына басыпты. Қадес бүгінде өмірден озыпты.  Біз ол кісінің  ұлы, Жанша Досмұхамедов атындағы қордың басшысы Бисенғали ағамен тілдестік.
- Жанша Досмұхаммедовке мен қандай туыс екеніме келсек, - деп бастады әңгімесін Бисенғали аға, - менің атам Ізмағамбеттен туса, Жанша атамыз Досмұхаммедтен туған. Екеуінің әкелері ағайынды. Жанша атамызда бала болмаған соң, менің әкемнің ағасы Қадесті өзіне бала етіп асырап алған. Ол кісі 1912 жылғы еді, 1971 жылы қайтыс болды. Оған дейін Жанша атамыздың жұбайы Ольга Константинқызының қолында Мәскеу қаласында тұрды. Біз де кішкене күнімізде әжемізге барып тұратынбыз. Сонда ол кісі «сендердің осындай аталарың болған» деп айтып отырушы еді. Кішкентай болған соң ба, көп нәрсеге мән бермеппіз. Қазір соған өкінеміз... Тірі тарих, бабамыздың өзі болмаса да, көзіндей болған сол әжемізден біраз құнды деректерді жазып алмаппыз...
Сол кездегі алаш азаматты секілді Жанша Досмұхаммедов те алдымен ауыл молдасынан сауат ашып, жәдид мұғалімінен, кейіннен болыстық орыс-қазақ мектебінен білім алыпты. 1896 дылы Орал қаласындағы әскери-реалдық училищесіне оқуға түсіп, 1904 жылы осы оқу орнын үздік тәмамдапты. 1906 жылдың жазында Жанша белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевпен кездесіп, әңгімелеседі. Заңгер балаң жігіттің бойынан жігер көріп, оның болашағына сенім артады. Сөйтіп, әңгімелесу барысында Жаншаға мынадай ағалық кеңес береді: «Егер ақылға салсаң, өнер үйрен. Өйткені өнерсіз ақыл – киімсіз дене. Бұл заманда адамға керекті, әсіресе біздің қазаққа қажетті өнер – білім, саясат ағымы. Олай дейтінім: біз білім алуда, өнер үйренуде, саясат құруда басқалардан қалыстау қалдық». Ағаның ақылы Жаншаға ой салып, ол білім іздеп Ресейге жол тартып, 1906 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне түседі. Шешендікке бала күннен құмар, Сырым Датұлының нақыл сөздерін жатқа білетін ЖаҺаншаҺ университет қабырғасында жүріп-ақ нағыз шешендігімен, сөз саптай білетін шеберлігімен орыстардың өзін таң қалдырған.
- Ол кісі сөйлегенде, тек қана тілі емес, бүкіл денесі, бұлшық еттеріне дейін сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады екен, - дейді әңгімені жалғаған жаһаншатанушы, зерттеуші ғалым Дәметкен Досмұханқызы.
- Көз жанарымен, аузынан шыққан әрбір сөзімен тыңдаушысын өзіне тартып алатын ерекше қасиеті болыпты. Жаһаншаһ орнынан тұрған кезде халық өздігінен ол кісінің соңынан еріп жүре беретін болған ғой. Ол жөнінде Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешуінде» мынадай мінездеме береді: «Жаһаншаһ Досмұхаммедов – қара сөздің шешені болса, Міржақып Дулатов – жазба сөздің шебері, ал Халел –нағыз теоретик, көп сөйлемейтін, бірақ өз ісіне мығым адам» деп бағалаған.
Жалпы ЖаһаншаҺтың арманы қазақ елін қорғайтын әскер құру болған. Соны тек арман етіп қана қоймай, алдымен Сырым ауданына, кейін Ойыл жерінде юнкерлер әскери мектебін ашады. Сол тұста Орал қаласында қазақтардың казактардың әскери үкіметі болған, содан әлгі мектепке қазақ жастарын оқытуға офицерлер алдыртқан. Сөйтіп, қазақтарды әскери іске баулыған. Өзі де соғыс ісіне жетік әрі мықты стратег болған. Оның дәлелі: 1920 жылы Батыс Алашорда үкіметінің әскері Қызылқоға деген жерде генерал Толстов пен Акутиннің әскерін қолға түсіреді ғой. Сол соғыста әскерилердің іс-әрекетін бақылап, бұйрық беріп отырған – Жаһаншаһ Досмұхаммедов.

«Өз әкемізден гөрі Жаһаншаһты жақсы көрдік»

Көп жұрт Жаһаншаһ және Халел Досмұхаммедовтердің есімдері үнемі бірге аталғанына қарап, оларды ағайынды деп ойлайтыны жасырын емес. Шындығында, екеуінің тегі бірдей әрі бір өңірден болғанымен, қандас туыстар емес. Есесіне, олар - өмірдің өзі қосқан нағыз достар, мүдделес, мақсат-мұраттас жандар. Жаһаншаһ жайлы жеті құлыптың астында жатқан деректерді жарық дүниеге қайта әкелуде өзіне Халел Досмұхаммедовтің қызы Қарашаш апайдың қалай жәрдемдескені жөнінде Жаһаншаһты зерттеуші, ғалым Дәметкен Досмұханқызы былайша толғанады:
- Жанша мен Халел Досмұхаммедовтер Оралда қалай бірге жүрсе, Воронежге де солай қосақталып жер аударылған. Сонда Қарашаш апай Халелдің қызы деген аты ғана болмаса, шын мәнінде Жанша мен Ольга Константинқызының қыздарындай болып, солардың үйінде өскен. Сондықтан Қарашаш апай Жанша жайлы айтудан еш жалықпады, көзі жұмылғанша маған бар білетінін айта берді, мен жаза бердім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен алынған мәліметтер бойынша, Жанша Досмұхаммедовтің 1887 жылы туғаны белгілі болды, ал туған күні жайлы нақты дерек еш жерде дәлме-дәл келтірілмепті. Қарашаш апайдан осы жайлы сұрағанымда, «маусым айының соңғы аптасы екені есімде, Жанша атамның туған күнінде біз барлығымыз сол үйде жүретінбіз, менің әкемдікінде олар бізге келетін» деп, Жаһаншаһ Досмұхаммедовтің Халел Досмұхаммедовке сыйға тартқан күміс саптыаяғын көрсетті. 
Сол  кезде Қарашаш апай мектеп оқушысы. «Өз әкеммен салыстырғанда, біз Жаһаншаһ атамызды артығырақ жақсы көрдік. Себебі ол кісінің өзі балаларға сондай мейірімділікпен қарап, ерекше ықылас танытатын. Ұзын бойлы, аққұба, шашы өте қайратты, даусы өте зор адам еді. Күлгенде бар жан-дүниесін ақтарып, шынайы күлетін мінезі жұмсақ адам болды. Ал біздің әкеміз оған қарама-қарсы бойы орта, мінезі тұйық кісі еді. Біз өз әкеміздің қас-қабағына қарап, еркелей алмайтынбыз, ал Жаһаншаһ атамыз болса бірімізді көтеріп, бірімізді арқалап, балаша қуанатын. Сондықтан ол кісі келгенде үйдің іші шуаққа толып, әкеміз де жұсарып шыға келетін. Нендей басқосу болсын, Жаһанша атамыздың қатысуымен думанды тойға айналатын, себебі ол кісі жұртты аузына қаратып, отырған ортасын еріксіз билеп алатын» дейтін Қарашаш апай.
Жанша Досмұхаммедовтің шын аты негізінен Жаһаншаһ болған екен. Яғни, жаһанның билеушісі, әміршісі деген мағынаны білдіреді. Мұны Дәметкен Досмұханқызына айтқан Қарашаш Халелқызы «енді сен өз жазбаларыңды осылай деп ол кісінің толық атын жаз» деп ескертіпті.

Ұшты-күйлі жоғалған үш сан
Жанша Досмұхаммедовтің шығармашылығы мен қоғамға сіңірген қайраткерлік қызметіне келсек, ең алдымен ол – заңгер ретінде «қазақ өлкесінде бағзы заманнан бері заң болған» деп, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» қазақтың тұңғыш заңдар жинағы ретінде көрсетіп, дәлелдеген. «Қазақ халқында басқару жүйесі болған, ол – хандық жүйеге бағынған» деп қазақтың арғы тарихындағы бүкіл хандарды атап көрсететін көлемді ғылыми мақалалар жазған. Ол мақалалар «Несколько слов о киргизском народном праве» деген тақырыппен сол тұста Орал қаласында шығып тұрған «Уральский листок» газетінің үш бірдей санына жарияланған. Ондай құнды деректі Жаһаншаһты зерттеу жолында Ташкент, Орынбор, Мәскеу мұрағаттарын түгнл ақтарып шыққан Дәметкен  апай Мәскеу мұрағатынан тауып алды.
- Сондағы менің қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ ол қуанышымды су сепкендей басқан бір нәрсе – еңбектің аяқталмай қалғаны. Газеттің үш бірдей саны шыққан мақаланың саоңында автор «продолжение следует» дейді, бірақ әрі қарай Жаһаншаһтың осындай қазақтың түп-тамырын қозғау арқылы рухын көтеретін ғылыми еңбекті жазуына патша өкіметі тыйым салған. Себебі, қорыққан. Қазақтың әлі отызға да толмаған жап-жас жігітін қудалау осыдан басталады. Осы мақаланы мен Мәскеу мұрағатынан тауып, көшірмесін қолға алып алдым. Енді бұл газет Орал жерінде шығып отырған ғой, осы жақта да мұрағатта сақталу керек деген оймен іздесем, міне қызық, барлық саны бар да, дәл осы мақала жарық көрген үш сан жоқ. Сұрасам, себебін ешкім білмейді. Алматыдан іздедім, тура осы жағдай. Бұдан нендей ой түюге болады? Жаңағы Жаһаншаһтың мақаласы шыққан «Уральский листоктың» үш санынпатша өкіметі таралатын барлық жерінен жинап алған. Себебі, халқы оны оқып, құлақтанбауы керек. Бұдан басқа Жаһаншаһ 1926-1928 жылдары Ташкент қаласында Қылмыстық кодекстерді, тағы сол сияқты еңбектерді аударған. Айта берсе, еңбегі өте көп болған, бірақ олардың денінің көзін жойған. Мен қазіргі қолда бар материалдарды алу үшін мұрағаттарда қаншама жыл кірпік қақпай отырып, іздендім. Әуелде қолға ештеңе бермеді. Екі үлкен папканы әкеліп көресететін де, «міне көрдіңіз ғой» дейді, енді ашып көрейін десең, «жоқ, сізге ашуға рұқсат жоқ, өзіміздің сержант қарайды, сосын сізге анықтама береді» дейді. Ал оның берген анықтамасында ақпараттар шала-шарпы, қанша дегенмен ол шығармашылық адам емес қой.

«Біз ешқашан кеңес өкіметін мойындамаймыз»

Өзі білімді, өзі шешен, өзі білікті заңгер, саясаткер Жаһаншаһ қазақ елінің ешбір елге, ешқандай бөтен жүйеге бағынбай, өз алдына дербес мемлекет болғанын көксейді. Ел ішінде ақтар мен қызылдарға бөлініп, қырғын соғыс жүріп жатқан кездің өзінде не ақтарға, не большевиктерге қосылуды құп көрмеген Халел Досмұхаммедов екеуі кеңестік империяның құрушылары Ленин мен Сталиннің өзімен бетпе-бет кездесіп, ойларын ашық айтқан. Бұл жөнінде өлкетанушы, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Жайсаң Ақбай былай дейді:
- Жаһаншаһ Досмұхаммедов саналы өмірінде шындықты бетке айтатын турашыл адам болған. Ол кісі: «Біз ешуақытта кеңес өкіметі мойындамаймыз» деген. 1918 жылы «Қазақ жерінде патша өкіметі құлады, енді біз өз жерімізде өзіміз тәуелсіз мемлекет құрғымыз келеді. Автономия құру жағы қалай болар екен?» деп сұрауға Батыс Алашорда үкіметі атынан өкіл ретінде Мәскеуге барады. Сол кезде жоғарыда айтқан кеңес өкіметіне көзқарасын Лениннің өзіне ашық айтып, терезесі тең адам ретінде сөйлескен. Неге кеңес өкіметін қолдамайтынын сұрағанда, «себебі бұл үкіметтің әлі бағыт-бағдары да белгісіз, біз үшін бұлдыр үкімет» деген.
Міне, осындай оқыған, терең білімді, бүтін бір елдің идеологиясы мен саясатын дөңгелетіп әкете алатын ардақты ұлдары алаштың маңдайына сыймады. Сыйдырмады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегенмен, өлгенді тірілтіп, өшкенді жағатын іздеушісі болу керек. Жаһаншаһтың көптеген еңбектерінің зерттелмей, тарихтан өз орнын алуда кешігіп жатуының бір себебі осы. Бүгінде көңілге демеу боларлық бір нәрсе: Орал қаласында оның атына көше берілді, бірақ басшылық тарапынан басқа еш жанашырлық жоқ. Биыл, мәселен, репрессияның 70 жылдығы, жарқын тұлғаның 120 жылдығы. Жыл аяқталып келеді. Бірақ айтарлық іс жоқ. Бұл – біздің бойымыздағы ұлттық сезімнің әлі де ұйқыда жатқанының белгісі...    

Алаш зиялылар туралы жазылған материалдар топтамасының авторы Майлыбайқызы Мәриям Әбсаттар 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген.
2000-2004 ж.ж. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің халықаралық қатынастар факультеті, журналистика кафедрасын;
2004-2006 ж.ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын бітірген.
Журналист.
Республикалық қоғамдық-саяси «Түркіойстан», (2004 ж. наурыз-маусым ), Республикалық қоғамдық-саяси апталық «Ақ жол Қазақстан» газеттерінде (2003-2005) тілші қызметін атқарған.
2006 жылдың наурыз айынан 2009 жылдар аралығында Қазақ радиосында жүргізуші-редактор қызметін атқарған.
Қазіргі таңда «Алаш айнасы» атты республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газеттің Мәдениет бөлімінің тілшісі;

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601