Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2280 0 пікір 22 Мамыр, 2009 сағат 06:31

Әлемдiк экономиканың халi мyшкiл

Әлемдiк нарықтағы ахуал оңала бастағанмен, рецессияны ауыздықтау қиынға соғуда. Бүгiнде “күн сайын ширыға түскен экономикалық көрсеткiштер мен өндiрiстiк қарқын жуық арада жақсармайды” деген сарындағы пiкiрдi ұстанғандар саны басым. Кейбiр сарапшылар Жер шарындағы барлық үкiмет дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын қазiргi ахуалға сай қайта түзуi тиiс деген ұстанымда.

Әлемдiк нарықтағы ахуал оңала бастағанмен, рецессияны ауыздықтау қиынға соғуда. Бүгiнде “күн сайын ширыға түскен экономикалық көрсеткiштер мен өндiрiстiк қарқын жуық арада жақсармайды” деген сарындағы пiкiрдi ұстанғандар саны басым. Кейбiр сарапшылар Жер шарындағы барлық үкiмет дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын қазiргi ахуалға сай қайта түзуi тиiс деген ұстанымда.

Өткен аптада әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы көтерiлдi: лондондық биржадағы баға – 1,4%, париждiк – 1,8%, франкфурттық – 0,6%, гонконгтық – 2,5%-ға артты. Соңғы 5 айда алғаш рет 2,5 пайызға қымбаттаған “қара алтынның” бiр баррелi 56 долларға бағаланды. Ал сейсенбi күнгi деректерге сүйенсек, мұнай бағасы 58, долларға дейiн өстi. Сарапшылар қауымы АҚШ-тағы мұнай қорының өсу деңгейiн бәсеңдетiлуi себептi трейдерлердiң бағаны өсiргенiн айтады. Дүниежүзiлiк экономиканың өсу қарқыны күрт төмендеуiнiң кесiрiнен қордағы жиналған “қара алтын” күрт көбейген. Жағымды жаңалық әлемдiк нарықтың өзге саласын да айналып өтпеген. Мысалы, сәуiр-мамыр айлары аралығында акцияларды құны 8,9 трлн. долларға өскен. Экономикалық сараптамаларының арқасында Нобель сыйлығын иеленген Пол Кругман қазiр ғаламдық нарықтың екi жыл бұрын ипотекалық қиындықтардан басталған дағдарысты және рецессияны табиғаты таныс құбылыс ретiнде қарастырып отырғанын айтады. Бiрақ нарықтағы ахуал күрт ушығып кетуi әбден мүмкiн. Сондықтан бүкiл әлем дағдарысқа қарсы күрес бағдарламаларын қайта түзiп, тығырықтан шығар жолды қайта қарастырғаны жөн. Кругманның бұл пiкiрiмен өзге де сарапшылар келiседi. Мәселен, Bloomberg агенттiгiнiң сарапшылары бүгiнде 8,9 пайызбен шектелiп отырған Құрама Штаттардағы жұмыссыздық деңгейi үстiмiздегi жылдың соңына қарай 9,6 пайызға өсетiнiн, ал өндiрiс қарқыны алдағы 1-2 айдың iшiнде 1,9 пайызға төмендеп, тек жыл соңына қарай болмашы деңгейге көтерiлетiнiн көлденең тартады. АҚШ Федералдық қор жүйесiнiң, яғни, америкалық орталық банктiң басшысы Бен Бернанке сейсенбi күнгi Конгрестегi отырыста рецессияның әлi шарықтау шегiне жетiп үлгермегенiн жеткiздi. Демек, жұмыссыздар саны жыл соңына дейiн өсе бередi, өндiрiстiк көрсеткiштердi күштеп ұстап тұру қиынға соғады, ал рецессиядан шығу жолы ауыр әрi бәсең болмақ. Нарықтағы ахуалды тұрақтана бастауына қарамастан, “аузы күйген” инвесторлар әлi де қаржы құюда аса сақтықпен қимылдауда. Бұл несие алушылардың емiн-еркiн әрi тез әрекет етуiне кедергi.
Әлбетте, әлемдiк экономиканың ахуалына қатысты пессимистiк сарындағы пiкiрлерге қайшы келетiн болжамдар да жетерлiк: апта басында Еуропалық орталық банктiң жетекшiсi Жан-Клод Трише рецессияның ауыр кезеңi артта қалғанын, әлемдiк экономиканың жуық арада сауыға бастайтынын айтқан.
Тағы бiр жаңалық, кезiнде қаржылық дағдарыстан қиналған халықаралық деңгейдегi iрi банктердiң бiрқатары апта басында өз мемлекеттерiнен жаңа акциялардың эмиссиялары есебiнен алған несиелерiн қайтаруға ниет бiлдiруi себеп болған. Алайда, мұндай құлшыныс инвесторлардың көңiлiне жақпағандықтан, қаржылық компаниялардың көрсеткiштерi керi кеттi. Бұл биржадағы бағаны күрт төмендеуiне әкеп соқты: акциялар арзандады, алтын құны сол қалпында қалды, есесiне, доллардың йенге шаққандағы бағамы әлсiредi, мұнайға қатысты жедел келiсiмдер 15 центке құнсызданды, осы себептi күн сайын күш алып келе жатқан “қара алтынның” бiр баррелi 58,48 долларға тең болды. Мамандар пiкiрiнше, егер керi әсерлер болмағанда, мұнай бұдан да жоғары деңгейге көтерiлуi мүмкiн көрiнедi.

 

 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ, «Түркістан» 21. 05. 2009 жыл.

0 пікір