Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3775 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 06:43

ЗАҢҒАР ЗАКАРИН

Сұлтанғазин, Сағадиев, Жұмаділов...
...Өмір толқынында ескексіз қайықтай қалт-құлт еткен дәрменсіз, дәрөгей күйі ше... Бағыт-бағдары болжаусыз еді. Маңайы қара тұман. Бәтуәсіз һәм күңгірті қою күйдіргідей күндерде күйректікпен күңіренгені, жаратушы бір ұлы күшке ата-бабаларына ұқсап сыйынғаны, жәрдем тілеп жалбарынғаны есінен шықпас. Он екі жасында тұлдыр жетім атанып, имене баққаны өзгенің қас-қабағы болды. Алмағайып заманның зікір салған әңгір таяғынан басын қорғалай алмай түңілгенде, ет-бауыр жақындары жүрек жылуымен жанын жадыратқан. Қайран сол кездің қарттары, абыздары, ардақтылары, асылдары... қатары сиреп кетіп еді қайғы меңдетіп. Асқардың көзінше түгесілген біразы. Өзі солардың соңғы серкесіндей болып тұяқ серіпкен... Өле-өлгенше бәрі-бәрі жадында мәңгілікке жатталып қалыпты.

Сұлтанғазин, Сағадиев, Жұмаділов...
...Өмір толқынында ескексіз қайықтай қалт-құлт еткен дәрменсіз, дәрөгей күйі ше... Бағыт-бағдары болжаусыз еді. Маңайы қара тұман. Бәтуәсіз һәм күңгірті қою күйдіргідей күндерде күйректікпен күңіренгені, жаратушы бір ұлы күшке ата-бабаларына ұқсап сыйынғаны, жәрдем тілеп жалбарынғаны есінен шықпас. Он екі жасында тұлдыр жетім атанып, имене баққаны өзгенің қас-қабағы болды. Алмағайып заманның зікір салған әңгір таяғынан басын қорғалай алмай түңілгенде, ет-бауыр жақындары жүрек жылуымен жанын жадыратқан. Қайран сол кездің қарттары, абыздары, ардақтылары, асылдары... қатары сиреп кетіп еді қайғы меңдетіп. Асқардың көзінше түгесілген біразы. Өзі солардың соңғы серкесіндей болып тұяқ серіпкен... Өле-өлгенше бәрі-бәрі жадында мәңгілікке жатталып қалыпты.
Торғайдың қасиетті бір пұшпағында, кешегі Міржақып Дулатов, Сейдәзім Қадырбаев, Әлмағамбет Қасымов сынды алаш арыстарының кіндігі кесілген Қызбелде бұл да 1908 жылдың 15 желтоқсанында дүние есігін ашыпты. Жай ашпапты. Тау тұлғалы тағдырластарымен елінің бір кәдесіне жарау үшін, аяқты үзеңгіге бірге салып, тебінгіні бірге тебіну үшін жаратылыпты. Осы біртуар ағаларымен қанаттасып жүріп, өнеге үйренгенін ашып айтуға жақ қарыстырған зәрлі қоғамның запыранын тұншығып жұтқанның бірі осы Асқар болатын. Ойға жегіліп бақса, ғұмыры¬ның ғақлиялы боп өрілгені сол сирек жаратылған жақындарының жанайқайына құлақ төсеп өскендігімнен деген тоқтамға келетін. Соларға елік¬теу елдік мұраттың ұлы мұрасындай мұңға да батырып, шұғылаға да малындырып, алға алқын¬дырмай жетелепті. Оқымаған оқуы жоқ. Әлімбай ауылындағы мектептен ашқарақтанып сауат ашып, алысқа – білім көкжиегіне қанат қақты. Орынбор, Мәскеу білімін інжу-маржандай етіп тізді. Білімді өрге батыл жүзеді екен. Небір бас айналдырар лауазымды өзі үшін емес, ел қамын жеп, қажырлылықпен атқарған екен. Қызметтің тізімі толғантпайды оны, халқының кәдесіне қалай жарағаны уантады оны. Ал, қараңыз, мына екінің біріне жалынан ұстатпай¬тын өркешті өмір өткелдерінде тұрған не бар дейсіз ғой. Ұғынықты. Ұлылар сойынан қойыла¬тын ұлар жолындай ұрымтал сұрақ. Белден басып бедерлейтін заңды мәселе. Бірегей біреулер басып өтетін көп баспалдақтың сорабынан ғой десеңіз, қарсы дау айтуға ешкімнің де лажы жоқ. Келісе кетеді. Бірақ та бармақтай бағы бардың ел қамын атан түйеге артарлықтай батпан жүгі жетерлік екенін еске салу үшін де, қызметтер аялдамасына тізе бүге кетелікші...
Сонымен, ұстаздық ұлы жол мұғалімдер даярлайтын қазақтың ұлағатты білім шаңырағына ұстаздық етуден басталыпты. Жайсаң тұрмысқа соғыс килігіп кетеді де, Асқар майдан айқасында “Ақ жол !” деп, аһ ұрып атойлайды. Отан үшін тұтас тозақта отқа шарпылып, тосыннан тұтанған Жапон қақтығысын басуға да белі қайыспай мәрттік танытады. Осындай ойрандардан аман шығып, омырауын орден, медалға толтырып аман-есен еліне қайтады ғой елжіреп. Бейбіт майданның мылтықсыз шайқасы да жан-жүрекке күш түсіреді екен... Қайыспады, қайраттана түсті. Қызмет біткен өзінің алдында құрдай жорғалады: ҚазПИ-дегі оқытушылық; кандидаттық дәреже; өз ҚазПИ-іне директор болу; ҚазМУ-дің екі дүркін ректоры; Қазақ КСР Оқу министрі; Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынба¬сары бола жүріп Сыртқы істер министрлігін басқаруы; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төраға¬сы, депутаты секілді ауызға сыю түгілі, құшаққа құндақталмайтын дақпыртты лауазымдар биігіне көнтерлілікпен көтеріліпті-ау Асқар ағамыз. Соғыстан жүрек жұтып келгендіктен шығар, бәлкім, осындай бәзбір кісінің түсіне кірмейтін кәделі қызметтерді боталатып атқарыпты...
Асқар ағамыздың кісі тани білетіндігі бала кезінен қалыптасқан қасиеттей-ау, өзі. Оның тани білуі мен талғамы тайталас түсіп жатады екен. Талғам бар жерде жаппай жалпақшешейлік жат үрдіс. Сол себепті де әлдекімге жақсылық жасауы сиректеу боп көрінетін. Мысалы, туған жеріне қыз¬мет жасаудың барометрін абитуриенттерді шытыр¬латып оқуға түсіріп жіберу деп түсінетін ағайын¬дардың бағалауынша, ол ректор кезінде “бауырмалдығы шамалы, қаттылау” болғанға ұқ¬сайды. Неге? Неліктен? Өз еліне қайырымы ша¬ма¬лы екен. Оқуға түсе алмай кері қайтқандары қан¬шама? Ал бір қарағаннан болашақ болмысын бүкпесіз болжаған бозөкпені қамқорлығына алып, бір ауыз сөзімен былайғы ғұмырына даң¬ғыл жол ашып бергеніне сол көңілі толмайтын¬дар тіпті де бас ауыртпайды. Енді, өзі шекесінен шертіп қапы¬сыз таңдаған шәкірттерінің жайына ойысалық¬шы...
...Алдымен Закариннің назарына іліккені – болашақ академик, әлем ғалымдарының жарық жұлдыздарының бірі атанатын Өмірзақ Сұлтан¬ғазин еді. Оның таудай талабын танып, дарынын дамытуға аса ықыласты болыпты. ҚазМУ ректо¬ры ретінде Өмірзақтың оқу барысын білдіртпей жүрек сүзгісінен өткізіп жүріпті. Кейін ол Ресей ғалымдарынан дәріс тыңдауға бет бұрған кезде: “Новосібірде болашағынан үміт күттіретін қазақ¬тың бір баласы оқып жүр”, деп, өз замандас¬тарына Өмірзақ туралы мақтаныш сезіммен айтып отырады екен. Сөз жәрдемімен қоса нақты көмектері өз алдына жарасым тауыпты. Нәти¬жесін¬де, Сұлтанғазиндей дара ғалым, Қаныш тектес ғажап ойшыл, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті, тәуелсіз мемлекет ғарыш зерттеуінің негізін салушы, оның шынайы атасы деуге лайық дара жаратылыс тұлғаланып шыққан еді.
...Тағы бір дарабоз академикке ен таққалы отырмыз. Ол да Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясын басқарған, атақ-даңқы әлемдік деңгеймен ғана өлшенетін кесек бітім иесі Кенжеғали Сағадиев еді. Ректор Закариннің қабылдауына кірмегенде оның тағдыры қандай бұралаңға салынар еді. Болжаусыз жәйт. Мектеп бітіре салып Мәскеу оқу орнына құжатын жіберген Кенжеғали одақ астанасы былай тұрсын, су тасып кетіп, жол қиылған шалғайдағы елінен Алматыға емтихан басталардан бір күн бұрын жетіп үлгереді. Құжаты Мәскеуде, өзі Алматыда. Шыбын жаны шырқырап ҚазМУ ректоры Закариннің алдынан бір-ақ шығады. Қабырға өзенінің тасып кетіп, осындай пұшайман күйге түскенін қысқаша баян етеді. “Қабырға” дегенде Асқар ағасының көзі оттай жанып, жан толқынысын әрең тежеп, алдындағы бозбалаға мейірімін төгіпті. Әлден уақытта әлдекімге телефонмен нұсқау бере бастайды. Өзінің заңнан аттап кетіп отырғанын жүдә есіне алмайтындай. Үміткер бала әңгімелесу сынынан өте бермек. Мәскеуден құжатты өздері сұратып алмақ... Тап солай болды. Саға¬диев сынақтардан сырғып өтіп, студент атанды. Сөйтіп, құжатсыз-ақ құйғытып, арманына құрық салыпты-ау! Закариннің кісі танитындығының жарқын мысалына қосып қойыңыз мұны да...
... Үшінші әңгіме тетігін баспастан бұрын тікесіне көшейік. Көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің “Таңғажайып дүние” ғұмырнама¬лық романынның 421-бетін бірігіп оқылықшы: “Қазақ университетінде ректор өзгеріпті. Бұрынғы біз білетін химик Дарқанбаевтың орнына Асқар Закарин деген математик келген. Жаңа ректор әр сөзін санап сөйлейтін, өте салмақты, сырбаз кісі екен. Менің мән-жайды баяндаған арызым мен студенттік құжаттарымды көз жүгіртіп қарап шықты да:
– Төрт жыл үзілістен кейін студентті қайта қабылдау біздің университетте бұрын-соңды болмаған нәрсе. Бірақ сіздің жағдайыңыз ерекше екен... Амал жоқ, заңды бұзуға тура келеді!”– деп күлді де, арызыма “Қабылдансын!” деген бұрыштама соқты”.
Байқайсыз ба, Закариннің көрегендігін. Оқуының бір курсынан соң Қытай жақтағы ауылына демалысқа барып, орынсыз күдікпен төрт жыл бойы бергі бетке өте алмай қалған студентті барлық кедергілерге қарамастан қайта қатарға қосуы, неткен тектілік еді! Құдайым оған болашақ мықты жазушыны жаза баспай танытып тұрған екен-ау десейші. Басқаша таңданыстың тіпті де реті жоқ.
Сонымен тақырыпшамызға шығарған үш кісіні адақтап өттік білем. Әйтсе де, үш тектің соңына көп нүкте қойылғаны есіңізде шығар. Демек, осы тектес біраз әңгіменің жалғаса түсеріне күмән келтірмессіз. Бірін айтып көрсем бе екен... Әлде артық бола ма? Болған іс қой, несі ерсі...
Ендеше, кеттік... 1965 жыл. Алматы. ҚазМУ-дің журфагына сынақтарымды сәтті тапсырып келдім де неміс тілі пәнінен мұрттай ұштым. Болашақ белгілі ғалым Сайлау Байзақов дедектетіп Закариннің алдына алып барды. “Қолтығыңа ана екі томдық мақалалар жина¬ғыңды қыса сал”, деді ағам менің мақалалар желімделген бүйірі қампиған екі тетрадімді қалжыңмен еске салып.
Ректор орнынан көтеріліп, қол беріп амандас¬ты. Сайлау ағам Қызбелдің көп шалының атын атап, солардың бірінің баласы екендігімді естіген¬де үлкен кісінің көзінен нұр тамып кеткендей болды. Одан әрі “Қазақстан пионерінің” жолдамасымен журналист болғым келетіндігін айтқанда, ректор менен: “Жазған мақалаларың бар ма?”– деп сұрады. Жалма-жан дәптерлерімді ұсына қойдым. “Қызбелден де бір жазғыш шықсыншы”, – деп, қайта сынақ алуды өтініп, жазған қағазыма мақұлдап бұрыштама соқты.
Кабинеттен шыға салып бұрыштамаға қарасам, Шварцманға кезігіп, зәрем тас төбеме шықсын. Құлатып жіберген сабазым ғой. Амал жоқ, іздеп барсақ, орнында жоқ екен. “Есігін күзетіп тұр, келгенде маған дереу телефон соқ, өз бетіңмен кіруші болма оған”, деп Сайлау ағам нығырлап тапсырды да тығыз шаруасымен дедектей жөнелді.
Сорлы басым Шварцманды көргенде, есім шығып соңынан ере беріппін ғой. Бөлмеге қуа кіріп, қолымдағы ректордың бұйрық райындағы сөзі бар өтініш-қағазымды көзілдірігіне төндіре түсіппін. Домаланған бәкене неміс мені бос үстелге отырғызып, өзі алдыма қаздиып жайға¬сып, ал сұрасын бастырмалатып. Санатады, сан¬ды¬раққа ұқсас бірдеңе. Аттестатқа неміс тілін өтпесек те завуч көкем бадырайтып “4” қойғы¬зып берген еді. Соның желігі ғой, талаптың күшейіп жатқаны. “Майн колхоз” деген тақырыпқа әңгіме құрастыр деп, дігірлесін әлгі немісім. Суы тартылған құдықтан су шығар дегенмен пара-пар дөңайбат қой мұнысы деп, неміске мезі болып қараймын. Өзімнен де, ректор бұйрығынан да әл-дәрмен құрып бара жатқанын іштей сезгендеймін. Қағазымды қолыма ұстатты, қайыра қонжиыппын... Есіктен шыға бергенде ентігіп жеткен Сайлау ағамды көріп, жердің тесігін іздеп едім... Неміспен оңаша сөйлесіп еді, одан да түк өнбеді...
Ауылға қайқайып кеткім келген еді. Бірақ сайлау ағам Алматыдағы жоғары оқу орнының біріне тұсап тастады... Әйтсе де Закарин ағамның өз ауылынан да бір “жазғышты” көргісі келген үмітін қалай ақтағанымды, қаншалықты ақта¬ғанымды міне, қырық жыл бойы журналистика¬ның қамытын киген кездерімде әлсін-әлсін есіме алып, өзімнен өзім есеп алып отыратын дағдым¬нан айнымай келемін. Закаринге деген адалды¬ғым ба, мамандығыма деген махаббатым ба, жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін әдейі тәмамдадым. Оны қойшы, өмір универси¬тетінің журфагын әлі күнге көз-майымды тауы¬сып түгесе алмай келемін. Өмір бойына бал емізіп, тікенек шайнататын қиялғажайып ертегі¬дегідей мәнді оқу екен мұныңыз, журналистика дегеніңіз... Ерегіскендей, шет тілдер институтын жағалап жүріп, неміс тілі пәнін игерген сары қызға үйленіп алғанымды несіне бүгіп қалайын...
... Мені қойшы, әңгіме арасына қыстырыл¬ғаным ғой, әншейін.
...Бәрін айт та, бірін айт, Закарин тай кезінде-ақ қапысыз таныған мына үштіктің жыры бөлек!

“Егемен Қазақстан” газеті №184-187 (25584) 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596