Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2955 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 07:00

Топырақ һәм қой жуа?

Таңсәріден Жайлаубай ағамыз Қызбел ауылының апшысын қуырып жүр. Жеңге¬лерінің атын атап, түсін түстеп, аяқтарын бір етікке тық¬қан. Қараторы өңі қан-сөлсіз, сүліктей жылтырайды. Қою қасының ұштығы қарлығаш қанатының сүйіріндей жиырылған. Қабағынан қар жауған¬ның нақ өзі. Шынттай боп киінген. Қозғалса болды буыны емес, киімі сықырлайды. Үстіне ілген аппақ китель мен шалбары ақ айдындағы ақ желкендей боп көз қарықтырады. Немесе аспаннан топ етіп түскен ақ періште-әміршідей ме? Әйтеуір сөзі түйдек, жүзі ызбарлы. Сел қаптап келе жат¬қандай ытырына сөйлеп, сақтандыра саңқылдайды.
– Жәмила, Күнбала, сендерге айтам, әй, Рәйшә, Ажаркүл, құлақтарыңды сал! – деп Жә¬кең ағамыз жаны шыжғырылғандай дыза¬лақ¬тайды. – Осыдан ауланың шаңы дұрыс сыпы¬рыл¬мады ма, шалдарыңмен қош айтыса беріңдер. Тұрғызбаймын, түге. Су сеуіп сыпырыңдар. Есік біткенге мәрліден жапқыш ұстаңдар. Ішкі бөлме¬ден сыңар масаның ызыңын естімейтін болайын!
– Маусым соңында шыбын-шіркей шық¬пай қайтушы еді. Қалай қырамыз, миымыз жетпейді...
– Улап өлтіріңдер, бір маса көрдім бе?!..
– Қайнымыз-ау, о не дегенің. Мына түріңмен масаны емес бізді қырарсың...
– Қырсам, қырам, бос шалтайды доғарың¬дар. Кешікпей келіп қалады, тұрмаңдар талтайып.

Таңсәріден Жайлаубай ағамыз Қызбел ауылының апшысын қуырып жүр. Жеңге¬лерінің атын атап, түсін түстеп, аяқтарын бір етікке тық¬қан. Қараторы өңі қан-сөлсіз, сүліктей жылтырайды. Қою қасының ұштығы қарлығаш қанатының сүйіріндей жиырылған. Қабағынан қар жауған¬ның нақ өзі. Шынттай боп киінген. Қозғалса болды буыны емес, киімі сықырлайды. Үстіне ілген аппақ китель мен шалбары ақ айдындағы ақ желкендей боп көз қарықтырады. Немесе аспаннан топ етіп түскен ақ періште-әміршідей ме? Әйтеуір сөзі түйдек, жүзі ызбарлы. Сел қаптап келе жат¬қандай ытырына сөйлеп, сақтандыра саңқылдайды.
– Жәмила, Күнбала, сендерге айтам, әй, Рәйшә, Ажаркүл, құлақтарыңды сал! – деп Жә¬кең ағамыз жаны шыжғырылғандай дыза¬лақ¬тайды. – Осыдан ауланың шаңы дұрыс сыпы¬рыл¬мады ма, шалдарыңмен қош айтыса беріңдер. Тұрғызбаймын, түге. Су сеуіп сыпырыңдар. Есік біткенге мәрліден жапқыш ұстаңдар. Ішкі бөлме¬ден сыңар масаның ызыңын естімейтін болайын!
– Маусым соңында шыбын-шіркей шық¬пай қайтушы еді. Қалай қырамыз, миымыз жетпейді...
– Улап өлтіріңдер, бір маса көрдім бе?!..
– Қайнымыз-ау, о не дегенің. Мына түріңмен масаны емес бізді қырарсың...
– Қырсам, қырам, бос шалтайды доғарың¬дар. Кешікпей келіп қалады, тұрмаңдар талтайып.
– Құжынаған масаның арасында өсіп, кісі қатарына іліккен Асқар емес пе? Білеміз ғой. Шаң-топыраққа аунап өскен. Шіркейден жиіркенетін болса сол Алматысынан шығып несі бар? Елін сағынған адам жарты ғасыр бойы безініп кете ме? Әйдіктігі өзіне. Жиы¬рылмай келіп, сынамай кетсін... Әйтпесе, біз¬ден де мінез шығады. Оқу, оқу деп, жеңгет¬айлық жасап қойнына салған қалыңдығынан жерініп қашып еді. Тілімізді қышытпасын...
Тыңның кеңшарын құрған, ауыл шаруашылығының ұңғыл-шұңғылын білгендіктен Сусловтай партия қайраткерінің қабылдауына кіріп, ел бұйымтайын айтып, кеңескен Жай¬лаубай ағамыз мына жеңгелерінің жасанды дөңайбатына пысқырып та қарамады. Айтқанын істетті. Қатын-қалаш “уһ” деп, бел жаза бергенде көше сүзгілеген мәшинелердің тұмсығы кеше жұмыртқадай сырланған аппақ үйдің қалтарысынан жылт ете қалды.
– Әйда, манағы ақ жолақ төсеніштеріңді табан астына тез жайыңдар, – деп әмір еткен Жайлаубайдың ту сыртын ала тұрған мейман күтушілер – Әмірхан, Байжан, Жүсіп, Сұлтан, Жүніс секілді тағы басқа рулас ақсақалдар төсеніш үстін абайламай айғыздап, қонақтарды қарсылауға жүгірсін.
– Қап, мыналарға не жорық? – деп шоршы¬ған Жайлаубай да Асқарды бірінші құшақтауға ытқырынды. Манағы су шашып сыпырылған жердің кеуіп үлгермеген батпағын әлгілермен бірге табандарына жабыстырып, төсенішті былғап, қадірлі туысына мұрнын тіреп тежелді.
– Төрлет, Асқар бауырымыз!
– Өтей бабамыздың өзіндей боп өңкейіп тұрысын қарашы!
– Оқу өткен бе, қызмет қуырған ба, баяғы сыныптас Асқардың жұрнағын көре алмай тұрмын-ау!
– Ауылдың баласынан қаланың қандай қар¬ты шыққан екен, әуселесін көре жатармыз, әлі!
– Төрлет, Асқар, туған жеріңнің топыра¬ғын басып тұрғаныңды сеземісің?..
Өзінің туыстас әрі құрбы-құрдастық етене жақындарының құшағына күмп ете қалған Асқар бәрінің де ныспысын сампылдай айтып, төс түйістіре, ыстық сүйісіп, мауқын басқан соң жуынып-шайынып дастарқан басына жайғасты. Дала қарттарының дана сөздері мен қала зиялысының зерек жадынан өрілген әңгіме әсерлі әрі еркіндігімен былайғы тың¬даушыларды да баурап алған. Көбісі Асқардай атақ-абыройы зор ағаның өңіне барлай қарап, оның келісті кейпіне разы болғандай, бой¬ларын мақтаныш кернеп, жымың-жымың етіседі. Осындай туысы бар екендіктерін ойлବғанда төбелері аспанға екі елі жетпей қала¬тындай. Байқайды, Асқар аға сөзге сараңдау, манағыдан гөрі тұйықтана түскен. Әлде Арқалықтан шұбатылған ұзақ жол шаршатты ма, әлде жетпіс бір жасында малдас құрып отыруға тік сүйектеніп кеткендіктен бе, әй¬теуір, белі сынып, аяғы сыздап, буын-буыны діріл қаққаны жанына батқанын өзі сезе¬ді.Өзгелер де аңғарып қалып, шай тез ішілді де, үлкен астың арасында құс жастыққа жантая жатып сәл көз ілдірді. Тез ширап, тыңайып қалған екен.
Ертесіне қырға жайлау аралауға шыққан бәрі. Парторгты алдыртайын, өзіңмен бірге жүрсін деп әлектенген Жайлаубайды қонақ¬тың өзі райынан қайтарды. Ресмиліктен қажыған түрі болса керек. Ал Жәкең тас-түйін тәртіптің, партия-кеңестің ақылымен жүретін адам ғой, мынадай заңғар Закарині елге келіп жатқанда, оның атқосшылығына ресми бір адамның болуын заңдылық деп есептеген. Тіпті сән көрген. Ол “Ауданның бірінші хатшы¬сы осында жүрсе артық емес-ау”, деп, тәтті қиялға да берілген-тін. Закариннің облыс дөкейлерінің қолпаш ұсыныстарын құлағынан қағыс қалдырып, осы жерге бетегеден биік, жусаннан аласа күйде жеткенін кейін естіп білді ғой.
Қайран туған жер! Қасиетті мекен! Жайлау төрінің саф ауасы. Тас төбеде шудаланған ала бұлттар... Алматы аспанында мұндай ала бұлттарды көрмейтін Асқар балаша аң-таң. Жаңа туғандай. Жан-дүниесі жап-жалтыр, тап-таза, самалмен сағымға оранып, еріп, елжіреп кеткендей. Кешегі паң, кеуделі де кербез мінез Асқар емес, өзгеше күйге түскен аңғал сәби екен. Жол көрсетіп, бәйек болып жүрген мына Жайлаубаймен қоса Едірес, Сәруар, Өзбек, Таңатхан інілеріне сүйсіне қарап, бір шоқыдан бір шоқыны адақтап, кейде жазық майсаңмен желдірте жүріп, енді бірде аттарын жетектей қою шалғынға әдей жасырынғандай жоғалып кетіп, дариға-ай, бір дәурен кешсін!
“Жер өзгермейді екен”, деп Асқар көзі той¬майтын бір желікке желпініп қапты. Жел¬бет¬тен сон-а-ау Қылы, Қалдыбай бойы қырқа¬ланып көрінеді. Неге өйтеді? Тұтаса көрін¬беуші еді ғой. Ә, мәнісі бар екен, сұрап білсе. Қопаға өрт салған. Сосын екен жалаңаштанған жерден сұлбалана түскені. Бала кезгі балдай тәтті тұрғын-мекені ғой, жата қап аунағысы келді. Сөзін емес сезімін іліп әкетіп тұрған туыстары оны кіндік қаны тамған жерге домалатып үлгерді.
– Абайлаңдар, түге! Бір жерін майып етпең¬дер! – деп Жайлаубайдың жан дауысы шығады.
– Талай жығылсам да жауырынымнан жұмсақ сипаған жұмағым ғой, ештеңе етпейді! — деп Асқар тісін ақситып күліп жатады түбіттей көк майсада.
Жасың да, жасамысың да қалжырайтындай қауырт жүріс болған бүгін. Дәнеңе жоқ. Шар¬шап-шалдығудың шылауы сезілсейші. Тып-тың бәрі. Асқар ағаға қарап құлдыраң қағады. Бұлар адақтамаған жайлау төрінде жер жан¬наты қалмаған шығар-ау. Бәрі-бәрін Асекең атын атап, түсін түстеп, жазбай таниды. Мәсе¬ленки, сағынып көргенін, әйтпесе көңілімен шолғанын зердесінен балалатса әр атауынан әрқилы тарих тарамданып жататын Қызбел мен Қыземшек, Андағұл мен Тасқұдық, Шара¬бас пен Ақ отау, Шелек кеткен мен Шолпы батқан, Қатын қазған мен Құлан ішкен, Анда¬ғұл мен Тасқұдық, Шұбартау мен Теке діңі, Амантай және Құттыбай бұлақтары, т. б. теңдессіз туған өлке атырабы армандай боп алды¬нан жолығысады немесе ойында орда¬ланады...
... Бір қараса Асқар аға қол орамалына топырақ түйіп алып жатыр екен. Тағы бірде, қызықты қараңыз, Асекең теріп алған қой жуаны аузына уыстап салып кеп, ашырқанып, тұшынып шайнап тұр. Көрмесең, сенбессің. Тұқымдық деп ойлады ма, қой жуаның кілең түбірін қырқып алып, орамдап қалтасына салып қойды...
... Асқар ағамыз 82 жасында Алматыда дүниеден өтті. Жадынан айырылып, жабыр¬қаулы жүрді. Сырттан келген адамның тегі-ныспысын өзінің қойын дәптерінен тапқызып алып қана шырамытып, сәлемдесетін селкеулі күйге түсті. Аулаға шықса, өз пәтерінен адаса¬тын қорлыққа не дауа. Академик Сақтаған Бәйішевті жерле¬генде сөзінен жылауы көп болды. Егілген өксігенін Көктебенің етегіне түскенде де тия алмады... Босаған жүйкені бекіте алмайтын сал-сырқат...
...Көргендер көпіртпей айтады, естігендер есіркеп айтады. Асқар ағамыздың киім қал¬тасынан: “Бұл топырағым қабіріме төгілсін!”– деген жазу шығыпты. Өсиеті орындалған. Қолқалап жүріп саяжайына барыпты да қою өскен қой жуаны жалма-жан жей бастапты...
Зарлы ғой өмір тарыққанға. Тағдыр жазуы шығар, заңғар Закарин баладай аңғал, без¬бенсіз көңілмен бақиға жөнепті. Баяғы туған жерінің, Қызбел тауының үстін мұнарлап ұша¬тын ала бұлттарға ілесіп, мәңгілікке жөңкіп кеткендей... Рухы да асқаралы биікке құмар боп шықты, қияға тіке шаншылғандай...

Дәріс дәруі
Қостанай мемлекеттік университеті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың есімімен аталады. Сол еңселі ғимарат алдындағы Ахаң ескерткішіне тағзым еткен “Закарин оқула¬рын” өткізуші астаналық ғалымдар мен қонақ¬тар зор әсерлі сезімге бөленіп білім ордасының табалдырығынан аттады.
Бұл білім шаңырағы Ахметтей Алаш арысы¬ның мәңгілік үміт-арманымен тыныстап жатқандай еді. Бәрі-бәрі ұлы ұстазды еске түсіреді. Оның өмірлік мұратына сай жарасты тұрмыс, үлгілі оқу өрістеген. Ахаң¬ның бірауыз сөзін темірқазық етіп алған “Білім жарысы” деп атала¬тын газет шығарылады. Мұражайы бар. Несін айтасыз, бұл қасиетті мекеннің ішінде Ахаңның өзі мәңгілікке тұрақ тапқандай екен. Жас буынды, олардың ұстаздарын тәрбиелейді, оқытады, жігер¬лендіреді. Жалықпай дәріс беріп жүреді. Дәмді дәріс дәруімен білімге ынтазар ділмәр көңілдерді өркениет өріне қанаттан¬дырады.
Білім үйінің түңлігі соңғы күндердің қос қуанышынан желпілдеп тұр екен. Бірі – бүгін осында дәл қазір басталатын “Закарин оқула¬рына” деген үмітті, аңсарлы, толқулы шақтан бастау алса, екіншісі де өзіндік тарихи үлесі жа¬ғынан кең ауқымды, қомақты. Ректор Хұсайын Хасенұлы Уәлиев еліміздің Парла¬мент Сенатына депутат болып сайланып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Педұжым, студенттер бәрі мәз, ұлардай шулап шаттыққа кенеліп жүр. Кемерінен лықсыған көңілділік. Осы қос қуаныш та бұлардың асқақ абыройы емес пе?!
“Закарин оқуларының” дәрісі әр көңілге дәрідей дауа болды. Алғашында атын осынша дабырайтатын Асқар Закарин кім деген сыңайдағы сұрақтардың кейбір тыңдау¬шылардың ойында қылаң бергені жасырын емес еді. Осы оқуларды ұйымдастырып жүргізушілердің бірі атақты ғалым Сайлау Байзақовтың қысқаша түсіндірмесінен соң дүдәмалдық ысырылып қалды. 2008 жылдың аяғында жүз жылдығы тойлануы бек мүмкін, қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым Асқар Закаринді кім жыға танымаса, ол өз міні. Білім көкжиегінің тарлығы. Басқа ешкімді кіналауға әсте болмас.
Сонымен Закаринің олқы адам болмай шықты. Өздерінің Ахмет аталарының көзін көріпті, сөзін естіпті. Ақылын алыпты. Ұқсап баққысы келіпті. Байтұрсынұлы атылғанда Закарин отыз жастағы солықтаған азамат екен. Ауылдасы, Міржақып Дулатовтың, Алаш туы астында топтасқан туыстары Сейдәзім Қадырбаев пен Әлмағамбет Қасымовтың соңдарынан томпаңдап еріп жүргенде Ахмет ағасын Асқар жыға танитын жағдайға жеткен екен. Ахаң өмірінің соңғы жылдарында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтында тиіп-қашып еңбек еткені белгілі. Осы білім ордасында сол бір сапырылыс әрі сұсты жылдары Асқар Мәскеудің Ломоносов университетін бітіріп, келіп жас маман ретінде жұмысқа кірген еді. Сонда аракідік болса да Ахмет ағасын көзі шалып қалатын... Иілмейтін емендей берік, еңселі қалпын тік ұстап жүрген ұлы ұстазы өмірде ешкімге жалтақтамайтын жараулы күйінде жадында қалған екен.
Тыңдаушылардың құлақ құрышы қанар емес. Көп білмекке ынтыға түседі. Ауық-ауық сұрақтар қойылады. Жауаптар да тұшымды. Кілең ығай мен сығай ғалымдар мен Зака¬риннің шәкірттері бетін қалқымай, тереңге түрен салғандай. Үкімет басшысының орын¬басары болғанын былай қойғанда одақтық дәрежедегі ірі лауазым иесі, темір жол сала¬сының білікті ұйымдастырушы¬ларының бірі Нығыметжан Есенғарин өзін толғантқан мәсе¬лелер бойынша кезінде Закаринге хат жаз¬ғанын, қозғалған елдік мәселелерге байла¬нысты одан тұшымды жауап алғанын әңгіме¬леп берді. Ауылда туып, биікке құлаш ұрған дарынды қазақ жігіттерінің қай қызметте де шалымды болғанын қызық мысалдармен түйіндеп отырды. Туған нағашысы Молдағали Бекетов жиен ағасы Асқардың адамгершілік парасатын салалап айтты.Мінезі тұйық бол¬ғанымен жан-дүниесі жадыраңқы ол жақын-жуығына ретті жерінде көмегін аямаған. Ал қисынсыз тұста туған бауырына да қайы¬рылмай кететін елдік тұлға бола білген. Ұлттық мүдде жолында өз ұпайын түгендеуден мүлде ада, ала жіп аттамайтын өте адал кісі болыпты.
Шәкірттері де ұстаз туралы әңгіменің шырайын шығарды. Сәруар Жүнісов пен Өзбек Қазихановтың қызғылықты әңгімесіне ұстаз¬дың дәріс беру ерекшелігі мен өзін орнықты ұстау өнегесі арқау болды.
Әрине, бұл сындарлы әңгіме барысында Зака¬риннің ғылыми еңбектері мен кітаптары туралы да кеңінен қамтылды. Оның 1968 жылы “Қазақстан” баспасынан жарық көрген “Абель, Галуа, Лобачевский, Эйнштейн” атты математи¬ка ғалымдарының өмірі мен ғылыми еңбектері жүйеленген бір кітабын Өзекең қолына ұстай кел¬ген екен. Соны жоғары көтеріп тұрып автор¬дың өзіне қолтаңбаны қалай жазып бергені, басқа да кітаптарының Арқалық қаласының мұражайында сақталғаны туралы тағылымды әңгіме айтты...
Міне, осы кітапты жастар қазір біле ме екен? Білмесе, баспалар қайыра шығаруға ниеттене ме екен? Әй, қайдам! Бір жолы кез¬дескенімде осын¬дай “әттеген-айын” қазақтың біртуар ғалымы, ұлтжанды азамат Мырзатай Жолдасбеков ағамыз өкінішпен білдірген еді. Әлгі кітапты іздеп тауып, оқып шығуыма да ол кісінің “Асқар ағам сол еңбекті даярлауға септігім тигені үшін маған кітаптың алғы¬сөзінде арнайы алғыс айтқаны бар”, – деген жалғыз ауыз сөзі себеп болған-ды. Иә, дәп солай екен. “Кітапты баспаға дайындауда және редакциялауда әдебиетші М. Жолдасбеков, математик И. Тоқтамысов көп көмектесті. Оларға алғыс айтуды өзіме борыш деп санай¬мын”, деп жазыпты Асқар ағамыз ағынан жарылып.
Мырзекең Закариннің тағы бір қырын келіс¬тіріп кестелеп бергендей болды сол жолы. Әңгі¬менің майын тамызатын, сол сирек қасиетімен де тыңдаушысын еріксіз еліктіріп, егілтіп отыра¬тын Мырзекеңнің бір деталі былай болып келген. “Асқар ағам аса талап¬шыл әрі қамқоршы ғой, бір істі талпынып қолына алды ма, тап-тұйнақ ет¬пей тынбайтын. Осы кітапты редакция¬лап өң¬деу барысында өзінің бір бөлмелі үйін маған әдейі босатып берген еді”, деп естелік айтқанда, бойың шымырламай қалай шыдарсың, тегі.
Закариннің екінші кітабы туралы да бірер дерек. Оның Жұмабек Юсуповпен бірігіп жазған “Геометрия негіздерінің элементтері” еңбегі 1968 жылы “Мектеп” баспасынан жарық көріпті.
...“Закарин оқуларының” тізгінін қолына мығым ұстап, қорытындысында өзі де тамаша дәріс оқыған атақты ғалым Сайлау Байзақов бірнеше кітабын университет кітапханасына табыс етті. Осы кезде Закариннің ұрпақтары жөнінде білмек болған студенттің жазбасы қолына тиіп, көзілдірігін маңдайына ысырып қойған ғалым:
– Иә, ұрпақтары болғанда қандай, бар! – деді дауысы масаттана шығып. – Нелли – химия ғылымының докторы, ал Едіге – тех¬ника ғылымының докторы. Олардан тараған ұрпақ жалғастығы өзінше бір сәнді әлем!
Керемет теңеу емес пе? Мәнді ғұмырдың шапағаты ұрпағының сәнді әлемін нұрланды¬рып, шұғыласына бөлей түсіпті... Беу, шіркін, жасын ғұмырдың соңында сорғалаған, үздіксіз, үстемелене өршіген, айналасын не сан түске бөлеген жойқын жарқылдың өшпес сәулесі маңайын кең қамтып, арайландырып жіберіпті-ау!

 

 

Авторы: Қайсар ӘЛІМ.

 

“Егемен Қазақстан” газеті №184-187 (25584) 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565