Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 18179 0 пікір 14 Мамыр, 2014 сағат 12:18

1926-1940 ЖЫЛДАРДАҒЫ АБАЙТАНУ

Жиырмасыншы жылдар басында қоғамдық ойда Абай шығармаларын жариялау жөнінде пікірлер туындай бастады. Бұл іспеттес пікірді тілші ғалым Т. Шонановтың мақаласында айтылған деректер арқылы дәлелденіп жатты. Уақыт талабы тудырған бұл рухани сұранысқа назар аударған Қазақстан Оқу комиссариаты Абай шығармаларының толық жинағын құрастырып басып шығаруды ресми түрде ақын Бернияз Кулеевке тапсырды. Бернияз Кулеев осы мақсатты жүзеге асыру үшін, Абай өмірбаяны мен шығармаларын толық түрде жинастырмақ болып, «Еңбекші қазақ», «Ақжол», «Степная, правда» газеттеріне жазған мақала үндеулерінде алға қойылған мақсатын анықтап та берді. Олар: Абайдың қара сөздерін бар болмысымен толық жариялау, Абай өмірбаянына байланысты фотоқұжаттарды толық қамту, Абай өмірбаянын жаңа дерек мағлұматтарымен толықтыра түсу, ақын өлеңдерін бастапқы табиғи қалпына түсіру, яғни өлең өрнектерін қалыптастыру мәселелерін алға қойды. Қаншалықты күш салып әрекеттенсе де, заман ауыртпалығы қол байлау бола берді. Қазан қаласында 1922 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын (1909) қайталап басумен тоқталды. Дәл осы жылы Ташкент қаласында Абайдың өлеңдер жинағы да осы қалыпта басылым көрді.

Кеңестік заманда Абайдың өлең жинақтары қатарынан екі рет басылым көрісімен-ақ ағымдағы баспасөздерде сын мақалалар жарыса жарияланып жатты. Алғаш жарияланған тырнақ алды сын мақала Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмендер, шешендер» («Еңбекші Қазақ», 01.03.1923) деп аталатын мақаладан басталды. Осы мақаланың артынша – ақ Ташкент қаласынан шығатын «Ақжол» газетінің алты санында үзбей жарияланған Ф. Сағдидің «Абай» деп аталатын мақалалар циклі, І. Жансүгіровтің Жетісу губерниясындағы «Тілші» газетінде (08.05.1923) жарық көрген «Абай кітабы» мақаласы, Ташкент қаласында шығатын «Шолпан» журналында «Қоңыр» деген бүркеншек атпен жарияланған Мұхтар Әуезовтың ғылыми теориялық жағынан қарағанда деңгейі биік мақаласы «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (1923, 345, 45) деген атпен басылым көрді.

Абайтану тарихында С. Мұқановтың Абай жөнінде жазылған тұңғыш «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласынан бастап ұлы ақын мұрасын танып бағалау, таныту жолындағы ой-пікірлер бір-біріне қарама-қарсы екі бағытта дами бастады. Сол тұстағы қоғамдық ой танымдағы мәселенің төркіні Абай қай таптың ақыны, оның шығармаларын мұра ретінде қабылдау керек пе, әлде терістеу керек пе деген тақырып маңында болып жатты. Қазақстанда Абай мұрасы туралы мәселенің бұлайша өткір қойылуының себебі Мәскеудегі саяси орталықтың ұстанған бағыт бағдарына байланысты болатын-ды. Өйткені билік басына большевиктер партиясы келісімен-ақ өздері ұстанған ілімін яғни тап күресі, пролетариат диктатурасы туралы көзқарасы мен танымын қоғамдық санаға сіңдіре бастаған кезең еді. Қоғам өмірін тапқа бөлу, таза пролетариат мәдениетін жасауға ұмтылу тұрпайы социологиялық танымға алып келді.

С. Мұқанов мақаласының басты сарыны осы тұрпайы социологиялық қөзқарасты ұстанудан туып жатқан саяси - әлеуметтік құбылыстың өзі болатынды. Көптеген қазақ қалам қайраткерлері осы танымның шеңберінен шыға алмай қалды.

Ыдырыс Мұстамбайұлы

С. Мұқанов пен Ілияс Қабыловтың Абай мұрасы туралы пікіріне қарсы пікір талас тудырып айтысқа араласқандардың бірі – Мұстамбайұлы Ыдырыс. Оның Абай мұрасы туралы жазған мақалаларының сол кезеңнің әдеби атмосферасына тән елеулі кемшілігі бола тұрса да, Абай шығармаларын мұра ретінде қабылдау оны зерттеу қажеттігі туралы бірден-бір дұрыс бағыттағы пікір еді.

Ы. Мұстамбайұлы мұра мәселесіне байыпты қарай отырып, ол мұраны тереңірек зерттеу арқылы меңгеруді алға қойды. Осы кезде Абай мұрасын орынсыз ұлтшылдықпен байланыстыратын үстірт пікірлерге қарсы шықты. Ол: «Абайдың өлеңдерінің ішінде жалғыз процент ұлтшылдық не орысқа қарсы пікір жоқ, көп жолдастары Абайдың атын бүркей береді. Бұл – тарихи қиянат. Абайды апарып осы күнгі ұлтшылдарға апарып жанастырады» – деп, Абай мұрасына жасалынып отырған қисынсыз қиянатты, яғни Абай шығармаларының бұрмалануын арнайы атап өтті.

Ы. Мұстамбайұлының айтыс ретінде «Жаңа әдебиет» журналының екі санына қатар жарияланған «Абай» деген көлемді мақаласы – сол дәуірдегі әдеби сындардың ішінен өзінің көлемі мен мәні, көтерген мәселесі жағынан әрі зерттеушілік бағытымен ерекшеленетін еңбек. Мұнда автор бірнеше елеулі пікірлер көтере отырып, көп жағдайда дұрыс шешімге келген.

Абайдың әдеби мұрасы қазіргі дәуірде қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі орын алатын мұра ретінде қабылдануға тиісті деп қарап, бұл мұраның орыс классиктерімен арақатынасына алғаш рет кең тұрғыда нақтылы талдау жасаған. Абайдың аудармашылық өнерін жоғары бағалап, орыс әдебиетінің Абайға өткен орасан зор әсерін зерттей отырып, Абай шығармаларының басты қасиеті – оның реализмінде деп көрсетті. Абай реализмі, зерттеушінің пікірінше, орыс әдебиетінен творчестволық үйренудің жемісі. Осымен қатар зерттеуші Абайдың әлеуметтік, философиялық, эстетикалық, этикалық, діни көзқарасы мен әйел туралы пікіріне де тұңғыш рет барлау жасап, пікір көтеріп, көптеген ойларын ортаға салды. Осы мәселелерді талдай отырып, Абай жаңашыл ақын, оның шығармаларының қазіргі күресіміз үшін де пайдасы бар деген бірден-бір дұрыс қорытындыға келді.

Бірақ Ы. Мұстамбайұлы өзінің ойлы мақалалары арқылы Абайдың әдеби мұрасын белгілі дәрежеде дұрыс таныта білсе де, Абай мұрасын сол кезде етек алған тұрпайы социологиялық сынның шабуылынан үзілді-кесілді қорғап қалуы екіталай еді.

Қазақстандағы қоғамдық ойда жалпы мұра мәселесіне 20–ші жылдар ішінде тура және жанама түрде жауап беруге алғаш рет ұмтылғандар С. Мұқанов, С. Сейфуллин, Ғ. Сағди, І. Жансүгіров, Б. Кенжебаев, С. Смағұлов т. б. араласты. Абай мұрасын таза тұрпай социологиялық таным тұрғысынан танып бағалағандардың басында С. Мұқанов, С. Сейфуллин тұрса, Абай мұрасын таза халықтық таным тұрғысынан танып бағалауға әрі уақыт талабына орай жанама түрде болса да тұрпайы социологиялық танымға ұрынып қалып жүргендер Ғ. Сағди, І. Жансүгіров, Б. Кенжебаев т. б. болды.

Абай мұрасын танып бағалауда 20-ші жылдардың басы мен 30-шы жылдардың аяғында саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты туындаған, әрі айқын көрініс берген үш түрлі бағытты байқаймыз.

1. Тұрпайы социологиялық танымдағы ағым
Орталықтағы пролеткультшылар ұстанған тұрпай социологиялық таным әдебиет саласында да өз жалғасын тауып жатты. Өткен заманның әдебиет өкілдеріне және олардың шығармаларына мұра ретінде қатынас жасағанда олардың шыққан табы мен әлеуметтік тегі негізге алынды. Олардың туындыларына баға бергенде де осы тұрғыдан қаралды. Бұл тұстағы Абай мұрасын танып бағалауға ат салысқан әдебиетшілер ақын мұрасын негізінен, тұрпайы социологиялық танымдағы өлшемде ұстанды. Абай шығармаларының идеялық-әлеуметтік сарындарына назар аудармай, оны танып бағалауда ақын шыққан әлеуметтік тегіне тікелей байланыстыра қарастырғандықтан үш түрлі арнаға түсті.

а) Абайды феодал табының ақыны, соның сойылын соғушы идеологы ретінде танытып жатты. Абайды байшыл феодал табының ақыны ретінде танып бағалаушылар: С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Ә.Шарафи, Қ.Қуанышұлы, М.Ақынжанов, М. Қайыпназаров, Р.Жаманқұлұлы т.б. Мысалы проф. Ә.Шарафи Абайды тарих сахнасынан шығып бара жатқан феодал табының тағдырымен байланысты қарағандықтан, Абайды ескілікті жақтаушы, жаңаны жатырқаушы, кертартпа ақын ретінде танып бағалауы себепті: «Абай ғылымды, мәдениетті, прогресті жаңа көзбен көре алмады. Абайдың «ғылымы» ескілікпен, дінмен, құдаймен шумақтасып, матасып жатыр. Абай неге ескілікпен қоштасып, бетті жаңалыққа бұрып тік тартпайды. Себебі Абай феодал өкілі. Сырдың бәрі сонда жатыр» дейді. Бұл көзқарасты жақтаушылар тобының қорытынды ойы: Абай – бұқарашыл емес, феодалшыл ақын. Оның шығармалары өз табының тарих сахнасынан кетуіне байланысты пессимизмге толы, жаңашылдыққа қарсы, ескілікті көксеген кертартпа мұра деп қарады.

ә) Абай – феодал табының буржуазиялана бастаған табының ақыны деп таныта бастады. Олардың танымында Абайды бүтіндей бір таптың белгілі бір тобының (слойының) ақыны ретінде жіңішкелеп танытуға тырысты. Бұл көзқарасты жақтағандар: С. Мұқанов, І. Жансүгіров, М. С. Сильченко т.б. болды. Бұлар Абайды «буржуазияланған дворян» тобының өкілі ретінде танытқанда, сүйенер дәлелі Абайдың орыс классиктерін аударуымен байланыстыра қарауында жатты. Абай өзіне әлеуметтік шығу тегі жағынан туыстас болғандықтан, орыстың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрізді ақындарының шығармаларын аудару сыры Абайдың орыс классиктерін аударуымен байланыстыра қарауында жатты. Абай өзіне әлеуметтік шығу тегі жағынан туыстас болғандықтан, орыстың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрізді ақындарының шығармаларын аудару сыры Абайдың буржуазиялана бастаған либералдық топтың ішінде болуында жатыр деп көрсетті.

б) Жаңа туып келе жатқан ұлт буржуазиясының өкілі болуы себепті де Абай буржуазияшыл әдебиеттің ақыны, қазақ қоғамындағы буржуазияшыл ойдың атасы деген көзқарасты І. Қабылов, Ы. Мұстанбаев, Ғ. Тоғжанов, Ә. Лекеров, С. Асфандияров, Ә.Мәметова т. б. ұстанды. Мысалы, Ғ. Тоғжанов: Абай шығармаларын «… әбден капиталдасқан қазақ байының тілегінен туған жыр» деп танытты. Абай қазақ даласындағы жаңадан туып қалыптасып келе жатқан буржуазиялық топтың идеологы деген көзқарасты 30-шы жылдардағы қазақ әдебиетінің сын жанрында кең көлемде насихаттап таратуда Ғ. Тоғжановтың әрекеті басым жатты. Абайтану тарихында тұңғыш монографиялық «Абай» кітабын жазған Ғ. Тоғжановтың зерттеулік еңбегі айта қаларлықтай құбылыс болса да, ол тұрпайы социологиялық танымның шеңберінен шыға алмады.

2. Абай мұрасын түршілік (формалистік) тұрғыдан танып бағалау әрекеті орталықтағы проф. Томашевский мектебінен тебіндеп жатқан сол кезеңнің бір көрінісі ретінде көркем туындылар мен кейбір сын мақала, зерттеу еңбектерде әдеби мұраны формалистік таным тұрғысынан танып бағалау қанат жая түсті. Абай мұрасын танып бағалауды осы ағым тұрғысынан қарастырған әдебиетшілер де болды. Мысалы, жас әдебиетшілер З. Шашкин мен Е. Ысмайылов «Абайдың поэтикасы» (Әдебиет майданы, 1934,11,12 санында) деген мақаласында Абай мұрасының кейбір тұстарын осы түршілдік бағыт тұрғысынан қарап пікір толғайтыны бар.

3. Абай мұрасын тануда компаратавистік танымның белгілі дәрежеде орын алған кезеңі болды. Бұл танымды ұстанған зерттеушілер ақын Абай мен ойшыл Абайды бөле қарады. Осы себепті олар Абайды ірі ақын ретінде таныса да, әлсіз ойшыл деп қарап, оның рухани ұлттық болмыстан туындаған тума ой танымдарын келімсек ой танымның көрінісі ретінде танытты. Абай мұрасын компаратавистік таным тұрғысынан танып пікір білдірген топтың қатарында І.Қабылов, Ы. Мұстамбаев, І.Жансүгіров т. б. болды.

Абайдың әдеби мұрасын халықтық тұрғыдан танытуда революционер – демократтардың пікіріне сүйене отырып, 30 – шы жылдардың ортасында тұңғыш рет Абайды халықтық ақын ретінде танытуда бастама пікір көтерген әдебиет сыншысы Мұқаметжан Қаратаев еді. Өзінің А. С. Пушкинге арналған мақаласында: «Пушкин поэзиясында Белинский тапқан халықтық, сатира, көркемдік деген үш элемент Абайдың поэзиясында да табылады… Екеуінің шығармасында да, халықтың, еңбекші адамның тілегі көрініп тұрады», - деп Абайды халықтық мүдденің жыршысы ретінде таныстырады. Осы мақаланың артынша – ақ Абайдың әдеби мұрасын танып бағалауда елеулі кедергіге айналған кейбір Абай мұрасын зерттеушілердің (С. Мұқанов, І. Жансүгіров, Ғ. Тоғжанов, І. Қабылов т.б.) тұрпайы социологиялық көзқарастары алғаш рет сынға алынып: «Абай маңындағы сынның әлі күнге дейін жетіліп кетпеуіне негізгі себеп – осы вульгарлық әдіс» - әдебиет саласында сірескен пікір сеңінің бұзыла бастаған қалпын көрсетті.

С. Мұқанов 1937 жылдан бастап, Абайды халық ақыны ретінде таныта бастады. 1936 жылдың өзінде-ақ С. Мұқанов Абайды қазақ әдебиетінің классигі, ұлы реалист деп бағалап, оны мұра ретінде тануға ойысты. Абай поэзиясының құндылығы – оның өмір шындығын реалистік тұрғыдан суреттеп, қазақ қауымындағы әлеуметтік қайшылық болмысын объективті тұрғыдан көрсетуінде жатыр деп біліп, Абай мұрасына көзқарасын өзгерте бастаған бұрылысты аңғартты. Осы жылдан бастап С. Мұқановтың Абайды көп жағынан дұрыс бағалап тұрпайы социологиялық танымнан біртіндеп шегіне бастаған қалпын көреміз.

Абайдың әдеби мұрасын зерттеуде, оны халықтық мұра ретінде жұртшылыққа танытуда С. Мұқанов, М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Әлкей Марғұлан сияқты ғалымдардың еңбегі Абай мұрасын танып-білудің жаңа қырларын байқатып, ол мұраны бағалау жолындағы түбірлі өзгерістерді аңғартты. 1939-1940 жылдары М. Әуезов тарапынан екінші рет толықтырылып қайта басылған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының бастырылуы да жоғарғы талаптарға іспен жауап беруің нақтылы қадамдарының бірі болып табылды.

Дереккөз: abay.nabrk.kz

0 пікір