Бейсенбі, 23 Қараша 2017
Ғылым-білім 11610 3 пікір 5 Мамыр, 2014 сағат 11:52

Мақсат ӘБДІҚАДЫР. ЕЛГЕ ЕҢБЕК ЕТУГЕ КЕЛДІМ

– Медицина ғылымдарының магистрі, Қытай Халық Республикасы инемен емдеу қоғамының мүшесі, ҚХР-дағы қазақ дә­рі­герлік-дәрішілік ғылыми қоғамының жауап­ты хатшысысыз. Атамекенге ора­лып, жеке клиника ашып, жұмыс істеп жат­қаныңызға үш жыл болды. Нәтижесі қа­лай?

– Бұл орталықты ашпас бұрын әуелі елге келіп, халықтың жағдайымен та­ныс­тым. Біз атамекенімізге «қаптаған Қы­тай­дың ішінде жүріп, бала-шағамыз сол ел­ге сіңіп кетпесін» деп келдік. Қазір қы­зым да, ұлым да қазақша да, орысша да үйренді. Ағылшын тілін әу бастан бі­ле­ді. Сонымен, бір жылдай дайындық жұ­­мыстарын жүргізіп, дипломдарымның заң­­дылығын тексертіп, лицензияға өті­ніш бердім. Қытайда білім алғаннан кейін бұл жердегі кейбір медициналық ере­желерді біле бермейміз. Тиісті құ­жат­тар­мен танысып шығып, кейбір кемші­лік­терді түзеттік. Бұдан бөлек, клиника қызметіне тексерулер жүргізілді. Сол тек­серістер арқылы жұмысымдағы ол­қы­лықтар анықталды. Оның барлығын өз еліміздің талаптарына сай жолға қойдым. Іс барысында науқастармен тілдесу үшін қазақ, қытай, ағылшын тілін жетік білу аздық ететінін де түсіндім. Оның үстіне мұн­дағы кейбір диагноз түрлері, тер­мин­дер тек орыс тілінде айтылады екен. Сол се­бепті орыс тілін үйренуіме тура келді. Қа­зір біліктілігімді арттыру үшін Алматы мемлекеттік медицина қызметкерлерінің бі­лімін жетілдіру институтында нев­ро­логия бөлімінің резидентурасында оқып жатырмын. Екі жылдан соң бітіремін. Түске дейін университетте профес­сор­лардан дәріс аламын, тәжірибе үйрене­мін. Түстен кейін науқастарға көңіл бө­ле­мін. 

 

– Қай тілде білім алып жүрсіз? 

– Екі тілде. Әрине, бастапқыда орыс ті­лінде жүретін лекциялар қиын болды. Со­ған қарамастан, зейін қойып, ты­ры­сып жатырмын. Терминдерден аса қи­нал­маймын, ауызекі сөйлесуге келгенде, аз­дап ақсаңқырап қаламын. Алдағы уа­қыт­та бұл кедергілерді де жеңемін деген ой­дамын. 

 

– Емделушілер арасында орыстілділер көп пе?

– Орыс ұлтының өкілдері, орыстілді қа­зақтар ғана емес, дүнгендер, кәрістер және басқа да ағайындар келеді. Олар қазақ тілін білмеген жағдайда бұрын ау­дар­машы арқылы сөйлесетінмін. Қазір өзім тілдесіп, бір кісідей түсінісетін жағ­дай­ға жеттім.

 

– Қытай елімен салыстырғанда, біздің медицинамыздың дамуы қалай екен?

 

– Гигиеналық жағынан алғанда ал­дың­ғы қатарда деп айтуға болады. Ал ме­дициналық емдеу әдістері жағынан, әри­не, Қытайда адам да, маман да көп. Тә­жірибе де жеткілікті. Біздің елімізге әлі жете қоймаған заманауи жабдықтары бар. Тағы бір байқағаным, бұл жақта бар бол­ғаны 3 айлық курспен аяқталатын бі­лім Қытайда алты жыл арнайы оқы­ты­лады. Шығыс медицинасының отаны Қы­тай екенін ескерсек, олармен әзірге те­ре­земізді теңестіре алмаймыз. Бірақ Қа­зақстан да ешкімнен кенде емес. Оқы­ту методикалары, электронды құрыл­ғы­лары жағынан кенже қалып жатқан жоқ.

 

– Осы Шығыс медицинасының емдеу тә­сілдерін науқастар түсініп жатыр ма?

– Көзі ашық, оқыған-тоқығаны мол зия­лы қауым өкілдері жақсы түсінеді. Кей­де емделушілер тамыр ұстағаныма қарап, мені бақсы-балгер екен деп ойлап қалады. Олармен асықпай отырып сөй­лесіп, Шығыс медицинасы – тамыр ұс­тауды үйрететін арнаулы ғылым екенін түсіндіремін. Бұл сала Қытайда арнайы пән ретінде оқытылатынын мысалға кел­тіремін. Қазақ медицинасында да та­мыр ұстаудың тоғыз түрлі әдісі бар. Ата­ла­рымыз атам заманнан тамыр ұстау ар­қылы түріне, өңіне, көзіне, иісіне қарап диагноз қойған. Тамыр ұстап қана қой­май, қосымша УЗИ аппараттарына тү­сі­ріп, лабораториялық тексерулер жүргі­земіз. Біздің орталық Шығыс пен қазақ медицинасын біріктіре отырып, шөппен емдеуді мақсат етеді. 

– Тағы бір ерекшеліктеріңіз, алтын ине­мен емдеу әдісі жақсы жолға қойылған. Бі­рақ білуімізше, әзірге Қазақстанда ши­палы алтын ине шығарылмайды. Сіздер қай­дан аласыздар?

– Аты «алтын ине» аталғанымен, за­ты ешқандайда алтын емес. Кезінде ел би­леген патшалар, хандар, қолы жеткен бай-бағландар емдік инелерді алтыннан жа­сатқан екен. Сол кезден бастап «алтын ине» деп аталып кетіпті. Шамасы кел­ме­ген­дер күміс пен қолаға ауысып, жан-жануар­лардың үшкір сүйектерімен де денедегі нүктелерді тітіркендіріп отыр­ған. Қазір тот баспайтын болаттан дайын­далады. Алтын ине алғаш Қытайда пайда болған, қазір Ресейде, Оңтүстік Кореяда шығарылады. Арнайы фирмалар арқылы сол мемлекеттерден тапсырыс­пен алдырамыз.

– Бір адамға қанша ине кетеді?

– Науқастың жағдайына қарай, 70-80 тал қолдануымыз мүмкін. Кейде бір адам­ға бір ине де жетеді. Бастапқыда ал­тын инені үнемдеу үшін қайнатып, қайта қол­дана беретін. Бірақ медицинаның дамуымен қатар, адамның көзі көрмеген, құ­лағы естімеген ауру түрлері пайда болды. Өйткені қанша дезинфекцияласа да кейбір микробтар өлмей қалуы мүм­кін. Қытай дүниежүзі бойынша гепатит пен СПИД жұқпалы дертінен алдыңғы қатарға шыққаннан кейін алтын инені қайта пайдалануға тыйым салды. Біз осы тә­жірибеге сүйенеміз. Инені бір рет шан­шы­ғаннан кейін, науқастың көзінше қо­қыс жәшігіне лақтырамыз. Кейін за­лал­сыздандыру үшін арнайы орындарға өт­кіземіз. 

 

– Басқа мемлекеттен алдырған соң, ба­ғасы жоғарылап кетпей ме?

– Теңге құнсызданған соң, бағада өз­геріс болды. Бірақ қалай дегенмен де ха­лықтың қалтасымен санасамыз. Аса қым­бат емес. Науқастарға тиімді болсын де­ген оймен, емдеу ақысын қатты көтер­ген жоқпыз. Мен елге пайда табу үшін емес, еңбек етуге келген азаматпын. 

 

– Дұрыс екен. Жалпы, емделушілер кө­біне қандай ауруға шағымданады? Ал­тын иненің барлық дертке көмегі тие ме?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының денсаулық сақтау басқармасы ал­тын инемен 46 түрлі ауруды емдеуге рұқ­сат еткен. Соның ішінде жүйке ауру­ларына жақсы көмектеседі. Қазір адам­дардың жүйке жүйесі шаршаған. Жүрек те ерте бастан сыр бере бастады. Біреудің ұй­қысы, біреудің көңіл күйі, енді біреудің ас қорыту жүйесі дұрыс емес. Белдегі, мойын­дағы грыжаларға, бедеулік пен бел­сіздікке, иммунитетті көтеруге, ер­лердің, әйелдердің гармондарындағы ауыт­қушылыққа, асқазан, ішек жолы ауру­ларына пайдасы мол. 

Жоғарыда айтып өткен 46 түрлі ауру­дың барлығы бірдей күнделікті өмірде кездеседі деп айта алмаймын. Жиыр­ма­дан астам ауру түріне алтын инені үнемі қол­данамыз. Кітап жүзінде жазылған не­месе бізде кездеспейтін ауру түрлері де бар. 

 

– Құс тұмауы сияқты жедел дамитын вирус­тар ма?

– Науқастың иммунды жүйесін кө­теру үшін құс тұмауына ине қоюға бола­ды. Ал жұқ­палы ауруларға, жүкті әйел­дерге, құ­тырма вирусына, соқырішекке, онколо­гиялық, өкпе, жатыр ауруларына мүлде пай­даланылмайды. Сондай-ақ жатырда пай­да болған кистаның өз нүк­тесі бо­ла­ды, егер дұрыс салмаса, жары­лып кетеді. Мұны маман білуі керек. Қандай ауру түрі болсын, ең дұрысы – асқын­дыр­мау. Ал­дын ала диагноз қойып, емдеген кө­бірек нәтиже береді. Бұрын инсульттан кейін бір айдан кейін немесе бір аптадан кейін ине салуға болатын. Қазір 24 сағат­тан кейін қолдануға рұқсат. Ем қанша­лықты ерте басталса, соншалықты жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Ал бес-алты, он жыл уақыт өтіп кеткен жағдайда иненің көмегі аз болады. 

 

– Балаларға салына ма?

– Шығыс медицинасында балаларға ине қою бір жарым жастан кейін рұқсат етіл­ген. Бірақ бала әлі жетілу, даму са­ты­сында болғандықтан, өз басым екі жас­тан бастап саламын. Бізге церебральді па­­раличі бар балалар көптеп келеді. Олар­­ға әдетте бір рет қана шаншып, жүй­келерін тітіркендіреміз. Бала болған­нан кейін шырқырап, қолды-аяққа тұр­майтындары бар. Ондай жағдайда екі адам қол-аяғын ұстап отырады. 15 минут­­тан кейін алып тастаймыз. 

 

– Біздің қалалық емханалар инемен ем­деу әдісіне көшті ме?

– Қазіргі таңда алтын инені екі жүз­ден астам мемлекетте қолданады. Кейбір ел­дер ғана маманның жоқтығынан сал­майды. Жалпы, Азия, Еуропа елдері, ал­пауыт Американың өзі алтын инеге үй­реніп алды. Өзімізге келсек, Алматыда №12 қалалық клиникалық ауруханада, Қал­қамандағы №7 қалалық клиникалық ауру­ханада, жалпы неврология бөлімі жұ­мыс істейтін орталықтардың барлығы ем­дейді. Алматы мемлекеттік медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру инс­титутында Шығыс медицинасы кафед­расы жиырма жыл бұрын ашылған. Ал ел арасында ешқандай құжаты, білімі бол­маса да басқадан көріп жасап жатқан жеке азаматтар да кездеседі. Бірақ адам денесінде ине салуға болмайтын 27 нүкте бар. Оны білмеген жағдайда бата тимесе де қате тиіп, бұлшық еттер солып, ішкі органдардың қызметі ауысып немесе соңы орны толмас өкінішке апаруы мүм­кін. Сол себепті алтын инені лицензиясы бар, заң жүзінде тіркелген орталықтарда қа­былдаған дұрыс болады.

 

– Артық пайдаланған жағдайда зияны болуы мүмкін бе?

– Негізгі нүктелеріне салынса, артық қа­былдағанның зияны жоқ. Бірақ ондағы нерв­ті, қан тамырларын зақымдап алма­са болғаны.

 

– Бедеулікті емдеу қанша пайыз нәти­же­сін береді?

– Бізде бедеулік емделмейді деген тү­сінік қалыптасқан. Олай емес. Осында кел­гелі өз басым бірнеше отбасының ба­лалы болуына қол ұшын создым. 

Бір ғана мысал, он бес жаста қызы бар, екінші рет бала көтере алмаған бір әйел Жаркенттен келіп емделді. Сөйтсек, қалқанша безі ісініп кеткен екен. Әуелі «зо­бын» емдедік, бірінші емдеу мерзімі аяқ­талған соң, «біраз демалып, қайта ай­налып келерсің» деп үйіне қайтардым. Сол екі арада толыса бастайды. «Ішім ісі­ніп кетті» деп жергілікті дәрігерге бар­са, құрсағында үш айлық баласы барын айтыпты. Құдайға шүкір, аман-есен бо­са­нып алды. 

Елге оралғандағы үлкен олжамыз – нау­қастардың құлан-таза айығып, бір пер­зентке зар болып жүргендердің сәби сүйгендігі. Бұдан артық қуаныш бар ма?! Көп­шілік ДЦП емделмейді  деп  ойлай­ды. Менің қолымнан үш жылдың ішінде он­нан аса бала жүріп кетті. Тілі шықпа­ға­нының тілі шықты. Сол ата-аналардың рақ­метін естіп, қуаныштың көз жасын көру – мен үшін үлкен бақыт. Менің же­тіс­тігім осы деп айта аламын. 

 

– Мүлде бала көтермеген, жасы біраз­ға келіп қалған қыз-келіншектерге қайтпек керек?

– Әйелдердің ішінде бір-ақ адам бала кө­тере алмайды. Ол – бедеу, яғни аналық безі жоқ әйел. Табиғи жаратылысынан ана­лық безі жоқ нәзік жандылар өте аз. Сондықтан денсаулығында кінәраты бар әйелдер дұрыстап емделсе, бала сүю мүм­кіндігі үлкен. Экологияның бұ­зылуы­нан неше түрлі аурулар бас көтерді, әйтпесе бұрынғы апаларымыз 53-55 жасына дейін бала тапқан. 55 жастан кейін мүм­кіндік өте аз, бірақ бұл жаста да ана атану­ға болады. Сондықтан ана болу ба­қытынан ешқашан үміт үзбеңіздер. Тек айтарым, бойжеткендеріміз ертерек тұрмыс құрып, бала сүюге асықса екен. Өйткені әйелдердің қасаға сүйектері 25 жаста біріне-бірі бітіп кетеді. 21-23 жа­сында босаға аттап, балалы болса, өздігі­нен босану мүмкіндігі мол. Ал екі мүшел­ден асқан соң шат сүйегі ашылмайды. Соның салдарынан көптеген клиника­ларда өзі босанады деп, ата-ана тәуекелге барып, кесер тілігін жасауға рұқсат бер­мей жатады. Дәрігер мамандардың да өз күші жетіп қалар деген үміті болады. Сөй­тіп отырғанда, бала іште тұншығып қа­лады. Сондықтан дәрігерлердің кеңе­сіне жүгініп, ортақ шешім қабылдаған дұрыс. Ата-аналар перзентінің ертерек үй­леніп, ертерек перзентті болуына ық­пал етсе, құда да, құдағи да тыныш.

 

– Жас қыздар арасында неге түсік көп?

– Тұрмыс құрар алдында, не жүкті­лік­тің алдында жатыр дайын болмаған. Жатырына суық тиген жағдайда, пайда болған бала түсіп қалады. Сондықтан ба­ла көтермес бұрын бауыр қызметі, бүй­рек, жүрек, өкпе қызметін тексеріп алған дұрыс. Тек қана әйел емес, ерлі-зайыпты екеуі бірдей қаралса, түсіктің алдын алуға болады. 

 

– Көктем шыға аллергиялық аурулар қап­тап кетеді...

– Аллергиялық аурулар экологиялық ортаның бұзылуынан туындайды. Біздің орталыққа мамыр айы қалай туады, ем­делушілер ағыла бастайды. Балалар да, ересек адамдар да жанын қоярға жер тап­пайды. Аллергиялық ауруларды зерт­теуді Қытайда өз тәжірибеме енгізгенмін. Кезінде сол елде емделген науқастар қа­зір Қазақстанға виза ашып, артымнан іздеп келіп жатыр. Бұл дерт екі курс ем қа­­былдағаннан кейін жазылады. Гар­мо­нальды дәрілер ішіп, иммунитетті одан ары әлсіретпей тұрып, қаралған дұрыс. Біз тек қана шөп дәрі, инемен емдейміз. Он күн бір курс деп есептеледі. Он күн ішінде жазылып кететіндер де бар. Ал екі курстан соң құлан-таза айығады деп айта аламын. Гаймориттің зиянына келсек, мұрындағы тыныс жолын, көмекейді ісіреді де, ауа жетіспейді. Ауа жетіспеген­нен кейін мида оттегі тапшылығы пайда болады. Есте сақтау қабілеті нашарлайды. Басы ауырады, ұйқысы қашады, жүйке аурулары туындайды. Бұл басқа орган­дарға да әсер етіп, жұмысын бұзады. Сол себептен уақытында емдеткен абзал. 

– Денесін жара басып кететін кісілерге қан­дай кеңес бересіз?

– Бұл аллергияның терідегі белгілері бо­­лып табылады. Аллергия кейде ішек бе­­тіне немесе асқазан бетіне бөртіп шы­ға­ды. Асқынған жағдайда асқазанда жа­ра­­ға айналып, қан кетуі мүмкін. Сол се­беп­­ті теріде шыққан бөрткенге, ал­­­лер­­гияға селқос қарауға болмайды. Іште қан кететін болса, ол кісіге ешқан­дай көмек қажет болмай қалады.

 

– Іштегі құртты түсіру керек пе?

– Денені жара басу құрттан да болуы мүм­­кін. Ауа, жеген тамақ, шаң-тозаңға бай­­ланысты, ішкі ағзада түрлі-түсті пара­зит­тер көбейеді. Оны анықтап, құрт бол­ған жағдайда, міндетті түрде түсіру қа­жет. 

 

– Қатерлі ісікке шалдыққандарға қан­дай жағдай жасай аласыздар?

– Негізінен, қатерлі ісікті емдемейміз. Тек операция, химиялық терапия емдерін кө­тере алмайтын жандардың өмірін уа­қытша болса да ұзартуға, ауырғанын басу­ға жұмыс істейміз. Сондай-ақ осы са­ладағы арнайы мамандардан емделуге кеңес береміз.

 

– Орталықта ота жасала ма?

– Әзірше жоқ. Болашақта үлкен кли­ника салу ойымызда бар. Ойымыз жүзеге асып жатса, Қазақстанның, Қытайдың мық­ты хирургтарын әкеліп, орталықты кеңей­тем деген жоспар құрып жүрмін. Әзір­ге қан шығармай емдейміз. 

 

– Қан шығармай емдеу демекші, ла­зер­лік сүндеттеу әдісіне пікіріңізді білдір­сеңіз...

– Лазерлік сүндеттеу – қазір ғылымда та­ласқа түсіп жатқан үлкен мәселе. Көп­те­ген ғалымдар дабыл қағып отыр. Лазер пышағы рак клеткасын өлтіру үшін, қан­ды тоқтату үшін ойлап табылған. Оны ұл­пасы енді жетіліп келе жатқан бес жас­тағы балаға қолдану өте зиян. Лазер кес­кен жерінің 1 мм мөлшердегі клет­ка­ларын өлтіреді. Балалардың жыныстық мү­шесі көптеген қан тамырлармен, нерв­терден құралған. Қазір қан шықпайды, тез жазылады, бала қиналмайды де­ген­мен, ертең болашағы қандай болады? Осы­ған әрбір ата-ана мән беруі тиіс. Одан да атам заманнан келе жатқан дәс­түрмен сүндеттесе, көп болса бір апта қи­на­латын шығар. Бұл кейін өмір бойы зар­дабын тартқаннан әлдеқайда жеңіл. Ла­зермен сүндеттелген жүз баланың сек­сені өсе келе, белсіз болып шығуы әбден мүм­кін. Ол уақытта қайда барсаңыз да еш­теңемен орнын толтыра алмайсыз. Сон­дықтан балаларымыздың болаша­ғы­на балта шаппайық. Онсыз да аз қазақ­пыз, оны әлдекімдерге еріп, одан сайын азайт­пайық. Біздің ұрпағымыз дамыған тех­никаның тәжірибе жасайтын құрба­ны­на айналмаса екен.

 

 – Соңғы сұрағым болсын, маман ре­тін­де пікіріңізді айтыңызшы... Мәйітті сойып, сот-медициналық сараптамасын жап­пай жүргізу қаншалықты қажет?

– Қытайда өскендіктен, салыс­тыр­ма­лы түрде айтайын. Ол елдің заңы бойын­ша, егер марқұмның өз жұрты не­месе нағашы жұрты «біреу қастықпен өл­тірді ме?» деп күдіктенсе немесе жас адам болса, сондай-ақ зорлық-зомбылық көр­сетілсе, онда мәйітті тексереді. Ауыр­май-сырқамай, жүріп кетсе, сөз басқа. Ме­нің түсінбейтінім, біздің елде науқас ұзақ уақыттан бері қатерлі ісікпен ем­де­ліп жатса да іш-құрылысын ашып қарай­тын көрінеді. Ауру тарихы неше кітап бо­лып тұрса да, бірден мәйітханаға жө­нел­теді екен. Олардың рұқсат қағазынсыз зираттан орын бермейтін көрінеді. 

Мәйітті соймас бұрын не үшін ата-ана­сының, туған-туысының рұқсатын ал­майды? Туған әке-шешесі келісім бер­мей, сұрап, жалынып тұрса да олардың ті­легі ескерілмейді.Заңда ақы иесінің құ­қы­ғын да ойластыру керек еді. Жақын­да­рының қарсылығына қарамай алып ке­теді, сосын мәйітхана жағалап, сүйегін ала алмай сорлап жүргендері. Мұсыл­ман­шылық тұрғыдан алғанда да адамның барлық мүшесі өзімен бірге жер қойнына тапсырылуы тиіс. Егер біреудің аяғын кес­кен жағдайда сақтап қойып, қайтыс бол­ғанда бірге көмеді. Ал мәйітханада олардың дене мүшелерін ит жеп жатыр ма, қоқысқа лақтырып жіберді ме, не істейтіндерін кім біледі? Көлік апатынан қайтыс болған жандардың өлім себебі белгілі емес пе?! Ешқандай шағымы жоқ марқұмдарға неге тиіседі?

Өлім туралы анықтаманы да мәйіт­хана береді. Ал аурухананың неге мұндай құ­зыры жоқ? Мәселен, Қытайда бір жа­рым миллиард халық бар. Анықтамаға ем­деген дәрігер қол қояды. Олардың мө­рі барлық мекемеге жарайды. Сонда біз­де мәйітхана медицинадан биік болып тұр ма? Қасапшы құрлы дәрігердің құқы жоқ па? Меніңше, бұл мәселе депутат­тар­дың құлағына жетіп, заң қайта қа­ралуы қажет.

Әңгімелескен Қаншайым Байдәулет

"Айқын" газеті

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10407
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18631