Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Саясат 10714 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 01:07

1937 ЖЫЛҒА ҚАЙТА ОРАЛУЫМЫЗ МҮМКІН

Кеше мәжілісте қылмыстық кодекстің жаңа жобасы талқыланды. Заң жобасы бойынша, қауесет (жаңсақ ақпарат, өсек) тарату ауыр қылмыс есептеліп, кінәлі деп табылған адам 12 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы талқылаудан  шыққан соң, бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель айтты.

Меркель мырза заң жобасында қаралып жатқан өзгеріске қатысты бірнеше мысал да келтірген: «Бұл бап тек қана қауесет таратушыларға ғана қолданылмайды. Сондай-ақ, банк саласына және басқа да жағдайларда да қолданылады. Мысалы, Ресейде өткен Олимпиада қарсаңында сақтық шаралары жеткілікті дәрежеде емес деген қауесет тарады. Сол сияқты Тараз қаласында су қоймасы жарылыпты деген сөз тарап, тұрғындар түн ортасында үйлерін тастап қашты. Қауесет сөз тараған жағдайда ол қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын шайқалтқан аса ауыр қылмыс саналады».

Бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Осы орайда біз бірқатар сарапшылардың пікірін беруді жөн көрдік.

 

 

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Бұл заңдардың пайда болуы жақында ғана банк-қаржы жүйесіндегі дағдарыспен байланысты шығар деп ойлаймын. Бір өсектің салдарынан бірнеше банктың құрдымға кету қаупі туындады. Бұны мойындау керек. Бірақ, үкімет әдеттегідей себеп пен салдарды шатастырып отырған сияқты. Біздің қоғам, шынын айтайық, авторитарлы қоғам. Асқан сөз еркіндігі, баспасөз бостандығы, пікір алуандығы, ақпараттық саладағы бәсекелестік жоқ. Тұйық, жабулы қазан күйіндегі қоғамбыз. Ал осындай қоғамда бірінші орынға өсек шықпағанда не шығу керек? Жұрттың сенетін басқа қандай дерек көзі бар? Шенеуніктеріміз баспасөзден, сұқбат беруден күнде қашқалақтап жатса, жалтарып жатса, журналистер ақпаратты қайдан алуы керек? Менің ойымша, мұндай заңдарды енгізудің орнына үкімет өзінің ақпараттық саясатын жөндеп алуы тиіс. Тіпті үкіметтік органдардың веб-сайттарын алып қарайықшы, масқара емес пе?! Қазақ тіліндегі ақпараты ақсап тұр, кейде мүлдем аударылмайды. Ол веб-сайттар ақпаратты тарату үшін емес, жасыру үшін жаралған сияқты болып көрінеді. Қысқасы, үкімет қоғамға тәуелді болуы тиіс, ашық болуы тиіс. Басқа дұрыс жолы жоқ. Ал егер мынадай заңдар үсті-үстіне қабылдана берсе, бір-екі жылдан кейін 1937 жылға қайта тап болуымыз ықтимал.

 

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:

- Бұл өте қатаң мәселе. Халықты дүрліктіретін арнайы таратылатын кесірлі ақпарат болады. Ал, ел ішіндегі қауесет пен адамдардың жаңсақ айтып қойғаны үшін жазалау – шектен шығу. Бірақ, Иоган мырзаның келтірген мысалдарына қарағанда, заң кез келген дақпырт сөз таратушыларды жазалайтын сықылды.

Ұйымдардың, белгілі бір салалардың жұмысына кесірін тигізетін, арнайы ұйымдастырылған ақпарат таратушыларды жазалау керек. Дегенмен, 12 жыл деген тым артық. Сосын бұл халықаралық адам құқықтарына да қайшы. Сондықтан бұл мәселеде жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс.

 

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының бас маманы:

- Бұл біріншіден, Конституцияның 20 бабына қарсы келеді. Яғни, 20 бапта  анық жазылған: «сөз және шығармашылыққа бостандық беріледі» деген конституциялық кепілдіктен қоғамды айырып отыр.

Қоғамға тараған сөздің өтірік я шын екенін кім айырады? Сарапшылар дайындады ма? Кім баға береді. Сондай-ақ, ақпараттың қауесет немесе жаңсақ екеніне толықтай көз жеткізу үшін қалай сараптама жасалады?

Мұндай мәселелерді анықтайтын, баға беретін мамандар бізде жоқ.

Бұл –ой-пікір айтқызбау, көзқарас білдіруге және түрлі әлеуметтік желілерде еркін пікір алысып, әртүрлі мәселелерге қатысты ойын ашық айтып, жазып жүрген қоғам мүшелерінің жолын жабу. Ал, қоғам ойын тұншықтырудан қандай пайда тапқысы келетіндері түсініксіз. Халықтың ойын тұншықтырудың соңы жақсылыққа апармайды.

Сондықтан заң жобасындағы бұл өзгеріс – антиконституцялық өзгеріс.

 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Қауесет сөз, өсек деген қалай қабылданса да қандай қоғамда да болған және бола береді. Біреу біреуден естігенін айтып жатады. Жұрттың аузына құлып салып қоя алмайсың. Әрине, өткендегі банк саласына қатысты шыққан арандатушылық ақпарат  сияқты дүниелер болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар да шара қолдану қажет те шығар.

Меніңше, қауесетті тараушыларды қудалағаннан гөрі халық неге ресми ақпараттарға, деректерге, ресми тұлғалардың сөзіне сенбейді. Керісінше, қауесетке, жаңсақ сөзге иланады деген мәселеден бастаған жөн секілді.

Неліктен дамыған, өркениетті елдерде қауесетке ешкім сенбейді? Олар өз елдеріндегі мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік қызметкерлердің сөзіне сенеді. Ал, біздің қоғамның қауесетке еріп кететіндігі – халықтың ресми орындар мен қаржылық институттарға сенімі жоқ. Сондықтан бұл мәселеде Үкімет өзінен бастағаны дұрыс.

Мәселен, мемлекеттің банк саласына жауапты адамдар, Ұлттық банк халыққа: «Теңгенің құлдырауы болмайды. Алаңдауға негіз жоқ. Қорларыңызды теңгеде сақтаңыздар» деді де, бір аптадан кейін девальвация жасап жіберді.

Өкінішке қарай, мұндай жағдай бірінші рет болып жатқан жоқ және әртүрлі салаларда көрініс беріп келеді. Бұл – халықты алдау. Елдің алданып қалғаны Парламентте де сөз болды.

Қауесет таратушылар жауапқа тартылады да, ал, халықты алдаған лауазым иелері жазаға ілікпейді. Түсініксіз.

Ресми орындардың елге тарататын ақпараты шынайы болмай, қаңқу сөз шыққан ауыздарға қақпақ қойып, 12 жылға соттағанмен ештеңе өзгермейді. Бұл – өркениетті елдің ұстанатын бағыты емес.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3515