Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 9863 0 пікір 8 Қыркүйек, 2014 сағат 11:14

Тұрсын Жұртбай. КҮЙІНІП, СҮЙІНЕ АЛМАҒАН ӨМІР (жалғасы)

3.

 

Ұлттық әдебиеттің осындай әлемдік деңгейіне көтерілгеніне қарамастан, тыныш күнде найзағай ойнатып жүретін Қазақстанның  Орталық комитетіне идеология жөніндегі хатшы боп келген жандарал Н.Жанділдиннің жүйкесіне «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қазақ тағдыры, қазақ тілі, қазақ мектептері, ұлттық өнер, халықтың ән-күйі, салт-дәстүрі туралы басылымдар тікендей қадалды. Оның үстіне тың өлкесіндегі қазақ мектептерінің жаппай жабылуы да зиялы қауымды алаңдатқан болатын.

Осыған байланысты 1957 жылы 26-қарашада «Қазақ әдебиеті» газеті үлкен талқыға түсті. Ұлттық мәдениеттің мүддесін қорғап, «жаңа ұлтшылдықпен күреске» жол бермес үшін, іргелі жазушылар, соның ішінде М.Әуезов те талқыға қатысты. Іслам Жарылғапов пен Әлжаппар Әбішев баяндама жасады. Қазақ тіліне – өнер, балмұздақ, аялдама, орам, гүлгүл, саяжай, жанұя, деректі, көрермен сияқты көптеген атаулардың баламасын кіріктірген Ісләм шешен өзінің қашандағы әдетімен ұзақ және кеңінен жайылған баянын қаулы шығаратындай дәрежеге жеткізбеді. Ал Ә.Әбішев біздің тақырыбымызға қатысты:

«С.Нұрышев Шортанбайдың «Бала зары» туралы өзінің мақаласында Шортанбай шығармаларының кейбір әлеуметтік сырын, реалистік сипатына, көзқарасына байланысты туған қайшылығын да жете талдап, оған нақты, обьективті баға берудің орынына С.Нұрышев ақын творчествосын бірыңғай жоққа шығаруға салынған. Ол Шортанбайды Абаймен салыстырады. Абайға қоятын талапты Шортанбайға да сол күйінде тұп-тура қоя салады. Өзгесін былай қойғанда, тіпті осының өзі-ақ зерттеушінің обьективті позиция ұстанбағандығын көрсетсе керек. Алты айдың ішінде арнап сөз еткені, негізінде, екі-ақ ақын болса, оның бірі Шортанбай әлі дүмбілез. Ол туралы бір-біріне мүлдем қайшы екі пікір айтылды. Бірінде ақтау басым болса, екіншісінде Шортанбай мүлдем қап-қара. Екеуінің қайсысы дұрыс екенін, яғни, Шортанбайдың кім екенін газет не өзі айтқан жоқ, не өзгеге айтқызған жоқ, сол дүмбілез күйінде қалдырып қойды»,– деген пікірді көтерді.

Қ.Қуандықов: «Театр сыны қамтылмайды. Жеке спектакльдер мен рольдер талқыланбайды.

Ә.Тәжібаев: Газетте жазылған мақалаларда мәдениет, тереңдік жоқ. Ежелгі айтылып жүрген арзан сөздермен толтырып, құрғақ сөзуарлыққа салыну жағы күшті. Газетке тән жинақылық, ширақтық жоқ. Тіл ұстарту жөнінде тым салынып кетушілік бар. Мысалы, көрермен деген не сөз? Газетте кейде өзін сынаған адамдарға тиісіп, беттен тырнау әдеті бар. Мысалы, Ахтанов туралы осылай болды. Бұл партиялық принципке жатпайды. Әдебиетшілердің жиналысында Ахтанов газетті сынағандықтан да оның сөзін кекетіп пайдаланыпты. Жуырда С.Мұқановтың Сәкен жайындағы мақаласы басылды. Онда Сәкеннің кейбір мінездері, бүгін газетке басуға болмайтын сөздер кеткен. Ардақты адамдар туралы керексіз, айтылмайтын бір өсектерді бықсытқан. Редакцияда сергектік, зеректік жоқ. Мысалы, Әлжаппардың елу жылдығына арнап бет беріп отырып, сол номердің бас мақаласында Тәжібаевті балағаттайды. Оны келесі санда да жасауға болатын еді ғой. Газетке партиялық жетіспейді. Соны ескеру керек. Өнер, көрермен деген баламалардың орынына біз өзіміздің искусство мен зрительді қолдана береміз»,– деп аяқтайды.

Ә.Тәжібаев газеттің ұлтшылдық сипатын осы «тіл ұстартудан» көреді.

Р.Бердібаев: «Біздің газеттің жұмысына байланысты Орталық комитеттің қаулысында менің де атым аталған еді. Сондықтан да өз қатемді түзету туралы өзімнің не істеп жатқанымды айта кеткім келеді. Мен редакция құрамында қалып бірсыпыра мақалалар жаздым. Оның бәрін жұртшылық жақсы қабылдады. Сөйтіп мен редакцияда жұмыста қалып қатемді түзеуге мүмкіндік алдым».

М.Әуезов әдебиет теориясы мен аударма теориясы, шығармалардың орыс тіліне аударылу мәселесіне тоқтала келіп:

«Бердібаев жолдастың сөзі мені сүйсіндірді. Ол Қаулы шыққаннан бері 18 мақала жазыпты. Әсіресе, оның орыс әдебиеті туралы бес мақаласы маған ұнады. Соны осы жағынан мамандандыру керек. Редакция осындай авторлармен жұмыс істеуі керек. Мұра жөнінде өз алдына талқылаған жөн. Айтыс дегенді жиі қолданайық. Бірақ ол бет тырнауға апармайтын болсын»,– деді жас «ұлтшылды» қорғап.

«Бет тырнасудан» Мұхтар бұл жолы да құтылмады. Сол кезде араларына сызат түскен Ә.Тәжібаев оны «тырнап алды». Өзіне тура келмей, ол туралы өлеңді сынады.

Х.Ерғалиев: «Әбділдә Тәжібаев өзі оқымастан, біреудің айтуымен менің Мұхаң туралы жазған өлеңімнен саяси қате табады. Жазушыларды атыстырды – дейді. Ал шынында ондай ештеңе жоқ».

Бұл хаттаманы келтіруіміздің себебі, қазақ әдебиетінің ішінде әлі де ұлтшылдықты әшкерелеудің, өзара жікшілдіктің, ретін тауып Мұхтарды мұқатудың тиылмағанын аңғарту.

Шығандап шыңға шығып бара жатқан кешегі иықтастарын биікке ұзатып салып тұрып, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов оны тағы да бір рет және ең соңғы рет етегінен тартып қалуға тырысты. Оған себеп болған Мұхтардың «Дос – бедел дос» атты пьесасы. Заманауи тақырыпқа жолы болмайтынын біле тұрып қалам тартты. Пьесада өзінің мұқым өткен өмірін елес арқылы сахнадан өткізді. Сондай-ақ мұнда өзінің сотталғаны туралы «қара күйені» алып тастағанда өкімет басшыларына айтқан: «Алашорда» туралы жазамын деген романының да сұлбасы бар еді. Осы пьесаны қалайда құлатуға ықыласы ауған екі дос өзара хат алысты. Шағын қазақы майданда Ғабит Мүсірепов бұл жолы Сәбит Мұқановтың жағына шықты.

Бұл оқиғаның саяси қуғынға қатысы шамалы, бірақ ұзақ жылдарға созылған қырғи қабақ ырғасудың соңғы сүркілі болғандықтан да тек С.Мұқановтың Ленинградта жүріп Ғ.Мүсіреповке жазған хатын түсініктемесіз ұсынумен шектелеміз.

«Құрметті Ғабит! (Өзің үшін ғана).

Мұхтардың «Дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. Онда: «Хат та жазам»,деген едім. Тез жазуға қолым тимеді, бөгетім – «Қытай очеркі». Ленинградқа қашуыма бір себеп, сол да болған еді. Телефоннан, жиналыстан... дегендей аулақ кетіп, очеркке (осы сөзді Сәкен «Шолу» деп  атаған еді, сол дұрыс сияқты, қабылдау қажет сияқты) шұқшия кіріспек ем. Ол ниетім дұрысқа шығып, сарыла отырудың салдарында, қазір еңсеріп тастадым. Енді аздап дем алмақ болып ем, есіме саған хат жазам дегенім түсе кетті. Л.Н.Толстойдан біреу: «– Сіз көп жазасыз, сонда қашан, қай уақытта тынығасыз?», деп сұраса, шал: «– Бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысқанда»,деп жауап беріпті-міс. Сол айтқандай, жазғандарымның дәрежесі қандайлығын әділ оқушының сынына тастап, өз айтарым: мен жазбай отыра алмайтын кісімін ғой. Бұл жағынан шын еңбекші екенімді өзің жақсы білесің. Бұл хат та сол «жазбай отыра алмаудың» салдарынан туған нәрсе.

Қытай шолуы туралы аз сөз: кейбір жазғанына қанағаттанып, кейін олқысыну – бүкіл жазушы атаулының басында болу керек. Өзімше: «Егерде дүниеде Сәбит Мұқанов деген жазушы болса, ол тәуір бірдеме жаза қалса, алда да тәуір бірдеме жаза алатын болса, сол жазғандарының, жазатындарының ішіндегі ең тәуірінің бірі осы «Қытай» болуға тиісті; олай дейтінім, бұл шолуда мен ұлы қытай халқының еңбек сүйгіштік, еңбектенген ісіне ұқыптылық, шеберлік, образын жасай алған сияқтымын. Материалдарым бай. Соларға сүйіне, қызыға жазып отырып, көп қағазды шимайлап тастаппын. Тегі, бұл 15-20 баспа табақтық кітап боп қалуы мүмкін.

Тақырыпқа оралайын: Мұхтардың атап отырған пьесасының басы, мен Ленинградқа жүрерден 2-3-ақ күн бұрын «Қазақ әдебиетінде» (№28, 11 июль) жарияланды. Аяғы, мен жүргенше үлгермейтін болды. Менің бір «жыным», газет-журналда үзіліп басылғандарды жинап ап бір-ақ  оқымасам шатасып қаламын. Бұнда да сөйтермін деп жүріп кеттім. Кешікпей пьесаның аяғы басылған 29-санды алдым да, бір күнімді соған әдейі қиып, тың отырған қалпымда, қолыма қарындашты ала отырып оқып шықтым.

Бұған дейін оқымауыма бас айыпты адам – Мұхтардың өзі: биылғы майдың басында, Абай театрының үйінде болып өткен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжілісінен Мұхтар екеуіміз түстен кейін шыға бердік. Абай көшесінде екеуіміз қоштасарда: «– Сәбит, – деді маған Мұхтар – ертең сағат бесте мен Москваға ұшам, сағат дәл үште Мәриям екеуің біздің үйге келіңдер». Аталған уақытта Мәриям екеуіміз барсақ, сен, Ғабиден, Шәкен ... деген сияқты бір топ адам дағдылы қарттарыңды ойнап жатыр екенсіңдер. Біз бара, хозяйка «ас дайын» деді де, бәріміз Мұхтардың әдеттегі дастарқанынан ішіп-жей бастадық. Тостар сөйлене бастады... Сонда Шәкен тұрып: «Біз Мұхаңның жаңа ғана жаңа пьесасын оқыдық. Бұл, ең алдымен сугубо партийная пьеса, екінші – қазақтың ғана емес, советтің ғана емес, бүкіл драматургияның тарихына кірген жаңалық бұл. Егер осы пьесаны қоюға маған сенсе, мен өзімді аса бақытты кісі сезінер едім»,– деді. Өзім оқымаған пьесаға Шәкен берген бағаны (өзі тәуір артист бола тұра, Шәкеннен құнды пікір шыққанын көрген емен) тыңдай, елеңдей отыра, өзгелерді ерте шақырып пьесасын оқып, жалғыз ғана мені 3-ке шақыруы көңіліме келді. Бұны ішімнен «Едігенің ескі кегі» дегендей, не ескі жікке, немесе, ойыма келген сөзді өзгелердей бүкпей айта салуымнан қорқу деп түсіндім (Соңғы жорамалым расқа шықты, оны кейін айтам).

Тамақтан жұрт тарағанда, мен аэропортқа бармай қалдым. Тахауи Ахтанов (ол – Мұхтарға поклонниктің бірі ғой) менімен бірге қайтты:«Қалай екен?»,– деп сұрап едім: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын», деді.

Кейін, союзда оқығанда, Әлжаппар хабарлағанымен, бармағаным рас. Бұрын алалап оқыған кісіге жарамсақтанып нем бар? Және Тахауидің сөзіне қарадым да: ол сөз рас болса, арандап қалармын дедім (Бұл жорамалым да расқа шықты. (Оны) бәрің жабыла мақтағансыңдар: егер сонда мен де болсам, осы хатқа жазғалы отырған сөздерімді айтар едім де, сендер «жақсы», мен «жаман» боп шыға келер едім. «Құдай» мені ол «пәледен» сақтады). Артынан өзіңнен сұрағанда: «Жақсы пікірдеміз, тек Әбділдә оңашада: «Бұл Мұхтардың өлім күйі» деді» – дедің. Одан кейін театрда оқығанда, жұрт жабыла тағы мақтапты, бірі – Гольдблат. Ол маған: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!», деді.

Пьесаңы өзім оқығанша естігендерім осылар. Өзім пьесаны бір емес, екі оқыдым, өйткені, ұнау-ұнамауын былай қойғанда, алғаш оқығанда автордың не айтқысы келуін олдә-білдә түсінген жоқпын! Екінші рет оқығанда, одан кейін ойланғанда да түсініп жарыған жоқпын. Ендігі сөз – түсінбеу себептерім туралы және түсінгенімнен жасаған қорытындыларым туралы.

Ең алғаш, газетте басылған пьесаның Октябрьдің 40 жылдығына арналуын көргенде, газет аннотациясының пьесаны аспанның ар жағына шығара мақтауын көргенде: «Мына байғұсқа жаңа, социалистік өмірден құнды нәрсе жазуға болмай-ақ жүр еді, енді сәті түскен екен ғой!», деп қуанып кеттім. Пьесаны оқи бастасам, Мұхтардың өз өмірі: 57-жылы өткізілген юбилей, баяндамашы боп ішінде мен жүрмін. «Баяндамаммен ой салған екем ғой, бұл кісіге!..», деп тағы қуандым. Орысша айтқанда, «Увы!», босқа қуанған екем. «Прологтың» аяғында ұйқыға кетіп, түс көруден бастап Мұхтар да шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады!.. Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!..

«Неге?» дейсің ғой?

Ең алдымен, пьесадағы герой атаулының шешелерінен бір рет емес, үш рет қайта тууы ешкім нанбайтын іс. Бірінші актіде бәрі де молда, екінші актіде бәрі де чиновник, үшінші актіде жаңағы молдалар мен чиновниктердің көбі коммунист!.. Түстегі шатасқаны, (сандырақтағаны болмаса), шындықты тарихта, бұндай сорақылық ешбір елдің коммунист партиясының тарихында, ешуақытта болмаған ғой? Бірен-саран (единицы) алдаушылар болғанын өзіміз де көрдік. Табынымен алдаушыларды қашан көрдік?.. Көркем әдебиетте, Горькийдің «Ағайынды Артомановтарында» екі-үш ұрпақтың жалғаса герой болуы бар, ал, мына «Дос – бедел Дос» сияқты шешелерінен бір емес, үш-үштен қайта туған адамды, әсіресе, геройды, түсінде шатасып көрмесе, өңінде көру мүмкін емес.

Тарихты герой ғып сөйлету, өзге елдің әдебиеті түгіл, қазақ әдебиетінде де Мұхтардан көп жыл бұрын салынған жол. Бір мысал, Ілияс Жансүгіровтың «Дала» атты поэмасы. Онда да ақын тарихпен сөйлеспей ме? Онда да тарих ақынға қазақ ауылындағы феодализмнен, капитализмнен, социализмнен нелерді көргенін айтпай ма?.. Бірақ, онда, тарих мына «Бедел – Достағыдай» босқа шатасып, ақылға сыймайтын былшылдарды айтпайды емес пе? Шын тарихты айтып, яғни, әртүрлі әлеуметтік формация тұсында, әр кезеңде болған тап қайшылығын, тап тартысын айтады емес пе? Ақыры, сарқып кеп, пролетариаттық революцияға, социалистік құрлысқа  құяды емес пе?..

Міне, ояу адамның, өмірмен байланысы бар адамның, оның ішкі қайшылығын түсінетін, қорытынды жасайтын және өзгеше емес, маркисисше, лениншілше жасайтын адамның, адамзаттың тарихын түсінуі осылай емес пе? Мұхтардың пьесасындағы «тарихтың» шындықтағы тарихпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл, шатысқан, сандырақтаған тарих! Біреулер бұны «метафизика» дейтін сияқты. Дұрыс емес бұл. Метафизиканың қорытындысы қисық болғанымен, Маркстің тілімен айтқанда, «аяғымен емес, төбесімен тұрған» өмір шындығы бар. Ал мына пьеса да ол да жоқ. Бұл миф және жәй түріндегі миф емес, блеф түріндегі миф!..

Мұхтардың өзі  ХХ ғасырда жасап келе жатқан адам. Пьесасының материалы да түгелімен осы ғасырдың материалы. Россия жағдайындағы ХХ ғасыр: пролетариаттық революцияның, ол революцияны коммунистердің басқаруының ғасыры, Россияда социализм құрылып боп, коммунизмге көшу ғасыры. Ендеше, (мысалы – Бейімбеттің «Шұғасы», Сәкеннің «Айшасы» т.т.) жеке адамдардың тағдырын жазбай, «Бедел-Достағыдай» бүкіл бір ұрпақтың елу-алпыс жылдық тағдырын жазған адам, олар ішінде қайнап өскен тіршілікті қалай аттап өте алады? Өте алмауын өзі де сезген Мұхтар, бұл мәселеге пьесасында лажсыз барады да, ішіне кіре алмай арам тер боп, айнала босқа шапқылайды.

Олай дейтінім, Беделді, яғни, Мұхтарды молдалықтан, ұлтшылдықтан құтқарған Октябрь болса, сол Октябрьдің осы пьесадағы ролі қайда? Октябрь тәрбиелеген қазақ коммунистері қайда? Орман (адам аты – Т.Ж.) ба ол? Не қылық, не ісімен коммунист ол? Жаппасқа: «– Беделге қарсысың?» – деп ұрсумен ғана ма?.. Орманың өзі де молда емес пе, бір уақыттағы? Өзі де ұлтшыл емес пе? Жапппасқа ұрсудан басқа өз өміріндегі былықтарын жуардай не істеді ол? Түгі де жоқ қой ондай? Ендеше, несімен коммунист? Түкірдім мен ондай «коммунистерге»!.. Мен ғана түкірген жоқпын ондай «коммунистерге», бүкіл партия боп түкірген, яғни, сыры ашыла партиядан қуылған, өзіңде білесің, ондайлардың талайын.

Пьесасында бұны істемеуі керек еді, Мұхтардың. Екінің  бірі ғана керек еді Мұхтарға: не, Октябрьге жоламай-ақ, «Шұға» сияқты жеке адам тарихын ғана алып, оны либерально-просветительдік түрде аяқтап шығуы керек еді, әйтпесе, октябрьді араластырғысы келсе, өз мәнінде, сенімді түрде араластыруы керек еді. Пьесада «о» да болмай, «бұ» да болмай, түстегі сандырақ болған да шыққан!..

Ал, осы сандырақ қалай шыққан? Әлдеқалай ма бұл? Әйтпесе, тамыры бар ма? Ахмет Жұбановтың айтуынша, (жуық арада жолықтым) бұл: «Мұхтардың алжуға айналуының белгісі». Москвадан Алматыға біздің театрдың репертуарларын көруге әдейі келген Штейн, Гончаров, Осипов үшеуінің жазып берген және көп алдында айтқан сөздеріне қарағанда, бұл – «метафизический бред» (қайран қалатын бір нәрсе, Министерство культуры СССР-дің репертуарын басқаратын Осипов Алматыға барып жазушылар жиналысында осы пікірді айтқан. Бір ай бұрын диферамба оқығандар түгел отырып, ешқайсысы қарсы шықпаған. Олардың мақтауының құны қанша екенін осының өзі-ақ көрсетеді).

Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы. Сол барып, оны  «метафизический бредке» еріксіз қамап отыр. Бұл алжуда үш себеп бар:

Бірінші себеп: жеңілуі: советтік құрлысқа, социализмге қарсы жүрген уақытын (1932 жылға дейін) былай қойғанда, одан бергі – «Совет әдебиетінің платформасына түстім» деген жылдардың өзінде, 1957 жылы он шақты күнге, «Түркістан» совхозына барып келгеннен басқа, бұл кісі әдейілеп барып, не бір өндіріс орынының, не бір колхоз, совхоздың есігін ашқан емес қой. Ендеше, социалистік құрлыстың үнемі сыртында боп келе жатқан адам ғой. Қолында құрылыс материалы жоқ ешбір шебер архитектордың, ешбір үйді сала алмауы сияқты, қандай данышпан жазушы болса да, материалын көрмеген, білмеген өмірден ештеңе жаза алмауы заңды нәрсе ғой. Ескі, өзі білетін тақырыпқа бірнеше құнды шығарма берген талантты, білімді Мұхтардың, совет тақырыбынан, социалистік революция тақырыбынан, жазушылық бойына лайықты бір де нәрсе бере алмай келуі осыдан.

Екінші себеп – біріншіден ауырлау: Мұхтар қазақ әдебиетінде осы тақырыпқа ең көп мақала жазған адамның біреуі. Соның бәрін жинағанда, бедел есебінде, марксизм класиктеріне, әсіресе, Маркс пен Ленинге сүйенген бір де бір мақаласын көрдің бе? Көп жағдайда олардың еңбегіне сүйену түгіл, аттарын да атамайды ғой. Марксизм-ленинизм ғылымына сүйеніп, әдебиетке солардың көзімен, яғни, тап тартысының көзімен, қарау, бұл кісіде жоқ қой. Бұның жететін биігі – мәдени просветительдік қана ғой. Сондықтан да маған, соғыстан бұрынғы бір жиналыста сөйлегенін естіген Семен Липкин: «Сіздің Радищевтарыңыз осы екен ғой», деген. Сөздің қысқасы, марксизм-ленинизмді ғылым деп зерттеп жүрген, оны қолданып жүрген Мұхтарды көрген емен.

Бұл арада «Абай» романы ше?– деген сұрау туады. Оның биік дәрежедегі көркем шығарма екеніне ешкім таласқан емес. Мен де оған таласқан емеспін. Құнанбай және оның тобы арқылы ол кездегі қанаушы таптың да бейнесі айқын көрінеді. Төңірегіндегілердің бәрі кәкір-шүкір болғанымен, гуманист Абай да сенімді жасалған. Осындай көркем де, сенімді де, шын да көрсетілетін картиналардың ішінде, ХІХ ғасырдың орта кезінде тап боп ұйымдасып, тап боп байларға қарсы шыққан Дәркембай тобы сияқты, заманына амалының түк байланысы жоқ, жасанды, жалған картиналар да жүреді. Ондай ұйымдасқан саналы тап, өткен ғасырдың ортасында қазақтың көшпелі, оқымаған ауылы түгіл, оқуы бар, отырықшы орыс крестьянында да болған емес. Марксизм-ленинизм қағдидасында  крестьяндар саналы  түрде еш уақытта саяси жетекші бола алған  емес. Ол революцияны бастаушы емес, қостаушы ғана. Осындай өрескел социологиясы бола тұра «Абай» романының Абайға да, Мұхтардың өзіне де, қазақ халқына да абырой әперуі рас.

Үшінші себеп: алғашқы екеуінен келіп шығады. Социалистік құрылыстың жетістіктері мен қиындықтарын көзімен көріп таныспаған соң, араласпаған соң, сыртынан ғана қараған соң, марксизм-ленинизм ғылымымен қаруланбаған соң, советтік темаға, әрине, шығарма жаза алмайды. Ал осы кемшілігін жоюға тырысушылық бар ма, Мұхтарда? Қатты сынға қарау, көңіл бөлу, сабақ алу, ісіне қолдану бар ма? Менімше, жоқ сияқты. Дәлелдерім:

1) 1932 жылы тұтқыннан босанып, газет бетінде ескі жолын сөккеннен кейін, «таныдым» деген совет әдебиетінің жолымен алаңсыз тартып кетудің орнына, «Алма бағы», «Шатқалаң», «Іздер», «Тастүлек» сияқты шындыққа жанаспайтын, көркемдік құны нашар халтуралармен жұрттың көзін алдады, «Бекеті», «Айманы» сияқты халық әдебиетінің әдемі шымылдығына жасырына қойды.

2) Өзіңе белгілі – 1943 жылы, Орталық комитет маған тағы да Жазушылар Одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін судимосы мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті үкімет пен партия қабылдады да, Жоғары Совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтық бетіндегі қара күйені сүртті. Сонда: «Абай» туралы жазып жүрген екі томды романның бірін аяқтадым, екіншісін де тез аяқтап, одан кейін Октябрь революциясы қазақ даласына қалай орнауын жазам», деді. Президум қол шапалақтады. Онысы да алдау боп шықты.

3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..

Бұдан не шығайын деп тұр енді?

Соғыстан кейінгі бір жиналыста: «Жеті томды роман жазам, төртеуі – Абай туралы, үшеуі Қазақстандағы Октябрьдің іске асып, социализмнің құрылуы туралы» деуі есіңде ме? Әнеукүні «Қазақ әдебиетінде» Мұхтардың венгер жазушысымен әңгімесі басылды, сонда Мұхтар жазам деген үш томды романының желісі, мына пьеса боп шықты. Бұның қай жері  Октябрь? Шығармалық алжу, шығармалық сандырақ деген осы емес пе? Көзге баттия көрініп тұрған осы кемшілікті орыс жолдастар (Москвадан келген) ашып айтқанда, Әбділдә, Ахмет, Тахауи, Гольдблат сияқты қазақстандықтар неге сырттан күңкілдейді? Ішіне өзіңді қоса бірталай адам көрмеуге мүмкін емес мына мінді көре тұра, ап-айқын сандыраққа неге қол шапалақтайды? Біреуді сыйлау, осырса да «жәрәкім-алда» дей беру ме екен? Мынау сол ғой!..

Мұхтардың көзге бадырайған шығармашылық кемшіліктерін бетіне айтудан қалғанымызға көп болды, жолдас. Мысалы: «Абай» романның төртінші томына сенің оңашада берер бағаң: «Ең биігі – бірінші кітап, екінші – одан төмен, үшінші одан да – төмен, төртіншісінде – құлаған» (деген еді ғой). Жұрттың бәрінің де пікірі осы. Ендеше неге бұны үйде сыбырлап айтамыз да, неге көпке айтпаймыз?

Мұхтар жазған пьесаның ең тәуірі – «Еңілік-Кебек». Бірақ шындыққа жақыны қазіргісі емес, бұрынғысы. Қазіргісі «зарлы заман». Жарты мың жыл бұрын жасаған Асан қайғыны, екі жүз жыл бұрын жасаған Бұқарды, жүз жыл бұрын жасаған Шортанбайды үмітсіздікке салындың деп, көрдегі сүйегін тепкілейміз де, бүгінгі сахнадан: «Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер» деп отырған Мұхтарға үндемейміз. Әділеттілік қайда? Большевиктік принцип қайда?

Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен. «Осы пьесасынан қорқулы» деген сөзді өзің айтып жүрсің. Мені алғашқы оқуына шақырмауы да содан.

Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам. Оны алпыс жылдық юбилейінің үстінде де көрсетіп, сонша құрмет көрсеткен, абырой әперген партия мен үкімет, халық алдында рахмет айтудың орнына, әлдеқайдағы мифтік «парнасына» шығып, тәсілқой «пегасына» мініп, еш жерде құйрығын ұстатпай, әлдене жұмбақтарды айтып кетті. «Құйрығы буырылдық» осы. Бұны мен өзім, жақсылыққа түкіру деп санаймын. Сонда осыны Ахмет айтқандай «алжығандықтан» істеп тұрған жоқ. Алжыса, ертеңінде академияда кеше күрмелген тілі неге шешіліп, «сүйікті елім», «алтын бесігім!» деп ағылып кетті?! Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл. Ауа райыңа қарайтындарға осыдан үйрену керек екен.

Сонымен, осынша ұзақ хат жазғанда не дегім келіп отыр менім?

Дегім келіп отырғаны: жеке беделге сиынбауымыз керек, кемшілігі бар шығарманы, кімдікі болса да сынауымыз керек. Әрине, «құлындағы сақау, құнандағы тісеуін» қазбай, әр шығармасының кемшілігін де, жетістігін де өз бойындағы материалға сүйеніп айту керек. Бұны істемей: «Анаған тимей-ақ қояйық, мынаны сынайық»,дегенге кім көнеді? Мұхтар жайында, басы сен болып, осыны істеп отырмыз. Әр төзімнің өлшеуі бар. Бұл төзімнің жарылар уақыты жетті. Мұхтарды алдағы трилогиялық романында бұл қаталықтарға жібермеу үшін, мына пьесаны қатты сынауымыз керек. Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот. Сен, әрине, даяр «жағдайды» соңғы бір жылдың ішінде ғана көрдің. Бұл тамырын әлдеқайда бұрын жайып алған жағдайда еді. Енді осы «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей» дегендей, кәдімгі партиялық обьективтік, жолдастық сынмен түзеп алуың қажет.

Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы, қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам.

Бұл өзіңе ғана жазған хатым. Басқаға оқуыңа рұқсат жоқ. Өзгесін бара кеңесерміз.

Сәлеммен, – Сәбит.

12-ҮІІІ-1958 жыл. Ленинград».


Бұл пікірге қандай түсінік беруге болады? Қандай ниетте жазылмасын, С.Мұқановтың М.Әуезов туралы оның көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де жалпыға ашық айтып жүрген пікірі осы хатта барынша қамтылған. Сондай-ақ пьесаның идеялық нысанасы мен түрлік құбылтуына, өмірлік және көркемдік шындығына, орындалу деңгейіне еркін пікір білдіруіне және ол пікірін сол кездегі Жазушылар Одағының басшысына хат арқылы жеткізуге Сәбит Мұқановтың толық құқы бар. Мұндай кемшілікті М.Әуезовтің бетіне айта алатын жалғыз бедел иесі де С.Мұқановтың өзі. Айтылған сынның ішіндегі маркстік, лениндік, большевиктік, таптық пайымдаулардың мүлдем жоқтығы да, не оны игере алмағандығы да шындыққа жанасымды, табиғи да болуы мүмкін. Алайда М.Әуезовтің жеке басына қарата:

Тахауидің: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын»;

Әбділдәның: «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»;

Гольдблаттың: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!»;

Ахмет Жұбановтың: «Бұл Мұхтардың алжуға айналуының белгісі»;

Штейн, Гончаров, Осиповтердің: «Метафизический бред»;


С.Мұқановтың: «Мұхтар шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады! Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!»; «Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы»; «Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен»; «Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам»; «Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл»; «Жеке беделге сиынбауымыз керек»; «Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот»; «Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы, қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам»,– деген пікірлерді қалай түсінеміз?

Адал ниеттен туған ба, жоқ, сұраушы адамның көңілін жықпас үшін айтылған «шығарып салды» ма, әлде шынында да «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»; «Бұл – Мұхтардың алжуға айналуының белгісі», «Бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы» ма еді? Обал-сауабын әуелі айтушылар, содан кейін хатқа түсіруші адам көтерер мәселе бұл.

Әрине, пьеса сахнаға жіберілмеді. Бірақ та оған енді М.Әуезовтің жығасы қисаймайтын. Оның есебі – өзге, адымы – алыптана бастап еді. Енді оған тек таң қалып қана қарау жарасатын. Жеңсе – мақтап қана жеңе алатын – өзге бір уақыт пен кеңістікке көтеріліп кетіп еді.

Қашан кеңес өкіметі құлағанша басылымға рұқсат етілмеген Дулат, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіп позиясын ақтап алудың орайы келген 1959 жылғы 15-19 маусым аралығында өткен «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияның түпкі мақсаты да сол болатын. Өзге республикаларда да жарыса өткен мұндай бас қосуда бұрынғы қателіктерін орынына келтіріп, Шәміл сияқты күрделі тұлғалардың да басын ашып алды. Сондай дәмелі үмітпен Сәйділ Талжанов – Шортанбай Қанайұлы, Ханғали Сүйіншәлиев – Дулат Бабатайұлы, Заки Ахметов – Шәңгерей Бөкейұлы, Ісләм Жарылғапов – Машһүр Жүсіп туралы дербес баяндама жасады, бұл мәселе Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, Ы.Дүсенбаевтің да талдауының арқауы болды. Осы конференцияда қазақ әдебиеттану ғылымы өкілдерінің негізгі көзқарастары екіге бөлінді: Қ.Жұмалиев – қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан, ал Б.Кенжебаев – көне түркі дәуірінен басталып, жыраулар поэзиясымен жалғасады – деген тұжырымды ұстанды. Бұл тұжырым қашан кеңес өкіметі жойылғанша өзінің пәрменін сақтап қалды. Міне, осының барлығына тоқтам айтып, «жазықсыз жазалыларды» жарыққа шығаруға болатындай пәрмен мен құқық Мұхтар Әуезовке берілді. Ол өзінің қорытынды және конференцияның қарар қабылдауына тікелей ықпал беретін тұжырымды сөзінде:

«Шортанбай жайында С.Талжанов ... Шортанбайдың көпке мәлім керітартпа, қайшылығы мол мұраларын, сол қайшылықтарды атай отырып, ақтау жағына бейім болды. Ал анығында Шортанбайдың бар көзқарасының бір ғана шыны бар емес пе еді? Ол – діншілдік, керітарпалық сарынға соғатын. Шортанбайлық көзқарастың түп қазығы, сарқып құяр сағасы қайсы десек, ол: «заман азды, бұл ақырзаман ғаламаты» дегенге саятын. Осы сияқты Ханғали Сүйіншәлиевтің Дулат турасындағы тексеруі де сыңаржақ боп шықты. Дулаттың идеялық тарихтық керітартпалығы, міні деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. Көпке мәлім даулы, күдікті жерлердің бәрін де «әрі итеріп, бер жығып» дегендей бұлдырға соға берді... Машһүрде іздесең – пантюркистікті де, панисламистикті де табуға болады. Бірақ ол жайлар бұнда Гаспиринский тәрізді пантюркистердей програмдық бағыт, өріс алған ойлар емес еді десе – бір сәрі... Қожахмет Яссауи туралы сөйленген сөздерге жауап ретінде айтарымыз: Яссауи сияқты адамдарды кітаби жазушылардың да қатарына кіргізуге мүлде болмайды. Яссау ескі шағатай тілі деп аталатын, беріде, қазір де көне өзбек тілі деп аталып жүрген тілде жазған. Ол тарихқа кірсе тек өзбек әдебиеті тарихына кірер еді. Бірақ мұрасының залалды мистикалық діншілдік, керітартпалық санасы себепті өзбек тарихынан да шығарып тасталған. Бір кезде оны өзбек ұлтшылдары әдебиет тарихына кіргізе бастаса да, кейінгі маркстік-лениндік әдебиеттану негізі бойынша өзбек ғалымдары Яссауиді жоғарыда айтқандай, әдебиет тарихынан мүлде өшірген... Жоғарыда айтқандардан ұзамай, әрі сондай пікірлерге жол бере берсек, біздің әдебиеттану ғылымымыз тағы да қырқыншы жылдардың ішіндегі көпшілігіміз жіберген қателіктерге тағы да қайта соғар еді. Шортанбай, Мұрат, Дулаттардың бәрі де бірдей «анау ақауы», «мынау кемшіні», ол-пұл міні бола тұрса да, «жақсы ақын» дейтін болсақ, тағы да бірыңғай ағын арнасына түсеміз. Ал бұған бізге тарих та, партия да бір де бір рұқсат етпейді. Солары шексіз дұрыс, біздің ғылымның ырысы»,– деп екіұштылау қорытынды жасады.

Керісінше, Шортанбайды – Шоқанға, Дулатты – Ыбырайға, Мұратты – Абайға қарсы салыстыра «тексеруді» ұсынды. Оның бұл сөзі қаулыға негіз қалады. Сөйтіп, олар тағы да отыз жыл бойы тылсым тағдыр кешті. Ал өзбектер Яссауиді дербес зерттеп, қолжазба жинағын шығарып, ұлттық руханиятының меншігіне айналдырып та үлгерді. Бұл тұста Әуезовтің сөзі – сөз, айтқаны – үкім, дегені – орындалатын. Құнанбай туралы да осындай пікір ұстанды. Зады, зауығы сөнген көңілге қайта шоқ тастағысы келмеді ме, екен? Соның нәтижесінде Кенесары қозғалысы да «керітартпа» күйінде қалды.

Тағдыр талқысындағы осындай қарсы ағыстардың мағынасын да сол  Олжастың:

«Шамшырақтарға майлы білте керек, ал Күншырақтар онсыз да өмір сүре алады. Алайда алмастай жарқыраған нәзік сәуле ұлттық мәдениеттің шырқау аспанына көтерілгенше алмастай беріктік көрсетуге тиіс болды, әйтпесе ол, біздің санамызда орнаған тылсым қараңғылықтан өте алмайтын. Ол асыл сәуле, не санаңа сәуле боп құйылып барып сынып тынады, не санаңды мағрифаттандырып, мәңгілік өмірдің нұрына айналады. Міне, Мұхтардың тағдыры бізге осыны тәфсір етті»,– деген сөзі толық жеткізеді.

Соңғы майданда Мұхтарға соңғы Күншырақтың тағдыры нәсіп етілді. Ұйғыр ақыны Махмұд Әбдірахманның:

Мен өзім болсам досы көп шайыр,

Қасым да көп, оған да қайыр.

Болашақ үшін күреске түссең,

Дұшпансыз адам – адам ба, тәйір, –

деген шартына салсақ, онда Мұхтарға «өзінің адам екенін дәлелдейтін мүмкіндіктер» қапысыз берілді.

Оған 1958 жылы 10-көкек күні Жазушылар Одағының С.Омаров төрағалық, Ғ.Ахмедов хатшылық еткен, төралқа мүшелері С.Мұқанов, С.Бегалин, Ә.Әбішев, К.Хасанов, Д.Снегин бастатқан 82 адам қатысқан мәжілісінің шешімі дәлел. Онда Қ.Жармағамбетов бір кезде өзі: «халық жауы Кенесарыны дәріптеген» ұлтшыл-буржуазияшыл, «атышулы Абайдың ақындық мектебі деген бағытты қалыптастырушы», «фольклор мен эпос саласында жалған ғылыми ұстанымды орнықтырған», «ислам шариғаты мен түрікшілдік ілхамды насихаттаған», «феодализмді үлгі тұтқан», «хандардың жоқтаушысы» деп атаған М.Әуезовке:

«Жолдас М.Әуезов – аса көрнекті қазақ жазушысы, Сталиндік сыйлыққа ие болған атақты 4 томдық «Абай» романының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі, шығыстанушы ғалым, – деген мінездеме беріп, – Осы мәжіліске қатысып отырған Қазақ ССР-нің астанасы Алматы қаласының  барлық жазушыларының атынан Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кандидатурасын СССР Ғылым Академиясының толық мүшелігіне ұсынды».

Иә, уақыттың талабы қалай өзгереді десеңші. «Ара» журналының бас редакторы Қ.Жармағамбетов осы арқылы: М.Әуезовтің алдында өзінің бетін жылытып алды – деу әбестік болар. Бірақ аса ұғымтал, асқан білімпаз, өте талантты, өткір осынау талант иесінің жандүниесі, ішкі нәрі «жасасындатқан» кезеңнің тұсында жанып кетіп еді. Арлы азамат өзінің ожданымен бетпе-бет қалған шақтағы жанталасқа шыдамай, орыстың орта қол ақыны Сергей Семьянниковтың:

Начну с того, что я еще не умер,

Что сплетни обо мне – для дураков,

Я просто эту смерть придумал,

Чтобы отдохнуть на время от врагов, –

дегеніндей, өмірінің соңын табалаудан тыс жалғыздықта өткізіп, туған жері Торғайда оқшау бөлмеде өмірден қайтты.

Ол да бір тағдырдың тауқыметі шығар.

Ғалым ретінде кеңестік ғылымның ең жоғарғы иерархиясы СССР Ғылым Академиясының толық мүшесіне сайланбағанымен де, жазушы ретінде ол биікке көтерілді. 1958 жылы 28-қараша күні Қазақстан Жазушылар Одағының төралқа мәжілісінде екі тұлғаның шығармасы социалистік құрылымдағы аса беделді, Нобельдік сыйлықпен пара-пар саналған, шығармаларының дүние жүзі тіліне аударуына кепілдік беретін Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Мәжілісте бірінші Тахауи Ахтановтың, екінші Мұхтар Әуезовтің есімі аталды. Алқа төрағасы Ғ.Мүсірепов, С.Омаров, партия ұйымының хатшысы Ғ.Ахмедов қол қойған ұсыныспен бірге К.Зелинскийдің «Путь поэта» («Правда», 1958, 3 тамыз), М.Қаратаевтің «Шедрый талон», «Первая казахская эпопея» сияқты мақалалары, «Еңлік-Кебек» пьесасының жиырмасыншы жылдары Қазақтың халыққа білім беру институтында қойылғаны, Сара Есова – Еңлік, Ілияс Жансүгіров – Кебек ролінде ойнағаны туралы «Тілші» газетіндегі  жарияланым да  қоса тіркелген. Мінездемеде:

«Алайда жазушы көзқарасының шектеулігі және оның сол жылдардағы пролетарлық емес идеологияның ықпалынан шыға алмағандығынан, Әуезов халық өмірінің дамуы сөзсіз революцияға әкелетіндігіне сенбеді, кеңес құрылысының қазақ даласына әкелген жаңалығын толық түсінбеді. Сондықтан да бұл жылдары оның шығармаларында қате сарындар басым болды, өтіп жатқан құбылысты социалистік таным тұрғысынан түсінуге революциялық ұмтылысы жетпеді. Мұндай идеялық, көркемдік жаңылысулар оның аталып өткен «Еңлік – Кебек» пьесасынан анық байқалды. Бұл пьесада, әсіресе, оның бірінші нұсқасында ру аралық қақтығыс – «жақсы би» мен «жаман бидің» арасындағы тартыс – жақсылық пен жамандықтың күресі ретінде көрсетілген. Бұл автордың әлі толыспағандығын, әрі көзқарасының шектеулі екендігін танытты.

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында, әсіресе, РАПП жетекшілерінің қателіктері белең алған тұста Мұхтар Әуезов дұрыс ұстанымнан алыстап, ол буржуазиялық-ұлтшылдықтың және өршіл романтизмнің желегінде жүріп «Қаракөз» пьесасы мен тарихи шындықты бұрмалаған «Қилы заман» повесін жазды. Қуанышқа орай, дарынды жазушының мұндай идеологиялық адасуы ұзаққа созылған жоқ»,– деп басталды.

Мұндай саяси мінездеме берілмесе, онда ол партиялық қырағылықтан айырылу болып табылатын. Қалай дегенмен де «Абай жолы» әлемдік ғарышқа жол тартты. Келесі жылы көктемде оған Лениндік сыйлық берілді.

1955-1961 жылдардың аралығында екі рет қатарынан Қазақ республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сондай-ақ, Кеңес одағы Бейбітшілік қорғау комитетінің, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комитеттің мүшесі, СССР Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы президиумының мүшесі, Азия-Африка елдерімен ынтымақтастық жөніндегі кеңестік комитеттің төрағасының орынбасары, Үнді-кеңес достығы мен мәдени байланыс қоғамының Қазақстандағы бөлімінің төрағасы міндеттерін атқарды. М. Әуезов мәдениет-өнер қайраткерлерінің құрамында І955 жылы Индияға қырық күндік сапар шекті, ГДР жазушыларының IV құрылтайына (1955, желтоқсан), 1956 жылы Чехословакия жазушыларының құрылтайына барды. 1957 жылы тамызда Токиода өткен атом, сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі III халықаралық конференцияға, 1960 жылы АҚШ-тағы кеңес жазушыларының пікір алысуына, 1961 жылы наурызда Делиде өткен III халықаралық бейбітшілік қорғау конгресіне қатысты, халықаралық мәжілістерде сөз сөйледі. Осы сапарларында қазақ ұлты мен кеңес әдебиетінің озық нұсқаларын насихаттады, әлемдік рухани ынтымақтастыққа жол салды. Сол сияқты Мұса Жалил, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов іспетті ұлы таланттардың туындыларының әділ бағаланып, Лениндік сыйлық алуына тікелей ықпал жасады.

Бұл толық марқаю және даңқ тұғырына мәңгілік көтерілу еді. Енді оған «дауыл да, боран да, дүлей де» қарсы тұра алмайтын. Мұхтардың өмір жалауындағы «тартыс» деген сөз өшті. Ол «даңқ», «үміт» айдынынан кешіп өтіп, лаухулмахфуздың тақтасында «өткінші өмір» деген сөздер жазылған жағаға бет алды. Алда екі жылдық өмір қалды.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3583