Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 4590 0 пікір 26 Тамыз, 2014 сағат 10:46

28 нысан сатылды

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген сөз бар. Осыған орай, біздің шетелдіктерден үйренетін бір «жақсымыз» - өз елінің кәсіпкерін қолдау. Шетелдіктер сауда-саттық жасайтын жерлерде біреудің өзі шығарған өнімін сатып тұрса, ешқандай ойланбастан сатып алады екен. Неге? Өйткені ол: «Ертеңгі күні бұл адам менің шығарған өнімімді де сатып алады ғой» деп ойлайды. Бір жағынан алғанда, бұл да отансүйгіштік сезім, өз ұлтының өкіліне деген үлкен жанашырлық. Біздің қоғамда да осындай отансүйгіштік, жанашырлық сезімдер тезірек қалыптасса деп армандайсың.

Алайда, Қазақстанда да іскерлік мәдениет пен кәсіпкерлік белсенділік жақсы дамып келеді. Кәсіпкер деген ұғымға ауқатты, белсенді, жаңашыл, беделді деген сөз тіркестерін қосып айтатын болдық. Себебі, кәсіпкерлік жалпыұлттық әлеуметтік қозғалысқа айналып келеді. Ал, мемлекет әртүрлі тәсілдерді пайдалана отырып, экономикамыздың алуан салаларындағы өзінің үлесін азайта түсуде. Мемлекет басшысының өзі жариялаған жаңа жекешелендірудің екінші толқыны осыған нақты мысал бола алады.

Мәселен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов елімізде құны 1 млрд. теңгеден астатын коммуналдық меншіктегі және ұлттық холдингтер мен компаниялардың меншігіндегі 28 нысан жеке меншікке сатылғанын хабарлады. Ол биыл барлығы 278 ұйымды жекешелендіру жоспарланғанын, соның ішінде нысандардың 19-ы – республикалық меншікке, 109-ы – коммуналдық меншікке, 75-і – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға, 75-і – ұлттық холдингтер мен компанияларға тиесілі екенін жеткізді.

«Жекешелендірудің екінші толқыны мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартып, жаңа салаларда жеке меншік кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталған шара. Жаңа кәсіпорындарды сатып алған қожайындары біріншіден, әбден қалыптасқан бизнеске қол жеткізеді. Екіншіден, сол бизнесті одан әрі дамытуға өз тарапынан бастама көтеруіне үлкен мүмкіндік туады. Үшіншіден, өзінің саласында ең үздік кәсіби маман болып табылатын кадрларды өзіне тартуға жол ашылады. Осылайша, жекешелендіру үдерісі бұқаралық кәсіпкерліктің дамуына қуатты ықпал етеді»,- деді Марат Құсайынов. Оның пікірінше, жеке меншік инвесторлардың келуі кез-келген кәсіпорынның қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, сондай-ақ кәсіпорын шығаратын өнімдер мен ұсынатын қызмет түрлерінің сапасын жақсартады.

Айтпақшы, дөңгелек үстелде отандық кәсіпкерлер жекешелендіру үдерісінде ескерілмей қалған мәселелерді көтеріп, талқыға салды. Мәселен, бұған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы электрондық саудада берілетін ақпараттың жеткіліксіздігін айтқан-ды. Қаржы министрлігі осы ескертуді ескеріп, электрондық сауда алаңындағы мәліметтерді жаңартып үлгеріпті. Бұдан былай электрондық саудада сатылатын нысанның бастапқы және сатылғандағы бағасы, сатылған күні мен сауда тәсілі, сондай-ақ сатып алған адамның әлеуметтік мәртебесі мен нысан сатылған өңір ашық көрсетіледі. Дөңгелек үстелде «Паскаль» ЖШС-інің директоры Ғалымжан Масанов «Жылжымайтын мүлікті сатып алған адамдардың аттары неге ашық жарияланбайды?» деген сауал қойды. «Нысандарды кімдердің сатып алғанын аты-жөндеріне дейін ашық көрсетуге жұрттың бәрі келісе бермейді. Бұл жерде коммерциялық құпиямен, ақпаратты жария етпеуге қатысты біздің алған міндеттемелерімізбен байланысты заңдық және этикалық жағдайлар бар. Этикалық тұрғыдан алып қарасақ, кез-келген адам өзінің сатып алған мүлігін жұртқа жария етуге міндетті емес. Бәлкім, бұған біреулер өз еркімен келісетін шығар. Бірақ келіспейтіндер де бар. Сондықтан, мәселені заңды және азаматтық тұлғалардың өздерімен кеңесіп барып шешкен дұрыс»,- деп жауап берді аталған сауалға Қаржы министрінің орынбасары Руслан Дәленов.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601