Дүйсенбі, 9 Желтоқсан 2019
46 - сөз 5158 0 пікір 11 Тамыз, 2014 сағат 16:01

Адасқан подполковник

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Әскери бөлімде қызмет істей жүріп сектаға кіргендіктен жұмыстан аластатылған бұрынғы әріптесім жайлы хикаяны «Алаш айнасына» ұсынып отырмын. 

...Ол ақылды әрі көрікті еді. Мінезінің жайдарылығы, үлкенді үлкендей, кішіні кішілей құрметтей білетіндігі өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Бірдеңені сұрай қалсаң, ешқашан «мен білмеймін» деп айтпай, сұрағыңды қалайда жауапсыз қалдырмауға тырысатын.

Еліміздің маңдайалды әскери бөлімі болып саналатын осы полктің тәрбие беру бөлімін басқаратын подполковникті ешқашан дауыс көтермейтін ізеттілігі үшін офицерлер мен сарбаздар да жақсы көретін. Сыртынан бақылар болсаңыз, оның газеттердегі жылт еткен жаңалыққа құмарлығын, спортқа деген сүйіспеншілігін, елдің бәріне қол ұшын беруге дайын тұратын жанашырлығын тез аңғарар едіңіз.

Зейнеткерлікке кетуіне екі-үш ай қалса да, бір күні подполковник мырза қызметтен оқыс шығып кетті. Бірнеше күннен соң ол жұмыс орнында қалып қойған қағаздарын алуға әскери бөлімге бас сұққан еді. Неге екені белгісіз, сол күні бұрынғы сыйлас әріптестерінің бәрі одан қашқақтап, полк басшылары сыртынан аңдып жүрді. Іле-шала командирден «Ана подполковник бұдан былай полк аумағына өтуші болмасын!» деген бұйрық келді.

Кетіп қалған подполковниктің есімі осыдан бастап жасырын, сыбырмен ғана аталатын болды. «Неге бұлай болды?» - деп сұрап едім, әріптестерімнің бірде-бірі ол жайлы сөз қозғауға құлық білдірген жоқ. Тек кабинеттес сержант қыз ғана: «Ол әйелінің үгіттеуімен сектант болып кетіпті», - деді ақырын.

Бақсам, подполковнигіміз үнемі шетелден келген миссионерлермен қызу жұмыс істеп, олардың идеяларын уағыздап жүріпті. Бірде сондай жұмыс үстінде оны қауіпсіздік қызметкерлері ұстап алып: «Мынауыңыз не, аға? Өзіңіз офицерсіз, өзіңіз қазақсыз. Ұят емес пе?» - деп абайлап ескертсе, подполковник құтырып кетіп:

–Маған тыйым салатын кімсің сен? Біле білсең, мен пәленше полктің подполковнигімін! – деп, бет қаратпапты. Осыдан соң қауіпсіздік қызметінен полк командиріне қызметтік хат келіп, әлгі ағамыз жұмыстан аластатылады. 

Оқыған, көзі ашық деп жүрген сауатты әрі елдің бетке ұстар сарбаздарына он жылдам астам уақыт тәрбие берген қазақ азаматының қылығы мынадай болса, басқа қараңғы тобыр не істемейді?! Оның діни сектаға кіріп, жат дінге сенім артуына не себеп болды екен? Шыдамым жетпей, үйінің телефонын теріп: «Аға, сіз бір шіркеуге баратын сияқты едіңіз ғой... Маған рухани көмек қажет болып тұр. Мекенжайын берсеңіз, барайын деп едім», - дедім жорта. Ол менің өзі барып жүрген сектаға баруға ықылас танытқаныма қатты қуанып кеткенін жасыра алмай қалды. «Сен Наурыз мерекесінде біз күтетін Қыдыр атаның кім екенін білесің бе?» - деді ол. «Қыдыр ата дегеніміз – кәдімгі Иса құдайдың өзі ғой! Иса өлген жоқ, ол бізді қиындықтан құтқару үшін әрдайым жанымыздан табылады». 

...Әр жексенбі күні түскі сағат 12-де қазақтар бас қосатын бұл жер «Үміт қауымы» деп аталады екен. Біз өзімізді мұсылмандар десек, бұлар өздерін мәсіхшілерміз дейді. Мұндағыларды ұлты корей, көзілдірік таққан бір еркек басқарып жүр. Ол жаңадан барған адамды дереу танып, содан сыр тартуға, мінез-құлқын зерттеуге кірісетін көрінеді. Алғаш сұрайтындары: «Кім арқылы келдіңіз?». Соған қарағанда, соңынан көбіректеу адам ертіп әкелгендерге сыйақы беріп, қарық қылатынға ұқсайды. Әлгі адам менен сыр тарта отырып, менің жоғары білімді екенімді, коп оқитынымды аңғарып қалды. Және менікөңілімді жаулауға кәдімгідей ұмтылды. 

Бұрын әскери киіммен жүргенде сымбатты сияқты еді, біздің бұрынғы бастығымыздың түрі адам шошырлықтай, олпы-солпы. Жұпыны, қалай болса солай киіне салған. Әйелі, бала-шағасы- бәрі бірдей түп-тамырларымен осы қауымға туған ұясындай сіңіп алғаны көрініп тұр. Әйелінің киіміне қарасаң, осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы уақытта өмір сүріп жатқандай.

Бір кезде құдайды мадақтап ән айту басталды. Одан соң Иса пайғамбарға арналған әндер айтылды. «Иса – біздің әкеміз! Шын жүректен оған сенеміз!» деп келеді әндерінің қайырмасы. Бөлме іші азан-қазан болып кетті. Құдды бір жындыхана ма дерсің. Бәрі аяқталған соң бірінші рет келіп отырған «қонақтарға» көңіл аударылды. Жиналғандардың бәрі артқы қатарда отырған біздерге қолдарын соза бұрылып: «Қарсы алам сені Исаның атымен, Жүзіңде сенің Исаның нұры бар!» - деп рахаттана шырқады. «Көрдің бе, - деді маған бұрынғы подполковник масаттана қарап, - қай жерде сені осылай ілтипатпен ерекше қарсы алады? Адамды жылы жүрекпен қарсы алу рәсімі бізде ғана бар!». 

Әндетіп болған соң, кішкентай балалар құдай және Иса туралы дәріс тыңдауға басқа бөлмеге кетті. Ал үлкендер өздерінше дұға оқуға кірісті. Дұға оқығанда түрлері есеңгіреген адамша, мәңгірген күйге еніп кетеді екен. Екі қолын екі жаққа сермеп отырған әңгүдікке қарап отырып, бұрын соның қарамағында қызмет істегеніме намыстанып кеттім. Бірақ жұмыстан шығып қалғанына налыған ол жоқ. «Он жыл бойы шәкірт тәрбиеледіңіз. Бүгінде 22 жасқа толған айтулы әскер тарихында сіздің де қолтаңбаңыз бар ғой. Бір-ақ күнде керексіз заттай сыртқа лақтырып тастағандарына ішіңіз ашымай ма? Тіпті ел қатарлы мерекелік жиындарға да шақырылмайсыз», - деп сыр тартып едім. «Еш өкінбеймін. Өйткені құдайдың қалауымен менің адамдар арасындағы миссиям аяқталды. Ендігі өмірім, күш-жігерім құдайға ғана арналмақ», - деді ол, құдаймен келісімшартқа отырып қойғандай.

Мені әрекетімен таңғалдырған подполковниктің сектаға әйелінің ықпалымен барғаны, өзіне арналып айтылған «қарсы алу әнінің» әсеріне тұтқындалғанын ұқтым. Және әлгі жерде бір гипноздың бары анық байқалды. Өйткені шыққанда басың қатты айналады. 

Мән-жайды біреудің айтуынсыз, өз көзіммен көргендігім көп нәрсеге көзімді ашты. Он жыл бойы бір жағынан сарбаздарға білім беріп, екінші жағынан, шетелдік миссионерлердің миссияларын пиғылын ақырын ғана жүзеге асырып жүрген зымиян подполковниктің кеш болса да әскери қызметтен шеттетілгені жақсы болды. Басқаларға да ұмытылмас сабақ. Қанша дегенмен, үкімет мұндайға немқұрайды қарамайды екен деп сүйсініп қалдым. Шен-шекпені биік мемлекеттік қызметкерлердің бұлайша адасуын әріптестеріміз «отанға жасалған опасыздық» деп тапты. Содан бері мен адасқан подполковникті «шіріген жұмыртқа» деймін.

Жанар Әбдікәрім

Алаш айнасы газеті

0 пікір