Дүйсенбі, 9 Желтоқсан 2019
46 - сөз 12768 0 пікір 11 Тамыз, 2014 сағат 15:55

«Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім…»

саттар---- копия

1979 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан шыққан «Менің құрдастарым» атты 532 беттік үлкен бір томдық шығармалар жинағы Саттар Ерубаевтың ешқашан талант қайнары сарқылмайтын, ақ бұлағы тартылмайтын, жылдармен жасара, жаңғыра жарқылдайтын халқымыздың аяулы перзенті екендігін айқын­дай түседі. Кітапта «Менің құрдастарым» атты романынан өзге, оның новеллалары, балладалары мен  өлең-жырлары, публицистикасы, сатиралық суреттемелері мен пародиялары, сын мақалалары және Саттар Ерубаевты көзі көрген  тұстастарының естеліктері жарияланған еді.
Әдебиет әлемінде жарық жұлдыздай жалт етіп ағып өткен қыршын жас, зор талант иесі Саттар Ерубаев өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі еді. Талантты  жас қазақ әдебиетінде дарын даралығымен, өзіндік стиль ерекшелігімен көріне білді. Оның шығармашылығынан өзіндік беті бар, эстетикалық талғамы күшті, мәдениетті жазушының тұлғасы айқын аңғарылады. Жалын жастық, баянды бақыт пен мөлдір махабатты тамылжыта жырлаған Саттар Ерубаев – жиырма үш жыл ғана ғұмыр кешіп, аз жасап, көп іс тындырып үлгерген халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі. Ол шын мәніндегі жаңа тұрпаттағы  тамаша мәдениетті жазушы болды.
Осынау ХХІ ғасырға аяқ басқан дәуірде ұлттық өнеріміз тәуелсіздік туы астында өркендеп, мәдениетіміз марқайып, оқыр­ман­дарымыздың эстетикалық талғамы өсті. Соған қарамастан, Саттар Ерубаевтың шоқтығы биік шығармаларының сиқыр күші биіктемесе, аласарған емес. Асқан дарын иесінің жанының таза, мөлдір қайнары әрі кәусар, әрі тұнық. Адамзаттың асыл  мұраттарына қызмет етіп келе жатқан Саттар Ерубаев өз оқырманын еміренте елжіретпей, үміт ұшқынын аулаулатпай, арман-ойларын жалаулатпай бейқам қалдыра алмайды.Сөз басында айта кетер бір жайт, Саттар Ерубаев сегіз қырлы, бір сырлы, дарынды, өткір ойлы, қосшылыққа да, басшылыққа да жарай білген үлкен ұйымдастырушы болған. Ол өмір тауқыметін тарта жүріп, өзінің алғырлығымен дараланып, Ленинградтағы философия-лингвистика инситутын бітіргеннен кейін қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің туын көтеруге атсалысты.
Ол қазақ тарихында тұңғыш ашылған музыкалық театрдың алғашқы директоры (казіргі Абай атындағы опера және балет театры), Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының доценті, «Ленинская смена» газетінің бөлім меңгерушісі, «Ле­ниншіл жас» газеті редакторының орынбасары, «Қарағанды пролетариаты» газеті  редакторының орынбасары, Ленинградтағы  тарих-лингвистика институтының аспиранты болды. Міне, оның қысқа өміріндегі даңғыл жолы осындай. Шығармаларының арқауы – бақыт, жастық пен өмір туралы жырланған. Сөзге шешен, көпшілікті көшке ерте білген тұлға. Жарық дүниеге, өнер әлеміне нар жүгін көтерер арманымен өзімсініп, еркелей еніп, ұзын жолдың өрінде, жаңа ғана көзге түсіп, ел аузына ілініп келе жатқан шағында атажұртын егілдіріп кеткен еді. Қазір 20-30 жастағылар әлі жаспыз ғой дейді. Ал Саттар Ерубаев қазақтың «он үште отау иесі» деген сөзін дәлелдеп, анықтап кетті.
Ол жиырмадан асар-аспас шағында «Ме­нің құрдастарым» атты романын жазды. Бұл шығарма сол кезеңде, яки 30-жылдары мүлде ерекше форма, стиль, жаңаша  көркемдік әдіспен жазылды. Оның композициялық, сюжет құрылымына, сөз өрнегіне көз жүгіртсеңіз, таңданбасқа лажыңыз жоқ. Оны оқи отырып, Саттар Ерубаевтың шалқар білімдарлығы бірден-ақ аңғарылады. Оның Еуропа елдері мә­дениетінен хабарының молдығы, философия, геология, тарих, география, астрономия сияқты  сан қырлы ғылымды зерттеп, білгеніне куә боласыз. Инстиут, аспирантура, күнделікті қат-қабат жұмыс – осының барлығына қалай уақыт таба білген, бұл не деген жанкештілік деп қайран қаласыз. Мұның үстіне, ол ауыр дертпен де айқасқа түсті. Емделуге, өз жанын күтуге де уақыты болмаған сияқты.
Осыдан сексен жылдай бұрын жазылса да, «Менің құрдастарымдағы» күн сәулесіне қолын жайған жас азаматтың жан сырындай бір нәзік  әуен бүгін де көкейге қаз-қалпында құйылып жатқандай сезімде боласыз. Рахмет, Лизалар шахталарда ғана емес жалпы күнделікті өмірде кездесіп жүрген дос құрбыларымыздай секілді. Саттар Ерубаев шахтерлер өмірін сол кездегі шахтердің өзінен артық білмесе, кем білмеген. Қалай болғанда да, бұл романда сол өмірдің нағыз шындығы, ақиқат тірлік-тынысы сезіледі.
Романның кейіннен кітап болып жариялан­ғанын жас Саттар Ерубаев  көре алмай кетті.  Сол романымен ол қазақ әдебиетінде өзіндік дара орын алды. Әрине, бұл романды талдап жазу, оны насихаттай білу кейінгі әдебиетші, филолог ғалымдардың еншісі болмақ. Мен өз басым Саттар Ерубаев шығармашылығын терең талдап, зерттеген дүниелерді онша кез­дестіре алған жоқпын.
Саттар Ерубаев шығармаларынан оның өз өмірін, өз арманы мен өз мұңын, көңіл-күйін көреміз. Оның мынау бір ой-толғамдарын  бүгінгі күнде тебіренбей оқып шығу мүмкін емес.
«Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін…», «Адам баласын бақытты ететін сөзді таңдап жатып адамның өлгенін сезбей  қалуы мүмкін бе? Өмірге сүйген жардай ғашық  болғандардың бірі менмін».
Бұл – «Менің құрдастарымның» алғашқы бетінен келтіріп отырған үзінді. Бұл – Саттар Ерубаевтың өз жүрек лүпілі, өз үні.
«Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен
жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім.
Бір жабыққан көңілімді аша алмастан
жүр едім.

Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім,
Туып, өліп кетуді маған аз ғой деуші едім.
Өмір деген өксігімді бас алмастан жүр едім…
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан
жүр едім.
Бұл романның увертюрасы «Мәңгілік өмір туралы жыр» деп аталады. Рас, Саттар Ерубаев  өмірді құр  жалаң «сүйемін» деп жырламайды. Өмірді кім сүймейді. Бірақ өмірді не үшін, қалай сүюді Саттарша айтап кету екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Сен өмірге не бердің, өмір саған не берді? Бұл өмірде не тындырып, не бітіріп келе жатырсың? Қазіргі бірқатар жастарымыз «жұмыс жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп, жалқаулықты алдына салып, заржақтанады. Ұрда-жық «коллективтендіру» дәуірі мен қазіргі демократиялық заманды салыстыруға келе ме? Сондықтан өмірдің мәні мен сәнін Саттар Ерубаевша ойлана, толғана, білсек, өзімізден-өзіміз ұялып, жер шұқырымыз анық.
Сондай-ақ, Саттар Ерубаев туа біткен дарынды ақын ғой. Ол қара сөзді құйысқанда, өз уысында ұстай білсе, өлең сөзді өрге сүйреп өрнектеп, шыңға шығара білді. Жоғарыдағы «Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім» деп басталатын өлеңі қазақ поэзиясына тыңнан соқпақ салды. Мұндай түрде ол кезде ешкім жаза қоймаған. Мұндай ылғи  жаңа сөз тіркестері бірден-ақ оқырманын  үйіріп әкетеді. «Ауылыма бақытты алып келе жатыр едім» деген жолдар қандай әсерлі. Оның поэзиядағы жаңашылдығы, тың образды сөздері соншама соны етіледі. Қазірде де өзектілігін жойған жоқ. Әр ақынның өз стилі, өз мәнері, міне, осы  болар. Саттардың «Комбайн туралы жыр» поэмасының да әдебиетіміздегі орны ерекше. «Өмір туралы паспорт», «Мәңгілік өмір туралы жыр», «Меруерт алқа», «Күзгі фрагмент», «Үш шахтер туралы баллада» – ақынның ең бір этикалық туындылары.
Саттар Ерубаевтың асқақтаған ұшқыр қиялды новеллалары: «Бақыт», «Мәңгілік өмір», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ал оның «Төрт қыз», «Өмір келбеті» атты сырлы сезімге толы очерктері де көркем шығарма дәрежесіне көтерілген еді. Ол уытты сатиралық шығармаларымен қатар, әдебиетімізде алғаш рет, пародия мен эпиграмма, баллада жанрын қалыптастырып кетті.
Қысқасы, С.Ерубаев өзі өмір сүрген дәуірінің қаламгері, шын суреткері болды. Бүгінгі күні оның шығармаларын оқып отырып, қайсыбіреулер «советтік дәуірді жырлаған, социалистік құрылыстың жаршысы болған екен» деп айта салуы мүмкін. Әрине, бұлай ойлау үстірттік. Бұл ретте ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Пәлі, өз дәуірінің жыршысы болмаған, оны сананың айнасына, тарих жүзіне түсірмеген жазушы жазушы ма екен!»  деген жоқ па еді. Ал Саттар Ерубаев болса, өзінің «мені» арқылы замандастарының, өз құрбыластарының өлмес бейнелерін сомдады.
Иә, айта берсек Саттар Ерубаев туралы сыр сандығы ашыла түспек. Оның қаламынан туған туындылар сан алуан, сан қырлы. Қатыгез де, қатал өмірді өзінің шығармаларымен жеңген ол саналы, қысқа ғұмырында оқырманға таңдай қақтырып, тамсандыратын, ой са­лып, қуанышқа бөлеген, жастық жалынға, өршіл романтикаға толы өшпес, ұмытылмас мәңгілік әдеби мұра қалдырды.
Саттар Ерубаев туралы оны көз көргендер мен кейінгі атақты ақын-жазушыларымыз қалам тербеумен келеді. Бұл тұста М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ғ.Қайырбеков, З.Шашкин, Д.Иса­беков, А.Лекеров және басқалары тебірене жазды. Оның өнер жолы мен шығар­машылығы туралы толымды сыр шертті. Ақындар да жыр-толғауларын арнамай қалған жоқ. Қазақтың белгілі ақыны Нұрсұлтан Әлімқұлов өзінің «Саржайлау» деген өлеңдер жинағында «Саттар Ерубаевқа» деген арнау жырын жариялаған екен. Сонда былай деп толғанады:
«Сен өмірді сонша сүйіп, сол өмірден,
Дәм тата алмай өттің бе?
Бұрқап тасқан өр кеудеңнен,
Ұрпақтарға  дән шаша алмай кеттің бе?
Өмір деген өксігіңді 23 жылда,
Бір баса алмай кеттің бе?
Болашақтың базарында біздерменен,
Сырласа алмай кеттің бе?
Меруертті сонша сүйіп…
Оны адамша аңсай алмай кеттің бе?
Махаббаттың сырын түйіп,
Оған арнап ән сала алмай кеттің бе?
Бақытыңды іздеп барып,
Ғашығыңа жыр жаза алмай кеттің бе?
Сүйіп, құшып, мауқың басып,
Өз үніңмен жырлай алмай кеттің бе?
Болашаққа бастап бізді қайрат бір,
Сенің қырлы өлеңдерің әлі күнге,
Кеудемізде сайрап тұр.
Жүрегінен ұшқын атқан ақындарды.
Келешектен іздеп ең,
Саттар аға, бармыз, міне,
Әлі күнге тірі жүрсің бізбенен….!»
Осы сөз  бүгінгі ұрпақтардың да, келер күнгі ұрпақтардың да сөзі болып қала бермек!..

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Халықаралық  Жазушылар
одағының мүшесі
Маңғыстау облысы
Маңғыстау ауданы

Ана тілі газеті

 

0 пікір