Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 12067 0 пікір 21 Шілде, 2014 сағат 11:07

САЯТ ҚАМШЫГЕР. ЕРБОЛАТТЫҢ "МИНИСТРІ"

«-Онда былай, межелі жер әлі ұзақ. Бұл жерден жүз елу теңгеге такси ұстап тұрсақ сәл ыңғайсыздау болады. Екі жүз теңгеге ғой ұялмай отырасың. Бірақ сумаң етіп жетіп барғанда, тамақ дайын тұрмаса, түнімен ішегіміз шұрқырайды ғой. Таңертең бірдеңе ішсек бір сәрі, қып-қызыл ашпыз. Нәр татпағанымызға бір тәуліктен асып барады. Сол үшін сөзсіз елу теңге үнемдеуіміз керек. Оған буы бұрқыраған екі самса тиеді, жүрек жалғап аламыз. Ол үшін кемінде жарты сағат жаяу жүруге тура келеді. Сосын жүз елу теңгеге такси табам, қуана апармаса, арғы қолыңды бері әкел...»

 Бұл – жас жазушы Ерболат Әбікенұлының  «Министр» деп аталатын жинағындағы «Елу теңге» әңгімесіндегі кейіпкердің інісіне айтқаны. Қалталарындағы соңғы екі жүз теңгені қалай жұмсайтындықтары жайлы жоспары.

  Ағалы-інілі екі кейіпкер ананы-мынаны сөз етіп, жол қысқартып, біраз жүріп, ойлағандарындай жүз елу теңгеге такси ұстайды. Көліктің алдында отырған жүргізуші мен оның жанындағы «ішіп алған» серігі бұлармен бірден сөйлесіп, «іші-бауырына еніп» кетеді. Межелі жерге келгенде екі жүз теңгені ұстатқан бас кейіпкердің жай-күйін автор: «Сары құлақты қолына ұстаттым, біреу тонап кететіндей-ақ інімнен ала қойған ем. Бейне жүрегімді суырып бергендей, құлази қалдым. Дән шайнауға қимаған сары құлағымыз, көзімізден бұлбұл ұшты,»-деп баяндайды. Жүргізуші ол екі жүз теңгені салып алып, елу теңгесін қайтармастан, міз бақпай отырады. Бағанадан бері «қамқоршы» боп, «ауызбен орақ орып» келе жатқан серігінде де үн жоқ. Осы жерде Ерболат Әбікенұлы адамдардың тез құбылғыш мінездерін ашады. Жол бойы «жайдары», «қамқор» болып отырған жандардың бетпердесі алынып, бұларды баласынып, басынып, елу теңгесін қайтармай, зәбір көрсетеді. Оған жаны төзбеген кейіпкер әділдік үшін күресіп, елу теңгесін қайтаруларын талап етеді. Оқиға төбелеске ұласатынын байқаған інісі ағасының ашуын әрең басып, жалынып, жалбарынып қойғызады да, көліктен түсіп кетеді. Пәтерлеріне келген соң екеуі де аштан-аш жатып қалады. Намыстан жарылардай болып жатқан кейіпкерлер болған жайтқа қынжылып, таңды ұйықтамастан атырады.

Әңгімеде жазушы бүгінгі қоғамның, заманның шындығын көрсетеді. Алдау, арбау, тез құбылғыш мінездер, күштінің әлсізге көрсеткен зәбірі, айтқан сөзде тұрмау сияқты жат қылықтардың қаптап бара жатқанын сын тезіне алады.

Бұл оқиғадан ой түйген інісі де әңгімеде: «Мұнда әке-шешеміз көшіп келмейді. Оларды иттерге талата алмаймын,»-деп шешім шығарады. Әділетсіздік көрген, елу теңге үнемдеу үшін бір жарым сағат бойы жаяу жүрген, ақырында сол елу теңгесін қайтарып ала алмаған кейіпкерлерге оқырманның жаны ашиды. Солармен бірге жүректері жаншылып, көңіл-күйлері түседі, намыстары қыз-қыз қайнайды.

      Автор әңгімесін: «Содан бері елу теңге көрсем жаным түршігеді. Тіпті сол бір темірді қасыма салғым да келмейді. Тап бола қалсам, балаларға таратуға асығам да тұрам,»-деп аяқтайды. Шығарма жеңіл әрі қызықты оқылады. Қоғамдағы жат қылықтар сөз болатын бұл әңгіме кім-кімге де ой салады.

      Әлеуметтік қиындықтарды өзегіне арқау еткен «Пәтер іздеп жүр едік...» деп аталатын әңгіме де Ерболаттың сәтті жазылған шығармаларының бірі. «Алматыны алты айналып, жетім бұрышты жеті айналғанда өкшем опырылып түсті. Енді маймақ жүріске бастым, аяғым ауырды деп келіншегім отыра кетті. Пәтер іздеп жүр едік...»,-деп басталатын әңгіме желісінде юмормен астасқан ащы шындық бар. Пәтер іздеген жас отбасының әлеуметтік қиындықтарын ашқан автор бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің біріне тоқталады. Ол – баспана мәселесі.

     Алматының бұрыш-бұрышын кезіп, табандарынан таусылып, өздеріне қолайлы пәтер іздеген жас отбасы ақыры барахолка маңындағы ескі үйден бірақ шығады. «Таусылып болмайтын бұрылмасы көп дәліздің түбіне барып, бір-ақ тірелдік. Ең соңғы бөлме, ең соңғы үмітім. Көзім сәл үйірлескендей болды. Қоян екеш қоян да інін дәл бұлай қаза алмас-ау, сірә?! Қыртыс есікті шалқалай ашты, үш аттап төрге жеттім, құлашымды жайып едім, саусақтарымның ұшы қабырғаға тиді. Сол жақ бұрышқа ұзынынан екі төсек қойылыпты. Төсек емес, үсті-үстіне қиюластырып, кірпіші, шөркесі аралас бірдемелердің үстіне жатқызып қоя салған тақтай екен... Үш метр үйге төрт метр төсек, әне, солай сыйып тұр»,-деп суреттеледі. Үлкен залды бірнеше кішкене бөлмелерге бөліп тастапты. Сол кіп-кішкене бөлмелердің ең түпкісіне осы жас отбасы тұратын болады. Себебі, өзі де, әйелі де пәтер іздеуден әбден шаршаған...

      Жас отбасы бұл жерде пәтер жалдап тұратын ақ сақалды қарияны да көреді. Ойлы оқырман баспана іздеушілердің ішінде түрлі жағдайдағы, әртүрлі жастағы адамдардың бар екенін байқайды.

      Өліп-талып жеткен, жалға алған пәтерлерінде бір ерекше өмір басталады. Бұлар терезесі жоқ бөлмеде, қараңғыда күн кешеді. Арақ ішіп, темекі тартқан құрылысшы жігіттер – көршілерінің дабыр-дұбыры, қарсы бөлмедегі ақсақалдың күрк-күрк жөтелі, келесі бөлмедегі сәбидің жылағаны, есік алдындағы қасқырдай иттің кесірінен далаға шыға алмауы, бәрі-бәрі өте нанымды жазылған. Қазіргі көптеген жастардың өмірін жазушы осылайша  дәл көрсеткен. Автордың: «Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді» деген рас екен, біз де қараңғы пәтерге үйірлесе бастадық. Таңертең тастай қараңғы пәтерде шалбарымның қайда тұрғанын, жейдемді қайда ілгенімді, аяқ киімнің қай жерде жатқанын ойланбай-ақ табатын болдым. Тіпті шалқалап жатқан беті қиналмай қол созсам болды, қуықтай пәтердің қай жерінде болса да іздеген дүниемді бас салам. Бұл күндері ел ауылдан туысым келетін болды деп қуанса, мен туысым келетін болды деп қорқатын болдым. Әуел десеңіз, дәл мынандай кезде әкем мен шешемнің келуін де қаламайтын едім...»,- деген жолдарын оқығанда бір жағынан кейіпкерді аяйсың, ал енді бір жағынан оның бейшара күйіне езу тартасың. Күлеріңді, не жыларыңды білмей әрі-сәрі күй кешесің. Жазушының өмірді дәл берген шеберлігіне, детальдар мен сюжеттердің байланысына, кейіпкерлердің жан дүниелерінің ашылуына, олардың характерлерін берудегі ізденістеріне сүйсінесің. Ерболат бұл әңгімеде қала адамдарының психологиясын ұтымды түрде берген.

      Бірде өздері әрең сыйып отырған жерге қонақ болып досы келеді. Оны әйтеуір шығарып салған соң бірнеше күннен кейін қайнағасы келеді. Оқиға осы кезде шиеленісе түседі. Тұрып жатқан баспананың ретсіздігінен, тарлығынан, пәтер иесінің адуын мінезінен ыңғайсызданған кейіпкердің жай-күйін жазушы: «Қайыршыға жел қарсы» деп енді дастарханға тамшы тама бастады, тамған сайын жүрегіме біреу ине пісіп-пісіп алғандай күй кештім. «Қайын ағамның ыдысына тамшы тамыза көрме» деп Алладан іштей тілей бергенім сол-ақ екен, кесенің дәл қасына тамшысы түскірдің тамып-ақ кеткені. «Тамыза көрме» деп іштей бәйек боп мен отырмын. Қайын ағамның шыныдағы шайына әне бір тамшы ернеуін сүріп те өтті. Әне тамып та кетті. Маңдайымнан сұп-суық тер бұрқ ете қалды. «Тер ыстық болушы еді, осындай да суық тер болады екен-ау! Деп таңғаламын. «Басқа шыныға құяйық» деп қайын ағамның шынысына қолымды соза беріп едім, ол: «керегі жоқ», деп шәйді сылқ еткізіп іше салды. Ашуланғаны ма, жоқ бізді ұялтпау үшін солай істеді ме, ол жағын білмедім. Енді қайын ағама қарайтын менде бет жоқ»,-деп жазады. Тағы да шындық, тағы да астарлы юмор. Әңгімені оқыған адам ызаланып күледі.

     Ақыры қорлыққа шыдай алмай, пәтер иесімен келіспей қалып, жас отбасы бұл пәтермен де қош айтысады. Бөлмені босатуды талап еткен әйел ол бөлмеге иті Лайканы жатқызатынын айтқанда бас кейіпкер ашуға булығады, намыстанады. Сонда олардың Лайка құрлы болмағандары ма?! Жаңбырдың сіркіреп жауып тұрғанына қарамай, әйелін ертіп, қолдарына бар жүктерін, заттарын ұстап шығып кетеді. Жаңбырға су болып келе жатып, аялдамадағы жарнама қағазына көзі түсіп, пәтерін жалға берушіге қоңырау шалады. Осы жерде жазушы диалог арқылы пәтер иесінің адамгершілікке сай емес ой-түсінігін, шарасыздық күйін кешкен, ызаға булыққан жас жігіттің мінезін беруге талпынған. Бұл ізденісі жақсы нәтиже берген. Пәтерінің бір бөлмесін жалға беруді көздеген жанның қойған талаптары алдыңғысынан да сорақы болғандықтан, екі жақтың әңгімелері жараспай, жас отбасы жаңбыр сіркіреген қараңғы түнде беті ауған жаққа кете барады. Әңгіме «Пәтер іздеп жүрміз»,-деп аяқталады.

     Бұл әңгімеде өз елінде, өз жерінде жүріп, баспана қиындығын тартқан мыңдаған , тіпті миллиондаған жастардың жай-күйі, өкініші мен арманы бар. Барлық жас отбасының бейнесі жиылып, осы кейіпкерлер образына жинақталған. Қиындықтардың бірінен кейін бірін жеңіп, алға ұмтылған, өз мәселелерін шешуде табандылық көрсеткен жастар көз алдыңа келеді. Олар осы қоғамда, біздің заманда көп. Ондай жандар әрқайсымыздың маңайымызда. Біреулері баспана қиындығын шешіп, үй болудың жолында жүрсе, енді біреулері әлі пәтер іздеп жүр...

      Ерболат Әбікенұлының «Министр» атты әңгімелер жинағына жиырмаға тарта әңгіме еніпті. Жоғарыда тоқталған әңгімелерімен қоса «Ақын», «Желтоқсан ызғары», «Ит», «Министр», «Сүмелектер» сияқты шығармалары бірден оқырманды баурап алып, оқиғаларымен, кейіпкелер әлемімен, сюжеттерімен қызықтырып әкетсе, кейбір әңгімелерінде кемшін тұстар да жоқ емес. «Кірлеу» әңгімесін осы қатарға жатқызуға болады.

      Әдебиет дегеніміздің негізі әдеп екенін ескерсек, бұл әңгіме әдеп тұрғысына, ар, ұят категориясына қарсы. Әңгімеге бір жігіттің болмашы әуестікпен жеңіл жүрісті бойжеткенмен көңіл жарастырғаны арқау болған. «Ең соңғы шылым» атты әңгімесі де «Кірлеу» әңгімесімен желілес, өзектес.  Жас қаламгердің бұл әңгімелерде кейіпкерлер психологиясына үңілгісі келгенін аңғаруға болады. Дегенмен, жазушының қоғамды жақсылыққа шақырып, жамандықтан жирендіру жолында еңбек етуі маңызды болғандықтан, әдептен, ардан аттамай, жеңіл жүрісті адамдардың өміріне, олардың күнәлі істеріне арнайы тоқталмай-ақ, маңызды  тақырыптарды жазуы орынды болар еді дегім келеді.

      Жас қаламгердің езуіңе күлкі үйіретін әңгімесінің атын «Дамбал» деп қойғанын қинала құптасам да, сарказмға толы тағы бір әңгімесінің тақырыбын «Құйрығыңызды ауыртса қайтем» деп қоюын ұнатпадым.

     Ерболат Әбікенұлының әңгімелер жинағындағы «Жұмыртқа», «Күйеу бала» сияқты әңгімелері жас жазушының шеберлігін айқындай түседі. Бұл әңгімелер оқырманды әлдебір нәзік сезімдерге, жаңа әсерлерге жетелеп, азаматтық қасиеттерді, адамгершілік пен мейірімді дәріптейді. Бір әңгімесін оқып, өзіңізді-өзіңіз қайрап, намысыңызды оятсаңыз, енді бір әңгімесінде кейіпкерімен қоса ашуға еріп, ызаға булығасыз, келесі бір әңгімесін оқып көзіңізден жас аққанша рахаттанып бір күлесіз. Өйтсеңіз, демек бұл шығармалардың сізге әсер еткені. Көркем шығармаға қойылатын негізгі талаптардың бірі де осы. 

  Саят Қамшыгер, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600