Жұма, 29 Наурыз 2024
Сұхбаттар 11485 0 пікір 21 Шілде, 2014 сағат 09:59

"Ақпарат саласында жұмыс істеу - шығармашылық емес"

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ,

«31-арна» телеарнасының бас директоры: 

 

 Ақпарат саласында жұмыс істеу - шығармашылық емес 

 

– Бағдат Болатжанұлы, өмірбаяныңызды қарасақ, бұл қызметке келмес бұрын, тілшіліктен бастап, журналистиканың барлық сатыларынан жүріп өткен екенсіз. Іскер басшы, кəсіби журналист ретінде бұл қызметіңізді шығармашылық өрлеу, не іскерлік жетістік деп бағалайсыз ба?

– Алғашқы еңбек қадамым қой бағудан басталған. Сол кезде екі дүркін Социалистік еңбек ері Головадскийге ұқсап, еліме қызмет етіп,мақтанышы болсам дейтінмін. Кеңес саясатын көп біле бермесек те, арман мақсатымыз айқын болатын. Адамзаттың өмірдегі үлкен мақсатының бірі ата-ана үмітін ақтау болса, мен де сондай ниетпен əке-шешемнің мақтанышы болсам, атам мен апамның «ұлымыз еліне адал азамат болып еңбек етіп жатыр» деген сөздерін естісем деп жүретінмін. Сол арманның ізімен Алматыға келіп, Политехникалық институтқа оқуға түстім. «Қазақстан» телеарнасында дикторлық қызметке жарияланған байқауға қатысып, абыроймен жеңіп шықтым. Одан кейін ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, білімімді тереңдетіп, алғашқы қадамдарым жасалған болатын. Бұл 1992 жылдардың шамасы еді. Ал, енді сіздің сұрағыңызға тікелей жауап беретін болсам, шығармашылық немесе карьера екі ұғым. Ол екеуінің басы бір арнаға тоғыса беруі сирек кездесетін құбылыс.Дегенмен, біз көбіне осы қалыптасып қалған қағидадан шыға алмай қаламыз. Меніңше, БАҚ саласында жұмыс істеу шығармашылық емес. Біздің шатасатын жеріміз де осы. Журналист болу бұл – кəсіп түрін игеру. Күн көру құралы деп айтсам, кейбіреулер келіспегенімен, қарап отырсаңыз, осы арқылы адамдар күнін көріп отыр. Ақындар өлең жазса, суретші сурет салса бұл шығармашылық. Ал, күнделікті айналысатын ісіңді кəсіптің (жұмыстың) түрі деп қарастыруымыз керек. Басқалардан биік болу үшін өз кəсібіңді терең білумен қатар, кəсіби дəрежеде үйренгенде көп жетістікке жетесің.

– Біздің білуімізше, «31 арнаны» қаржыландыру мен басқару ресейлік компанияның иелігінде. Бұл қаншалықты рас жəне ақпараттық саясат қаншалықты тəуелсіз?

– «31 арна» еліміздегі заң жүйесімен жұмыс жасайтын тəуелсіз ұлттық арналардың бірі. Қаржыландыру мен басқару мəселесінде телеарна ешқандай көрші елдердің компанияларына бағынышты емес. Осыдан 6 жыл бұрын халықаралық медиахолдинг компания акциясының 20 пайызын актив ретінде сатып алған болатын. Біздің қарым-қатынасымыз тек табыс табу мен бизнес активтерін дамытуға негізделген. СТС-медианың «31 арнаның» хабар тарату жүйесіне, ақпарат саясатына ешқандай да ықпалы жоқ. Эфирден көрсетілетін хабарлар реті редакция алқасының жалпы мақұлдауымен ғана шешіледі. Соның арқасында соңғы үш айдың көлемінде «31 арна» отандық арналар рейтингінде екінші орында тұр. Бірінші орындағы «ОРТ Евразия» арнасының «тамыры» Ресейде болғандықтан біз мемлекеттік, ұлттық арналардың ішінде бірінші орында тұрмыз десек болады. Қосымша айта кететін жəйт, СТС медианың негізін қалаушы – америкалықтар мен шведтіктер.

– Ресейлік Халықаралық СТС медианың сіздердің жұмыстарыңызға əсері болды ма? 

– СТС медиа телевизия саласында өз-өзін қаржыландыру мен табыс табуды терең меңгерген ірі холдинг. Біз олармен телевизияны табыс көзіне айналдыруды, бизнесті дамытуды жəне барынша кəсіби деңгейде жұмыс жасауды үйрендік. Соның жемісі болар, мемлекетке немесе демеушілердің қолына қарап отырған жоқпыз. Елімізде субсидияға ақша алмай өз қаражатымен жұмыс жасап отырған бірегей арна бізбіз. Өткен жылы «Айтылмаған əңгіме» ток шоуын шығаруға мемлекеттік тапсырыс негізінде қаржы алғанымыз болмаса, жалпы мемлекет қаржысына қарап отырған жоқпыз.

– Елімізде жаңалықтар тарататын ақпараттық бағдарламалар арасында «Информбюроның» оқ бойы озық тұрғаны жалпыға мəлім. Мұндай абыройға жетудің жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз?

– Əр бағдармаланың өзіндік ережесі бар. «Информбюроның» негізгі ұстанымы: ақты – ақ, қараны – қара деп айта отырып, қоғамға зиян келтірмейтін, шынайы жəне нақты ақпарат жеткізу. Біздің журналистер мен редакторлар жасайтын репортаж сапасының айғағы – күнде сағат 20:00 де əр бесінші қазақстандық қалт жібермей «Информбюроны» қосады. Республиканың түкпір-түкпірінен көрермендер хабарласып, жаңалықтар ретінің ашықтығы мен тереңдігі туралы ыстық-ықыластарын білдіріп, жалпы ұжымның жұмысына сəттіліктер тілеп жатады.

– Əлгінде «31 арнаның» өз-өзін қаржыландырып отырғанын айттыңыз. Мұндай жетістікке қалай жеттіңіздер?

– Əлемдік телекомпаниялардың ішінде өз-өзін қаржыландырып, оған қоса пайда алып жатқандары некен-саяқ. Мұндай жетістікке жетудің сыры деп мынадай үш қағиданы атаған болар едім. Біріншіден, жоғары дəрежелі мамандардан тұратын ұжымның талмай қызмет еткен еңбегі, екіншіден халықаралық басқарудың озық үлгілерін терең меңгеру. Ал үшіншіден, əлемдік тəжірбиеде бар нарықтық экономика жүйесінің озық технологияларын пайдалану. Телеарнаның сараптамалық департаментінің нарықтағы жағдайды тексеру мен талдау нəтижелеріне сүйене отырып, өзіндік əрекеттерімізді жасаймыз. Бағдармаларды дайындау департаменті қоғамдағы жалпы жағдайды назардан шығармай, сол уақыттағы өзекті мəселелердің тізбесін жасақтайды. Компания жұмысының нəтижесі сəтті шығу үшін, əр қызметкерге шамасы жететін жұмысты жүктей отырып, ынталандырудан тыс қалдырмау керек.

– Жарнама əкелген немесе ақылы бағдарламалар жасауға қатысқан қызметкерге қосымша ынталандыру немесе пайыздық үстеме жасау қарастырылған ба?

– «31 арнаның» жарнама уақытын нарыққа сататын жалғыз компания – «Video International».Ол əлемдік стандарт бойынша жарнама уақытын

рейтингке, яғни GRP-ға аударып, үлкен компаниялар мен агентттіктерге ұсынады. Көрсетілім үлесі неғұрлым көп болса, жарнаманың бағасы соғұрлым қымбаттайды. Солайша компанияның табысы өседі, түскен қаражат сапалы əрі қызықты бағдарламалар жасауға жұмсалады. Негізі, қазіргі нарық заманында тауар өндіру қаншалықты қиын болса, сол тауарды қаржы көзіне айналдыру одан да қиын.

– Əрине, соған орай журналистердің өзін-өзі жетілдіруіне де мəн беретін шығарсыздар?

– Өзім жұмысты диктор, репортер болып бастап, шет елдердегі əріптестерімнен мүмкіндігінше тəжірибе жинақтағанымның арқасында осындай жетістікке жеттім деп ойлаймын. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дегендей, адам бөгде дүниелерді көрген сайын, оның ойлау қабілеті кеңейіп, ой қорытуы тереңдей түсетіні туралы «Информбюродағы» əріптестеріме жиі айтып отырамын. Халықаралық деңгейдегі шетелдік телеарналардан қалыспай даму үшін журналист міндетті түрде шетелге барып, тəжірибе алмасып тұруы қажет. Тəжірбие алмасу мақсатында ТМД, Түркия, Қытай телеарналарымен меморандум  жасасқанбыз. Сонымен қатар, аймақтағы тілшілердің Алматы мен Астанада болуы, тиісінше Алматы, Астана бюросындағы журналистердің аймақтарда болуын ұйымдастырамыз. Адам күнделікті бір дүниені көре берсе, көзі үйреніп, жаңалық аясы тарыла береді. Журналистің көрген білгені көп болса, оның жасайтын хабары мен бағдарламасы тиісінше қызықты əрі тартымды болады.

– Тəжірибелі журналист есебінде отандық басқа арналардың озықтығы мен олқылығын қалай бағамдайсыз? 

– Қазақ телевизиясы мақтайтындай халде. Шетел телеарналары мен оларда көрсетілетін бағдарламалар деңгейімен салыстырып қарайтын болсақ, біздің

бағдарламалар олардікінен еш кем емес. Ұлттық дүниетанымға қазақтың руханиятымен қоғамның басындағы түрлі түйткілдерді зерделеп, оң шешім

шығаруға халыққа ағартушылық жұмыстарын жүргізгендей жақсы бағдарламалар шығып жатады. Əрине, еліміздегі басқа телеарналармен бəсекелестік жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Көңіл қуантарлығы отандық телеарналардың нарық заңын, рейтинг жасау саласында əлемдік тəжірибені жақсы меңгергенін байқап, көріп отырамыз. Əңгіменің басында айтқанымдай, ең алғашқы армандарымыздың бірі ата-анамыздың мақтанышы болу болса, ендігі мақсат мүдделеріміз еліміздің, халқымыздың көңілінен шығатындай еңбек жасау. Меніңше, біздің ең үлкен бəсекеміз тəуелсіз еліміздің ақпарат саласын дамытуға бағытталуы керек.

– Телеарналар туралы ойыңызды білдік. Ал, сол телеарнаға келіп жатқан бүгінгі журналисттер туралы не айтар едіңіз?

 – Жастардың басым көпшілігі журналистикаға мамандық ретінде қарамайтын секілді. Халыққа танымал болу құралы ретінде қарауының салдарынан, өмірін журналистикамен байланыстыратын жастардың қатары азайғанын байқадым. Өткен жылы журналистика факультеті студенттері арасында «журналистика мамандығын не үшін таңдадың» деген сауалнама қортындысында жастардың 90-95 пайызы танымал болу, карьера жасаудың төте жолы екенін айтқан. Нарық заманында бұл үлкен қауіпті жағдай емес шығар. Дегенмен, əуелгі арман-мақсатын журналистикамен байланыстырмай, мамандықты «кездейсоқ» таңдаған жастар осы саланың көркін қыздырмасы бесенеден белгілі. Өмірде барлығы ойлағандай бола бермейтініндей, кейде журналистиканы мансаптық құрал ретінде таңдаған адамнан да жақсы журналист шығады. Мəселен, қазір аға буынға айналған Жүсіпбек Қорғасбек, Нұртөре Жүсіп, Нұржан Мұхамеджанова, Шəмшиддин Паттеевтердің қатарын алсақ, оларда журналист болу арманына табанды түрде қол жеткізу басты мақсат болған. Жəне олар басшылық қызметті де атқара алды. Бірақ, олар негізінен журналисттік ұстанымнан айнымай қалды. Осы жерде əке мен бала, аға мен інінің арасында байланыс үзілгендей болды.

– Нарық заманы, жаһандану десек те ұлттық тəрбие жастардың бойына жетпей жатыр ма?

– Бұл ретте жастарды кінəлауға болмайды. Қайта солардың өмірге деген көзқарасымен өзіңді де дамытып отыру керек секілді. Жастарды тəрбиелеуде ақпарат құралдарының орны ерекше екенін білгендіктен, көрерменге берер тағылымы аз, арзанқол бағдарламаларға байланып қалмауымыз қажет секілді. Өйткені қазір теле-радио арналарының барлығы дерлік əнші, актер, тағы басқа шоу өнерінің өкілдерімен бірлескен жоба жасасақ рейтингіміз көтеріледі деген ойда. Тек рейтинг қуалауға негізделген кез келген жоба жалпыхалықтық сүйіспеншілікке ие болмайды. Себебі онда рух жоқ, мағына жоқ. Тəуелсіздігімізді баянды ететін жастарға салмақты ой айтатын бағдарламалар реті керек. Қазір осы қағидаға сай жұмыс жасап жатырмыз. Мынадай бір мысал келтірейін. Көнекөз қарттан біреуі алып-ұшқан мінезді, шымыр денелі, екіншісі толықтау, сылбыр екі баланың қайсысын қой, қайсысын жылқы бағуға жіберу керектігін анықтап беру туралы қолқа салынады. Кімді қайда жұмсау керек? Сонда əлгі қарт алөкпе, шымыр баланы қой бағуға ал, толықтау, сылбыр баланы жылқы бағуға жібереді. Бірінші бала сабырлылыққа байсалдылыққа машықтанса, екінші бала жылдамдыққа, шапшаңдыққа қалыптасады. Міне, біздің халық ұрпағын осындай қарапайым, бірақ астарында терең мəні бар мысалдармен тəрбиелеген. Қазіргі заманда осы негізді интернетпен, телефониямен байланыстыра отырып, ұрпағымызға тəрбие беруіміз керек. Биылғы өткен ҰБТ-да қазақ мектептерін аяқтаған оқушылар алдыңғы қатарда болды. Қазақ мектептері облыстарда алғашқы 1-7 орындарда болса, орыс мектептері 8 орынға жайғасты. Міне, осыдан-ақ көп нəрсені бағамдай беруге болады.

 - Қазақ мектептері мен қатар қазақ тілді қоғамның, ондағы негізгі ұлттың дамуы қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?

– Туған жерім Жаркент өңірінің жартысы ұйғырлар. Бұрын олар балаларын орыс, не ұйғыр мектептеріне беретін. Ал, қазір ұйғыр мектептері жабылып жатыр. Себебі, олардың көбісі балаларына қазақ тілін үйретуге ынталы. Қазақстанда қазақтың саны 1999 жылы 49 пайыз болса, 2009 жылы 60,4 пайызға өсті. Яғни, алдағы 10-15 жылдың көлемінде қазақтың үлесі 75-80 пайызға жетеді деген сөз. Сондықтан да біз қазақ тіліндегі өзіндік жобаларға ерекше көңіл бөлеміз. Акционерлер ұжымы да, басқарушы СТС Медиа холдингі де осы бағытымызды қолдап отыр. Қазақ халқының саны көбейеді деген сөз – қазақтілді хабарлардың телекөрсетілімдегі үлесі артады деген сөз. Яғ ни оларға жарнама екі есе көп түседі, табысы көбейеді. Біздің телеарна барша коммерциялық телеарналардың ішінде қа зақ тар ең көп көретін телеарна. Біз қазақтілді аудиторияның мүддесі үшін жұмыс істейміз. Қазақ тілінің Қазақстанда жалпыхалықтық қолданыстағы тіл болатыны сөзсіз. 1932-34 жылдары халқымыздың тең жартысынан астамы қырылып қалмағанда біз қазір 50-60 млн. Адамға жетер едік. Кейінгі 5-6 жылдың көлемінде жылына 2-3 пайыз көбейіп отыр. Бұл да қуантатын жағдай. Оның үстіне ұлт ретінде қазақтың орта жасы – 24- 25 жас болса, бұл көрсеткіш Ресейде – 54 жас. Қазақ халқы демографиясы дамып келе жатқан əлемдегі санаулы халықтардың бірі. Ел болып, ұлт болып биіктерді  бағындыратынымызға сенейік.

 

Сұхбаттасқан Еркінбек СЕРІКБАЙ

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2257
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3535