Бейсенбі, 14 Қараша 2019
46 - сөз 3918 0 пікір 7 Шілде, 2014 сағат 10:55

Досай Кенжетай. ҚОҢСЫ – ҚҰДАЙДАН

Ертеден келе жатқан «Көрші ақысы – Тәңір қақысы» деген сөз бар. Бұл сөздің шығу төркіні діни аңыздарда былай баяндалады. Мұхамбет пайғамбар миғражда бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ол қайда барса да, қасынан бір елі ажырамай: «Хақымды бер», – деп тақымдап қоймай жүреді. Пайғамбар жанына барып: – Ей, бұл адамда не ақың? Не істеді саған? – деп сұрайды. – Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, – дейді. – Қандай ақы? – Бұл менің көршім еді. Алла оған байлық берді. Ауласынан үнемі ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей, пақыр болдым. Күнде оның есігіне сығалап телміріп тұратынмын. Ол маған көзінің қиығын да салмайтын. Бала-шағам аш жатты. Бір татым нанға зар болдым. Алла дәулетті бір басына үйіп бергенде ішіне кедей-кепшіктің де несібесін берген еді. Бұл байлығын қажетсіз жерге шашты. Қияметте екеуміз қатар келіп, Алла берген сол хақымды сұрап жүрмін, – дейді. Пайғамбар бұрынғы байға қараса, мүсәпір күйге түскен екен. Көршісіне қарауға беті шыдамай, қарайып кетіпті. Пайғамбардың алдында жер шұқиды. Пайғамбар: – «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, – дейді де, жүре береді . Расулдың бұл сөзі дүйім үмбетке таралып, кейінгіге үлгі-өнеге болыпты. «Көршінің ақысы» деген ұғым осы кезден бастап дәстүрге енген екен. Діни наным бойынша Құдай тағала алдына келген момыннан: – Көршіңмен тату болдың ба? – деп сұрайды екен. Көршісіне қиянат жасаған адам тозақтың отына түседі, ал көршісімен тату-тәтті өмір кешкендердің жаны жұмақта болады. Ел аузында жақсы көрші туралы мағыналы хикая бар. Ертеде Ұлықпан хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі құрқылтайдың ұясындай шағын, жұпыны екен. Бір күні Ұлықпан үйін сатып, өзге қалаға көшпек болады. Кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Ұлықпан хакім: – Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімнің бәсін қымбатқа бағаладым. Екінші үйім – сән-салтанатты боз үй. Бірақ, көршім – нашарлау кісі. Онымен қоңсы болған кісінің қуанышы аз болады. Ол үйді арзанға сатқан себебім – сол, – депті. «Қоныс сайламас бұрын көршіңді сайла», «Үй алма, көрші ал» деген мәтелдер Ұлықпан хәкімнен қалған екен. Көрші жайлы қазақ арасында да «ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген сынды мақалдар бар.

(Досай Кенжетайдың фейсбуктегі парақшасынан алынды)

0 пікір