Дүйсенбі, 16 Желтоқсан 2019
46 - сөз 5685 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 14:59

Әкем «Бұл оқымаса да адам болады» дейтін...

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, «Парасат» журналының бас редакторы:

– Бұрынғы Талдықор­ған об­лысының Кербұлақ ауданына қарасты Балғалы деген шағын ауылда өмірге келдім. Әкем Әбі­кен мен анам Разиханың 8-пер­зенті, кенжесімін. Бәрі еркелетіп, бетімнен қақпаушы еді. Әкем марқұмның балаларға иі жұмсақ болатын, дауыс көтеріп, отбасы­ның шырқын алғанын көрген емес­пін. Ол кісі перзенттерінің заманынан қалмағанын қа­лай­тын. Телевизор шыққаннан кейін Алматыға арнайы барып, біреуін сатып әкеліпті. Әпкелерім «біздің үй кинотеатр еді, ауыл түгел жиылып, кино көретін» дей­­ді. Алғашқы патефон, теле­дидар, радиолалар біздің үйден табылатын.

Әкем мен анамның ара­сын­дағы сыйластық ғажап еді. Ай­тыскер ақын әрі аудандық мә­дениет бөлімінде қызмет іс­те­-гендіктен, жаз кезінде әкем үйде сирек болатын. Домбырасын алып, жайлаудағы малшы ауыл­дарды аралап, шиеттей бала мен бар шаруашылықтың қамы ана­мызға қалады. Ал әкем респуб­ликалық айтысқа аттанарда біз­дің үй шағын концерт залына айналады. Облыстың барлық өнер­паздары бас ақынның үйіне жиналып, екі-үш күн дайында­лады. Асылақын Қалиев, Бай­батыр Мұқашевтай ақындар айтқан қиссаларды, Гүлмайдан Сүндетова, Сағат Жылгелдиев, т.б. көптеген өнер майталман­­дарының жыр-термелерін мен ал­ғаш рет өзіміздің қара шаңы­рақта, әкемнің оң тізесінде шо­қиып отырып естідім. Үйімізден қонақ үзілмейтін, «Әбекеңе сә­лем бергелі келдік» деп күніне ағылып жатса да анамның рен­жігенін көрмеппін. Самау­ры­­-нын ызылдатып әкеліп, бар мә­зірін алдарына тосатын. Қайран анам... Мен 6 жасқа толғанда ол кісі жүрек дертінен көз жұмды. Құт дарыған қара шаңырақтың бар шаттығын бір суық қол ұрлап әкеткендей болып, ұнжырғамыз түсіп сала берді. Әуелде шөгіп кеткендей көрінген әкеміз еңсе­сін тез тіктеді. Бұғанасы қатпаған балаларын қанаттандыру үшін барын салды. Айтысқа шығуды да сиретті. Елуден енді асқан жасы болса да өзгемен отау құрмады... 

Біздің ауылда мектеп жоқ бол­ғандықтан, аға-әпкелерімнің бі­разы аудан орталығын­да, енді біразы Малайсары­дағы Күміс көкеміздің қолында тұрып оқи­тын. Сондықтан үйде тек әкем екеу­міз... Жаздың ұзақ ке­шінде мені алдына алып, дом­бы­рамен жыр айтатын. «Бақтыбай мен Тезек төренің айтысын», «Көр­ғұлы», «Орақты батыр» се­кілді көптеген ауыз әдебиетінің жау­һарларын өз әкемнен естідім. 1983 жылы ол кісі Алматыға келіп «Алатау» телеарнасына «Бақты­бай мен Тезек төре айтысын» жаз­дырып кетті. Қазір зерттеу­ші­лердің біразы сол нұсқаны мы­сал етеді. Бірақ Әбікен Сарыбаевты атап жатқан ешкім жоқ?! 

Торға түскен «торғай»...

– 7 жасқа толғанымда шаңы­рағының түтінін өшіргісі кел­ме­ген әкеміз мені әпкемізге табыс­тап, Малайсары ауылындағы 8 жылдық мектепке берді. Балға­лыда еркін жүріп үйренген, Нұр­лан, Ақпар, Ермек секілді көң­табан достармен ертеден қара кешке дейін ойнайтын мен үшін бұл әуелде тозақтай болып кө­рін­ді. Бөтен ауыл, сыптай киінген бөгде балалар, 45 минут бойына тапжылтпайтын ұстаз... Әбі­кен­нің еркесінің қиғылығы бас­тал­ды. Сабаққа беттемей, көптің ор­тасында құла түзде жалғыз жүр­гендей иінім салбырап, қыр­сықтым да қалдым. Әпкем мен алғашқы ұстазым Нұрдария Сі­ләмханқызы алдаусыратып-ақ бақты. Сол мектепте оқитын әп­келерім Анар мен Бақытгүл де көңілімді аулайды. Бірақ «ор­ман­ға қарап ұлығанымды» қойма­дым. Бір күні Күміс көкемнің тө­зімі түгесілді. Сабаққа бар­-ғысы келмей, қиқаңдағаным үшін ұрсып, желкеден бір-екі нұқып жіберді. Торға түскен торғайдай болып жүрген мен ботадай боздадым. Осы сәтте әкемнің кіріп келмесі бар ма?! Түскі автобуспен келе қалған екен. Үн-түнсіз, әпкеме алара бір қарады да, мені қолымнан же­те­леп жүре берді. Түскі автобус ауыл­да жарты сағат тұрып, аудан орталығына қайтушы еді. Соған міндік те Балғалыға тартып тұр­дық. Рақат! Көкем екі-үш мәрте келіп кешірім сұрап, жік-жаппар болғанымен, әкем «Бұл оқымаса да адам болады» деп жібімеді. Желіден құтылған құлындай бо­лып, ойынның сыбағасын беріп жүрген мен мәзбін. Тек үш ап­та­дан кейін мұғалімдер мен бауыр­ларым әкемізді райынан қай­та­рып, мектепке бардым. «Балам, Әбікеннің баласы нашар екен» деген сөзді маған естіртпе» деп, әкем жолға өзі шығарып салды. Естірткен жоқпын деп ойлаймын. Оқу бағдарламасына кеш қо­сыл­ғаныма қарамастан, 1-сыныпты үздік бітірдім. Одан кейін де жақ­сы оқыдым. Жоғары сыныптарда физикадан, орыс тілінен, қазақ тілі мен әдебиеттен аудандық, об­лыстық олимпиадаларға қаты­сып, жүлделі оралатынмын. Бұл жетістіктердің бәріне ең қатты қуанған әкем марқұм еді... 

«Жұмысы ауыр, ақшасы тәуір»

– Мектепте оқып жүргенімде қияли едім. Ең әуелі танкіші бо­луды армандайтынмын, одан кейін ұшқыш, одан соң ақын... Содан болар, қағазға бірдемелерді шимайлайтын болдым. 

...Ыбырай атам күріші, бар қазақтың ырысы... деген секілді шатпақ-тақпақтардың төрт-бесеуі алтыншы сынып оқып жүргенімде аудандық га­зет­ке шықты. «Кербұлақ жұл­дызы­ның» Бас редакторы Бақыт Әлі­мов газеттің ол санын әкеме өзі әкеп, сүйіншісін алды. Баласы қуант­қан әке мәз, оқушысы газет бетіне шыққан мектеп мәз. Ал мен түсінген де жоқпын, асы­ғымды атып, добымды теуіп жүре бердім. Осыдан кейін газетке шы­ғуым жиіледі. Шағын блок­нот­тағы тақпақтарды бірде ұс­таздарым, бірде әкем газетке жол­дайтын. Ал 8-сыныпты бі­тірерде «Кім болам?» деген та­қырыпта жазған шығармамда «журналист боламын» деппін. Бұған әкеммен жақсы аралас­-қан, ол кісіні туған ағаларындай құрметтеген Бақыт Әлімов, Ар­миял Тасымбеков секілді аза­маттардың мінез-құлқы, сөз саптасы ықпал етсе керек. Әкем 1987 жылдың қысында Колбин­-ге сыбап хат жазып, облыстың «қай­мақтары» қатты ашуланып, төрт көлікпен ауылға жетіп кел­генде Бақыт ағамыздың именбей әкемнің сөзін сөйлегені әлі есім­нен кетпейді. Ақыры әкемнің қолына конвертті ғана ұстатып, хаттың өзін алып кетті. Кейін «Аға, сол хатта соншалықты не жазылған еді?» деп сұрағаным­ды. «Ой, Секентай, айтуға ұяттау» дегені бар. Марқұм Бақыт ағамыз әкемнің кітабына жазған алғы­сөзінде де «Әбекеңді Құдай сақ­тады ғой» дегендей мағынада ой білдіріпті. 

Сегізінші сыныпты үздік бі­тір­генімнен кейін мені техни­кум­ға түсіру туралы шешім қа­былданды (күлді...) «Ауылдағы ең қат мамандық қандай?» де­генде «Инженер! Инженер бол­ғанда да молшылық ортасында жүретін элеватордың инженер-механигі болсын» деген тұжы­-рым жасалды. Сөйтіп, үздік ат­тес­­татымды құшақтап Алма­тыда­ғы политехникалық техникум­нан бір-ақ шықтым. Сол жылдың қа­рашасында Секентайының сту­­дент болғанына ерекше қуа­нып жүрген әкемнен айырыл­дым...

Расын айтайын, техникумдағы мамандық көңіліме қонбады. Ватманды жайып қойып түні бой­ына сызба жасайсың. «Соп­роматтан» қиын есептер шыға­расың, триер, нория деген бәле­кеттердің әр деталін жаттап, есің шығады. Темір-терсекке қыры жоқ мен пақырыңыз жаңағы техникумды ілініп-салынып жү­ріп, әзер бітірдім. Одан соң әс­кер­де екі жыл борышымды өте­дім. Әскерден келген 1993 жылы Қазақстанның жағ­дайы мәз емес еді, жұмыссыздық, «адидас» де­ген жазуы бар қы­тай­лық спорт­тық костюмін киіп ал­ған жігіт­тердің бәрі сенделіп, бос жүр. Содан тіршілік қамына кі­рістік. Бар ғұмырын бізге арна­-ған Күміс көкемнің қолында тұ­рып, таудан тақта тас шығаратан коо­перативке жұмысқа тұрдым. Жұ­мысы ауыр, ақшасы тәуір. 2 жыл тас қопарып, тау кезгеннен кейін мектепке дене шынықтыру пәні­нің мұғалімі болып жұмысқа кір­дім. Ол мұғалім қат кез еді, ақ­шасы аз мамандықтан елдің бәрі қашып жатқан. Содан оқу­шы­ларыммен «Күле білгеніміз – өмір сүре білгеніміз» деген са­ти­ралық театр құрып, 6-7 концерт бердік... Ал 1996 ҚазҰУ-ға, жур­налистика факультетіне құ­жат тапсырып, сырттай бөлімге түстім. Белгілі спорт журналисі Бақтияр Әсіренкеев, Ақтау те­левидениесінде қызмет ететін Әнуар Өтесбай, республикаға танымал Бағдат Мәжитов, Дәу­летхан Жиенқұлов, Жанар Бай­семізова, т.б. журналистер менің курстастарым. Төртінші курста қалалық телеарнаға Бас редактор болып, кей курстастарымның те­левизия саласына келуіне өзім ық­пал еттім. 

Ол енді қалашық ішіндегі өзен­нің жағасында жастық және шараптың буымен лепіріп өлең оқып, көпіріп сөйлейтін кезең ғой. Қай сәті де өте қызық. 

Телевизия саласындағы – 15 жыл

– Екінші курс оқып жүрген кез, сабақта шұқшиып, бірдеңе жазып отырсам құлағымның тү­бінен «Қазақ әдебиетін жақсы білетін сен бе?» деген дауыс саңқ ете қалды. Басымды көтерсем, сыптай болып «тройка» киіп ал­ған, қарыны күйлі-қуатты екенін байқататын ақсары жігіт тұр. Ұс­таздардың бірі екен деп сасқа­лақтап қалдым. Сөйтсем ол «Өй, қорықпа, мен мына орыс тобы­ның студентімін! «Еңлік-Кебек» туралы айтып берші?» дейді. Оның сықпытынан сескеніп, мені меңзеп жіберген курстас­тарым да, мен де ду күлдік. Сөй­тіп, Қайрат Балтабай деген досым­мен таныстым. Осыдан кейін Қайрат мені «Телефа­бри­ка» деген жекеменшік компа­нияда жұмыс істеуге шақырды. «Анау-мынау» деген сарказм­ды, сараптамалық хабар жа­сайды екен. 1998 жылдың 7 нау­ры­зында телевизия саласындағы қыз­метім басталды. Одан кейін «НТК», «Оңтүстік астана», «31-ар­на», «Ал­маты» арналарында жұ­мыс іс­тедім. 

Шынымды айтсам, 15 жылдай телевизия саласында қызмет ет­кен адамға баспасөзде жұмыс іс­теу алғашында қиындау. Қым-қуыт, қарбалас өмірге үйренген жанға журналдың жайбарақат жұмысына көндігу қиын екен. Бі­рақ бертін келе үйрендік. Ойла­нып жазуға мүмкіндік бар. Бала-шағаңа көңіл бөле бастайсың. Таң­ғы 9-да жұмысқа кетіп, түнгі 11-ге қарай үйіңе әзер жететін те­ле­видениеге қарағанда мұнда бос уақыт баршылық. Кешкі ал­тыда үйіңе барасың, балала­рың­ның са­­бағын қадағалайсың, олар­мен серуендейсің. Ал телеви­зияға қай­­та оралу... кім білсін? Қазақ­станда саяси-сараптамалық бағ­дарламалар қайта өркендеп, ха­лықтың көзін ашатын хабарлар керек болатын заман туса, мен және кезінде сапалы хабарлар жасап, ел аузына іліккен басқа жігіттердің бәрі экранға қайта шығар?! Әзірге артистердің аты озып тұр... 

«Көкірегім даланы аңсап тұрады...»

– Ауылда тұрған кезде жыл­қыға құмар болдым. Ат баптап, көкпар тартатынбыз. Ал Алма­тыға ауысқан соң мұның бәрі қалды. Бірақ көкірегім даланы аңсап тұрады. Сондықтан соңғы 10 жылда балық аулауды әдет ет­тім. Қолым қалт етсе бір кітапты салып аламын да, өзен-көлге қа­рай тартамын. Балық деген же­-леу ғана, түнде ми далада отты лау­латып қойып жатқанға не жетсін, шіркін. От пен судың са­наны тұм­шалаған ойдан жақсы арылтатын қасиеті бар. 

Бізді бағып-қаққан, анамыз­дың жоқтығын білдірмей, бұла етіп өсірген көкем қазір қолымда тұрады. Балалардың бәрі «апа­сының баласы». Перзентін сана­майтын қазақпыз ғой, Құдай бер­ген 5-6 қарадомалағымыз бар. Үлкен ұлым Ізбасар биыл 11-сы­нып бітірді. Ал кенжеміз Мәдина 6 айлық. Келіншегім Кенжегүлдің алғашқы мамандығы – журна­лист. Филолог дегені тағы бар. Бірақ екі дипломды сандыққа са­лып қойып, үйде келін және ана­ның «қызметін» атқарып отыр.

ТҮЙІН:

– Оңашада ой көп қой... Ең бас­тысы: «Жақсы әке бола алдым ба?». Адамды қатыгездікке, тас­бауырлыққа итермелейтін заман­да балаларымның ауызбірлігі ыды­рамаса деп тілеймін. Саясаттағы кей қадамдардың салдарынан солардың басына бұлт үйірілмесе екен деп қауіптенемін. Маза бер­мейтін ой өте көп... 

 

Әкем «Адалдың аты ары­май­ды», «Шалқайғанға шалқай – ол Пайғамбар ұлы емес, еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес» де­генді жиі айтушы еді. Осы екеуі­нің адамгершіліктің басты прин­ципі екенін түсіндім! 


"Айқын" газетінен

0 пікір